ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес 1 қарашадағы жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша орташа жалақысы 92 мың теңге болатын 8,3 мың жұмыс орны құрылды.
Жол картасы шеңберінде жүзеге асуы тиіс жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және өңірлерде бизнесті дамыту секілді 4 негізгі бағытқа бөлінген. Қазіргі уақытта Жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында 228 инфрақұрылымдық жобада құрылыс жүргізілуде, тағы 13-і іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр. Жобалар бойынша өңірлерде 349 мониторинг жүргізілді.
Осы орайда Қостанай облысында 2 және Нұр-Cұлтан қаласында 1 жоба аяқталып, оларда 228 тұрақты жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, Жол картасының екінші бағыты аясында өз ісін ашуға немесе дамытуға жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам сомаға 170 шағын несие берілді. Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұрғысында жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді.
2021 жылы Жол картасы аясында жоспарға сәйкес барлық бағыт бойынша 42,5 мың жұмыс орнын құру және оның 28,8 мыңнан астамын тұрақты жұмыс орны ретінде жасақтау көзделген. Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына бару арқылы ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады. Халықты жұмыспен қамту орталықтары уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар ретінде тіркелгендер, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдар, студенттер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктейді және оларды инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші мердігерге жібереді.
Жұмыспен қамту орталықтары арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі.
Жұмыспен қамту орталықтарына қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналастыруға кепілдік бере отырып, тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері (83 мың теңге) деңгейінде белгіленеді.