ЕЛ ІШІНДЕ ТҮЙТКІЛ ДЕ, КҮҢКІЛ ДЕ КӨП... һәм Қазақ баспасөзінің болашағына билік неге қырын қарайды?

ЕЛ ІШІНДЕ ТҮЙТКІЛ ДЕ, КҮҢКІЛ ДЕ КӨП... һәм Қазақ баспасөзінің болашағына билік неге қырын қарайды?

«Өлмеген құлға болды жаз» дегендей, өлмеген пендесіне Алла Тағала Жылқы жылын да нәсіп етті. 2026 жыл елімізге құт-береке әкелгей! Халқымыз тоқ болып, Президентіміз жұртының сенімін ақтағай! Басына қонғай бақ талай!

Әр күнінен жақсылық, әр таңынан береке күтетін қазақпыз ғой, өткенге салауат, жеткенге қанағат айтайық, ағайын!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, 

ҚР Еңбегі сіңген қайраткері, публицист

 

Жұдырықтай жұмылмасақ, жойылып, жұтылып кетуіміз мүмкін

Бүгіндері әлемнің тынышы кетіп тұр. Әлді әлсізді, бай кедейді илеуде! Күштінің құйрығының диірмен тартатынын заман көрсетті. Осындай кезеңде не істеген дұрыс? Әрине, біз секілді аз ұлттарға ынтымақ пен сабыр керек. Бас-басына би болмай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаны абзал. Бұл бүгінгі ақырған заманның да талабы! Ұлтты сақтап қалудың бұдан басқа жолын көре алмай тұрмын.

Шер-ағам айтпақшы, «Президент біреу, басқамыз оған тіреу» болсақ қана ұтамыз. Жан-жаққа тартсақ, жұтыламыз!

Сырттан бөрі анталаған кезде барлық «бұралқы иттердің» өзі бірігеді. Бірге үріп дүрлігеді. Бұл олардың ежелден келе жатқан тірлігі еді...

Ел ішіне іріткі салып, өткен-кеткенді қазбалап, ашу-ренішті қоздырып, уақытты оздыруға да уақыт тар. Ең басты мұрат – ел тыныштығы, ел бірлігі! Қазақ атамыз осындай сын сағатта «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп қайырған. Сөйтіп дүрдараздықтан тыйылған. Бәрі бір қолдың астына жиылған. Жол тапқан қиыннан!

Тарихқа қарасақ, жер бетінен жойылып кеткен ұлттардың барлығы дерлік қиын кезеңде, шешуі сәтте, ішке қатқан кектерін өршітіп, жаулықтарын үдетемін деп аһ ұрған. Артынан өкініштің уын ішіп, сарқылған! Біреулері өзгеге құл болып, біреулері кіріптар болып құн төлеп, ақырында жер бетінен жойылып, қырқылған! Айырылды сөйтіп ата қоныс жұртынан!!!

Біз осыдан сабақ алуға тиіспіз! Ыдыраған елді, ымыраға көнбеген халықты тоздыру да, азғыру да, жазғыру да оңай!

 

Түсінгенге ел Президентінің бүгінгі тірлігін, көріп жатқан қиындығын, сынағын еш адамның басына бермесін! Қиын, өте қиын! Саясат деген сол! Кейде күшің жетіп тұрса да шегінесің, кейде жеңіліп тұрсаң да күшейесің! Біреудің алдында бүгілесің, біреудің алдына жүгінесің! Елді, тәуелсіздікті сақтап қалудың басқа жолын көре алмай тұрмын! Бұл – менің аналық сөзім! Біреуге жағынайын деген, бағынайын деген ойым жоқ. Мен үшін елдің амандығы, саулығы, тәуелсіздіктің тұғырының биік болғаны абырой! Басқасының бәрі рет-ретімен жүзеге аса беретін дүниелер!

Иә, өткен жылға шолу жасау, жүріп өткен жолымызға сараптама жүргізу, не істедік, нені көрдік, кімге ердік, кімге сендік – бәрін таразылау уақыт талабы. Өткен жылан жылы несімен есте қалды, бұған да мойын бұру – ұлы міндет! Өкініштер, реніштер, өкпе-наздар аз емес. Жетістіктер, зор табыстар, талпыныстар да бір төбе. Себебі өткеннен сабақ алмай, жақсысын қадірлеп, жаманынан безінбей алға басу мүмкін емес.

«Qazaqstan dauiri» халықаралық газетінің «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы өңірлерді аралап, ауылдағы өзекті мәселелерді, ұлттық құндылықтардың сақталуын және ақпараттық сауаттылықты арттыру бағытында біраз жұмыстар жүргізді.

 

Бұл ауқымды шараны «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, Ардагерлер кеңесі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы және «ЕлАна» қоғамдық-әлеуметтік танымдық сайты бірлесе ұйымдастырды. Экспедицияны өзім бастап, ұжымым қостап алып шықты. Бұл да білгенге үлкен жетістік! Зор табыс!

Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылдың тағдыры – ұлттың болашағы дегеніміз бекер емес. Экспедицияның мақсаты – ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, елдің үнін есту болатын. Ол үдеден шықтық білем. Рухани құндылықты сақтап, жастарды газет-журнал оқуға тәрбиелеу – бүгінгі күннің өзекті міндеті еді, оған да себепкер болдық. Осы жолда талай ауылға қондық, талай шенеуніктің сөзінен «тоңдық». Ұрпақ ұлттық рухпен сусындағанда ғана елдің ертеңі нық боларын насихаттап жүрдік. Осылай жалғасты біздің тірлік. Ең бастысы, ұжымда болды бірлік!

Баспасөзді қолдау – елді қолдау деп түсінемін өз басым. Сондықтан биылғы жылқы жылында да экспедициямыз жалғасады. Жылан жылы іссапарымызға ерекше қолдау білдірген «AMANAT» партиясына ұжым атынан айтар алғысымыз шексіз! Міне, баспасөзді қолдау! Міне, ел Президентінің Жолдауларына адалдық!

  Өкінішке қарай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жылан жылы бізден жылыстап кетті. Негізі ауыл мен жер соларға аманат еді ғой. Бізге қолдау білдіріп, қасымыздан табылса, ел халқының тұрмыс-тіршілігінен хабардар болып, көп нәрсеге көздері жетіп, марқаяр еді-ау...

Кім білсін, үмітімізді үзбейміз, биылғы жылқы жылында бойларында қан ойнап, арқырап шыға келсе, қуанар едік!

Экспедиция барысында талай әкімді көрдік кішірейген, ел бірлігін ойлап, атынан түсіп бүкірейген. Қаншама әкім-қараны көрдік, баспасөзді көргенде тікірейген, бізді қабылдағысы келмей шікірейген.

Демократия дейміз, қайдағы демократия бізде? Астанада өткен әкімдер жиынында болсын, облыс, аудан көлеміндегі мәжілістер де болсын, алдын ала сұрақтар дайындалып, әкімдердің көңіл қолайына жағатын, «ерен еңбегін» дәріптейтін сауалдар қою «дәстүрге» айналды. Бұдан тыйылмай, алға басамын деу әбестік! Бұл – аяққа салынған тұсау. Адымыңды аштырмайды. Елдің сөзін айтуға мүмкіндік туғызбайды.

Тіпті бір министр ханым Жамбылға барғанда сұрақ пен жауап алдын ала дайын тұрған. Біз мұнымен кімді алдап жүрміз? Халықты ма, билікті ме? Бұл жағымпаздыққа бастайтын, өтірікті жақтайтын, шындықты жеті қат жер астына тастайтын зұлым бастама. Бұдан арылмай, елдің көкейіндегі сауалдарға әділ жауап берілмей, еліміздің көркеюі, санамыздың үлкеюі қиын...

Ешкімді жамандағымыз келмейді, тек айтқымыз келгені, баспасөз басшылары кіре алмаған емен есіктерге қарапайым жұрттың кіре алуы екіталай! Ондай әкімдер Президентке алғыс емес, қарғыс айтқызады. Халықтың ашу-ызасының тууына себепкер болады. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Әкім болсаң, халқыңа жақын бол дейді дана қазақ. Әкім жұртына жақын болған сайын мәртебесі де биіктейді, Ақордада отырған ел басшысына деген ниет пен пейіл де дұрысталады.

 

«Мәжбүрлеуге болмайды!» деген сөз жазылуға кедергі келтіруде

Ауыл мектептерін аралап жүріп, бір байқағанымыз, мұғалімдердің көпшілігі қауырт жұмыста жүр. Қағазбастылық көп. Газет-журналға деген олардың көңіл хоштары да байқалмайды. Бәріне баяғы министр айтқан «Мәжбүрлеуге болмайды» сөзі кінәлі. Қайда барсақ та, алдымыздан осы «сөз» оқтай атылып шыға берді. Көңілімізді жаралай берді.

Егер ұлттың ұлыларын өсіріп шығаратын мектеп мұғалімі газет пен журналға жазылмаса, қаймана қазаққа басылымға жазыл деп айту әділдік пе? Газет оқылмайды дейміз, егер ұстаз бен оқушы оған немқұрайлы қараса, шенеуніктер бұл проблемаға бас ауыртпаса, бұл түйін ешқашан шешілмейді. Осы жағын Үкімет реттеуі керек. Газет пен журналға жазылуға үгіттеуі керек. Ертең білімсіз ұрпақ алдынан шықпау үшін. Солардың алдында бұқпауы үшін. Жылда айта-айта әбден жауыр болғаны үшін...

Естір құлаққа ұят. 34 жылда 19 министр ауысыпты. Әр министр өзінше «жаңашылдықпен» келіп, мектепті «экспериментальды алаңға, оқушыларды экспериментальды қоянға айналдырды»!..

 

Батыстан, шетелден оқып келіп, солардан көргенін «тықпалайды». Сөйтіп ұлтқа әкелді басты қайғы. Бір министрдің «Ешкімді жазылуға мәжбүрлемеңіздер» деген «бұйрығы» қазақ басылымдарына соққы болып тиді. Ақыры таралымдарының кеміп, тірліктерінің семуіне әкеле жатыр. Үкімет қазақ газеттеріне жазылуды өзі қолға алмаса, күні қараң. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді». Ұлттың құндылығын дәріптейтін, елдің ертеңіне, тіл мен ділдің көркеюіне алтын көпір болып тұрған қазақ баспасөзі құрдымға кетсе, елдің ертеңі де қорқынышты! Ұлтты ұйытып сақтап тұрған алтын дің – қазақ баспасөзі! Оның тамырына балта шабылса, қазақ билігі кімге әмір жүргізбекші? Кімді басқарып, кімге жүгінбекші?!

 

Батыстың 4-5 мемлекеті біздің бір облысымызға сыйып кетеді. Оны ескеріп жатқан адам жоқ. Басшы жоқ. Маман жоқ. Верикалды басқару жүйесі өте қате. Біздің газет бұл жайлы бірнеше мәрте көтерді. Өзім де шыдамай бірнеше мақала жаздым. Ештеңе өзгерте алмадық. Не жазылған сыни мақалаларды ешкім оқымайды. Оқыса да, көңілдеріне тоқымайды. Шара қолданбайды...

Дәстүрлі экспедициямызда білім саласындағы кемшіліктерді халықтың аманаты етіп көтердік. Ешкім естімейді. Оқымайды да!..

А. Аймағамбетов министр болғанда да барынша жан-жақты дәлелмен айттым, әлеуметтік желіден арылту үшін заң керек деп дабыл қақтым. Ешкімге жаңалық емес, кітап оқыту үшін алдымен балалар, оқушылар журнал мен газет оқуы керек.

Экспедиция барысында аңғарғаным, жазбасқа болмай тұрғаны, ветеринария, медицина, ішкі істер, мәдениет т.б. жауапты органдар облыста тұр. Қалғандары жекеменшіктің иелігінде. Сонда аудан бюджетінде не қалды? Қолында көше тазартуға дәрмені жоқ, қомақты бюджеті жоқ бейшара кейіптегі аудан қалай көркеймек? Ауыл қайтып еңсе тіктемек?

Сосын газет пен журналдарды алалау бар. Бұл анық байқалады. Саусақпен санарлық басылымдарды алалау дегеніңіз үй ішінен үй тігу емес пе? Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Бәлкім бірі билікті орнымен қаттырақ сынар, енді бірі жалпақшешей болып күн кешер. Сынағаны тендерден қағылып, ұнағаны тендерге жағынып жүргені билік үшін үлкен сын!

Көзі ашық, көкірегі ояу билік қалғымауы тиіс! Ақ пен қараның аражігін ашып, кімнің жанашыр, кімнің күні үшін жүргенін сараптауы керек. Сонда ғана шындыққа көздері жетпек. Әйтпесе билік басындағы кей шенеуніктер өздерін мақтаудан жалықпайтын, халықтың сөзіне мойын бұрмайтын басылымдарды әспеттеуге құмар. Олардың ертең ер басына күн туғанда жалт беруден тайынбайтын қитұрқы әрекеттерінен шошынуы тиіс!

Иә, жасыратыны жоқ, қазақ басылымдарының жағдайы тым ауыр. Өз елінде, өз жерінде өгейдің күйін кешіп жүргендері бар. Себебі жаны ашымастық, шеттету, аяқтан шалу бар. Биылғы салықтың көбеюі де қазақтілді басылымдарды жағадан алуда. Өзге емес, биліктің қанатының астындағы «Егемен Қазақстан» «жылағасын», өзгеге не жорық?! «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен іздерсіңдер» бүйте берсе... Салық мәселесі дамыған елдерде жақсы жолға қойылған. Алайда біздің Қазақияны ол елдермен салыстыру қаншалықты дұрыс? Салық төлеу міндетіміз, әйтсе де халықпен де кеңесу керек, олардың жағдайына да қарау керек. Себебі қымбатшылық жағадан алып тұр. «Қазпоштаға» айтар тағы бір сын – газет діттеген жеріне жетпейді. Тасымалы удай.

 

Қазақстандық баспасөз үшін «Қазпошта» саясаты да ең өзекті проблема болып тұр. Ең бірінші онда монополия үстемдік жасауда! Поштаға бәсекелестік болмаса болмайды. Әріптес БАС басылым «Егемен Қазақстанның» жанайқайы тегін емесін түсінетін кез жетті бізге. Бұл негізі бүкіл газет пен журналдың жан дауысы!

Бүгінгі еркін ойлы басылымдар биліктің жауы емес, дамуына тілектес бауыры. Сын айтқанның бәрі дұшпан емес. Соның бірі – біздің газет. Сын елдің сөзі билікке жетсін деп айтылады. Қарапайым жұрттың ішкі зары Ақорданы селт еткізсін деп басылады. Бұл біле білгенге достық! Ізгі ниет! Сын айту билікті жек көру емес, керісінше көмектесу! Олардың көрмегенін көрсету! Сөйтіп билікке «Сенген серкең мынау ма, елдің алдында беделдеріңді түсіріп жүр, жөнге келтіріңдер, намысын жаныңдар, тура жолға түсіріңдер» деп жөн сілтеу! Мұнда қандай әбестік бар! Бұдан қандай жамандық көріп тұрсың, шенді бауырым?

 

Елді аралап жүріп түрлі адамдармен, сан алуан тағдырлармен жүздесеміз, кездесеміз. Халықтың көпшілігі несиеге байланып отыр. Қымбатшылықтың зардабын, қиындығын көріп отырған ағайын көп... Ашулы, ызалы пенделер де жетерлік...

Ауылды жандандыруға, мерейін өсіруге, халықты тұрақтандыруға қаншама бағдарлама жасалды. Қаншама қаржы бөлінді. Содан дамып кеткен ауылды көрсетіңдерші? Жоқ қой бірен-саран болмаса. Ең қорқыныштысы ауылда халық азайған. Жастардың бәрі Астана мен Алматыда жүр қаңғырып. Қаңғырып демейінші, нәпақасын іздеп...

Тағы бір ауылдағы қасірет – ұлдардың үйленбей, қыздардың тұрмысқа шықпауы. Мысалы, экспедиция барысында байқағанымыз, бір ауданның (атын айтпай-ақ қояйын. Ондай ауылдар жетерлік) елу шақты үйі бар ауылында бір үйде үш ұл болса, алды елу үште, арты жиырма тоғызда сүрбойдақ жүргендері кездесті. Бұл қасірет емей немене? Бұл шұрайлы өлкедегі, жылы, қазақы облыстағы жағдай.

 

САРБАЗДАРДЫҢ БЕЙБІТ КҮНДЕ ТАБЫТПЕН ОРАЛУЫ – ҚАСІРЕТ!

Ата-анасын өлтіріп жатқан, мектептегі бассыздықтар қаншама? Мектептегі төбелестер мен бала өлімінің көбеюіне не себеп? Бұған кім жауап беруі керек?

Меніңше, облыстардағы идеологтар өз орындарында отырған жоқ. Қатты айтсам, кешіріңдер, ұлттық идеология бізде әлсіз әрі жүйесіз, тек қағаз жүзінде ғана қалып отыр. «Ұлттық идеология ауадай қажет» деп қаншама аттандадық! Ол мемлекеттің қан тамыры ғой. «Ұлттық» деген сөзден билік неге қорқады? Мемлекетіміздің тамырына қан жүгіріп, жүрегіне жан кіріп, дүрсілдеп соғып тұрса, неге жаман? Осыны Президентімізден бастап ұғатын кез жетті деп білемін.

Батыс Қазақстан облысында әкімнің бастамасымен «Қаладан – ауылға» деген бағдарлама бар. Сол бағдарламаның игілігін көріп отырған өңірлерге ризамын! Айтайын дегенім, билік тарапынан қаншама жақсы бағдарламалар болды. Қайда солар бүгін? Қайда миллиардтап бөлінген қаржылар? Олар неге жылт етіп жанбай, өшіп қалады? Мен осыған таңмын.    

Елді аралап жүріп, әскерде балалары қайтыс болған, болмаса ауырып, жараланып келген ата-аналармен де кездесіп қалған кездеріміз бар. Олар әскердегі әлімжеттікті, тәртіпсіздікті сөз етеді. Бізден баспасөз иелері деп көмек күтеді. Не дейміз, Қорғаныс министрлігіне жеткіземіз, Ішкі істер министрлігіне хабарласамыз деп жылы қабақпен шығарып саламыз. Біз төртінші билік өкілі болғанымызбен, аты ғана бар дәреже екенін халық қайдан ұқсын! Қайдан түсінсін!

Әскерге шаттықпен кетіп, табытпен оралған сарбаздардың ата-аналарының сенімін, аманатын арқалап Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне кірмек болдым. Қайтейін, оларға кіру қиямет-қайым болып шықты. Өтінішім өтпеді. Айтарым көп еді...

Осы жерде мына мәселені ашып айта кетпекпін. Оппозициядан келген депутат Ермұрат Бапи мырза қараша айының ортасында айды аспанға бір шығарып еді. Ол Астанаға әділдік іздеп келген аналардың әрекетін құп көрмей, ұлдары әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарын митингіге әлдебір күштер дайындаған деп соқты. Әріптес інімнің бұл уәжіне түсінбей дал болдым.

 

Жақында Президент Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында әскердегі сарбаз өлімі мәселесіне ерекше тоқталды. Сонда ол бейбіт уақытта әскер қатарында жүрген сарбаздардың қаза болуы өте ауыр әрі еш ақтап алуға болмайтын жағдай екенін қадап айтты.

«Жақында барлық күштік құрылым басшыларын жинаған жиында осы мәселені арнайы көтеріп, Қорғаныс министрлігі басшылығына қатаң сын айттым. Әскери тәртіп пен тәрбиелік жұмысқа лайықты көңіл бөлінбеген.

 

Әскер – жастарды шыңдайтын, өмірлік ұстанымы мен азаматтық қасиетін қалыптастыратын мектеп. Офицерлер мен командирлер сарбаздарға әр ісімен үлгі болуы керек. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдық пен жершілдікке мүлде орын жоқ. 

Бұған жеке өзім бақылау жасаймын. Жағдайды түзеу үшін жедел шаралар қабылдауға тапсырма берілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің маңындағы көмекшілері қай салада болмасын былық шықса, Президенттің назарына ұсынып, бақылауына алдырса, көптеген істің оң шешім табарына жол ашылар еді-ау...

Әйтеуір көңілге демеу болып тұрғаны – Президент Тоқаевтың әскердегі мән-жаймен таныстығы. Бұл да болса көңілге жұбаныш! Хош.

Өткенге қайта оралайын. Аллаға тәуба, экспедиция барысында Жамбыл облысы полиция департаментінің генералы Сұлтанбаев Қайсар Әбілекұлымен кездестік. Өте жақсы сұхбат құрдық. Олар «Заң және тәртіп» деген профилактикалық керуен ашыпты. Республикадағы алғашқы керуенді газеттің өткен жылғы соңғы нөмірлерінің біріне жақсылап бердік. Осындай профилактикалық керуен әр облыста болса, шіркін! Өйткені Бауыржан атам айтпақшы, «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды». Алдағы уақытта Ішкі істер министрлігімен байланыс орнату ойда бар. Мұндай жауапты жұмыстарды қоғам болып қозғау салып, қоғам болып дамытқанда ғана ісіміз жүзеге аспақ. Сонда ғана ұлттың болашағы жанданбақ!

Осы орайда айтарым, Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі басшылары, баспасөзге есіктеріңізді ашыңыздар!

 

Түйін:

ІШКІ САЯСАТ РЕТТЕЛМЕЙ, СЫРТҚЫ САЯСАТ ОҢАЛМАЙДЫ

Биылғы ел үшін үлкен жаңалық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақтілді басылым «Turkistan» газетіне сұхбат беруі. Бұл өзі соңғы жылдары әдетке айналған жақсы бастама! Жарасымды көрініс! Демек ел басшысы қазақ газетіне сенім артады деген сөз. Олай болса қазақ газеттерінің айы оңынан туарына сенейік! Жоғарыда мен сөз еткен проблемалар жылда қайталанып келеді. Тіпті қазақ баспасөзі тығырыққа тірелді. Соны Президентке сұхбат барысында жеткізуге не кедергі? Бұл бір ғана газет пен журналдың талабы емес, тұтас қазақ ұлтының жан айқайы ғой!

Негізі Президентіміз көп нәрседен бейхабар. Әлемдік саясаттың өзі ол кісіге ауыр тиіп отыр. Осындайда қасындағы көмекшілері мен жанашыр адамдары мүмкіндікті пайдаланып, қазақ газеттері мен журналдарының өлмешінің күнін кешуге тақау қалғанын жеткізе білсе, шіркін! Ертең бәрі кеш болғанда бақырғанның, шақырғанның кімге керегі бар? «Жау кеткесін қылышыңды тасқа шап» деген қазақ.

Осы мақаланы жазу барысында ФБ желісінен журналист бауырым Төлен Тілеубайдың «Сұрықсыз статистика» атты жазбасын көзім шалып қалды. Оқып шықсам, пікірі менің мақаламмен үндес, сарындас! Екеуміздің илеп отырғанымыз бір терінің пұшпағы. Екеумізді де қазақ баспасөзінің ертеңі мен келешегі алаңдатады.

Жә, сонымен Төлен не дейді: 

«2025 жылы елімізде 286 газет пен 689 журналдың қағаз нұсқасы жабылған. Ресми дерек бойынша 2024 жылдың желтоқсан айында елімізде 4042 баспа БАҚ болса, ал 2025 жылдың қараша айындағы статистикада олардың саны 3067-ге кеміген. 

 

Мұның себептері көп. Өткен жылы «Қазпошта» мерзімді басылымдарды тарату және жеткізу қызметі үшін бағаны 1000 пайызға қымбаттатты. Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі ауылдық жерлерге газет-журналдарды жеткізу қызметі бойынша жәрдемақша бөлінетін шектеу деңгейін 17,6 теңгеден 41,76 теңгеге ұлғайтты. Жаңа салық кодексіне сәйкес, отандық мерзімді басылымдар 10 пайыз ҚҚС-ын төлейді. Дәстүрлі баспасөз бен цифрлық медиа бірін-бірі толықтыра алмай отыр. Осылайша, тізбектеліп кете береді. Сонда қазақстандықтардың қанша пайызы қағаз газеттерді оқиды екен?!». Бауырым осылайша толғапты. Жөн сөз!

«Ойлан, қазақ!!! Немесе қазақ баспасөзі қара жамылуы мүмкін...»   деген ФБ-дағы мына жазба да жүрегі қазақ азаматын бейтарап қалдырмасы анық. Автордан кешірім сұраймын. Есімін таба алмадым. Алайда жалпы қазақ үшін, оның баспасөзінің тағдыры үшін қажет мәселені бөліспей тұра алмадым.

 

«Қазақ баспасөзінің бүгінгідей мүшкіл халі жайында бұрын да талай мәрте қалам тербеген едім. Ал енді жуырда өзім куә болған төмендегідей жағдайды көргенде, шындықты айтып, шырылдамасқа амалым қалмады.

Мен қазақ баспасөзінің жанашырларының бірімін. Жыл сайын барлық республикалық газет-журналдарға өзім жазылуға және әріптестерімді жаздыруға тырысып жүрдім. Сөйтіп, биыл да жылдағыдай баспасөзге жазылу науқанына белсене кіріскен едім. Өкінішке орай, бірден маңдайым тасқа соғылды. Олай дейтінім, бірге қызмет істейтін әріптестерім мен жақын араласатын азаматтардың ішінде бірде-біреуі газет-журналдарға жазылуға ықылас білдірмеді. Айтатын сөздері: «Газет деген өткен күннің қалдығы ғой. Керек нәрсені интернеттен-ақ оқып аламыз...».

Мынандай жағдаймен бетпе-бет келгенде намыстан өртеніп кете жаздадым. «Біздің ұлттық рухымыз бен намысымыз қайда кеткен? Идеологиямыз неге ақсап жатыр?» деген сұрақтар санамды жаулап алды. Содан кейін әлгі әріптестерімнің намысына тиетін біраз ауыр сөздер айтуға тура келді.

– Өздерің жазылмасаңдар да, газет-журнал оқығысы келетін ата-аналарыңа, туған-туыстарыңа немесе басқа да жақын-жұрағаттарыңа баспасөзге жазылуға көмектеспейсіңдер ме? – деп бұйыра сөйледім.

Осы әңгімеден кейін біраз тоңның беті жібіп, сең қозғалды. Сөйтіп, баспасөзге жазылатын бірталай қомақты қаражат та жиналды әйтеуір. Соның нәтижесінде 30 дана «Егемен Қазақстан», 30 дана Жетісу облыстық «Жетісу», 50 дана Панфилов аудандық «Жаркент өңірі», 15 дана «Вестник Жетысу», 12 дана «Заң», 20 дана «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жаздырдық. Осы орайда газет-журналға тегін жаздырып берейік деп тұрғанда «Керек емес» деп ат-тонын ала қашқандарды көргенде жағамды ұстадым. Міне, осындан-ақ біздің рухани кеңістігіміздің қалай тарылып бара жатқанын аңғару қиын емес шығар... Идеология қайда?

Міне, біздің бұл сөзімізде бірде-бір жалғандық жоқ. Жоғарыда айтып өткен проблемаларға газет басшыларының өздері де куә. Себебі, баспасөзге жазылу мәселелері бойынша бас редакторлардың өздерімен тікелей байланыста болдым. Біздің әрекетімізді қолдаған газет басшылары телефон шалып, алғыстарын жаудырды. Осы орайда «Ақиқатын айтпаса, сөздің атасы өледі» деген емес пе. Егерде бұл үрдіс жылдан-жылға осылай жалғаса беретін болса, онда қазақ баспасөзінің болашағынан үміт үзе берейік. Себебі, біздер газет-жорнал оқитын және қазақ баспасөзіне жаны ашитын ұрпақтың соңғы өкілдері сияқтымыз. Өйткені, кейінгі жастардың бойынан руханиятқа (оның ішінде қазақ баспасөзіне) деген жанашырлықты көріп жүрген жоқпын.

Ойды ой қозғайды емес пе? Өз басым ұйғыр ағайындар көп тұратын Панфилов ауданында қызмет жасайтын болғандықтан, аталмыш ұлт өкілдерімен жиі араласамын. Кез келген ұйғырдың үйінен «Ұйғыр авази» газетін көресің. Сонда біз ұйғыр ағайындар құрлы болмағанымыз ба? Аталмыш газеттің таралымы біздің кейбір республикалық қазақ газеттерін он орап өтеді. Және де ол газетке жазыл деп ешкім үгіттемейді. Барлығы да өз еріктерімен, өздерінің патриоттығымен жазылады. Сондықтан да қазақ баспасөзіне қазақтың жаны ашымаса, рухымыз бен руханиятымыз шаңға көміліп, шашалып қалмай ма? 

Иә, заман не болып барады? Осыдан 20-30 жыл бұрын демалыс парктері мен гүлзарларда газет оқып отырған зиялы қауым өкілдерін жиі көретін едік. Енді олардың орнына телефон мен планшет шұқып отырған балаларды немесе бір шөлмек сырасын сораптап отырған жастарды көретін болдық. Әсіресе, баласының қолындағы телефонын тартып алғаны үшін ата-анасын балағаттап, қол көтерген ұрпақ өкілдерінің көбейіп келе жатқаны ойландыратын жағдай. Ұлы ақынымыз Мұхтар Шаханов ағамыздың жазғанындай, ХХІ ғасырда компьютер басты қазақтар көбейіп барады. Өкінішке орай, көбісінің ойлары жүйрік болғанмен, жүректерінде жылу жоқ. Міне, бар гәп осында...

Қорыта айтқанда, тереңнен ойлап қарасаң, бір газеттің бір жылдық жазылу құны бір шөлмек арақтың немесе бір блок темекінің құнынан артық емес екен. Сонда біздердің ұлық пен шұлықтың қасиетін ажырата алмай жүргеніміз қалай? Біз қайда барамыз? Бұл ненің белгісі екен? Қалай дегенмен де, ойлан, Қазақ!!!».

Иә, қазақ қана емес, билікте отырған, қазақ мемлекетінің тұтастығы мен бірлігіне ант берген Президент пен лауазымды шенеуніктер де ойланатын нәрсе! Себебі қазақ баспасөзі – ұлттың мақтанышы! Ұлттың тірегі!

Себебі БАҚ – үлкен құрал. Идеологиялық қару. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын Наполеон Бонапарт «Маған бес түмен әскерден гөрі бес БАҚ қауіпті» деген екен. Сол қауіп әлі сейілген жоқ. Әлеуметтік желілер күшіне мініп, жылдам ақпарат тарату жүзеге аса бастаса да, БАҚ-тың «бағын» тайдыра алар емес. Керісінше, дамудың шыңына шыққан Жапония, АҚШ секілді алпауыт мемлекеттер әлі күнге қағазға басылған газет-журналға көзқарастарын өзгертпей отыр. «Жаңа Қазақстан» жаңашылдығын осыдан бастаса, ұтылмайды.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Жапонияның Ішкі істер және коммуникациялар министрлігі халықтың ақпарат құралдарына деген сенім деңгейін анықтау мақсатында он үш жастан жетпіске дейінгі жапон азаматтары арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 1500 адам қатысқан. Оның 70,1 пайызы газет-журнал оқитынын айтқан. 2012 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан сауалнаманың мақсаты ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің тиімділік деңгейін бағалау екен.

Жапон сарапшылары «ғаламтор баспасөзді басып кететін болды» деп қауіптенетінін жасырмайды. Өйткені Жапонияда баспасөздің үлесі әрдайым басым болғанымен, ғаламтордағы ақпараттар тасқыны қоғамға өз әсерін тигізуде. Ақпарат алу тәсілі бойынша Күншығыс елінде портал, сайттардың көрсеткіші газеттермен теңесіп, 2016 жылы 59,1 пайыздан 60,4 пайызға көбейіпті. Ал әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланушылар саны 70 пайыздан асады. Десе де, аға буынның ақпаратты негізінен газет-журналдардан алатыны айқын. Жас ұрпақтың ғаламторға әуестігі жалпы дүниежүзілік сипат алып бара жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерге тіркелген жапондардың саны көбейгенімен, баспасөз сенімді ақпарат көзі боп қала береді. Бүгінде ғаламтор негізгі ақпарат алаңы десек те, сауалнамаға жауап бергендердің 33,8 пайызы ғана ондағы мәліметке сенетінін айтқан. Демек, жапонның баласынан қариясына дейін газеттерді сенімді ақпарат көзі деп біледі. Сараптамада жапондардың 70,1 пайызы газетте жарияланған мәліметке иланатыны айтылған. Ақпараттың нанымдылығы тұрғысынан теледидар 65,5 пайыз болса, ғаламтор содан кейінгі орында. Журналға халықтың 20,5 пайызы сенетін көрінеді. Бізде жағдай мүлде басқаша. Себебі ғаламторды ауыздықтауға биліктің өзі мүдделі емес. Осыдан барып қалт-құлт еткен қазақ баспасөзі жел өтінде тұр.

Бұл мақаламда экспедиция барысында көзбен көргендерімді, сезгендерімді, халықтың сөзін жеткізуге тырыстым. Естігенімді жазғаным жоқ.

Елдің ішкі, сыртқы саясаты туралы алдағы уақытта жаза жатармын. Елдің ішкі саясатында, ұлттық баспасөзде жағдай қиындап бара жатқанда, сыртқы саясатта нем бар, құдайым-ау!..

Жалпы, қазір әлеуметтік желіде болсын, ауызекі әңгімеде болсын, ел ішіндегі түйткіл мен күңкілге нүкте қоятын, араағайындық жасайтын, өсек-аяңды су сепкендей басатын – баспасөз… «Баспасөз» сөзі нақты, шыншыл ақпаратты береді. Ендеше, кім болса да, қай мәселеде болсын, баспасөз дерегіне жүгінгені дұрыс. Баспасөз – ішкі және сыртқы саясаттың барометрі десек, қателеспейміз. Бірақ мақалаға біраз ерік-жігерімізді салдық, себебі саясаттың құлағы мен көзі – баспасөзді халық білсін деген игі ниетіміз жүзеге асып жатса, құба-құп. Сіздер де бұл мәселеге үн қосыңыздар, ағайын! Ресми жаңа жыл құт әкелсін! Елімізде бейбітшілік болып, әрбір отбасыда береке, ырыздық мол болсын!

 

15.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 55

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22222
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21983
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37695
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39622