ҚР Парламент Сенатының отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Ол әлгі сауалында: «Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ. Ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген»,— дей келіп, Сенат өкілі елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп отырған журналистерге полиция өкілдеріне жасалғандай жағдай неге жасалмайтынын сұрады. «Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті. АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны – 3-4 мың доллар шамасында ғана. Бұл жағынан Түркия, Әзірбайжан сияқты елдер бізден көш ілгері кеткен. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», — деді. Өте орынды талап!