Әлем ядролық қаруларға алаңдап отыр

Әлем ядролық қаруларға алаңдап отыр

«Үш күнде басып аламыз» деген «әскери операцияның» қанды қырғын соғысқа ұласып, сегіз айға созылып бара жатқандығы әлемнің бас ауруына айналды. Барлық жердегі зат бағасының өсуі, логистикадағы дағдарыс, экономикалық тоқырау, астық тапшылығынан күн санап төніп келе жатқан ашаршылық қаупі... осының барлығы ең өзекті мәселелерге айналып кетті. Осы жерде ІІІ дүниежүзілік соғыс басталып кете ме деген үрейлі болжамның да айтылып келе жатқанына біраз болды. Қазір күллі дүниенің көз алдында Ресей тарапы Украинаға қарсы ядролық қару қолдануы мүмкін бе деген сұрақ көлбеңдеп тұр. Бұған себеп «ядролық оқтұмсықтардың дайындығын жедел пысықтап» отырған орыстардың жеңіліске ұшырай бастауы еді. Енді намысқа тырысқан Путин қандай қадам жасауы мүмкін? 

 

Путиннің көздегені не?

Ресейде қанша ядролық бомба бар әрі оның қаупі қаншалық?

BBC агенттігінің орыс тілі қызметінің редакторы Стиве Розенберг (Steve Rosenberg) 13 қазан күні «Путин ядролық қаруды қолдану туралы не ойлайды? Нені жоспарлап отыр?»  деген тақырыппен сараптамалық материал жариялады. Мақалада пәлендей бір қорытынды шығара қоймағанымен, саясаткерлер мен сарапшылардың кейбір пікірлерін ортаға тастапты. Автордың айтуынша, Путин мырза қазір қат-қабат қысымның астында отырған көрінеді. «Кремль көсемінің жүрегіне ену оңай емес, бірақ біреу тырысуы керек. Себебі бұл Мәскеудің ядролық қарумен дауласып жатқан кезі үшін қажет. Ресей президентіне үлкен қысым болғаны даусыз. Ол Украинадағы «арнайы әскери операцияларды» дұрыс мөлшерлей алмай қалды. Бірнеше күнге созылады деп жариялаған қимылдарының енді қашанға дейін созылары да белгісіз болып отыр. Қазір Кремль «елеулі» шығынды мойындай бастады. Соңғы апталарда ресейліктер жақында басып алған Украинаның бірнеше аумағынан айырылды», – дейді Розенберг. 

Ал ресейлік «Независимая газетаның» иесі және бас редакторы Константин Ремчуков «Путиннің жеке көзқарасы соғысты қалады» деп есептейді екен. «Ол ядролық державаның диктатор қожасы. Ол осы елдің көшбасшысы, оның кейбір күшті сенімдері мен идеялары оны қатты толғандырып жатқаны даусыз. Ол соғыстың өмірлік тұрғыдан маңыздылығын қарастыра бастады. Оның миында өзі үшін және Ресейдің болашағы үшін өлім мен өмірдің арпалысы жатқан болуы да ғажап емес. Соңғы айларда Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары (соның ішінде Путиннің өзі де) Кремль қақтығыс кезінде ядролық қаруды қолдануға дайын екендігі туралы көзқарастарын ашық білдірді», – депті.

Ал ардагер либерал саясаткер Григорий Явлинский былай деп есептейді: «Ол Батыспен бетпе-бет жанжалдан аулақ болуға тырысады, бірақ сонымен бірге оған дайындығы да жоқ емес сияқты. Мені ең алаңдататыны – ядролық қақтығыс, екіншіден, мен соғыс ұзаққа созыла ма деп қорқамын. Зымырандармен қашанға дейін атқылай беруге болады? Күндер әлде айлар бойы жалғаса бере ме? Көптеген сарапшылар бізде осыншама зымыран бар ма деп сұрақ қоюда», – депті күдігін жасырмай.

Мақала ішінде тағы бір қызықты тұжырым бар. «Әскери тұрғыдан алғанда, Ресейдің түпкілікті жеңісінің белгісі қандай екенін ешкім ешқашан айтқан емес. Жеңістің белгісі неде? 1945 жылы Берлинде Жеңістің қызыл туы желбіреді. Ал ендігі мақсат не?  Херсон ба, әлде Харьков па? Мен білмеймін. Ешкім білмейді. Тіпті, Путиннің өзі де білмейді дейді. Ақпан айында Путиннің мақсаты Украинаны басып алу және пост Кеңестік елдердің барлығын Мәскеудің дәргейіне бас ұрғызу болатын. Ол украиндық әскерилер мен бейбіт тұрғындардың өз отаны мен халқын қорғауға деген жігерін ойланбастан, Ресей армиясының мүмкіндігін асыра бағалады. Сонда ол қазір не ойлап отыр? Енді Путин Украинадан «Ресейге қосылды» деп мәлімдеген жерлерді қатаң бақылауға алып, содан кейін қақтығысты тоқтатқысы келе ме? Әлде ол бүкіл Украина қайтадан Кремльдің ықпал ету аймағына айналғанша соғысты жалғастыра бермек пе? Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев жақында айтқан бір сөзінде: «Украинаны қазіргі күйде сақтап қалу... Ресей үшін ұзақмерзімді, тікелей және айқын қауіп болады. Менің ойымша, біздің болашақ әрекеттеріміздің мақсаты жалпы болуы керек. Ол – Украина режимін жою», – деген екен.

Егер Медведевтің сөздері президент Путиннің не ойлағанын көрсететін болса, біз тек қана қанды, ұзаққа созылған қақтығысты күтеміз. Бірақ Путиннің шетелде істегені өз еліне міндетті түрде әсер етеді. Кремль көп жылдар бойы Путиннің имиджін қалыптастыру үшін және Ресей халқын «Путиннің көреген басшы» екендігіне сендіру үшін көп жұмыс істеді. Енді бұл кескінді сақтап қалу мүмкін емес», – депті Ремчуков.

Бұл жерден мынадай қорытынды шығаруға болатын секілді. Путин мырза әуел баста ары кетсе 3-4 күнде орыс танкілері Киевке кіреді де, үрейлері ұшқан украиндарды тамашалап болғасын кері қайтады. Сонымен «арнайы операцияны» аяқтайды. Оның әсерінен айнала жұрттың барлығы әлемдегі екінші әскери державаның әлі де қуатты екендігін түсініп, бүкіл ТМД қайтадан Мәскеуге табына бастайды деп мөлшерлеген. Алайда оның есебі мүлде қате екендігін жұрттың барлығы түсінді. Екінші бір мәселе – соғысты соза беруге Ресейдің қалтасы көтермейтіндігі. Бұған Мәскеуге бағытталған санкциялардың айтарлықтай ролін қосыңыз. Сондықтан Путин алдағы жерде бұл «әскери операцияны» ептеп аяқтап тастауды ойластыратын болады. Бұған сөзсіз араағайындыққа жүретін адамдар керек. Ал Ресейде азаматтық қоғамның, оппозицияның билікке қарсы тұрар қауқары жоқ екендігі анық байқалды.

 

Корей түбегіндегі күдік

Соңғы апталарда Солтүстік Корея АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларына жауап ретінде жеті зымыран ұшырды. Бұл туралы Пхеньяннан таралған хабарлар әлем назарын тағы да Корей түбегіне аударды. Ашық ақпарат көздерінде хабарлануынша, сынақ ретінде ұшырылған зымырандар «стратегиялық ядролық қаруды тасымалдауға арналған» екен. Қарулар қысқа қашықтықтағы және «ұрыс аймағында» қолдануға арналған. Хабарламаға сенер болсақ, әскерилер зымыранды тиеу процесін жаттықтыру үшін миниатюралық оқтұмсықтың имитацияланған нұсқасын пайдаланған. Пхеньян сонымен қатар Оңтүстік Кореяның әскери базаларына, порттары мен әуежайларына жасалған шабуылдарды сәтті модельдеді деп мәлімдеді.

Солтүстік Корея тағы да әлем назарында

Швецияның қауіпсіздік және даму саясаты институты жанындағы ISDP Стокгольм Корея орталығының ISDP Stockholm Korea Centre директоры, доктор Ли Санг Су BBC агенттігінің қытай тілі бөліміне берген сұхбатында: «Пхеньянның ядролық сынақтарының мақсаты болашақта Вашингтонмен келіссөздер қайта басталған кезде левереджді арттыру. Бірлескен әскери жаттығуларды тоқтату және АҚШ-тың Оңтүстік Кореядан стратегиялық қаруларын шығару сияқты қауіпсіздік мәселелері Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануының шарттары ретінде алға тартылып отыр. Ал Бейжің билігі АҚШ әскерлерінің Корей түбегінен біржолата кеткендігін қалайды» деген екен. Ал Оңтүстік Корея болса, қаны бір болғанымен, қас жауға айналған КХДР-дың диктатор басшысының қай күні шүріппені баса саларына сенбейтін сияқты.

 

Тайваньда соғыс бола ма?

Осыдан 5 жыл бұрын сарапшылар 2017-2018 жылдары Азияда, соның ішінде Тайвань аралы мен Құрлықтық Қытай арасында соғыс болуы мүмкін деп болжаған еді. Алайда екі жақтың текетіресі қашанға дейін жалғасарын ешкім болжай алмай отыр. Күні кеше ҚКП-ның ХХ съезінде баяндама жасаған Си Цзиньпин: «Бір ел – екі түрлі режим бағытын ұстана береміз. Отанды бірлікке келтіру жолында кез келген тәсілді қолданамыз», – дегенді тағы да қадап айтты. 

Последнее китайское предупреждение. Начнётся ли война на Тайване? | В мире  | Политика | Аргументы и Факты

«Бір ел – екі түрлі режим» ұстанымы Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопиннің ортаға қойған саясаты. Ол осы арқылы Гонконг пен Макаоны басқаруды айтқан еді. Яғни Құрлықтық Қытайда компартия басшылығында социализм жолымен жүрсе, аталған аралдарда бұрыннан ұстанып келе жатқан саясатын жалғастыра беруіне рұқсат етуді білдіреді. Си Цзиньпиннің айтқандары «егер Тайвань Бейжіңмен қосылуды қаласа, сол ұстанып келе жатқан саясатын жалғастыра береді» дегенді аңғартқаны еді. Ал олай болмаса, қару қолданудан тайынбаймыз дегенді ашық айтты.

АҚШ-тың қолдауына сүйенген тайваньдықтар «арал халқы Бейжіңмен бір тудың астында жүргісі келмейді. Бұл халықтың қалауы» дегеннен танбай келе жатыр. Бір кездері екі жақтың бірігуі үшін Бейжің демократиялы жолға өтіп, Президенттік Республикаға айналуы тиіс. Елде Парламент құрылып, еркін сайлау жүргізіліп,  екі партия додаға түсіп, саяси еркіндікке жетер болса, Тайвань Құрлықтық Қытаймен бірігуге дайын деген ұсыныстар да айтылғаны белгілі. Алайда бұл Бейжіңдегілерге ұнамаған еді. Олар «Тайваньды бірлікке келтіру үшін қару қолданудан тайынбаймыз» дегеннен танған жоқ. Өткен айда ғана Қытай халық азаттық армиясының ұшақтары Тайвань аралының шекарасына көп рет сұғынып кірген болатын. Алайда оқ атылған жоқ. Дегенмен шүріппенің басылатын күні де алыс емес сияқты.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 18
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 28
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 38

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1010
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7058
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10904
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7127
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7269