Жаймашуақ жаздың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Күз мезгілі жақындап, қаһарлы қысқа қамданатын сәт те жақын. Биыл «Таразэнерго» орталығына инвестициялық бағдарлама аясында 109 миллион теңге бөлініпті. Ал, қосалқы құрылғыларын жаңартуға 84 миллион теңге қарастырылған.
Жуырда жылыту маусымына дайындықтарды саралап, ондағы тіршілікпен, қызу дайындық жұмыстарымен танысу мақсатында баспасөз туры өтті. Оған облыстық мәслихатының депутаттары, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «Amanat» партиясы облыстық филиалының, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өзге де мүдделі тұлғалар қатысты.
Қыс қаһарына қарсы тұруға қамдану үшін бөлінген қаржыға мекеме басшылары кәсіпорынға радиалдық бұрғылау станогы мен аккумуляторлық бак сатып алыпты.
– 2023-2024 жылдарға қысқа дайындық бойынша жоспар жүргізілген. Бүгінгі таңда барлық ремонттық жұмыстар аяқталып келеді. Қысқа дайындық 80 пайызды құрап отыр, – деді «Таразэнерго» орталығының вице- президенті Мамат Шәкіров.
Баспасөз туры аясында «Жамбылжылу» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне де атбасын бұрдық. Аймақ бойынша мұнда газ бен жылу өндіретін 73 қазандық бар. Мамандардың айтуынша, 2018-2021 жылдары барлық тозығы жеткен қазандықтар мен бактар жаңарған.
– Тараз қаласы бойынша 43, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 3, Байзақ ауданы бойынша 6, Жамбыл ауданы бойынша 21 қазандық бар. Жалпы, мекеме бойынша қазандық саны 73. Бүгінгі таңда жылу маусымына 80 пайыз дайынбыз. Қаратау, Қарасу, массив Қарасу сынды шағынаудандарға жылу таратылады. Қазіргі таңда 80 үйге ыстық су беріп отырмыз. Сондай-ақ, 6 және 11 мегабайттық қазандықтар Германияда жасалған, – деді «Жамбылжылу» орталығы директорының орынбасары Бөріхан Ниязқұлов.
Баспасөз турына жиналғандар Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» шағынауданындағы жөндеу жұмыстарын көзбен көріп, дайындық барысымен танысты. 9-шы шағынаудандағы құбырлар 14 тұрғын үй мен екі мектепті жылумен қамтамасыз етіп тұр екен.