Айша Ғаниқызы: Дәстүрлі және заманауи медицинаның айырмашылығы – емдеу тәсілінде

Айша Ғаниқызы: Дәстүрлі және заманауи медицинаның  айырмашылығы – емдеу тәсілінде

Кейбір адамдар ауруды емдеп, денсаулықты нығайтуда заманауи медицинаға жүгінбей-ақ, шөп-дәрілерді тұтыну, ине салу, массаж сынды түрлі емдік рәсімдерді қолданғанды жөн санайды. Бұған себеп – қоғамның ғаламтор қармағына ілінуі. Нақтылап айтар болсам, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде өзін халық емшісі ретінде таныстыратын адамдардың саны артты. Олар түрлі ауруларды бірнеше күнде жазып шығуға уәде береді, тіпті кейде қатерлі ісік, қант диабеті немесе жүрек аурулары сияқты күрделі дерттерді емдей алатынын айтады. Өкінішке қарай, мұндай уәделердің көпшілігі ғылыми дәлелдерге сүйенбейді. Соның салдарынан кей науқастар дәрігерге уақытында қаралмай, заманауи медицинадан толықтай бас тартып, ауруын асқындырып алады.

Дәстүрлі медицина мен заманауи медицинаның қоғамдағы рөлін анықтау үшін С. Асфендияров атындағы Қазақ медициналық университетінің түлегі  Айша Ғаниқызынан сұхбат алған едік.

– Айша Ғаниқызы, қалай ойлайсыз, дәстүрлі медицина мен заманауи медицинаның айырмашылығы қандай?

– Дәстүрлі медицина мен заманауи медицинаның айырмашылығы емдеу тәсілінде деп ойлаймын. Себебі дәстүрлі медицина шөптерге, табиғи өнімдерге, массажға, ине шаншуға және ата-бабадан келе жатқан тәжірибеге қарай жасалады. Ал заманауи медицина дәлелді медицинаға және ғылыми тұрғыда нақтыланып, дәлелденген. Менің ойымша, ең алдымен заманауи медицинаға жүгінген дұрыс. Себебі дәрігер нақты диагноз қойып, аурудың себебін анықтайды және тиімді әрі қауіпсіз ем тағайындайды. Ал дәстүрлі медицина әдістерін дәрігердің кеңесімен, қосымша ем ретінде қолдануға болады.

– Емдік шөптің көмегіне жүгініп, ауруын асқындырып алған науқасты кезіктірген бе едіңіз?

– Иә, мұндай жағдайлар көп кездеседі. Практикада жүрген кезде кейбір науқастар дәрігерге уақытында қаралмай, тек емдік шөптерге сеніп, ауруын асқындырып алғанын көргенмін. Нәтижесінде ауру кеш анықталып, емдеу қиынға түсті.

– Дәстүрлі емді қолдайтын адамдарға қандай кеңес бересіз?

– Дәстүрлі емнің пайдалы жақтары да болуы мүмкін, бірақ оның қауіпсіздігі мен тиімділігі әрдайым дәлелдене бермейді. Сондықтан денсаулыққа қатысты мәселеде ең алдымен дәрігерге қаралып, нақты диагноз алған жөн. Егер дәстүрлі ем қолданғыңыз келсе, оны міндетті түрде дәрігермен ақылдасып, заманауи медициналық еммен үйлестіре қолданыңыз. Тәжірибеме сүйенсек, көп адамдар дәрінің көмегі жоқ деп шорт кеседі. Сөйте тұра өздері сол дәріні соңына дейін қабылдамайды, салауатты өмір салтын ұстанбайды. Егер науқастардың бәрі дәрігер берген дәріні және кеңестерді орындаса, ауруды асқындырып алмайды. Барша адамға денсаулыққа тәжірибе жасауға болмайды деп айтқым келеді.

Дәстүрлі медицинаның тағы бір кемшілігі – бақылаудың әлсіздігі. Кейбір емдік шөптердің құрамында адам ағзасына кері әсер ететін заттар болады. Ал олардың мөлшерін дұрыс сақтамау улануға немесе аллергиялық реакцияларға әкеледі. Сонымен қатар, халық арасында кең таралған кейбір емдеу тәсілдері нақты диагноз қойылмай қолданылатындықтан, аурудың шынайы себебі анықталмай қалуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде емдеу процесін қиындатады.

Дегенмен, дәстүрлі медицинаны толығымен жоққа шығару да дұрыс емес. Біз оның зиянынан бөлек, пайдасы барын жасыра алмаймыз. Қазіргі таңда ғалымдар халық арасында қолданылып келген көптеген табиғи өнімдерді зерттеп, олардың пайдалы қасиеттерін анықтап жатыр. Кейбір шөптер қабынуды азайтуға, иммунитетті нығайтуға немесе жүйке жүйесін тыныштандыруға көмектеседі. Бірақ мұндай құралдар кәсіби медициналық көмектің орнына емес, дәрігердің кеңесімен қосымша әдіс ретінде қолданылғаны жөн.

Қазақ халқы ауруды емдеуде емдік қасиеттерге бай шөптерді қолдануды негізге алады. Мысалы, күнделікті үйімізде ілініп тұратын адыраспан мен туған жердің иісін сездіретін жусанның емдік қасиетке бай екенін білесіз бе? Адыраспанның қазақ даласында қасиетті шөп ретінде саналғаны белгілі. Оның түтінімен үйді аластап, көз тиюден, жын-шайтаннан қорғану үшін пайдаланған. Адыраспан қайнатпасы буын ауруларын емдеуде және денені тазартып, ауруларды жазуға көмектескен деседі. Жусан да қазақ емшілігінде ерекше орын алады. Ол ағзаны тазартып, ішек-қарын жолдарын қалыпқа келтіру үшін қолданылған. Сонымен қатар, дәстүрлі емшілердің айтуынша, жусаннан жасалған дәрілер инфекциялық ауруларды емдеуде зор пайдасын тигізеді.

Қорыта айтқанда, дәстүрлі медицина ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық тәжірибенің жемісі. Бірақ оны қазіргі ғылымнан жоғары қоюға болмайды. Әрбір емдеу тәсілінің тиімділігі мен қауіпсіздігі нақты дәлелдер арқылы бағалануы тиіс. Денсаулыққа қатысты шешім қабылдағанда адамдар қауесетке емес, ғылыми негізделген ақпаратқа жүгінгені жөн. Сонда ғана дәстүрлі медицина өз құндылығын сақтап, заманауи медицинаның сенімді серіктесіне айнала алады.

 

 Аяулым РЫСҚАЛИ,

 №181 ЖББМ түлегі,

Алматы қаласы

31.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26618
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26052
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43442
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39228
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43848