Бауырлас елдерді барласақ

Бауырлас елдерді барласақ

2025 жыл әлем елдері үшін тартысқа толы жыл болды. Біреулер жанталаса қарулануға бет бұрса, екіншілері дипломатияның көрігін қыздырып жатты. Ал тағы бір елдер өздерінің географиялық ерекшелігінен пайдалана отырып, ұзақ болашақтық стратегиялық жоспарларына кірісті. Өткен жылы әлемдік экономиканың өсімі айтарлықтай баяулаған жыл болды.

2025 жылы 2 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясы (ЮНКТАД) өзінің «Сауда және даму туралы 2025 жылғы есебін» жариялады, онда әлемдік экономиканың өсуі 2025 жылы 2,6%-ға дейін баяулады деп болжаған, бұл көрсеткіш 2024 жылғы 2,9% болған екен. Есепте бұл болжам пандемияға дейінгі 3%-дық орташа көрсеткіштен төмен және 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысына дейінгі 4,4%-дық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен екені атап өтілген. Сондай-ақ АҚШ, Қытай сынды ірі елдердің де өсімі төмендегендігі айтылған.

Кезекті мақаламызда, осындай алмағайып заманда біздің түркі тілдес бауырлас елдердің жағдайы қалай болды, яғни макроэкономикалық көрсеткіштері мен инвестициялық және өндірістік көрсеткіштері, әлеуметтік даму ахуалы, ұлттық қауіпсіздік және геосаяси саладағы жағдайларына қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік.

 

Түркия: 

Автомобиль өндірісі дамып келеді

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 3 қаңтарда сөйлеген сөзінде Түркияның тауар экспорты 2025 жылға қарай рекордтық деңгей – 273,4 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,5%-ға өскенін мәлімдеді. Стамбулда өткен бір жиналыста сөз сөйлеген Ердоған елдің экономикалық әл-ауқаты туралы айта келіп, Түркияның тауар экспорты мен сервистік қызметтерінің жалпы экспорты 2025 жылы 396,5 млрд доллар мөлшерінде болғандығын мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркияның автомобиль өнеркәсібі жақсы көрсеткіштерге жетіп, жылына шамамен 1,5 млн көлік шығарып, оның 41 млрд доллардан астамын экспортқа шығарған, бұл Түркияны Еуропадағы төртінші ірі автомобиль өндірісі базасына және әлемдегі 12-ші ірі автомобиль өндірушісіне айналдырады. Соңғы жылдары Түркияның отандық электромобилінің өндіріске шыққандығы айтыла бастаған еді. Ол алдағы уақытта Орталық Азия нарығына да кіруі мүмкін. Ердоған сонымен қатар Түркияның қорғаныс өнеркәсібі экспортының айтарлықтай өскенін, 2002 жылғы 248 млн доллардан 2025 жылы 9,87 млрд долларға дейін өскенін атап өтті. Ердоған Түркияның 2026 жылы түрлі саладағы экспорт көлемін 410 млрд доллар көлеміне жеткізуді жоспарлап отырғандарын атап өтті.

Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша Түркияның номиналды (ағымдағы бағамен) жалпы ішкі өнімі 2025 жылға қарай 1,57 трлн АҚШ долларына жеткен екен. Осылайша жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5%-ды құраған. Түркияда (халқы 87 685 426) жан басына шаққандағы ЖІӨ 2025 жылы 18 198 АҚШ доллары болған. Осылайша 2024 жылмен салыстырғанда белгілі деңгейде ілгерлеу байқалған. Алайда мамандар бұл көрсеткіштің қуанарлық нәтиже емес екендігін ашық айтып отыр. Ендеше 2025 жыл – Түркия экономикасы үшін айтарлықтай табысты жыл болған жоқ деген сөз.

Халықаралық қаржылық ұйымдардың дерегіне жүгінер болсақ, 2025 жылы Түркияда инфляция жоғары деңгейде (шамамен 28-33%) сақталған екен. Бұл өз кезегінде тұрмыс деңгейінің төмендеуіне, шетелдік инвестицияның көптеп келуіне әсер еткен. Дегенмен Түркияның стратегиялық орналасуы мен экспорт әлеуеті инвесторларды өзіне қызықтырып отыр. Бұл елде демографиялық өсім де жаман емес. Халқы тығыз орналасқан, еңбекке жарамды жастары көп ел ретінде бағаланады.

Қазіргі таңда Түркияның әскери өнеркәсібі жақсы дамып келе жатыр. Түркия кәсіпорындарында өндірілген ұшқышсыз ұшу аппараттары мен бронды көліктері өзге елдерді қызықтырып отырғандығын айта кету керек.

 

Өзбекстан:

Өнеркәсіпке салынған инвестиция артқан

Орталық Азиядағы халық саны ең көп ел ретінде танылған Өзбекстанда соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық салалардағы өсу ахуалы жақсарып келе жатыр. Халықаралық валюта қорының мәліметіне жүгінсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 137,48 млрд АҚШ долларына жетіп, өсу қарқыны 6,8%-ды құраған. Өзбекстанда (халқы 37 053 428 адам) жан басына шаққандағы ЖІӨ 2025 жылы 3 647 АҚШ доллары мөлшерінде деп көрсетіліпті. Осылайша 2024 жылмен (3 113 доллар) салыстырғанда белгілі деңгейде өсім байқалған.

Өзбекстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар мен шетелдік инвестицияларды көптеп тартуға деген құлшыныстар оң өзгерістерге бастап келе жатқандай. Өзбекстан Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігінің статистикасына сәйкес, 7 қаңтарда «Italian» веб-сайтында жарияланған есепке сәйкес, «елге салынған жалпы инвестиция 2025 жылдың соңына дейін 43,1 млрд АҚШ долларына жетеді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24%-ға артық. Бұл инвестицияның негізгі құрамдас бөлігі – 38,2 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестициялар, оның ішінде тағы 4,9 млрд АҚШ доллары халықаралық қаржы институттарынан келеді», – делінген екен.

Дереккөздерге жүгінсек, Қытай Өзбекстанның ең ірі инвестициялық серіктесі болып табылады, ол 15,5 млрд доллар инвестиция салған, одан кейін Ресей 4,8 млрд доллармен, Түркия 2,6 млрд доллармен, ал төртінші және бесінші орындарда Сауд Арабиясы (2,5 млрд доллар) және БАӘ (1,5 млрд доллар) тұр екен.

2025 жылы Өзбекстан өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және қызмет көрсету салаларында жалпы сомасы 12,6 млрд АҚШ долларын құрайтын 9 868 инвестициялық жобаны жүзеге асырды, бұл 2024 жылмен (8,9 млрд АҚШ доллары) салыстырғанда 41,6%-ға өскенін көрсетеді.

Инвестиция құрылымы тұрғысынан 6 млрд доллар шамасындағы қаражат өнеркәсіп секторына салынған. Бұл жалпы инвестицияның 48%-ын құрады. Онан кейінгі орында қызмет көрсету саласына 5,5 млрд доллар, ауылшаруашылығына 1,1 млрд доллар инвестиция салынған.

Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігінің таратқан мәліметіне көз жүгіртсек, 2025 жылы Өзбекстанның экспорты 33,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23%-ға өскен. Экспорт нарықтары әлемнің 131 елі мен аймағына кеңейген. Экспорт 2026 жылы 40 млрд АҚШ долларына жетеді деп болжануда. Экспорттың бұл өсуі негізінен ақпараттық технологиялар қызметтері (940 млн АҚШ доллары), туризм (5 млрд АҚШ доллары) және азық-түлік және құрылыс материалдары (әрқайсысы 1,1 млрд АҚШ доллары) сияқты бірнеше дамып келе жатқан экспорттық салалардың дамуымен байланысты, бұл экспорт құрылымындағы күшті өсу серпіні мен әртараптандыру үрдісін көрсетеді.

 

Қырғыз елі: 

Экономикада жақсы өсім байқалды

Алатаудың бір бетін ен жайлаған, қазақпен ауылы аралас, қойы қоралас жүрген қырғыз ағайындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып келе жатыр. Бұл ең әуелі саяси тұрақтылық және тиімді мемлекеттік басқару саласымен қатысты деуге болады. Сонымен Халықаралық валюта қорының қорытындысы бойынша 2025 жылы Қырғыз Республикасының жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 20,16 млрд АҚШ долларға жетіп, ЖІӨ-нің өсу қарқыны 8,0%-ға жеткен. Бұл Орталық Азияны қойып, әлем елдері бойынша салыстырғанда да жақсы көрсеткіш болып есептеледі.

ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы (халқы 7 295 034) 2 790 АҚШ долларына жеткен. Салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, 2024 жылы 2 471 доллар болғандығын ескергенде, жақсы өсім болған деуге негіз бар.

Орталық Азия жаңалықтар агенттігі (CNA) 2025 жылы 9 желтоқсанда Қырғыз Республикасы үкіметінің кезекті отырысында Премьер-Министр және Президент әкімшілігінің басшысы Әделбек Қасеймалиев 2025 жылға арналған ұлттық кешенді бюджет тарихта алғаш рет 1,1 трлн сомнан асатынын мәлімдеді деп хабарлады. Бұл шамамен 12,64 млрд доллар болады.

Әделбек Қасеймалиев сонымен қатар ағымдағы макроэкономикалық көрсеткіштер тұрақты және оң болып қала беретініне тоқтала келіп: «Биылғы жылдың алғашқы 10 айында жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 10%-ға өсті. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметтері бойынша, Қырғызстан нақты ЖІӨ өсімі бойынша әлемде алғашқы үштікке кіреді. Жыл соңына дейін ЖІӨ 1,779 трлн сомға жетеді деп болжануда, бұл мақсатты көрсеткіштен 155,6 млрд сомға асып түседі», – деді.

Қырғыз еліндегі жақсы көрсеткішке жеткен салалардың алдында құрылыс секторы тұр. Бұл саланың өсу қарқыны 42,8%-ды құрайды.

Қырғыз Республикасы соңғы жылдары шетелдерден инвестиция тартуға айрықша көңіл бөліп келе жатыр. Ұлттық инвестициялық агенттігінің басшысы Сабиров бір сөзінде Қырғызстанның инвестициялық ортасы жақсарып келе жатқанын мәлімдеген еді. Қазіргі уақытта Қырғызстан Ресейден, Қытайдан, Түркиядан және басқа да елдерден инвесторларды тартуда, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, туризм саласына басымдықтар бере бастағаны байқалуда. Бұдан бөлек Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасы ерекше назар аударып отыр. Бұл елде жаңа инвестициялық заң қабылданды. 2025 жылдың 12 тамызында жарияланған Қырғызстанның инвестициялық заңы алғаш рет инвесторлардың құқықтарына құқықтық кепілдіктер мен қорғауды белгіледі. Сабиров: «Бұрын инвестициялық кепілдіктер тек үкіметтің қаулылары арқылы берілетін. Қазір қабылданған заң тікелей және жанама инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды, тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қырғызстанға жалпы сомасы 1 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға өсім көрсетіпті. Инвестицияның негізгі көздері Қытай (31,9%), Ресей (20,7%) және Түркия (15,8%) болған. Инвестициялар тау-кен өндірісіне, өндіріске, қаржыға және ақпараттық-коммуникациялық технологияларға шоғырланған, бұл ұзақ мерзімді жобаларға қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

 

Түркіменстан: 

Әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді

Орталық Азия аймағындағы бейтарап ел саналатын Түркіменстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы мәліметтер аса көп емес. Дегенмен томаға-тұйық өмір кешіріп жатқан түркімен бауырлар жыл өткен сайын айналасындағы елдермен болған қарым-қатынасын жақсартып, ептеп «ашылып» келе жатқандығы байқалады. Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, Түрікменстанның 2025 жылғы ЖІӨ мөлшері 72,12 млрд АҚШ долларын құрап, ЖІӨ өсу қарқыны 2,3% деп болжанған екен. Түрікменстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ (халық саны 7 618 847) 2025 жылы 10 801 АҚШ долларын құрады, бұл 2024 жылғы 10 408 АҚШ долларынан 393 АҚШ долларына артық; бұл жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 3,8%-ға өзгеруін білдіреді.

Мұндайдан гөрі табиғи газға аса бай ел саналатын Түркіменстан өз өнімдерін Қытай нарығына шығарып отыр. Түрікменстан минералды ресурстарға бай, оның негізгі ресурстарында табиғи газ, мирабилит, йод, түсті және сирек кездесетін металдар, сондай-ақ аз мөлшерде целестит, көмір, күкірт, минералды тұздар, саз, бентонит және ара балауызы бар.

Мұнай-газ өнеркәсібі Түрікменстан экономикасының тірегі болып табылады. Түрікменстан табиғи газ қоры бойынша әлемде Ресей, Иран және Катардан кейін төртінші орында. 2009 жылдың желтоқсанында Қытай-Орталық Азия газ құбыры жобасы аяқталып, пайдалануға берілгеннен бері газдың басым бөлігін Қытай нарығына шығарып келеді. Бұдан бөлек Түркіменстанда тоқыма өнеркәсібі жақсы дамып келе жатыр. Соңғы жылдары ол Жапониядан, Еуропадан және басқа елдер мен аймақтардан озық халықаралық технологиялар мен жабдықтарды үздіксіз енгізіп келеді. Өнімдерінің көпшілігі халықаралық стандарттарға жетті және өнімдерінің 55%-дан астамы ТМД елдеріне, бөлек АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Қытай, Украина, Франция және Швейцария сияқты елдерге экспортталады.

Түрікменстан үкіметі жергілікті шикізатқа негізделген құрылыс материалдарын өндіруді қолдайды, саланың қуатын пайдаланады және экспортты белсенді түрде ілгерілетіп келе жатыр. Қазіргі уақытта Түрікменстан негізінен арматураланған болат, құрама темірбетон, газдалған бетон, мәрмәр және гранит, шыны, қабырға панельдері мен қаптамаларын, кеңейтілген сазды, кірпіш пен отқа төзімді кірпіштерді, шпатлевканы, пластмассаларды және шыны талшықты құбырларды шығарады. Бұдан бөлек Түрікменстанда йод, бром, нитраттар, стронций, калий, ас тұзы және натрий сульфатының айтарлықтай қорлары бар. Минералды тыңайтқыштарды, йод, бром және басқа да химиялық өнімдерді өндіру және экспорттау үшін осы жергілікті ресурстарды пайдалану экономикалық әртараптандырудың маңызды бағыты болып табылады.

 

Қазақстан: 

Аймақтағы әлеуетті ел

Түркі елдері ұйымындағы маңызды экономикалық тұлға болып табылатын Қазақстан - әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша тұтас ТМД елдері арасынан жақсы дамып келе жатқан ел. Халықаралық валюта қоры ұйымының дерегіне негізделгенде 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300,05 млрд АҚШ долларына жетіп, ЖІӨ өсу қарқыны 5,9%-ды құраған. Бұл өз кезегінде әлем елдерінің орташа көрсеткішінен жоғары болғанымен, Орта Азия аймағымен салыстырмалы түрде қарастырғанда Қырғызстаннан кейін тұр. Жан басына шаққандағы ЖІӨ: Қазақстан (халқы 20 843 754 адам) 14 723 АҚШ долларын (2025) құрайды, бұл 263 АҚШ долларына өскен (2024 жылғы 14 459 АҚШ долларынан); бұл жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 1,8%-ға өзгеруіне тең.

Қазақстан шетелдік инвестицияларды өзіне баурап отырған мемлекет. Сарапшылар қазақ елінің мұнай-газ, кен өндіру, инфрақұрылым жобалары инвесторлар үшін тартымды салалар деп бағалаған. Сондай-ақ Қазақстан өңірлік экономикалық орталық ретінде шетел инвестицияларын тарта береді деп отыр. 2025 жылы Қазақстанға 15 млрд доллар көлемінде шетел инвестициясы келді деген болжам бар. Жыл қорытындысы әлі толық шыға қоймағандықтан, бұл деректерде белгілі өзгерістер болуы да мүмкін. Өйткені 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 14,9 млрд АҚШ доллары тартылғандығы айтылған еді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,9%-ға өсімді көрсетеді. Үкімет 2029 жылға қарай экономиканы екі есеге арттыру үшін одан да көп инвестиция тартуды мақсат етіп отыр, бұл өндіріс пен нақты экономикаға баса назар аударады. Инвестиция салушы негізгі елдер Қытай, Ресей, Нидерланды, Швейцария және Бельгия болып табылады. Негізгі инвестициялық секторлар: өңдеу және өндіріс, автомобиль саудасы, тау-кен өндірісі, көлік, қаржы және сақтандыру секторлары.

Қазақстан Түркі елдері арасында экономикалық қуаты, жалпы ұзақ болашақтық стратегиялық жоспарлары жағынан көзге түсіп келе жатқан ел. Еуразия құрлығын жалғайтын тиімділігінен пайдалана отырып, транскаспи бағытында жаңа логистикалық мүмкіндіктерді батыл қарастырып отыр. Бұл ел болашақта Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының басым бөлігін қабылдауға талпынып келеді.

Табиғи байлықтарды экспорттаудан бөлек, қазақ елі болашақта ауылшаруашылығы өнімдері мен өңдеу өнеркәсібін өркендетуге де барынша назар аударып отыр. Сондай-ақ түркі елдерімен болған қарым-қатынастарын да жақсартуға тырысып келеді.

PS: Әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстар, гео-саясаттағы тұрақсыздықтар мен қоса күн сайын артып келе жатқан соғыс қаупіне қарамастан Түркі елдерінің барлығы 2025 жылды тыныштықпен, белгілі деңгейде дамумен аяқтады деуге негіз бар. Бұл ауқымды тақырыпты жеке-жеке қарастыруды қажет ететіндіктен, бір мақалада барлық саланы талдап шығу да қиын. Дегенмен алдағы уақытта барлығына тоқталамыз деген жоспарымыз да жоқ емес.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
15.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 55

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22222
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21983
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37695
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39622