Түркістан облысы Келес ауданы №56 Т.Белгібаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Қалдыбай Бибарыс Әділханұлы ұлттық өнерді жанына серік еткен. Әкесі Әділханмен бірге сандық, қамшы, ұлттық бұйымдар сияқты түрлі заттарды қолдан жасайды. Айта кету керек, жас шебер сонымен қатар қамшының бес түрін өреді.
– Сыныпта сабырлы, мейірімді, бала жас кезінен өнерге қызыққан. Мектептегі іс- шараларға белсене қатысады. Сынып ішінде қиындықтар туып жатса, менімен бірге шешім шығаруға көмегін тигізеді. Сонымен қатар ол әрбір спорттық шараларға қатысып қана қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Бибарыс мектепте «Қазақша күрес» үйірмесіне қатысады. Оқу барысында білім деңгейінің көрсеткіші жақсы. Сабаққа үнемі дайындықпен келеді, – дейді мектеп мұғалімі, сынып жетекшісі Абдурахманова Гулнихол.
Жас шебердің жасаған бұйымдары түрлі деңгейдегі ұйымдастырылған көрмелерде қойылып келеді. Қазіргі таңда №56 Т.Белгібаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде 600-ден аса оқушы білім алады. Мектепте оқушыларды еңбекке баулу мақсатында түрлі шаралар да ұйымдастырылып отырады.