«Жындыханадан шығатын газеттерге» тендер үлестіруді тоқтата гөр, Бозымбаев мырза!

«Жындыханадан  шығатын газеттерге» тендер үлестіруді тоқтата гөр, Бозымбаев мырза!

Алматы облысында «Қос періште» һәм «Мақпал» атты екі бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Өңірдегі журналистер ауызекі тілде осы екі ЖШС-ның ортақ атауын «Қос періште» деп атайды. 

«Қос періште» оқырманның қолына оңайшылықпен тимейтін, мүлде ешкім оқымайтын «Білім шапағаты» һәм «Жәрдем» атты екі газет шығарады. 

 

Неге екенін қайдам, әлгі газеттер аудандық басылымдарға бөлінетін мемлекеттік тендерлерге қатысса болды, облыстың ішкі саясатының басшылары «ышқырларын ыспыра» қояды. Ол газеттердің мүлдем оқырманының жоқтығы, жариялаған мақалаларының барлығы дерлік «ұрлық» екені, облыстың һәм мемлекеттің идеологиялық саясатын насихаттауға мүлдем қабілетсіздігі ескерілген емес. 

Есесіне «Қос періштенің» құжаттары талаптарға сай болып шыға келеді. Осылай аты бар болғанымен, заты жоқ газеттер әр ауданда мемлекеттің саясатын жүргізуге бағытталған ақшаны, қала берді сіз бен біздің салығымыздан жиналған қаржыны үптеп кетуден алдыға жан салмай отыр. 

Жарайды, тендерді ұтып алғаннан кейін алған ақыны ақтайтындай жұмыс жасалуы керек қой. 

Ол үшін алдымен оқырман керек. Елімізде оқырманға газет жеткізіп берумен айналысатын жалғыз «ҚазПошта» атты мекеме бар. «Білім шапағатының» жазылу индексі – 64111. «Жәрдемдікі» – 6603. Ең қызығы сол, мұндай индекс арқылы әлгі газеттерге жындыханада отырып жазылмасаңыз, басқалай жазылу мүмкін емес. Себебі ондай индекстер мүлдем жоқ. Болған да емес. Редакция өкілдері ойына келген сандарды жаза салған болса керек. «ҚазПошта»  берген  мәліметтерге сүйенсек, былтыр екі газет те (о кездегі индекстері – 64751, 64752) жұмысын тоқтатып, жазылушылардың ақшасын қайтарып берген. Яғни газеттер жабылды деген сөз. Содан кейін жаңа индекс алмаған. Яғни бұл редакциялар ішкі саясатқа өткізетін екі дана газеттен басқа мүлдем газет шығармайды деген сөз. Яки «баспалардан бәленбай мың газет шығарды» деген өтірік анықтама ала салатын болса керек.

Мұны бір деңіз!

Енді биыл жыл басынан бері шыққан газеттердің шығу ретіне қараңыз. Алдымен, қаңтар айының 31-і «Жәрдем» 32-нөмірін, «Білім шапағаты» 22-нөмірін шығарыпты. Бір айда «Қос періште» 54 газет шығарып тастап шаршаса керек (реттік санды ойдан қоя салған шығар), сосын бір ай демалып, 25 ақпанда нөмірі 8, тағы бір ай демалып, 4 наурызда 9-нөмірін шығарыпты. 32, 22-нөмірлерден кейін 8-9-нөмірлерді жындыханада отырып шығармасаңыз, уақытты терісінен жүргізу әсте мүмкін бе? «Қос періште» индексті ғана емес, газет нөмірлерін де ойдан қоя салады екен. 

Мұны екі деңіз. 

Біз осы екі газеттің соңғы нөмірлерінде шыққан мақалаларын оқып шықтық. Тағы да жындыханаға кіріп кеткендей боласыз. Мақалалардың тақырыбы мен газет атаулары ғана өзгеше. Ал мәтін екі газетте де бірдей. Бір-бірінен көшіре берген. Әйтеуір, газет шығып жатыр деген ат қана қажет. 

Бұл – үш. 

Төртінші, бұған дейін жарық көрген газет мақалалары облыстық «Жетісу» газеті, аудандық газеттер, ресми сайттар, әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшаларынан ұрланған. Қазір онға жуық журналист ұрланған мақалаларын жоқтап, аталған басылымдарды сотқа беруге дайындалып жатыр. Осыған қарап, «Қос періштенің» журналистері де жоқ екенін көруге болады.

Мұны төрт деңіз.

Бесіншіден, бұл газеттер қай ауданның тендерін алса, атауы да өзгере қояды. Мәселен, «Білім шапағаты – Сарқан»,  «Жәрдем Қаратал»  деп. Сол жылы әлгі аудандағы аудандық газетте жұмыс істейтін он шақты журналистің отбасы жалақысыз қайыр тілеп қалуға мәжбүр.

 

Айта берсе, «жындыханада» шығатын бұл газеттер туралы күлкі келтірер деректер шаш етектен. Соны көре тұра облыстық ішкі саясат «Қос періштені» астыртын қолдайтындай көрінеді. 

Әйтпесе, оқырманы жоқ, көшірме, тілшісіз егіз газеттердің шығу мақсатына қарар еді ғой. «Білім шапағаты» облыстағы білім саласының, «Жәрдем» медицинаның жаңалықтарын насихаттап жатса, сөз басқа. Білім саласының газеті аграрлық мәселені, я экономиканы жазуы облыстың ақпараттық саясатын масқаралау емес пе? Яки облыстық медициналық басылымның, мысалы Алакөл, Қаратал, Сарқан, Кербұлақ т. б. аудандарындағы медицинадан басқа игі шаруаларда атасының басы бар ма? 

Біз айтарымызды бастадық. Мемлекеттің ақпарат саласына бөлген қаржысы кім көрінгеннің қалтасында кетпеуі үшін бұл мәселені ертең де қаузай түспекшіміз. 

 

Қанат Әбілқайыр
09.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8775
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11404
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9158
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10389