Жолбасшы

Жолбасшы

Кіші қажылық – умраға баруым керектігін алғаш көтерген ұлдарым Айбол, Айбек, Нұрболаттар еді. Бұл тақырып екі-үш жылдан бері күн тәртібінен түспей жүргенмен, жалғыз баруға жүрексінгенім рас. Бұл жолы жоғарғы оқу орнында қызмет жасайтын қызым Айгүлдің қысқы каникулда біраз қолы босайтынын пайдаланып, умра сапарына дайындалуды жөн көрдік. Аты аңызға айналған Мекке, Медина қалаларын көруге мүмкіндік туғанына қалай қуанбассың?! 2024 жылдың 1 қаңтарында түнгі сағат үште арабтардың Әл-Жазира ұшағымен ұшып, Кувейт мемлекетінің әуежайына қонғанымызда таң әлі ата қоймаған. Бұл жерде көп аялдамай Медина қаласына да жеттік. Қызым ақша айырбастау пунктіне кеткен. Әуежайдың ұзын орындықтарының бірінде отырғанмын. Бір кезде басына дөңгелек тақия киген, ұзын бойлы, бидай өңді жас жігіт келіп: 

– Амансыз ба, апа? Жалғыз келдіңіз бе? – деп жылы сөйлеп жөн сұрады.

– Жоқ, қызым бар. Танымайтын бала маған неге назар аударды? – деген ойыма жауап алу үшін: 

– Кім боласың, балам? – дедім.

– Сіздердің жолбасшыларыңызбын. Қазіргі тілмен айтқанда гид. Есімім – Нұрболат, – деді ол. 

Менің қамымды жеп, мазасыз ойларға берілген жолбасшыға риза боп қалдым. Біз «Қазақ-Сапар» компаниясымен келгенбіз. Компанияның өз құрамындағы жолаушыларға арнап тіккізген ақ көйлегі мен камзолы және сырттан киетін жұқа формасы, компанияның аты жазылған сөмкеміз бар. Бір-бірімізді киімімізге, қолымыздағы сөмкемізге қарап ажыратамыз. Едәуір уақыттан кейін жайбарақат отырған умрашыларға Нұрболат: «Қазақ-Сапар» кеттік! – деп дауыстады. Сол сәт тоқтай қалған автобусқа қарай жылдамдата бастық. Көлік бізді Медина қаласындағы қонақүйдің алдына жеткізді. Қонақүйдегі бөлмелерімізге орналасқан соң, сыртқа шықтық. Қонақүйден көп алыс емес үлкен мешіт бар, Мұхаммед (с.ғ.у.) атында екен. Мешіттің айнала төңірегі атшаптырымдай аумақты қамтиды.

Адам қара қорым. Мешіттің кез келген жеріне отыра қап намаз оқып жатқандар. Адамның көптігі сондай – әлемнің жан-жағынан келген тілі де, түрі де бөлек мұсылмандар қауымының ара-арасынан зорға өтесің. Пайғамбар мешітінің қасында Пайғамбарымыз жерленген екен. «Пайғамбардың мешітіне күмбезді алғаш орнатқан адам – біздің бабамыз» – деген көпшілік біле бермейтін деректі дипломат Қайрат Лама Шариф айтқан еді. 

1277 жылы Сұлтан Бейбарыс қайтыс болғаннан кейін араға екі жыл салып, Мысыр мен Шам еліндегі Қыпшақ мәмлүк мемлекетінің жетінші билеушісі әл-Мәлик әл-Мансұр Сейф ад-Дин Қалауын бен Абдалла ат-Түркі әл-Әлфи әл-Ғалайи ас-Салихи ән-Нәжми де «Қасиетті Қос Кие – Меккедегі «әл-Масжид әл-Харам» мен Мәдинадағы «әл-Масжид ән-Набауи» мешіттерінің Сақшысы» деген ислами титулды алғанын айтты. Араб тарихшылардың деректері бойынша, 1279 жылы біздің Ұлы Бабамыз Сұлтан Қалауын Мәдинадағы Пайғамбар мешітінің жасыл Күмбезін алғашқы болып орнатқан екен. Пайғамбар мешітінің ішінде жаннат бақшасы бар. Ол – шығыс жағынан мұсылмандар анасы Айша (р.а.) бөлмесімен, батысынан мінбермен, онтүстігінен Пайғамбарымыз михрабымен, ал солтүстігінде Айша (р.а.) анамыздың үйінің шетімен шектесетін қасиетті орын. Мешіттің осы жерін ардақты Пайғамбарымыз «Рауда жәннат бақшасы» деп атаған. Біз бұл мәліметті Нұрболаттан естідік. Нұрболаттың бастауымен Пайғамбар мешітін көрдік. Сондай-ақ Ухуд тауына, Құрма бағына бардық. Ухуд тауында Мұхаммед (с.ғ.у.) пайғамбар бастаған сахабалар дұшпандарымен қиян-кескі ұрыс жүргізгенін, сол ұрыста бірнеше сарбаздардың шаһид болғанын, олардың жерленген жерін көрдік. Бұл орынды көру үшін екі шақырымдай жаяу жүрдік. Әр қажеттілігімізді, кез келген білмеген нәрсемізді Нұрболаттан сұрап отырдық. Нұрболат соның бәрінің жауабын айтып, аудармашы да болып отырды. Құрма бағына және Таифтағы әтір зауытына барғанда қажетті затты қайдан алған ұтымды екенін айтып, бізге жөн сілтеп отырды. 

Мединада үш күн болған соң, жүрдек пойызбен Меккеге үш сағатта жеттік. Біз енді Қағбаға барып умрамыздың шарттарын орындауға тиіс болдық. Умра өтеушілер ихрам халіне кіреді, бұл – алғашқы шарты. Ер кісілердің ихрам киімі екі бөлек ақ матадан тұрады. Бірінші бөлігімен кіндіктен төмен жағын жабады. Екінші бөлігімен жоғарғы жағын жабады. Әйел адамдарда арнайы ихрам киімі болмайды. Умра өтеушілер Қағбаны жеті рет айналып тауап жасайды екен. Бұл – екінші шарты. Қағбаны айналып жүргендер көп-ақ. Біз адамдардың сырт жағынан айналуымыз керек болды. Бұл, әрине, ұзақ жол. 

«Ерлер, шет жаққа тұрыңдар. Әйел аналарымызды ортаға алыңдар. Араға адам кіргізбей, бір-бірлеріңнен мықтап ұстаңдар», – деді Нұрболат. Кейінгілер алдыңғылардың иықтарынан ұстап, берік қамал жасағандай шепке ешкімді кіргізбеді. Сөйтіп Қағбаны жеті рет айналып шықтық. Өз басым жеті рет айналғанда шаршау дегенді сезінгенім жоқ. Ең соңғы айналымнан соң Нұрболат: «Уһ! Мойнымнан ауыр жүк түскендей болдым ғой», – деді қуаныштан көзі жайнап. Бұл жолбасшының жауапкершілікті шын сезіне білуінің белгісіндей еді. Үшінші  шарты – Сафа жотасы мен Мәруа жотасының арасын жеті рет жүріп өтіп сағи жасау. Осы екі аралықты жеті рет жүргенде жолымыз үш шақырымдай болады екен. Қызым арба жалдап, мені қызым мен арбакеш кезек сүйреп жүрді. Келесі шарт бойынша ер адамдар шаштарын түгелдей алдыртады немесе қысқартады. Әйелдер ырымын жасап, ұшынан аздап қана кеседі. Умраның барлық шарттарын орындап, жатар орынға қонақүйге келдік. Бізге берілген қонақүй Қағбадан едәуір қашықта. Сағат сайын автобус қатынайды. Сол автобуспен күн сайын Қағбаға барамыз. Осы жерде айта кетер қызықты дерек: Әлемдегі ең үлкен сағат (Абрадж аль-Бейт мұнарасы) – осы Меккедегі сағат. Сағат тетігі орнатылған мұнараның биіктігі 601 метрді құрайды. Мұнарада жерден 400 метрден астам биіктікте орналасқан диаметрі 43 метр, сағаттың тілінің ұзындығы 17 метр, минуттық тілі 22 метрлік сағат орнатылған. Сағат қаланың кез келген жерінен көрінеді және әлемдегі ең үлкен және ең биік сағат болып табылады.

«Қазақ-Сапар» компаниясы умрашыларға Мекке мен Мединадан басқа Таиф, Жидда қалаларын көрсету жоспарларында бар болғандықтан, Таиф қаласына саяхат жасадық. Аталмыш қалаға бара жатқанда оң жағымыздағы тауды көрсетіп: «Мынау Сәуір тауы. Мекке қаласының оңтүстігінде орналасқан. Әл-Харам мешітінен шамамен 4 шақырым қашықтықта. Таудың ең жоғарғы басында үңгір бар. Ол үңгірде Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір Меккеден Медина қаласына қоныс аударғанда мүшіріктерден тығылып үш тәулік түнеген. Сол кездегі үңгір әлі сақтаулы», – деді Нұрболат. Сәуір тауына едәуір уақыт қарап қалыппын. «Иә, содан бері қанша уақыт өтті. Тау да, үңгір де бәз-баяғы қалпы. Ал адамдардың өмірге қаншама легі келіп, қаншама легі кетті. Автобусқа отырған сайын, Нұрболат Мұхаммед (с.ғ.у.) пайғамбар өмірінен уағыз айтудан жалыққан емес. Адамзаттың арасындағы мінсіз адам – Пайғамбар. Пайғамбарды тану арқылы Алланы тани аламыз. Адамдарды қажылыққа апарудағы мақсат – пайғамбардың өмірін таныту, жақсы әдеттер мен жақсы мінез-құлық қалыптастыру. 

«Алла жалғыз, одан басқа тәңір жоқ» деп халықты Исламға шақырған Мұхаммед (с.ғ.у.) пайғамбарға құрайыш мүшіріктері арасынан қарсылық білдіріп, қастандық ойлаушылар көбейді. Мүшіріктер қасарысып, аталарының діні – пұтқа табынушылықты үдете түсті. Әлемдердің мақтаны қапастағы көңілдерді мәңгі әдемілікке, өшпес әсемдікке, ғажайып өмірге тартса, олар оны кеудесінен итеріп, білгеннің тілін алмай қасарыса түсті.

Күндердің күнінде пайғамбарлар сардары оңашада ойға шомып отырғанда Әбу Ләһабтың ұлы Утайба оған жақындап келіп: «Мен сенің пайғамбарлығыңды мойындамаймын», – деп бетіне түкіріп жібереді. Мұхаммед (с.ғ.у.) оқыс оқиғаға қатты ашынады. Утайба Йемен маңында Хауран деген жерде әкесімен, жолдастарымен демалып отырғанда кенеттен бір арыстан пайда болып, топ ішінен оған тарпа бас салып, парша-паршасын шығарып жер жастандырады. Әбу Жәһил деген мүшірік те исламның ата жауы. Оның арам ниеті де Мұхаммед (с.ғ.у.) көзін жою. Қасқөй бір күні қауымның ортасында Мұхаммедтің (с.ғ.у.) сәждеге басын қойған сәтін аңдып басын таспен езбек болады. Сөйтіп Әбу Жәһил өзі зорға көтеретін тас алып, оңтайлы сәтті аңдиды. Ауыр тасты жоғары көтеріп енді тастап жібермек болғанда сол күйі қимылдамастан қатып қалады. Сондай қастандықтың бірі Пайғамбарымыз Қағбада намаз оқып жатқанда өтті. Пайғамбар сәждеге жығылғаны сол еді, бұзақы Уқба ибн Әбу Муайт мысықша басып жанына келеді де, Пайғамбарымызды алдын ала дайындап келген кендірмен өлтірмекке әрекет етті. Дәл осы мезетте әзірет Әбу Бәкір келіп қалады да, қанішердің қолын қағып жібереді. Пайғамбарымызға қастандық ойлағандар көп болғанымен, олар арам ниеттеріне орай ажал құшатын. Пайғамбарымыздың өмірінен алынған әңгімелері бізді қызықтыра түсті.

Жидда қаласына да бардық. Қызыл теңіздің жағасына орналасқан бұл қала бізге айрықша ұнады. Қайыққа мініп теңізде жарты сағаттай серуендедік. Бірде Нұрболатпен жақын отырып әртүрлі тақырыптарда әңгіме өрбіттік. Компанияның директоры Асхат мырза (бұл кісі де біздің құраммен барған) туралы өз ойын айтты. «Директор кей жоғары лауазымды адамдар секілді көкірек кермейді. Қарапайымдылығы баладай парасатты, сабырлы жан», – деді.

Нұрболаттың ойына өз басым иландым. Тұрғанбаев Асхат Қамидолдаұлымен сапарлас болғандықтан әңгімелескеніміз бір емес. Сонда байқағаным – кішіпейілділігі. «Қарапайымдылық – асыл қасиет» деген ұлы адамдардың бірі. Сол айтқандай, білімді, парасатты жан екеніне көзім жетті. Ұлы Мирасты да ерте барған екен. Асхат Қамидоллаұлы біздің жүгімізді көтерісіп, көмегін аямады. «Әкеге қарап ұл өседі» дегендей, Мирас та әйел-аналарды барынша құрметтейді. Менің қолымдағы жүгімді алып жүрді. Өте сүйкімді, инабатты бала. Лицейде оқиды екен. Жасы ұзақ, болашағы зор болуына тілектеспін. Ертең жолға шығамыз, қайтамыз деген күні Нұрболат менен: «Он күн қалай өтті, апа?» – деп сұрады. «Өте тамаша өтті. Бұлай өтуіне сенің қосқан үлесің зор», – деп, шын ниетіммен рақмет айттым. Жолбасшы жігіттің ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігі, турашылдығы өзіме ұнағаны рас. Кейін Нұрболатпен кең отырып әңгімелесудің сәті түсті. 

Қуанышбекұлы Нұрболат Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде (Қармақшының өзі) дүние есігін ашады. 2000 жылы алты жасында Омар Шораяқұлы атындағы орта мектептің табалдырығынан аттайды. Аталмыш білім ордасының 9-сыныбынан кейін Қызылорда қаласындағы «Экономика және құқық» колледжінің заңгер мамандығына оқуға түсіп, оны 2012 жылы ойдағыдай бітіреді. Сол жылы Алматыдағы ҚазАТиСО – Қазақ әлеуметтік қарым-қатынастар және еңбек Академиясы университетінің заңгер мамандығына оқуға түседі. Ректор, проректорға кіріп жүріп қазақ тобын аштырады. 2014 жылдан намаз оқуды үйренеді. Әртүрлі жұмыстарды атқара жүріп, 2019 жылы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне исламтану мамандығы бойынша оқуға түседі. Төрт жыл бойы топбасшы болады. Оқып жүргенде Таугүл мешітінде шаруашылық қызмет атқарады. Төлеби мешітінде күзетші болады. 2023 жылы университетті бітіріп, «Қазақ-Сапар» компаниясына ГИД-жолбасшы қызметіне тұрады. 

«Университетте оқып жүргенде, 2021, 2022 жылдары тиісті орындардан рұқсат алып, Қаскелеңнен «Бес арыс» рухани даму мектебін (лагерь) ашады. 

 

«Лагерьге көп бала жиналды. Көпшілігінің ата-аналары бақуатты тұратынын байқадық. Балалармен жұмыс істеуде қазіргі жас ұрпақтың психологиясын білгеніміздің көп көмегі тиді. «Баймын деп шіренбеңдер. Байлық – қолдың кірі. Бір жусақ кетіп қалады. Тәкаппарланбау керек» деп, мысалдар келтіре отырып балалардың саналарына құюға тырыстық. Тұрған бөлмелерінің тазалығын балалардың өздеріне жасаттық. 

Тоғызқұмалақ ойнауды үйреттік. Жыр-дастандар жаттаттық. Абайдың, Шәкәрімнің өлеңдерін жаттаттық. Садақ атуды, атқа мінуді үйреттік. Қойда қанша жілік болатынын, жіліктердің қалай аталатынын білдірдік.  Кешкісін мультфильмдер көрсететінбіз. Осы лагерьде бірге жұмыс істеп жүріп, келіншегіммен таныстым, кейін үйлендік. Бір қызымыз бар», – дейді Нұрболат. 

2024 жылы араб досы Мухаммед Әли-Мәк Рухи қонаққа шақырып, Оман мемлекетіне барады. Ескі астанасы Низуа да, жаңа астанасы Маскадта да болып, қалаларының көрікті жерлерін аралайды. Сұлтан Кабус атындағы үлкен мешітін көреді. Екі жастың үйлену тойына қатысады. Ол жақта тойда ер адамдар бөлек залда, әйелдер басқа залда отырады екен. Үйленіп жатқан жігітке қыздың әкесі қарама-қарсы отырып, некесін қиып беретін көрінеді. Тойға бәрі ұлттық киімдерін киіп барады. Той дастарқанына қойылған тағамдар: күріш пен қойдың еті, ұлттық тағамы мәнди және кофе ішеді, болды. Үйленген жігітті қонақтар құттықтап сөз сөйлейді. Бір сағаттың ар жақ, бер жағында той аяқталады. «Достық – өмір үшін ең қажетті нәрсе, өйткені ешкім ешқашан да барлық басқа игілікке түгел ие бола тұрса да, дос-жарансыз өмірді қаламақ емес», – дейді Аристотель. Бөгде жұрттың адамымен достасу сол халықтың тілін білгенде ғана мүмкін болатын нәрсе. Сондай-ақ, көзқарасы, мақсат, мүддесі сәйкес келгенде ғана достаса алады. Нұрболат араб тілін жақсы білгендіктен, әрі Нұрболаттың азаматтығын құрметтегендіктен, досы сонау Омандағы үйіне қонаққа шақырып, елінің салт-дәстүрін көрсетуді қалады. Бүгінгі таңда көп тіл білу үлкен артықшылық саналады. Нұрболат түрік тілін де жақсы біледі. Оның кітапқұмарлығы өз алдына бөлек әңгіме. Ойшылдар мен даналар кітапты рухани қазынаның қайнар бұлағы деп қана емес, ұлттық құндылық деп бағалайды. 

Кітап ішкі жан әлеміңді байытады, біліміңді тереңдетеді, ой-өрісіңді өсіреді. Нұрболаттың бойындағы өзім байқаған адамгершілік қасиеттерді кітап дарытқан шығар деп ойладым. 

Нұрболат әлі жас. Оның биік белестерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз.  

 

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 

10.06.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380