«ӨКТЕМДІК ҮСТЕМДІК ҚҰРҒАН ЗАМАНДА АДАМНЫҢ БӘРІ СТАНДАРТТЫ БОЛАДЫ»
– Сізді кітапханасы өте бай қаламгерлердің бірі дейді ғой. Оны өзіңіз де сұхбаттарыңызда айтып жүрсіз...
– Менің кітапханам бес рет сұрыпталды. Адам жас кезінде әр нәрсеге құлаш ұрады. Мен тарихшы да, лингвист те, этнограф та болғым келді. Осы саланың қай-қайсысына да қатысты кітаптарым мол болды. Әсіресе, философия тақырыбындағы әдебиеттерді өте көп жинадым. Жас қырықтан асқан соң «Бұл болмайды екен, қазір энциклопедиялық машықтың заманы емес, мен тарихи-филологиялық сала бойынша бағдар жасайын» деген шешімге келдім. Кітапханамдағы көркем әдебиеттердің біразын Алматыдағы балаларым оқыған мектепке өткіздім. Қазірдің өзінде үйде он мыңдай кітабым бар. Үйдегі жүгінетін ақпараттарым жеткілікті болған соң диссертация қорғау барысында ұлттық немесе ғылыми кітапханаларға көп барғаным жоқ. Бұл – студенттік кезден бастап ұзақ уақыт бойы жиналған қор. Мұны жүйелеудің, оның ішіндегі ақпаратты алудың өзіндік әдістемесі бар.
– Сол әдістемелеріңізден хабардар ете отырсаңыз.
– Мен ұзақ уақыт бойы Л.Н.Гумилевпен магнитофон таспасы арқылы хабар алысып тұрдым. Оның дауысы сақталған таспалар көп еді. Желтоқсан оқиғасынан соңғы аласапыранда бірқатарын Есентай өзеніне ағызып жібердім. Гумилевтің дауысы жазылған бір үзік Жәнібектің әнін жазған кассетаның ішінде қалып қойыпты. Сол кісінің үйіне бір барғанымда «Күңгір-күңгір күмбездердің» орысша аудармасын сыйға тарттым. Қарап отырып, «тақырыбы қызықты екен» деді. Сөз арасында «Мынау он бес баспа табақ кітап. Осыны жазу үшін алпыс баспа табақ конспект жасадым», – дегенмін. Лев Николаевич: «Ой, бедный Акселеу!, – деп басын ұстап ойбайлады да қалды. – Сендердің оқу орындарыңда шифр-конспект жасауға үйретпей ме, картотека әзірлеуге машықтандырмай ма? Конспектің не ойбай-ау? Алпыс баспа табақ конспектіден іздегеніңді таба алмайсың ғой».
Расында да солай еді. Сөйтсем, Еуропа, орыс ғылымында қалыптасқан белгілі бір жүйелер бар екен ғой. Шифр-конспект дегеннің мәнісі былай. Мәселен, осы үйдегі кітаптың бәрін бір-ақ блокнотқа сыйғызуға болады. Менің «Қазақтың күй өнері» деген кітабымда бес мың күйдің, он екі мыңдай адамның, он бес мыңдай жер-судың аттары аталады. Былай қарасаңыз, адам миына сыймайтын нәрсе. Соның бәрін міне, өзім «Күйдің кілті» деп атаған дәптерге топтастырдым. Қазір шежіредегі қазақ тарихына қатысты деректер туралы кітабымды жазуыма осы тәсіл септігін тигізіп жатыр. Әйгілі түркітанушыдан үйренген бір тәлімім осы.
Біз Сейдахмет Бердіқұловтың журналистік мектебінен өттік. Сол кісі өз қызметкерлерін жинап, жылына бір рет «Правда» мен «Известияның» Қазақстандағы тілшілеріне лекция оқытатын. Бірде «Известияның» Қазақстандағы тілшісінің елдегі қой шаруашылығы туралы бір бет мақаласы шықты. Мұндай мақаланы бұл тақырыпты өмір бойы зерттеп жүрген адам ғана осылай жаза алады. Қой шаруашылығының тарихы, әйгілі шопандардың тәжірибесі, қой жаюдың технологиясы, сол кездегі ұранға сай қой санын елу миллионға жеткізу жөніндегі ұсыныстар, бәрі, бәрі көрініс тапқан. Құдды бір қой шаруашылығының кәнігі маманы жазған дерсің. Ал авторы күніге бір тақырыпты қаузап жүрген қарапайым журналист. Бұл мақала бойынша Мәскеу Қазақстанның тиісті министрліктеріне бірнеше нұсқау беріпті. Кездесуде мен әлгі журналиске: «Сіз осы тақырыпты үнемі зерттеп жүрсіз бе?», – деп сұрақ қойдым. «Е, жоға, – деді ол, – Қой шаруашылығы менің ден қойып айналысқан тақырыбым емес. Маған көмектескен қайшы ғой». «Қайшысы несі?». «Мен тілші ретінде он тоғыз облыстың газетін алып тұрамын. Республикалық газеттердің бәрін де жаздырып аламын. Қажетті мақалаларды қайшымен қиып аламын да папкаларға сала беремін. Менде «Су», «Көмір», «Өндіріс», «Өнер» т.б. папкалар бар. Тиісті тапсырма алған соң қоржынымның ауызын ашамын. Мына мақаланы «Қой» деген папкамда жиналған деректердің негізінде жаздым».
Осы сөз менің миыма шегедей қадалды. Содан бастап деректерді тақырыптарға бөліп жүйелей бастадым. Қай томда еді, қай бетте еді деп дағдарып отырмаймын. Тарихи-филологиялық тақырыптарды барынша тиімді жүйеледім. Бойдан қайрат қайтқанда еркін сөйлеуге мүмкіндік болды. Мен қазір бұрынғыдай он-он бес сағат үстел басында отыра алмаймын. Көп болса, екі-ақ сағат жұмыс істеймін. Шежіре туралы кітабымнан кейін мұндай сүбелі дүние жазуға қауқар да қалмайтын шығар. Осы кітабымды үлкен құлшыныспен, шын жүректің қалауымен жазып жатырмын.
– Бұл кітаптың танымдық мәліметі мол болатынына дау жоқ. Бірақ кейбіреулердің қанын қыздырып, рушылдық сезімін оятып жүрмей ме?
– Қазақ ұлтын тану үшін қазақтың рулық жүйесін тану керек. Оны тудырған тарихи себептерді білу керек. Рулық жүйе деген – қазақ ұлтының біртұтастығының ғаламат картасы. Бір-ақ мысал айтайын. Кез-келген еркектің не шешесі, не әйелі, не келіні басқа жүзден ғой. Не басқа рудан. Ұлт біртұтас болуы үшін қандай механизм жасалған! Осының арқасында қазақ тілінде диалект жоқ. Мен Түркиядағы және Шыңжаңдағы қазақтардың кигіз үйлерінде болдым. Үйлерінің ішіндегі мүлкі мен әйелдерінің отырысына дейін бірдей ғой. Арасы сегіз мың шақырым. Дағыстанда да болдым. Ресми тілінің өзі оннан астам. Аумағы біздің бір ғана Қорғалжын ауданындай ғана. Бірақ бір төбенің астындағы ауыл екінші төбедегі ауылдың тілін әзер түсінеді. Бұл – ұлт үшін қасірет. Ұлтымызды этникалық жағынан біртұтас етіп тұрған нәрсе – рулық жүйеміз. Бұл тарихи қажеттіліктен туған. Біздің даламыз – шөл және шөлейт дала. Бұл далада тек ұжымдасып күн көруге болады. Еуропадағыдай фазендалық шаруашылық ұйымдастырып, аз ғана жерден несібе тауып, істі дөңгелентіп кетуге мүмкіндік жоқ. Қазақ «Ауыл болсаң - қауым бол» деген. Қауымдасудың өзі рулық жүйені дүниеге келтірудің алғы шарты. Егер біз мұны артта қалған, байырғы, адам баласы дамуының алғашқы кезеңіндегі жабайылықтың белгісі деп қарасақ, көшпелі мемлекеттің тарихы мен болмысын түсінбегеніміз болып шығар еді. Өкінішке орай, біздің шежірелік деректеріміз көп айналымға түспей келді. Сол кетікті толтыруға себі бола ма деп осы шежірелік деректерді жинап жатырмын.
Тек қана ру-тайпа туралы жинаған мақалым мыңнан асып кетті. Ру-тайпа атымен аталатын этнотопонимдердің өзі екі мыңдай болды. Мұның тек тарихи ғана емес, саяси да мәні бар. Мысалы, Қасым хан тұсындағы қазақ жерінің үштен бірі жаттың қолында қалды. Оны енді қайтара алмайсың. Бірақ сол елді мекендерде әлі күнге дейін қазақ руларының атауларымен аталатын топонимдер тұнып тұр. Біздің тарихымыз бүтін болуы үшін елдің алғашқы шекаралары қамтылып айтылу керек. Құрманғазы, Сырым батыр, Әйтеке би, Мұстафа Шоқай, Ғани Мұратбаев, Смағұл Сәдуақасов, Әлия Молдағұлова, Әсет Найманбайұлы, Ақыт қажы шекара сыртында жатыр. Ел болатын жұрт не істеді? Алыста қалған арыстарын елге жеткізді. Шежіре деректерінде шекара сыртындағы елді мекендердің атаулары сайрап тұр. Біздің тарихымыз осы уақытқа дейін саяси-экономикалық тарих болып жазылып келді. Азаматтық тарихымыз жазылған жоқ. Ол үшін шежірелік дерек бірінші кезекте айналымға түсуі керек. Осы кезге дейін қазақ даласына табаны тиген шетелдіктердің мәліметтерін басшылыққа алып келдік. Оған сын көзімен қарау жағы кемшіндеу болды. Біріншіден, қалай болғанда да олар халықтық дәстүрлерді жете түсінеді деу қиын. Екіншіден, әртүрлі мақсат-ниетпен келіп жазады. Мәселен, Левшин: «Бұл халық – поэзия тудыра алмайтын халық» деп те жазған. Ал менің ұғымымда, әлемде түркі халықтарындай, оның ішінде қазақ халқындай поэзияны биік деңгейге көтерген ел жоқ. Менің Несіпбек Айтов деген белгілі ақын інім он бір буынды да ұйқастырып өлең құрайды ғой. «Балбұлағы есіліп аққан Сарыарқа, Арғымағы көсіліп шапқан Сарыарқа», – дейді. Осындай поэзия қай елде бар?
– Сіздің қоржыныңызда көне экспонаттардың көп екенін білеміз. Дәл қазір қолыңызда не бар екенін айтпас па екенсіз?
– Көне экспонаттардан менің қолымда түркінің мөрі болды. Оны музейге өткіздім. Мөрдегі жазу Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің іргесіндегі ашулы тұрған кітапқа түсті. Бұл - «Таңда да, жұбан», – деген жазу. Оны Алтай Аманжолов оқыды. «Не таңдасаң, соның игілігін көр. Шыңына жет», – деген мағынаны білдіреді. Етікші болсаң, нағыз етікші бол, ғалым болсаң, шын ғалым бол дегенге саяды.
– Ол мөр сіздің қолыңызға қалай түсіп жүр?
– Бұл менің «Білім және еңбекті» басқарып отырған кезім еді. Алтайдағы түркінің қорғандары бар ғой. Сол қорғандардың ішінен табылды. Бір қорған ақ керіштен үйіліпті. Малшылар сол ақ керішті үй сылау үшін кертіп алып отырған. Ең жуан түбіне жеткенде соған жерленген адамның оң қолында мөр жатыр екен. Көкшұбар, асыл тастан жасалған. Биіктігі он-он бес сантиметрдей. Мөрдің түбі төрт бұрышты. Көлемі бес шаршы сантиметрдей. Жазу соған түркі руникасымен қашалып жазылған. Кейін музейге өткіздім.
– Қай музейге?
– Бір музейде тұр... Одан соң қолыма түскен құнды дүние – Құнанбайдың шақшасы. Оның қалай қолыма тигені туралы талай рет айтылды. Шақшаны Едіге Тұрсыновтың әкесі Дәріғұлдан алдым. Қарағанды, Тоқырауын бойында Адамбай, Тұрсын деген әйгілі байлар болған. Қарқаралы уезінде екі-ақ адам мырза атанған. Бірі – Құнанбай, екіншісі – Тұрсын. Бір жиында отырғанда Тұрсын Құнанбайдың бетіне салық етіпті. «Әкең Өскенбай насыбай атып, темекі тартқандардың құлағын кесіп, мұрнын пышақпен шекуші еді. Әкенің тілін алмаса, ұрпақ не болады?», – дегенде Құнанбай аталы сөзге тоқтап, «Көпсініп отырғаның осы серігім насыбай ма? Мә, Тұрсын, саған бердім, тастадым. Осыдан түзеліп кетсеңдер кәні. Мен енді атпадым», – деген. Сол Тұрсын арқылы жеткен шақша ғой. Осы шақшаның деректері арқылы Біржанның Жетісуға барған жылы анықталды. Дәріғұлдың күйеу баласы, белгілі әдебиеттанушы-ғалым Мырзабек Дүйсенов менің насыбай ататынымды білетін. Ол атасына баласындай еркелейтін. Ақсақал төсек тартып жатқанда Мырзекең мені ертіп барды. Шал көзіне жас алды. «Көзім тіріде жастығымның астында жата тұрсын», — деді. Сөйтіп, алдық қой. Шақша да қазір музейде тұр.
Сегіз жыл бойы «Лениншіл жастың» Орталық Қазақстандағы тілшісі болдым. «Газ – 66» маркалы жақсы қызметтік көлігім, жеке жүргізушім болды. Машинамен даланы кезіп, өте көп мәлімет жинап алдым. Сол кезде жиған деректерімді әлі игере алмай жатырмын.
– Ақа, біз алғаш көргенде сіз қырыққа келе қоймаған жас жігіт едіңіз. Сол уақытта да салиқалы көрінетінсіз. Сондықтан сіз кейінгілерге осылай өмір бойы байсалды болып жүргендей әсер қалдырасыз. Жалпы, сіз қандай бала болдыңыз?
– Мен бүкіл ауылдағы ең жексұрын бала болдым. Жексұрын болатыным, мен түнгі он екінің шамасында туыппын, ал әкем сол күні таңертең соғысқа аттаныпты. Екі айдан кейін қара қағаз келіпті. Шешем он алты-он жеті жасында жесір қалған. Әкейдің соғыстан келген немере інісіне шешемді қосыпты да, мені әкемнің ағасы асырап алған. Інісінен қалған жалғыз көз болған соң ешкімге маңдайымнан шерткізбеген. Ол кісі ауылдық кеңестің төрағасы, ферма меңгерушісі болды. Істемегенді істеуші едім. Кешке жақын жерошаққа көтерілген қазандарды арамдап кететінмін. Нағыз көкжынды болдым. Өріске кеткен қойлардың ішінен ең үлкенін ұстап, тірідей шикіл сақа асығын пышақпен кесіп алатынмын.
Менің бүкіл ауылға тасаттық бергізгенім де бар. Көктемде ауылға қарғалар келетін. Төлдеп жатқан малдың шуын кигіз үйге тасып, қарғалар ішке кіргенде есікті жауып алып, күллі қарғаны ерінбей аққа бояп ұшырып жібергенім бар. Кешке жақын қаптаған ақ қарғаны көрген шалдар қатты шошиды. Тасаттық бермесе болмас деп қой сояды. Бұл не қылған тасаттық деп мен де барғанмын. Кешке жақын ақсақалдар ет жеп, әңгіме айтып отыр. «Бояп жіберген мен ғой», – десем, бәрі күледі. Қазақта «Тентектен тиылғанның теңі болмайды» деген сөз бар. Кейін оның бәрі қалды ғой.
– Сізді Арқаның бір кесір шалы көркем сөзбен кестелеп тұрып боқтапты ғой...
– Ысқақ марқұм ғой. Ел оны «Жынды Ысқақ» деп атайтын. Өте қадірлі адам болды. Ақтоғай ауданының тұрғыны еді. Сексенінші жылдардың ішінде қайтыс болды. Газет тілшісі кезімде өзімше сөз дарытпай алдынан орап өтіп жүргенімде арнайы барып боқталып қайттым ғой. Жынды Ысқақтың көркем боқтықтары «Қазақтың бейпіл сөздерінде» бар. Ол кісі Әлкей Марғұланды, Ілияс Есенберлинді, Жезқазған облысы басшыларының бірі Хамзе Жұмабековті боқтаған. Бір ғажабы, боқталғандардың ешқайсысы оған ренжімейді, қайта разы болады. Бойыңнан қазақы болмысқа жатпайтын болмашы нәрсені көрсе, бейнелі сөздермен боқтайтын. Сені сыбап жатқан сөзінің көркемдігі соншалық, ашуыңды да келтірмейді, наразылығыңды да оятпайды. Сол боқтығының арқасында өмір бойы саусағы қимылдап жұмыс істемеген адам. Ол кісіні ел қадірлейді. Шөбін түсіріп береді. Соғымын жеткізіп береді. Мұндай ешкімге ұқсамайтын ерекше кісілердің болуы көшпелі өмір салтына байланысты. Идеология немесе өктемдік үстемдік құрған заманда адамның бәрі стандартты, бірқалыпты болады. Олардың арасында біздің көшпелі қоғамның демократиялық болмысына байланысты туған типтердің болуы заңды. Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиевтер – кешегі көшпелілердің соңғы жұқанасы.
– Өзіңіз замандас болған қаламгерлердің ішінен кімдердің қабілетін ерекше қадірлейсіз?
– Өзім көргендерден үш адамға айрықша таң қалам. Әлкей Марғұлан, Олжас Сүлейменов және Әбіш Кекілбаев. Бұлардың қабілет-қарымы – ерекше құбылыс. Оны түсіндірудің өзі қиын. Марғұланның білімі – түпсіз тұңғиық. Олжастың түркі әлеміне терең бойлауы – теңдессіз интуицияның жемісі. Ал Әбішке дейін прозашылар жер бетіндегі тіршілікке көлденеңінен қараған деп есептеймін. Ал ол болса, тұңғыш рет жерге тігінен көз салады. Шығармаларының желісінде белгілі бір заңдылық бар. Бәлкім, адамның ғарышқа көтерілгендігінің әсері шығар. Әбіш – планетаға ғарыш биігінен қараған қаламгер.
– Мұхтар Мағауинге қалай қарайсыз?
– Ол – сөз жоқ, дарынды адам. Ғажап стилист. Өзін онша жақсы көрмеймін. Мен оның өзімен аразбын. Бірақ оның дарынымен араз емеспін. Мейірім қанып отырады оның жазғандарына. Менің жүрегімдегіні айтып жатса, ырза болмай қайтесің. Оны мойындамасақ, бетбақтық болар еді. Мінезі оның өзімен бірге кетеді. Ал жазғандары халықтың игілігі болып қалады. Қазақ тарихына қатысты концептуальді кейбір ойлары тарих институтының да түсіне кірмейді. Оның жазғандарының ішінде жаман нәрсе бар деп айта алмаймын.
– Жазушылардың көпшілігі күнделік жазады. Сіздің де ұқыптылығыңыз бен ұсынақтылығыңызға қарап күнделік жүргізетін шығар деген ой келеді...
– Кеңес заманында жиырма бес жыл күнделік жаздым. Қыстығып жүргенде көкейге түйген ойларымызды қағазға түсірдік. Кейін қойдым. Тәуелсіздік жарияланған соң «Тәубә, тәубә, енді ұзағынан сүйіндір!» деп күнделігімді бітірдім. Жалпы, күнделік жазу – сондай бір аса қажетті дүние емес. Ол көбінесе пендешіліктің шежіресі болып кетеді. Күнделік адамның өзін көбірек дәріптеуге қызмет етеді. Ал менің күнделігім көкіректегі қыжылымның қағазға түскен көрінісі болды. «Ой-толғақ» деген атпен басылып шықты. Қазір күнделік жазу қажетсіз деп есептеймін.
– Өзіндік жолы бар белгілі ғалымдардың бірісіз. Шәкірт дайындау мәселесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Біреудің бар уақытын алып, ертеден кешке дейін соңыңа салпақтатып ертіп, шәкірт ретінде қалыптастыруды онша құп көрмеймін. Ал жалпы, қай қызметте жүрсем де, менің тәрбиемді көрген жігіттер аз болған жоқ. Біразы белгілі журналист-жазушы болды, біразы қоғам қайраткері болды. Бірқатары ғылым қуды. Жалпы, кеңес ғылымында бюрократизмнің белгілері болды. Докторлық диссертация жазу үшін алдымен сол тақырыпқа жазылған еңбектерді сүзіп шығу керек. Бұл кейде жұмыстың үштен біріндей көлемді қамтиды. Идеологиялық қыспақтың нәтижесінде қалыптасқан осы дәстүр әлі күнге дейін қайталанып келеді. Шетелдік ғалымдар «Бұған дейін жазылған еңбектерді менің оқушым біледі» деп әрі қарай жалғастырып әкетеді. Ал біздің кейбір ірі ғалымдарымыз «Осы тақырыпқа арналған менің мақалаларым бар еді, соны атамапсың ғой», – деп, үлкен басымен диссертация қорғайтын жас балаға кіжініп отырады. Оны атаудың қажеті де жоқ. Маңыздысы – еңбектің ғылыми жаңалығы.
Теңдесі жоқ талант Серікбол Қондыбаевтың шығармаларының жарыққа шығуына себепші болдым. Мен оның қадірін білгеніммен қолымда не бар? Сосын Иманғали Тасмағамбетовке бардым. Ол Маңғыстауға телефон шалып, тапсырма берді. Бар-жоғы бір-екі аптаның ішінде үй де берілді, жазғандары да кітап болып жинақтала бастады. Кітаптары басылып шыққанда тұсаукесеріне арнайы барып қатысып, баяндама жасадым. Маңғаз жігіт екен. «Ақа, менің еңбегім өстіп еленеді деп ойлағаным жоқ едім. Рахмет», – деді. Бар айтқаны осы.
– Серікболдың мамандығы – географ. Өзі алыс ауданды мекендеді. Оның үстіне ұзақ жыл төсекке таңылып жатты. Бірақ аз ғана уақыт ішінде өнімді жұмыс істеді. Ел іздеп жүріп оқитын кітаптар жазды. Осы құбылысты қалай түсіндіресіз?
– Ол – ерекше қабілетті болып жаралған адам. Серікбол халықтың қайнаған ортасынан, атасынан, анасынан, ауылдың шалдарынан естіген әңгімелерге жастайынан қанығып, топонимдік, этнонимдік, этнологиялық білімді бойға сіңірген. Мәселен, мифология туралы еңбегін жазып отырғанда елден естіп, құлағына құйған әңгімелері жадында жаңғырады. Оның феноменінің іргетасы – біздің халықтың өресі. Адам жарымжан болғанда көбіне-көп оның бойындағы бүкіл әлеуеті бір-ақ нүктеге бағытталады. Оның өнімі әдеттегіден он есе, жүз есе көбейеді. Анасы өте ғажап адам. Қолынан дәм таттым. Серікболдың жолына құрбан болған әпкесі бар. Інісінің айтқан кітабын жердің түбінен болса да тауып беріп отырған. Адамның миында базалық дәстүрлі ақпарат бар. Ол әлемдік академиялық ақпаратпен ұштасқанда ғаламат жаңғырықтар береді. Серікболдың қабілеті осылай ашылған. Оның үстіне мектепте, университетте дәріс алып жүрген кезінде көп оқыған жігіт. Төсіне құс төсекті қойып, етбетінен жатып жазды. Айналасы шашылған кітап. Алыстаңқырап қалған кітаптарды шешесі жанына жақындатып береді. Бір ғылыми-зерттеу мекемесінің ел болып жабылып істейтін жұмысын жалғыз өзі тындырып кетті.
– Түркітану саласында ғаламат жаңалық аштық деп ғылыми ортаны, жекелеген ғалымдарды төңіректеп жүрген бірер жігіттер бар. Бір сөйлеп кетсе, тоқтамайды. Сөмкелері толған буда-буда қағаз. Бірақ оқымаған. Бірі құрылысшы, бірі шопыр... Бұлар сізге де бір соғып кеткен жоқ па?
– Маған өте жиі келеді. Жалпы, олар Қойшығара Салғарин екеумізді үнемі төңіректейді. Әсіресе, екі жігіт көбірек соғып тұрады. Ұстанымдары дүние жүзінің тілдері бір тілден шыққан деп негіздейтін лингвистиканың ностратика саласына жақын. Солар шетелдің кез-келген сөзін түркі тілдерімен байланыстырады. Тіпті тұтас сөздік жасап шыққан. Екі-үш сөмке қағаз арқалап келеді. Бір жағынан қызығасың. Екінші жағынан жаның ашиды. Академиялық білімі түгілі, жоғары білімі де жоқ. Бірақ осындай нәрселер мені ойлантады. Тәрізі этникалық жад деген болуы керек. Бұлардың миында да сол жад жаңғырып жатқан сияқты. Адам деген – жұмбақ әлем. Оларға басқа біреулер жынды деп қарайды. Ал өздері «Біздің ұлтты ұлт ететін жалғыз еңбек осы», – деп шырылдайды. Мен олардың жанайқайын түсінемін. Еріккеннің ермегі деп қарамаймын. Сондықтан келген сайын екеуін де ерінбей тыңдаймын.
– Сіз атам қазақтың этнографиялық дәстүрлерін бұлжытпай сақтаған қаламгерлердің бірісіз. Сақал қойдыңыз. Қолға әдемі таяқ ұстадыңыз. Шақшаңызды шығарып, көкбұйра насыбай атасыз...
– Әкемнің ағасы мені қолында өсірді деп айттым ғой. Менің ержетіп азамат болғанымды аңсайды да жүреді екен ғой. Бірінші класқа баратын күні маған шақша ұсынып, насыбай атуыма рұқсат берді. «Сен азамат болдың. Үлкен қызметке бара жатырсың. Ата ғой, балам», — деді. Өзім де кет әрі емес едім. Бұрын да ептеп дәмін татып жүргенмін. Содан атып кеттім. Мұғалімім де насыбайшы болды. Үзілісте «Әкел шақшаңды» дейтін. Студент кезімде қыздардан ұялып, темекіге көштім де, көп ұзамай насыбаймен қайта қауыштым. Қазақтың мықты жігіттеріне насыбай атуды үйреттім. Көпшілігі белгілі өнер адамдары. Қазір бәрі де жақсы атады.
– Сізді ұлтқа қызмет ету идеясына тәрбиелеген кімдер? Кімдерді өнеге тұттыңыз? Алаш арыстарының есімдерін кімдерден естідіңіз?
– Мәскеуде құрылған «Жас тұлпар» ұйымының Қазақстандағы тілеулестерінің әрі өкілдерінің бірі болдым. Талайларды қудалауға ұшыратқан Қазақ университетіндегі кездесуді біз ұйымдастырдық. «Жастұлпарлықтардың» сөз саптауы, ой орамы мені де оятты. Бұлардың ұлт туралы ақпараты керемет еді. Маған қатты әсер етті. Екінші курста «Қайнар» деген қолжазба журналдың редакторы болдым. Он нөмірін шығарып үлгердік. Ұлт мәселесін көбірек қозғай бастағанбыз. Кейін тиісті орындар тиым салды. Газетте жұмыс істеп жүргенімде Сейдахмет Бердіқұловтың тапсырмасымен атақты Әлімхан Ермековтен сұхбат алдым. Ол кісі Қарағанды политехникалық институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет істейтін. Әңгіме арқауы Ленин туралы болды. Әлекең Ленинді көріп, шешіліп әңгімелескен адам ғой. «Ленин өмірде қандай адам болды?», – деген сауалыма «Сол тұстағы орыс зиялыларының ішіндегі жібі түзуі сол еді», – деп салқынқандылықпен жауап берді. Мен ол кезде Алаш арыстарының ешқайсысының атын естімеген едім. Бір ай өткен соң белгілі дәрігер-ғалым Ғабдолла Құлқыбаев екеумізді Жайық Бектұров шақырды. «Ал, шырақтарым, Евней екеумізге Әлімхан тапсырма берді. Біз сендерге Алаш арыстары жөнінде там-тұмдап мәлімет бере бастаймыз. Бірақ ауыздарыңа берік болыңдар», – деді. Қысқасы, бізді бұл тақырыпқа Бектұровтың өзі баулыды. Дүние танымымыз төңкеріліп түсті. Сөйтіп, Алматыға көп дайындықпен келдім.
Әлкей Марғұланмен тығыз байланыста болуым ұлттық танымымды кеңейтті. Әлекеңнің қазба жұмыстарының көпшілігі біздің ауылдың үстінде жүргізілді. Әкей – ферма меңгерушісі. Ауыл шалдарын жинап, үй тігіп, мал сойып, Әлекеңді үнемі күтеді. Мен ғұлама ақсақалдың артында әңгіме тыңдап жатам. Сегізінші класта оқып жүргенімде таудан керемет петроглифтердің үлгісін көріп, академикке хат жазғаным да бар.
– Сіздің қалам тартпайтын салаңыз жоқ. Өзіңізді кіммін деп есептейсіз?
– Мен өзімді тарих саласында еңбек жазған тарихшымын деп есептемеймін. Бірақ тарихты бір адамдай оқыдым. Тарих туралы өз көзқарасым бар. Бәлкім, мені этнолог, этнограф деуге болатын шығар...
Әңгімелескен
Бауыржан Омарұлы,
Суретті түсірген
Советбек Мағзұмов.
«Айқын» газеті, 3 тамыз 2006 жыл.