Тараз қалалық прокуратурасы мен қалалық «Мансап орталық» филиалының ұйымдастыруымен қала көлеміндегі жұмыссыздарды тұрақты және белсенді шараларына тартуға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға қалалық прокуратура, №1, 2, 3 пробация қызметі, «Мансап орталық» филиалының басшылары мен қызметкерлері, жұмыссыз жастар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және пробация қызметінің есебіндегілер, мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
Жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыздары, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі бойынша тұрақты жұмыс немесе белсенді шараларына тарту.
Филиал мамандарының мәліметінше, жәрмеңкеге қала аумағындағы тұрақты жұмысқа 30 жұмыс берушілерден 273 бос жұмыс орындары ұсынылған. Нәтижесінде, жәрмеңкеге 185 жұмыссыз адам қатысып, жұмыс берушілермен сұхбаттасып, 59-ы жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 37 адам тұрақты жұмысқа, 12 адам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен, жетеуі ақылы қоғамдық жұмысқа, үшеуі «Күміс жас» жобасымен, жалпы, 22 адам белсенді шараларға тартылған.
Жәрмеңкеге келушілерге филиал мамандары тарапынан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды қала тұрғындарына, оның ішінде жастарға түсіндіру, күнкөріс деңгейін жақсарту, тұрақты жұмыс немесе белсенді шараларына тарту және осы бағытта жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бос жұмыс орындары бойынша кеңестер берілді.
Сонымен қатар, «Бастау Б изнес» мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатын алу туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыссыздар қойған сұрақтарға нақты жауаптар алды.