ҚҰРАННАН КЕЙІНГІ ҚАСИЕТТІ ҚҰЖАТ – КОНСТИТУЦИЯ

ҚҰРАННАН КЕЙІНГІ ҚАСИЕТТІ ҚҰЖАТ –  КОНСТИТУЦИЯ

Жақында Бішкекте жеті жүз делегат қатысқан IV реткі Қырғыз Республикасының Ұлттық құрылтайы өтті. Делегаттар бүкіл Қырғызстанның түкпір-түкпірінен сайланады. Делегаттарды сайлауға жергілікті атқарушы билік өкілдері мүлде араласпайды. Араласса, жауапқа тартылады. Оларды жергілікті халық өздері сайлайды. Сол халық өзі сайлаған құрылтай мүшелері Президенттің алдында тұрып, өз ауылдарының гөй-гөйін тіке баяндап, Мемлекет Басшысы Садыр Жапаровқа өз ауыздарымен жеткізеді. Кім не айтамын десе, шектеу жоқ. Құрылтай тікелей эфирден таратылып тұрады. Сол себепті Қырғызстанда «ақпаратты жасырып қалу», «бұрмалап жеткізу» деген жоқ...

 

Мен қырғыз туыстардың барлық құрылтайын мұқият тыңдап келемін. Құрылтайдан құрылтайға аттаған сайын қырғыз халқының саяси мәдениеті қарқынды қадаммен жоғарылап келеді...

Осы жолғы Ұлттық құрылтайын тыңдап отырып, Талайбекұлы Айбек деген делегаттың этникалық қырғыздардың тағдырына қатысты айтқан сөзі менің назарымды қатты аударды.

Талайбекұлы Айбек біздің Қазақстанның көші-қон саясатын үлгі ретінде көрсетіп, өздерінің қайырылмандарының бүгінгі тағдырын «Ұлттық трагедия» деп салды. Иә, «Біреудікі біреуге қыз көрінеді...» деген осы!

Дау жоқ, Нұрсұлтан Назарбаевтың кезіндегі көші-қон саясатын біз Қазақ көшінің «Алтын дәуірі» деп бағалап, сағынышпен еске аламыз. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келе салып, «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деп, Ұлы көш жөніндегі өзінің ұстанымын бірден ашық білдірді.

«Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан!» деген Назарбаев ұранын бір емес, бірнеше рет қайталап айтты. Тіпті, бес жылдық көші-қон саясатының тұжырымдамасы жасалып жатқан кезде, Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды!» деп, нұсқау берді.

Соған қарамастан, неге екені белгісіз, соңғы жылдары біздің атқарушы билік пен заң шығарушы орган, жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзімен айтсақ, шеттегі қандастарымызға анти-қазақ саясат жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Конституциясының 21-бабын белден басып тұрып, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабының 5) тармағы арқылы қандастарымызға өңірлік шектеу қойып тастаған; Бұрын үш жұмыс күнінде берілетін «Қандас» мәртебесі отыз жұмыс күнінде әрең беріледі; Квота болса, барлық көшіп келушілерге емес, Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған қандастарға ғана беріледі. Мысалы, биыл 2309 адамға квота бөлінсе, 2026 жылы 2281 адамға өңірлік квота берілетін болып бекітіліпті. Ал, көші-қонның айналасындағы жемқорлық пен ұрлық туралы айтып, сөзді ұзартып-ақ қояйын... Қырғызстанда бар Ұлттық құрылтай Қазақстанда да бар. Бізде де төрт құрылтай өтті. Неге екені түсініксіз, сол төрт реткі Ұлттық құрылтайда да біздің Президент Ұлы көш туралы тіс жарған жоқ. Қазақ көшінің басындағы осы келеңсіздікті айтыңдаршы деп, Ұлттық құрылтайдың өзім сыйлайтын екі-үш уәкіліне ұсыныс жасап едім, олар да жұмған аузын ашпады...

Қысқасы, Қазақстанның қазіргі көші-қон саясаты қырғыз бауырымыз Талайбекұлы Айбек айтқандай емес, өте ауыр жағдайды бастан кешіруде.

Президентімізге қандастар туралы мүлде біржақты, жағымсыз ақпарат жетіп жатқаны «Талғар оқиғасы» кезінде белгілі болып қалды. Егер Ақордаға алыстан келген ағайындар туралы оң әрі шын ақпарат жетіп тұрған болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!» деген кейісті сөзді ешқашан айтпас еді. Осының бәрі Қазақстандағы Ұлттық және Мемлекеттік идеологияның дұрыс жолға қойылмағандығынан болып отырған кесапаттар!

Намыстанатын түгі жоқ, Қазақстан Республикасының көші-қон саясатына қарағанда, өздері қадірі мен маңызын түсінбей келе жатқаны болмаса, Қырғыз Республикасының көші-қон үрдісін реттеуге арналған құқықтық актілері біздікінен көш ілгері! Міне, осы жолғы Құрылтай қарсаңында біліп жатырмыз, Қырғызстанның «Көші-қон туралы» заңын кезінде – 2007 жылы Жогорку Кенештің депутаты болып тұрған шағында бүгінгі Президент Садыр Жапаровтың өзі жазған екен.

Қырғыздар 1990 жылы 15 желтоқсанда он бес баптан тұратын «Егемендік туралы» декларациясын, келесі жылы – 1991 жылы 31 тамызда бес-ақ баптан тұратын «Қырғыз Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңын қабылдап, дербес мемлекет атанды.

Талайбекұлы Айбектің айтуына қарағанда, бір жарым миллионнан астам қырғыз шет өлкелерде тентіреп жүр екен. Жақында ақтарып шықтым, бір қызығы, «Қырғыз Республикасының Егемендік туралы» декларациясында да, «Қырғыз Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңында да шекара сыртында қалған этникалық қырғыздар туралы бір ауыз сөз жазылмапты.

Біздің Салық Зиманов бастаған кемеңгер ағаларымыз Қазақстанның «Егемендік туралы» декларациясының 12-тармағын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңының 7- және 8-бабын түгелімен шекара сыртында қалған этникалық қазақтарға арнапты.

Тіпті, 1993 жылғы Конституция қабылданғанда, оның 4-бабына «Республика аумағынан лажсыз кеткен республиканың барлық азаматтарының, сондай-ақ басқа мемлекеттерде тұратын қазақтардың басқа мемлекеттердің азаматтығымен қатар, егер бұл өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматы болу құқығы танылады» деген норманы іліп жіберген ғой. Өкінішке орай, 1995 жылғы Конституциядан бұл норма алынып тасталған. Бұл енді нағыз саяси қателік, барып тұрған тарихи әділетсіздік! Тәуелсіздікке жасалған зор қиянат! Бірақ, тағы қайталап айтайын, қазіргі таңда Қырғыз Республикасының көші-қон үрдісін реттеуге арналған құқықтық актілері біздікінен ат шаптырым алда!

Жұрт жақсы біледі, 2010 жылы Қырғызстанда екінші революция болып, тағы да билік алмасты. Сол жылы Роза Отынбаева уақытша үкіметті басқарып, Өмүрбек Текебаев Қырғыз Республикасының жаңа Конституциясын бас болып жазып шықты. «Қырғыз Республикасының Егемендік туралы» декларациясы мен «Қырғыз Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңында шекара сыртында қалған этникалық қырғыздар туралы бір ауыз сөз жазылмағанына қарамастан, Өмүрбек Текебаев аталған Конституцияның 50-беренесі (бабы) етіп, «Кыргыз Республикасынын чегинен тышкары жашаган кыргыздар башка мамлекеттин жараны болгондугуна карабастан жөнөкөйлөштүрүлгөн тартипте Кыргыз Республикасынын жарандыгын алууга укуктуу» деген су жаңа норма енгізіп, шетте қалған қырғыздарға да конституциялық құқық берді. Сол норма Қырғыз Республикасының 2021 жылғы Баш Мизамының 51-беренесінде мұрты бұзылмаған күйінде әлі тұр.

Құраннан кейінгі қасиетті құжат – Конституция! Конституция – Ұлттық және Мемлекеттік идеология! Демек, Өмүрбек Текебаев Қырғыз Республикасының көші-қон саясатының қасиетін арттырып, оны осыдан он бес жыл бұрын Ұлттық идеология деңгейіне көтеріп тастады. Ал, біз 2017 жылдан бері шекара сыртында қалған қазақтардың «Егемендік туралы» декларация мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңда бадырайып тұрған хақысын (құқығын) Ата Заңымызға енгізе алмай, жалынып-жалбарынумен, зар еңіреумен келеміз… Сондықтан, қырғыз туысқандар, әсіресе этникалық қырғыздар Өмүрбек Текебаевтың бұл ерлігі мен көрегендігін біле жүргені, бағалай білгені жөн!

Конституция дегенде, мен есімін ерекше құрмет тұтатын екі заңғар тұлға бар. Ол – Салық Зиманов пен Өмүрбек Текебаев. Салық Зиманов пен Өмүрбек Текебаев – жас айырмашылықтары алшақ болғанымен, екеуі де Ел іші-сыртына білімділік, қайраткерлік және күрескерлік қырымен кеңінен танылған тұлғалар!

Зиманов Салық Қазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» (25.10.1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (16.12.1991 ж.) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ол Жоғарғы Кеңестегі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның мүшесі болды, мұнда ол сарапшылар тобын басқарды.

Ал, Қырғыз Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеу жұмысының басы-қасында жас депутат Өмүрбек Текебаев жүрді. Салық Зиманов 1993 жылғы Конституцияның ғылыми-құқықтық тұжырымдамасын қалыптастыруға, мемлекеттік билік жүйесі, адам құқықтары, егемендік және құқықтық мемлекет қағидаттарын бекітуге шешуші үлес қосты.

Өмүрбек Текебаев 2010 жылғы Қырғыз Конституциясын жазуда шешуші рөл атқарып, «Конституцияның атасы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Оның Конституциясы «Тынч чогулуш өткөрүү жөнүндө билдирүүнүн жоктугуна, билдирүүнүн түрү, мазмуну менен берүү убактысынын сакталбагандыгына байланыштуу тынч чогулуш өткөрүүгө тыюу салууга жана чектөөгө, ошондой эле аны тийиштүү түрдө камсыздоодон баш тартууга жол берилбейт» және «Тынч чогулуштарды уюштуруучулар жана катышуучулар тынч чогулуш өткөрүү жөнүндө билдирүүнүн жоктугу, билдирүүнүн түрү, мазмуну жана берилген мөөнөтү сакталбагандыгы үчүн жоопкерчилик тартышпайт» (34-бап) деген нормалары арқылы, мықты азаматтық қоғамды қалыптастырып, Қырғызстанды «Демократияның аралшасы» атандырды.

Осы жерде екі көреген тұлғаның ортақ бір Ұлы еңбегін ілтипатпен атап өтпесек болмайды.

Ол – олардың өздері бас болып жобасын жасаған Конституцияларында шекара сыртында қалған миллиондаған қазақ пен қырғыздың да хақысын ескеріп, оларға конституциялық құқық бере білгендігі!

Әлемдегі барлық қазақ пен қырғыздың тағдырын тұтас қамтығын мұндай Ұлы Конституцияны тек бойын ыстық қайрат пен нұрлы ақыл кернеген жылы жүректі Ұлы тұлғалар ғана жаза алады!

Иә, дауыңыз болмасын, тағы қайталап айтамын, Құраннан кейінгі қасиетті құжат – Конституция!

Қасиетті Құранды жазу бақыты кімге бұйырғанын білесіздер, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.)-ға. Құран ғана емес, одан бұрынғы үш кітап та кілең пайғамбарлар арқылы түскен.

Ал, Құраннан кейінгі қасиетті құжат – Конституцияны жазу немесе Конституцияны жазуға жетекшілік ету – бұл да екінің бірінің маңдайына жазылмаған, тек Салық Зиманов пен Өмүрбек Текебаев секілді кемеңгер тұлғаларға бұйыратын бақыт! Сондықтан, оның Ұлт алдындағы жауапкершілігі де тіптен өзгеше!!

Енді сол Салық Зиманов пен Өмүрбек Текебаевқа бұйырған өзгеше бақыт бүгін біздің сүйікті бауырымыз Ерлан Қарин мырзаның маңдайына бұйырып отыр. Ең кереметі, Ерлан Тынымбайұлы айналдырған үш жылдың ішінде Конституциялық реформа жөніндегі Жұмыс тобына бір емес, қатарынан екі мәрте жетекшілік етуде. Міне, бақыт деп, осыны айт!

Жұрт жақсы біледі, Ерлан Қарин осал жердің баласы емес, Салық Зиманов атамыз туған ауылдың төл перзенті. Сонымен қатар, Ел біле бермеуі мүмкін, біздің Ерекең кезінде қырғыздың Ұлттық лидері Өмүрбек Текебаев мектебінен де дәріс алған саясатшы. 2018 жылы 22 желтоқсанда Өмүрбек Текебаев алпыс жасқа толып, мені сол тойына шақыртты.

«Шақыртты» деп отырғаным, Өмүрбек Текебаев ол кездегі президент Алмазбек Атамбаев жағынан жалған жаламен жазықсыз сотталып, түрмеде жатқан болатын.

Мен Өмүкеңмен осындай өте қиын жағдайда кездестім. Сол кездесуде Өмүрбек Текебаевтан қазақ саясаткерлерінен кімдерді танитынын сұрадым. Ол кісі біздің екі тұлғаны танитынын, жақын араласқанын және екеуін де ерекше құрметтейтінін айтты. Оның біреуі – Нұртай Әбіқаев, екіншісі – Ерлан Қарин. Нұртай Әбіқайұлымен Жоғарғы Кеңестің төрағасы болып тұрған кезінде танысып, үнемі байланыста болған екен. Ерлан Тынымбайұлының 2000 жылдары өзін Бішкекке жиі-жиі іздеп келетінін, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп тұратынын еске алды. Хал-жағдайын сұрап, өзінің оған деген сүйінішін жеткізді. Қайтарымда қолтаңбасын жазып, «Временное правительство Кыргызской Республики» деген кітабын жіберді.

Шынымды айтсам, мен Ерлан Қариннің есімін Өмүрбек Текебаевтың аузынан естимін деп, еш ойлаған емеспін. Екеуінің ертеден таныс екенін, аралас-құралас болғанын естіп, қатты қуандым. Ерекеңе деген қызығушылығым мен құштарлығым одан ары арта түсті. Өмүкеңнің кітабы мен сәлемін оған жеткізгенше асықтым. Тәуелсіздіктің екінші он жылдығының басында қазақ саясатының аспанында «Ерлан Қарин» деген жас жігіттің жұлдыздай жарқырап шыққаны, әр сөзінің алтынға баланғанын есіме түсті. Иә, мен аузын ашса, Алаш пен оның көсемдері туралы маржан сөздер төгіліп тұратын, демократия мен парламентаризмді қос қанат қып самғап жүретін сол жас саясатшыны ауық-ауық сағына еске алып, сағынып жүретінмін…

Мен Өмүкеңнің ол кітабын Ерекеңнің өз қолына тапсырып, ыстық сәлемін жеткіздім.

– Ол кісі мені әлі ұмытпап па? – деді Ерлан Тынымбайұлы.

– Иә, ұмытпапты, Сізді мақтап отыр, – дедім мен.

Демек, кезінде Ерекеме қырғыздың «Ұлттық лидері» атанған, үш бірдей революцияның серкесі болған Өмүрбек Текебаевтың да азды-көпті ықпалы болған екен-ау!

Біз терең үңіле білсек, шынымен бағалай алсақ, Салық Зиманов пен Өмүрбек Текебаев сынды екі заңғар тұлғаға бұйырған анау Конституцияның жобасын жасайтын топтың басында тұру бақытының Ерлан Қарин мырзаға қайта-қайта айналып соғуы – тегін, кездейсоқ жағдай емес екені белгілі!

Ендігі мәселе, сол зор бақыт пен тарихи жауапкершілікті өз деңгейінде терең сезіне білуде жатыр.

Ерлан Қарин бас болып жобасын жасаған 2022 жылғы Саяси реформа, кесіп айтайын, Қазақстанды Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов құрып кеткен узурпациядан алып шыға алған жоқ! Оны қойып, Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қойған «...ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының өзін дұрыс қалыптастыра алмады. Сөз жүзінде қалдырды.

Конституциядағы «...тыңдайды», «...талқылайды» деген сөзбен аяқталатын пәрменсіз, қауқарсыз нормалардан аяқ алып жүре алмайсың. Ал, «...есеп алады!» деген екі сөзді шырақ алып іздесең таппайсың… Мен мұны сын емес, ащы сабақ ретінде айтып отырмын!

Парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобы құрыла салған сәтте, бірінші болып, «Парламенттік реформа қос палатаны қосумен ғана шектелмеуі керек!» деген мақала жазып, Ерекең жаққа бірнеше ұсынысымызды жөнелттік! Соның басында осы шекара сыртында қалған алты-жеті миллион қазақтың хақысына қатысты мәселе тұр…

Ерлан Қарин бастаған Жұмыс тобы бұл жолы Ел іші-сыртындағы айналдырған жиырма миллионға жетпейтін бір уыс қазақты бөліп-жармайды, тағдырдың жазуымен алыста қалған анау ағайынды хақысынан қақпайды деп сенемін…

Ауыт МҰҚИБЕК

 

16.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 52

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22222
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21983
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37695
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39622