Көктем - шаруалар үшін қарбаласқа толы уақыт. Өйткені олардың нәсібі атқарған еңбекпен өлшенеді. Жер жыртып, дән егу, жүйек салуға да еп қажет. Мұны дала төсінің жұмысына бейімделген, тәжірибе жинаған дихандар жақсы біледі.
Жалпы аудан көлемінде 913 шаруа қожалығы болса, оның 318-і егіншілікпен айналысады. Биылғы қыс малға жайлы болғанымен, қардың түсімі аз болды. Шаруалардың ендігі кезекте үміт артқаны көктемгі жауын - шашын. Өйткені егін жайы жердің ылғалына байланысты болмақ. Биылғы жылға 12145 гектар аумаққа ауыл шаруашылық дақылдарын отырғызу жоспарланған. 2024 жылы бұл көлем 11720 гектарды құраған болатын. Мұның ішінде 4500 гектар, күздік бидай болса, көпжылдық шөп 4125 гектарға жетіп отыр.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярханның айтуынша көктем айларында 3520 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары себілмек. Оның ішінде 1050 гектар арпа, 495 гектар дәндік жүгері, 350 гектар мақсары, 10 гектар күнбағыс, 100 гектар картоп, 275 гектар бақша, 190 гектар көкөніс, 140 гектар қызылша, және 910 гектар көпжылдық шөп егу жоспарланып отырған көрінеді.
Жер тоңы жібіп бастау алатын көктемгі дала жұмыстарына 160 тонна дизель отынына 36 шаруа қожалығы өтінім берген. Одан бөлек, аудан бойынша биылғы жылға 1516,1 тонна тыңайтқыш жеткізілмек.
Биылғы егістік науқанына 433 бірлік техникалы жұмылдырылмақ. Олардың қатарын 323 трактор, 72 соқа, 20 дән сепкіш, 17 қопсытқыш және 1 дән улағыш толықтырып отыр.
Тағы жаңалық, ағымдағы жылы 470 гектар егіс алқабы тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдісін пайдаланбақ. Бұл көлем өткен жылдағыдан 145 гектарға артық көлем деген сөз. Жаңа технологияны игергендер қатарында «Зерхат», «Шәріпбай», «Нұрдәулет», «Демеш», «Нұр» сынды шаруа қожалықтары бар.