2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгені құрайды. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың сомасы да артады.
№1. Тіркеусіз және жеке куәліксіз жүру
Бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға – 7 АЕК (24 150 теңге), ал мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса – 13 АЕК (44 850 теңге).
№2. Тыныштықты бұзу
Заң бойынша сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 17 250 теңге (5 АЕК), бір жыл ішінде қайталанса 34 500 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады.
Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы – 20-дан 150 АЕК дейін (69 000 – 517 500 теңге).
№3. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу
Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу – 5 АЕК (17 250 теңге).
Бұл тәртіпті 18 жасқа толмаған адам бұзса оның ата-анасына дәл осындай мөлшерде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (34 500) мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
№4. Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса олардың ата-анасына 3 АЕК (10 350 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса баланың заңды өкілдеріне 24 150 теңге (7 АЕК) айыппұл салуға әкеп соғады.
Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (34 500 және 345 000 теңге) айыппұл салынады.
№5. Ортақ пайдаланатын орындарды ластау
Қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 5 АЕК (17 250 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК (34 500 теңге).
Баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу саналады. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 5 АЕК көлемінде (17 250 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 34 500 теңге (10 АЕК) айыппұл көзделген.
№6. Тыйым салынған орындарда темекі шегу
Темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 51 750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 69 000 теңге (20 АЕК), ал әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын шексе – 172 500 теңге (50 АЕК). Автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған. Темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады.
№7. Автобуста жолақы төлемеу
Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 6 900 теңге (2 АЕК) айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (17 250 теңге) айыппұл көзделген.
№8. Жаяу жүргіншілердің жолды кесіп өтуі
Жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адамға 2 АЕК (6 900 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет қайталанса немесе бұдан біреу зардап шексе 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейсіз.
№9. Жылдамдықты белгілі бір нормадан арттыру
- сағатына 10-нан 20 км дейiнгi шамаға арттыру – 5 АЕК (17 250 теңге);
- сағатына 20-дан 40 км дейiн – 10 АЕК (34 500 теңге);
- сағатына 40 км және одан көп болса – 20 АЕК (69 000 теңге);
- жылдамдықты сағатына 20-40 және одан да көп шамаға арттыру жағдайы бiр жыл iшiнде қайталанса 30 АЕК (130 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
№10. Көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану
Жүргiзушi рөлде отырып телефонды не радиостанцияны пайдаланса 17 250 теңге (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса айыппұл сомасы – 34 500 теңге (10 АЕК). Көлік айдағанда телефонды құлаққап не динамик арқылы пайдалануға рұқсат етіледі.
№11. Көлік нөміріне қатысты заңбұзушылықтар
Көліктерді, тракторларды, өздігінен жүретін машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, мотоциклдерді және өзге де көлік құралдарын мемлекеттік нөмірсіз басқаруға болмайды.
Көлік нөмірі көрінбейтіндей лас күйде болса не өзінің белгіленген орнында орналаспаса, көлік белгісі стандарт талаптарына сай келмесе – 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде, ал бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанаса 20 АЕК (69 000 теңге) айыппұл салынады.
Жүргізуші нөмірі жоқ, әлі тіркелмеген не қолдануға тыйым салынған нөмірмен көлік айдаса 10 АЕК (34 500 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Жалған немесе қолдан жасалған нөмір таққан жеке тұлғаларға 51 750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады.
Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің түрін өзгерту, оларды жасырып тұратын құрылғылар қолдану, яғни жалған нөмірмен көлік жүргізу 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жыл мерзiмге жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.
№12. Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдау
Өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе көлік айдауға қатысты басқа да құжаттары жоқ жүргiзушi көлiк айдаса ескерту жасалады не 5 АЕК (17 250) көлемінде айыппұл салынады.
Жүргізуші куәлігін алмаған (жүргiзіп-үйренуден басқа), сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушi көлiк айдаса оған 20 АЕК (69 000 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 30 АЕК (130 500 теңге).
Жүргізуші куәлігінен айырылған адам көлік айдаса – 50 АЕК (172 500 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Ал бір жыл ішінде қайталанса 70 АЕК (241 500 теңге) айыппұл салуға не 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Басқару құқығы жоқ адамға не көлiк құралын басқару құқығынан айырылған адамға көлiкті айдауға беру – 50 АЕК (172 500 теңге), бір жылда екінші рет қайталанса 70 АЕК (241 500 теңге) айыппұл салынады.
№13. Қауіпсіздік белдіктерін тақпау
Қауіпсіздік белдіктерін тақпағандарға, жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, сондай-ақ мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамағандарға 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл заңбұзушылықтар бiр жыл iшiнде қайталанса 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.
№14. Жол белгiлерi мен таңбаларға қатысты талаптарды сақтамау
Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау 3 АЕК (13 050 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Мысалы, STOP белгісін елемей өтіп кетсеңіз, айыппұл салынады. Бiр жыл iшiнде қайталанса – 10 АЕК (34 500 теңге).
№15. Жаяу жүргіншілерге жол бермеу
Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол бермесе 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бiр жыл iшiнде қайталанса – 15 АЕК (17 250 теңге).
№16. Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу
Көліктің тротуарда, гүлзарларда, көгалдарда, балалар немесе спорт алаңдарында, басқа көліктердің қозғалуына кедергі келтіретін жерге тоқтату немесе оның тоқтап тұруы, сондай-ақ мүгедектердің көлігіне арналған тұраққа көлікті қою 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады. Бұл әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса – 15 АЕК (51 750 теңге).
Көліктің тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған тұраққа көлігін қойғаны үшін төлем төлеуден жалтарса – 3 АЕК (13 050 теңге), бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
№17. Көлiкті жолға қойып кету, қарсы бағытқа шығу, басып озу қағидаларын бұзу
Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүргендерге 51 750 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Көлiкті жолдың бойына қойып кеткендерге, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзғандарға да дәл осы сомада айыппұл көзделген. Бұл заңбұзушылықтар бір жыл ішінде қайталанса 130 500 теңге (30 АЕК) айыппұл салынады.
Жолдың тыйым салынған жерлерінен кері бұрылу немесе бұрылыс жасап шығу – алты ай мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасына әкеледі. Мұны көлік басқару құқығынан айырылған не ондай құқығы жоқ адам жасаса, оған 50 АЕК (217 500 теңге) айыппұл салынады
№18. Бағдаршам қызыл жанғанына қарамай өтіп кету
Бағдаршам қызыл жанғанда немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өтсе – 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайталанса – 15 АЕК (17 250 теңге).
№19. Аварияға себепкер болу
Аварияға себепкер болу, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы – 10 АЕК (34 500 теңге), бiр жыл iшiнде қайталанса алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
№20. Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы
Жүргізуші өзі қатысқан жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР жол жүрісі саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамаса 5 АЕК (17 250 теңге) айыппұл төлейді.
Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу 50 АЕК (172 500 теңге) айыппұл салуға не бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға алып келеді. Ал мұны жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса 100 АЕК (345 000 теңге) айыппұл салуға не отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша жауапкершіліктен босатылады.
№21. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің бұйрығын орындамау
Ішкі істер (полиция), әскери полиция органдары, көліктік бақылау органдары қызметкерінің ҚР аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау – 30 АЕК (130 500 теңге), ал бір жыл ішінде қайталанса көлік құралын басқару құқығынан алты ай мерзімге айыруға әкеп соғады. Мұны жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса оған 50 АЕК (172 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Жүргізушіні қызметкер тоқтатқанда оның рұқсатынсыз көліктен шығып кетсе не шығу туралы талаптарды орындамаса – 5 АЕК (17 250 теңге), ал бір жыл ішінде қайталанса жүргізушіге 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
№22. Адамды, өзге көлікті қағып кету
Көлiкті, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет 40 АЕК (138 000) мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Бұл әрекеттерді жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса 60 АЕК (261 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.