Академик Мұрсал-Нәби Тұяқбаев: Кітап оқу адамның рухын асқақтатады

Академик Мұрсал-Нәби Тұяқбаев: Кітап оқу адамның рухын асқақтатады

Қарапайым ғана қазақ ауылынан түлеп ұшып, үлкен қалаларда білім алған, мемлекет деңгейінде қызметтер атқарып, абырой биігінен көрінген азаматтардың туған жерге оралып, елмен қауышып жатқанының өзі бір ғанибет. Сондай азаматтың бірі – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Мұрсал-Нәби Тұяқбаев. Ол ҚР Сыртқы істер министрлігінің Үндістандағы, Ресейдегі, Франциядағы, Индонезиядағы, Өзбекстандағы Елшіліктерінде және Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік антитеррорлық құрылымында дипломатиялық қызмет атқарған. ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қызметкер. I сыныпты кеңесші дипломат. Қазір Еуроазиялық экономикалық комиссиясына қарасты Тілдік коммуникация және визалық қолдау бөлімінің бастығы. Қазіргі қызмет орны Мәскеуде.

Мәскеуден келген қонақ

Ол Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Темірбек Жүргенов атындағы ауылда (бұрынғы Жаңаталап) 1959 жылы туған. Мектеп табалдырығын 1966 жылы аттапты. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан ол әсіресе математика пәнінен озат болады. Есепке жүйрік болуына анасы Қанзира әжейдің тікелей қатысы бар көрінеді. Оның бақытына қарай 1972 жылы Алматыда республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектебі ашылып, шәкірт жинай бастаған екен. Ауылда 6-сыныпты бітірген ол, сол мектепке сынақ-байқау арқылы қабылданады. 

Кейін бұл мектепке осы білім ұясының өмірге келуіне мұрындық болған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Орынбек Жәутіковтің есім-сойы берілді. 

Мұрсал-Нәби Шайзадаұлы осы мектепті үздік бітірген 1976 жылы Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар Достығы университетінің «Физика-математика және жаратылыстану ғылымдары» факультетіне оқуға түседі. Университетті 1983 жылы «Математика» мамандығына қосымша «Француз тілі аудармашысы» деген диплом алып бітіреді. Кешікпей елге оралып, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде әуелі «Қолданбалы математика», кейін «Жоғары математика» кафедраларының оқытушысы болып, студенттерге дәріс оқиды. Арасында Мәскеудегі Халықтар достығы университетінің «Дифференциалдық теңдеулер» кафедрасында тағылымдама, «Математикалық анализ» кафедрасында аспирантура бітіріп, «Теоремы о бесконечной дифференцируемости классов решений уравнений в частных производных, допускающих быстрый рост на бесконечности» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Математика саласына «Шартты гипоэллиптикалық» терминін енгізіп, жаңа бағыт ашады. Аспирантурада жүріп, ағылшын тілін оқып, меңгереді.

Елге қайта оралып, Қазақ ұлттық техникалық университетінде мұғалімдік жұмысын жалғастырады. 1993 жылы Сыртқы істер министрлігі қызметке байқау жариялаған екен. Француз, ағылшын, орыс және ең бастысы қазақ тілін еркін меңгерген себепті дипломатиялық қызметке алынады. Дипломатия саласында жүріп, Алматыдағы Ұлттық басқару академиясының Нарық институтында сырттай оқиды. «Экономист-қаржыгер» мамандығы бойынша диплом алады.

Мұрсал-Нәби Шайзадаұлы 2023 жылғы қыркүйектің 22-сінде көрнекті мемлекет және мәдениет қайраткері, репрессия құрбаны Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына байланысты, оның кіндік қаны тамған топырақта өткен салтанатты шараға қатысу үшін Мәскеуден арнайы ұшып келген болатын. Мен де Темірбек Жүргенов туған, Әбдікәрім, Қомшабай, Махмұтбай ақындар өскен, Нәби ағам шаңын кешкен ауылдың түлегі екенімді мақтан тұтам. Сол себепті Алматыдан алып-ұшып, асығып жеттім. Келер алдында ағам телефон шалып, өзіміз оқыған мектептің кітапханасына әрқайсысымыз мүмкін болғанша кітап апарайық деп, келелі ой айтқан-тұғын. Алайда ағамның осы сөзін құнттай қоймаппын. Кітапсыз барғаныма ә дегенде өкініп қалсам да, бұның алдында өзім шығаратын «Таң-Шолпан» журналының алты жылдық тігіндісін апарып, мектебіме табыстағанымды көңіліме жұбаныш еттім.

Сол күні ауыл төрінде жаңадан өсірілген Темірбек Жүргенов атындағы саябақта Темірбек Қараұлының ескерткіші ашылды. Мәдениет үйінде жазба ақындар жыр төккен республикалық мүшайра басталды. Сыртта спорттық жарыстар қызып жатты.

Мен кітап оқығанның арқасында биік дәрежеге жеттім

Мәдениет үйінің жанында орын тепкен Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің кітапхана меңгерушісі, өзімнің сыныптасым Гүлбану Төлегенова салтанатты шаралар арасынан уақыт тауып, Мұрсал-Нәби ағамыз бен оқушылардың өзара кездесуін ұйымдастырды. Бұдан жарты ғасыр бұрын, нақты айтқанда, 1966-1972 жылдары осы мектепте оқыған, өмірдің талай бел-белесінен өтіп, ертегіде айтылатындай барша мұратына жеткен, қазірде осы оқушылардың атасы болған Мұрсал-Нәби Шайзадаұлына оқушылар жан-жақтан сұрақтар қойып жатты. Ғибратты мол әңгіме әсерлі өрбіді. Әсіресе Ақнұр Қоңтай мен Ақниет Керейтбай атты оқушылар ұйымдастырған видеосұхбат сондай тартымды болды. Оқушылардың есім-сойынан оларды осы ауылда еңбек еткен, елдің көркеюіне үлес қосқан Қоңтай, Керейтбай ағаларымның немерелері екенін таныдым. Кездесу барысында Нәби ағам сонау Мәскеуден алып келген кітаптарын мектеп кітапханасына табыстап тұрып, әңгімені кітап жайында өрбітті. «Өздерің сияқты мен де осы ауылда өстім. Осы мектептің алты сыныбын бітірдім. Ауылдан шығып Алматыда, одан соң Мәскеуде оқуым, дипломатия саласында қызмет істеуім, бәрі-бәрі менің жас кезімнен кітап оқуға құмарлығымнан деп ойлаймын. Кітап мені осындай биік дәрежеге жеткізді. Әлі күнге дейін кітап көрсем, бетін парақтап көргім келеді де тұрады. Білім қайнары кітапта. Мейлі, қандай мамандық иесі болсаң да, танымдық еңбектерді, көркем әдебиетті көп оқыған жөн. Математиктердің көбі өлең жазған. Көркем әдебиет адамның рухын асқақтатады. Сол арқылы өмірдің мәніне еріксіз ой жүгіртесің. Алға ұмтыласың. Алматыдағы «Букинист» деген кітап дүкеніне алғаш кіріп барғанымда құнды кітаптардың соншалық көптігіне қатты қайран қалғаным есімде. Оқушы кезімізде ауылда кітап жетіспейтін. Сондықтан амал жоқ, бір кітапты қайта-қайта оқисың. Қайталап оқудың да өзіндік ләззаты, пайдасы бар.

«Букинистте» кітаптың дені орыс тілінде еді. Сол себепті математика кітаптарын ғана сатып алып жүрдім. Орысша кітапты қолыма ұстағанда сөзі аз, формуласы көп болса екен деп тілеп тұратынмын. Өйткені ол кезде орысшам нашар еді. Бірақ басқа балалардан қалып қоюды намыс көріп, жатпай-тұрмай оқып, орыс тілін де меңгердім. Менен бір сынып төмен оқыған Уәлібай Өмірбаев есімді баланы «Букинист» дүкеніне ертіп барған едім. Ол да кітап десе ішер асын жерге қоятын бала. Бір күні оның «Букинистен» екі тор қалтаны сықита толтырып, кітап сатып әкелгенін көрдім. Ақыры сол жігіт Новосібір университетіне түсіп, кандидаттық диссертация қорғап, дүниежүзіне танымал математик болды. Испания, Канада, Бразилия, АҚШ, Алмания, Франция жоғары оқу орындарында дәріс оқыған. Детройттағы Уейн университетінде сабақ берген. 2001 жылы жапон математигі М.Нагатаның, 2004 жылы ағылшын математигі П.Конның есебін шешкен. Міне, кітаптың құдіреті. Ол да өзіміз сияқты Ордабасы ауданының бір ауылынан келген ауыл баласы болатын» деп әңгімесін сабақтаған-тұғын.

Мұрсал-Нәби ағамның кітап туралы әңгімесі тыңдарманын еліктіріп, еш таусылмайды. Оны тыңдап отырғанда, мектеп оқушысы түгілі өзің де құмартып кетіп, басқа шаруаны тастай келеді. Мен де кітапқұмардың бірі сияқты едім, бірақ Нәби ағам сөйлеп кеткенде кітаптың шексіз, шетсіз түбі терең тұңғиық білім мұхиты екенін тағы бір аңғарғандай күй кештім. Кітап оқу туралы бұдан бірнеше жыл бұрын жазған «Кітап оқитындардың жемі кітап оқымайтындар» атты мақалам осы кезде есіме түсе берді. Төртінші сынып оқып жүргенде блокнотқа баспа әрпімен жазып «Қауындықта», тоғызыншы сыныпта «Бәйшешек» атты жалғыз дана кітапша «шығарғаным» жадымда жаңғырды.

Әдебиет туралы сөз болған соң айта кетейін, орта мектептер мен колледж, университеттерде оқытылатын пәннің аты «Көркем әдебиет» болуы қажет деп есептеймін. Ал ол пән «Қазақ әдебиеті», «Бауырластар әдебиеті» және «Шетел әдебиеті» («Әлем әдебиеті» емес) болып үлкен-үлкен үш бөлікке бөлініп оқытылғаны жөн. Әрине, оқушы әуелі «Қазақ әдебиеті» бөлімін меңгеруі тиіс. Содан кейін «Бауырластар әдебиеті», үшінші барып қана «Шетел әдебиетіне» ойысса, дұрысы сол. Осы үшеуі қосылып әлем әдебиетін құрайды. Оқушы санасына әдебиет атауына не себепті көркем сөзін қосатынымызды сіңіре алсақ, ұтқанымыз.

Биыл біздің мектеп бітіргенімізге қырық жыл болыпты. Ауылдағы сыныптастарым өзара ақылдаса келе, сол қырық жылдықтың құрметіне елге тарту ретінде ауылға кіре беріске темірден үлкен арқалық жасаймыз деп келісіп, бір айдың ішінде оны тұрғызып та тастады. Жалағаш жақ бетіне «Қош келдіңіздер!» деген, ауылдан шығар жағына «Сәт сапар!» деген жазуы алыстан мен мұндалайды. Ауылдан жырақ жүргендіктен, мен ақылдасу мәслихатына қатыса алмай, ақшалай үлесімді жібергенім болмаса, ой қоса қоймап едім. Енді Нәби ағамның мына әңгімесінен соң «әттеген-ай, екі миллион теңге жұмсап, айдалаға темір тұрғызғанша, сол ақшаға неге ғана мектебімізге кітап сатып әпермедік» деген өкініш пайда болғанын қалай айтпай кетейін. Егер бірауыздан солай келіссек, Алматыдағы кітап баспаларын аралап, ақын-жазушыларды жағалап, олардан ана тіліміздегі небір тамаша кітаптар сатып алып, ауылға жеткізуге атсалысар едім-ау! Тіпті өзіміз тапсырыспен сәндеп тұрып сөре жасатып, төбесіне «1983 жылы мектеп бітірген түлектер сыйлаған кітап сөресі» деп жаздырып қойсақ та қолымызды ешкім қақпас еді. Мен бұны өзімізден кейін мектеп бітірген іні-қарындастарымның қаперінде жүрсе екен деген ниетпен айтып отырмын. Олар да осы күндері «алпыс алтылардан» асырып темір арқалық жасауды ойластырып жүрген шығар-ақ.

Екі миллион теңгеге мыңнан аса кітап сатып алуға болады екен. Сол мыңнан аса кітапты арнайы сөреге жинап берсек, елге тартудың көкесі сол емес пе? Ол кітаптар сосын ауыл балалары үшін ешқашан түгесілмес білім бұлағына айналмас па еді. Олардың ішінде де күні ертең үлкен азамат болып өсіп шығатын ұландар сөзсіз жүр ғой.

Мұрсал-Нәби ағамыз оқушыларды да, кездесуге куә болған бізді де әңгімесіне тамсандырып, сол күні жұмыс орны Мәскеуге ұшып кетті. Біз мұндағы інілері – полковник Әмір Шаймағамбетов, жазушы Тұрақ Адисұлы, заңгер Ислам Төлегенов және мен төртеуміз ағамызға сәтті сапар тілеп, ұшаққа шығарып салдық.  

Жер жүзінің алыс-алыс қиырларында дипломатиялық қызметпен ұзақ мерзімді іссапарларда жүрген қайраткер ағамыздың кіндік қаны тамған ауылға деген сағынышы басылмай бара жатқандай көрінді маған. Расында солай екен, Мәскеуге жеткен соң, оқушылармен кездесу ұйымдастырған кітапхана меңгерушісі Гүлбану Төлегеноваға қаржы аударып, видеосұхбат жасаған оқушылар – Ақнұр Қоңтай мен Ақниет Керейтбайдың әрқайсысына дипломатия тақырыбына жазған мақалалары жиі жарияланып тұратын «Таң-Шолпан» журналын бір жылға толық жаздырып беруін өтініпті. Жақында Гүлбану маған телефон шалып, сол аманатты орындағанын хабарлағанда ағамның осынау игі ісіне толқымай тұра алмадым. 

Қазір халықтың көркем әдебиетке деген ықыласы қайтадан ояна бастаған сыңайы бар. Оқырман қауымның әлеуметтік желілер мен арзан-сулы сериалдардан, жеңіл-желпі сахналық әзілдерден мезі болып, одан гөрі маңыздырақ, одан гөрі нәрі мол көркем әдебиетті іздей бастаған дәуірі келе жатыр. Міне, осы кезде Нәби ағамның әдеби журналға мән беруі тегін емес. Бұны мен өз басым кішкентай нәрсе дей алмаймын, мәні зор, ұтымды ақыл деп түсінем. Адам баласының басына кейде қарапайым ойлар оңайлықпен келе қоймайды. Сол себепті ниеті түзу қалталы азаматтар халыққа көмектескісі келсе де, кей жағдайда ақшалары жеміс бермейтін мағынасыз істерге жұмсалып кетіп жататыны бар. Мұрсал-Нәби Шайзадаұлының мына ісі сондай жандарға тамаша үлгі деуге болады.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
03.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Абысын-ажындар сахнада сайысты
Кәмила САПАРХАЙЫР, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы - 25.09.2024 772
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 618
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 663
530 өлең жолынан  тұратын кітап
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 25.09.2024 596
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 621

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5595
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5039
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8207
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6020
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7233