Сіз ұлағатты ұстаз, қаламы үшкір, ойы ұшқыр журналиссіз. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерсіз. Менің Сізбен табысуымыз да, танысуымыз да ерекше. Сіздің мені ФБ парақшаларымнан бірнеше жыл байқап, бағдарлап барып, Түркістанға келген кезде арнайы шақырып алып танысқаныңыз ешқашан есімнен кетпейді. Таныстықтан кейін бірнеше облыстарды, аудандарды бірге аралап, елдің жай-күйін біліп, халықтың жанайқайын газет бетіне беріп, Үкіметке жеткізгеніңіздің талай жетістігінің куәсі болдым. Екінші бір естен кетпес оқиға мынау. Бірде менен «Қазақстанда ақсақал бар ма?» деп сұрадыңыз. Сол кезде мен еш тосылмастан: «Әрине, бар әпке, ол Түркістанда», – деп, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергеновты айтқан болатынмын. Кейін ақсақалмен арнайы танысып, «Qazaqstan dauiri» газетіне төрт рет бет беріп, маған риза болған едіңіз.

Сіздің әрбір «Бәрекелді!» деген сөзіңіз маған қанат беріп, қуаттандырады. Елдің қамын ойлаған әрбір Ана Сіздей болсын. Ордабасыдағы аналардың жанайқайымен Боғауыз завуч сотына ештеңеге қарамастан бес рет қатысып, жазасын бергізіп, нүктесін қойдырдыңыз. Сондағы бір ауылды үрейлендірген завучтан құтылып, бүкіл Бадам ауылы риза болғанын көзбен көрдім. Үйсіз көшеде ауру баламен қалған ананы Дархан Сатыбалдыға кіріп бір ауыз сөзіңізбен үй әперіп кеткеніңіз – ерлігіңіз. Сол әйел сіздің ешкіміңіз емес. Сол кезде «Дархан балама аямай тек батамды бердім» деп тілеуін тілеп едіңіз. Айта берсем, бар болмысыңызбен, жүрегіңізбен Отанға, елге берілген Сіздей Ана біреу деймін. Әрқашан Құдай қолдасын.
Сіз қамшы сыйлаған балдарыңыз өсіп-өркендеп жатыр. Сізді қамшыгер Ана дейді, батаңыз қалт кетпейді. Сіздің ізгілік пен мейірбандыққа, парасат пен кісілікке өрілген өресі биік игілікті істеріңізді жоғары бағалаймын. Әрбір бастамашыл жұмысыңызға толайым табыстар тілеймін. Әрқашан қызметтің биік тұғырынан көрініп, еңбегіңіз жемісті, абыройыңыз үстем бола берсін. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Денсаулығыңыз қуатты, өміріңіз шуақты болсын!
Дана ОРМАНОВА,
Түркістан қаласының құрметті азаматы,
«Шұғылалы таң» қайырымдылық
қоры құрылтайшысы














