Жезқазғанда Жастар сарайы ашылды. 580 шаршы метрлік үш қабатты заманауи ғимарат креативті, шығармашыл адамдарды қызықтыратын орталыққа айналады.
Сарай ғимаратында балаларды ІТ-технологияларға оқыту бойынша тегін үйірмелер, дебат клубы, садақ ату, тоғыз құмалақ және шахмат секциялары жұмыс істейді. Сондай-ақ ғимаратта жас жезқазғандықтар бос уақыттарын өткізе алатын коворкинг-орталық бар.
– Жастар орталығында туған қаламыздың игілігі үшін креативті идеялар жүзеге асырылып, талантты адамдардың жаңа есімдері белгілі болады деп сенемін. Жастар сарайы диалог алаңына, маңызды оқиғалар мен іс-шаралар өтетін орынға айналуға тиіс, – деді қала әкімі Қайрат Әбсаттаров.
Сарайда өткен алғашқы ірі іс-шара Қарағанды облысы мен қала әкімінің гранттарын тапсыру болды. Ақшалай сертификаттар 17 жас кәсіпкерге табысталды.
Қала басшысы грантын иеленгендердің қатарында Данагүл Балмағамбет те бар. Бойжеткен былтыр Жезқазғанда оңалту және білім беру орталығын ашқан.
– Мен шағын екі бөлмені жалға алып отырмын, онда психикалық-сөйлеу дамуының тежелуімен ауыратын және аутист балалармен коррекциялық жұмыс жасаймыз. Сондай-ақ, біз мектеп оқушылары айналысатын білім беру орталығының қызметтерін ұсынамыз. Штатта 10 адам бар, оның ішінде логопедтер, психологтар, мұғалімдер. 35–40 бала қабылдаймыз. Жалпы Жезқазғанда оңалту қызметтері өте қажет. Бірақ мен барлығын қабылдай алмаймын, өйткені біздің ғимаратымыз шағын және барлық қажетті жабдықтар жоқ. 800 мың теңге көлеміндегі гранттық қаражатқа мен балаларға арналған кілемшелер, массаж кушеткаларын, логопедиялық құралдар сатып алуға ниеттімін, – деді Данагүл. – Болашақта орталықты кеңейткім келеді. Проблемалары бар балалар асырап отырған тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға көмектесу жоспарда. Ол үшін демеушілер тартқым келеді.
Облыс басшысының гранттарына төрт адам ие болды, 13 адам Жезқазған әкімінің «Үздік бизнес-жоба» байқауының жеңімпазы атанды.