Алаш арыстарын ұлықтауға ғұмырын арнаған азамат

Алаш арыстарын ұлықтауға ғұмырын арнаған азамат

Жуырда Алматы қаласы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Республика күніне орай Алаш қайраткерлерін ұлықтауға арналған «Тәуелсіздік аңсаған Алаш арыстарының мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынның негізгі мақсаттарының бірі – қоғам қайраткері, санаулы ғұмырын Алаш арыстарының мұрасын тану, зерттеу және жариялау ісіне арнап, қазақ ұлтының жоқшысына айналған  азамат Ғарифолла Әнесті еске алу.

Ғарифолла Әнес – «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» газеттерінің түп нұсқасын іздеп тауып, том-томдап баспадан шығарды.  Ол он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін», «Синонимдер сөздігін», «Диалектологиялық сөздіктің» жарық көруіне зор үлес қосты. Алаш қайраткерлерінің еңбектерін архивтерден тауып, қазақ әліпбиіне түсіру арқылы ғылыми айналымға әкелген тіл танушы ғалым ретінде мол мұра қалдырды. «Ана тілі» газетінің іргетасын қалаушылардың бірі болды. Жиынға ғалымның туыстары, ұрпақтары, алаштанушы ғалымдар, жоғару оқу орнының студенттері, «Өрлеу біліктілікті арттыру орталығының» ұстаздары қатысты. Оған қоса салтанатты шараға арнайы қонақтар шақырылды: филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы, рунолог ғалым Аманқос Мектептегі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, грамматика бөлімінің меңгерушісі, Ғарифолла Әнестің жары Момынова Бағдан, филология ғылымдарының кандидаты, алаштану саласында белгілі деңгейде із қалдырған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» кандидаттық деңгейде диссертация қорғаған ғалым Айсұлу Ойсылбаева, №215 жалпы білім беретін мектептің директор орынбасары Абылайхан Жанболат. Дөңгелек үстелді Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Сахыбекқызы ашты: 

– Алаш аңсаған  алаштың мұрасын жоқтаушылардың бірі – Ғарифолла Әнес. Қазақ «ғалымның аты өлсе де хаты өлмейді» деп бекер айтпаған. Адамның еткен еңбегі еш қалмайтындығы артындағы рухани шәкірттері, оның ізін ары қарай насихаттайтын ғалымдар көбейгенде көрінеді. Музей басшысы ғалымның жарына көңіліңіз ақ болып жүре берсін деген ниетпен ақ орамал мен камзол тарту етті.

51 жыл бойы қара тізімдегі алаш боздақтары туралы айтқан адамның бәріне қауіп төнген еді. Қазіргі мұражайды да Ахмет мұражайы ретінде жасау үшін көп еңбек сіңірілді. Сол жолда қызмет еткендердің бірі – Ғарифолла Әнес. Ғарифолла ағамызбен қанаттас жұмыс істеп, қазақтың  ежелгі жазбаларын, өткен ғасырдағы естелік мұраларды, бітік тастарын зерттеген төрүктанушы ғалым Аманқос Мектептегі Ғарифолла Әнес туралы қызықты естеліктерін баяндады. Ол Ғарифолла Әнеспен үзеңгілес жолдас болып, осы музей Байтұрсынұлының өмірінің соңғы уақыттарында тұрған үйі екенін  мақала түрінде жариялаған.

– Осы отырған үй – өте құтты үй. Бұл үйдің аурасы ерекше энергия береді. Мені ҰҒА Тіл білімі институты 1988-1989 жылдары Ресейге Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын тауып әкелуге архивке жіберді. Дайындық үстінде жүргенде аты-жөнін естімеген ғалым туралы қай жерден іздеймін деген оймен іштей толғаныс үстінде арпалысып жүрдім. Сенімді ақтай аламын ба деген уайым көңілден кетпей қойды. Солай Мәскеуге барғанда Ленин кітапханасының арнайы қорынан бастауды жөн көрдім. Мен секілді басқа республикалардан келген  зерттеушілер көп екен. Бірақ, мен бір қулық жасадым. Алматыдан өзіммен бірге ала келген  апорт пен тәтті сыйлығым кәдеме жарады. Қонақүйде орын табылмағанда қып-қызыл  сыйлық алма тіркеу бөлімінің қызметкерін елең еткізді. Ленин кітапханасының арнаулы қорына келгенде де әкелген сыйлығымның үлкен пайдасы тиіп, шаруам оңынан шешілді. Менің апарған сыйлықтарым жолымды ашып берді десем де болады. Үш саусағым күс болғанша Ахаңның мақалаларын, Алаш зиялыларының картатекаларын, жарық көрген еңбектерін көшірдім. Қазақ  газетінің бумасын ашқандағы баспахананың май иісі әл күнге дейін мұрнымда тұр. Солай өзіме берілген тапсырманы орындап, төбем көкке тиер тиместей сезіммен Алматыға ұшып келдім.

...Ғарифолла екеуміз осы көшені Ахаңа алып беруге ұсыныс жасап, «Алматыда бір үй бар» деген мақаланы «Алматы ақшамы» газетіне жарияладық. Сол – сол-ақ  екен бір айдан кейін  Космонавт көшесі  өзгертіліп, Ахмет Байтұрсынұлы атына берілді. Ғарекеңнің ұсынысымен «Арыс» қорын құрып, үлкен істің басын бастадық. Ол игі іс әлі де жалғасын тауып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының рухы бізді әрдайым жебеп тұрады, – деп, Аманқос Мектеп-тегі қызықты естелігімен бөлісті.

Іс-шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистрантары дайындаған бейнеролик  көрсетілді. Олар Алаш арыстарының өлеңдерін оқып, Гүлнар Асқарқызы «Махамбет» термесін жырлады. Қонақтардың тарапынан кіре берісте музейдің қысқаша тарихы, Байтұрсынұлы туралы бейнеролик ойнап тұрса деген ұсыныстар айтылды. 

Айсұлу Ойсылбаева: 

– Мен Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі негізінде диссертация қорғадым. Бұл тақырыпты зерттеуге Темірбек Қожекеев, Тұрсынбек Кәкішев ұстаздарымның ақыл-кеңесі мен еңбегі зор. 

Ізденіс үстінде Шолпан Байтұрсынова мен Гүлнәр Дулатова апайлардан көптеген деректерге қанықтым... 

Шара соңында Ғарифолла Әнестің жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. Ағартушы сөзінің толық мағынасын зерттеп, оның ауқымы кең екенін ашып түсіндірген. Ахметтің әртүрлі қырлары айтылып, жай ғана ағартушы емес, пассионар тұлға екенін пайымдайды.. 

Ғалымның жары  Момынова Бағдан:

– Ахметтің «Тіл құралының» бір бетін араб графикасынан оқи алмайтын, басқа да еңбектерін қарай алмайтын «зерттеушілер» Алаштанушы деген ат жамылып алды. Біздегі бірінші мәселе  – нақтылықтың жоқтығы. Нақты фактымен сөйлеу керек. Келесі мәселе – біздің төл жазуымызды білмейтінімізде.  Алаштанушылардың көбі мен біріншімін дегенді айтқысы келіп түрады. Алашқа байланысты мәселемен айналысушылар өзін бірінші зерттеуші санайды. Бұл қазақтың амбициясы десек те болады.

Тұсауы кесілген бұл кітаптарда көзі тірісінде айтып, жазып кеткен жазбалары жарыққа шықты. Әсіресе, бұл жазбалар Байтұрсынұлына арналады. Ағартушы сөзінің толық мағынасын зерттеп, оның ауқымы кең екенін ашып түсіндірген. Ахметтің әртүрлі қырлары айтылып, жай ғана ағартушы емес, пассионар тұлға екенін пайымдайды. Ғарифолла Ахметтің жай адам емес екенін дәлелдеуге 30 жылдан астам өмірін арнады. Осы кітаптың ішінде Байтұрсынұлының табылған үйінің жағдайы өте нашар екенін, сол үйде 5-6 отбасының тұрып жатқандығын жазған. Тіпті жертөледе бір адамның мүрдесі табылғаны, ол мүрденің көмілмей қалғаны туралы да осы кітаптан оқи аласыздар.

Саналы ғұмырын түгелдей Алаштану ғылымына арнап, өткен жылы жарық дүниеден бақиға аттанған тұлға Ғарифолла Әнесті еске алуға арналған дөңгелек үстел жоғары деңгейде өтті. Шараға қатысушылар Алаш арыстары және оларды зерттеушілер туралы көптеген қызық ақпараттар алып, естелік суретке түсті. Тағылымы мол шара жоғары оқу орындарының студенттерінің де көкіректеріне ерекше рух орнатты. 

Ақбота ЖАНАБАЕВА,

 ҚазҰУ-дің журналистика 

факультетінің 4-курс студенті 

 

07.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19946
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19762
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34918
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33475
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37288