Үстіміздегі 2025 жыл қазақ руханиятының көшбасшысы, ұлттық идеологиямыздың алтын қазығы, адамзаттың ойшылы Хакім Абайдың 180 жылдығы. Абайын ұмытпай әспеттеген халық, Абай жолынан ауытқымай алға тартқан жұрт өз бағытынан адаспайды. Әдеби көзқараспен қарасақ – ұлы ақын, даналық тұрғысынан қарасақ – философ, қоғамдық ауқымынан алып айтсақ – көпті бастаған көсем, дара тұлға.
Әлемдік деңгейден қарасақ, дүние данышпандарының бірде-бірінен кем түспейтін көреген. Ұлы даламыздың кеңдігі мен молдығына, халықтың дарқан көңілі мен жомарт жанына Алланың сыйлаған бірегей білгірі – Абай Хакім. Абайдың өмірге келгеніне 100 жыл толғанда 1945 жылы соғыс енді ғана аяқталып, халық қаралы, жаны жаралы, өмір сүреңсіз кезге тура келгендіктен, Абайдың мерейлі жасы өз деңгейінде аталып өтпегені белгілі. Ал, тәуелсіздігімізді алған соң 1995 жылы 150 жылдық кезеңі Қазақстаннан асып ЮНЕСКО деңгейінде тойланды. Ол қоғамға қозғау, елге серпіліс тудырды. Біз оны көрдік. Күні кеше ғана өткен 175 жылдық сәт пандемиямен тұспа-тұс келгендіктен, жоспарланып қойған көп шаруалар аяқсыз қалды. Міне енді, 180 жылдың кезеңіне де жеттік. Дала данышпаны, ұлт мақтанышы, Хакім Абайды айтып, насихаттап отыру ең әуелі ұрпақ үшін керек. Ұлт болашағы мен мемлекет ертеңі үшін қажет. Адам пенденің тағы бір аты «инсан» екен. Ендеше, ол ұмытшақ болғандықтан, әркез ұқтырып отыруға, отын өшірмей қоздатып, жалынын алаулатып отыруға тиіспіз.
Өткен жылдың күзінде «Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясымен Абай облысының Абай ауданына барып, аудан әкімімен кездесуде «Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Абай еліне арнап газетімізден бет беріп отырамыз» деген болатын. Әне сол келісім бойынша жылашар нөмірді Хакім Абай елінен бастауды жөн көрдік. Міне, осылайша алғашқы материал өлкетанушы, аудандық «Абай елі» газетінің бас редакторы Әсет Медеуханұлының, Абайдың інісі, өз заманының оқыған зиялысы, өмірден небары 20 жасында жасындай жарқ етіп өткен Халиолла Өскембаев туралы мақаламен бастауды жөн санадық.