«Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» деген құрметке ие болып келген әжелер тобы елдің атын шығарып, ерекше көзге түсті. Еуропаның назарын аударды. Бұл шара отандық креативті жоба негізінде Paris Fashion Week пен Milan Fashion Week сән апталықтарында жұрт алдына шығып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Әлемдік подиумда сән әлемінде 60 пен 74 жас аралығында 20 әже Қазақстаннан арнайы ұйымдастырылып, ұлттық стильде тігілген «Ақ маржан» топтамасын батысқа таныстырды. Жобаға қатысқан әжелер еліміздің әр аймағынан арнайы кастинг арқылы іріктелді. Әр саланың, әр өңірдің адамдары. Олардың бәріне тән ортақ қасиет: ұлтымыздың түр-әлпеті мен мінез-құлқын, әдебі мен мәдениетін, сәні мен салтанатын көрсете білді. Олар бойындағы әйелге тән нәзіктікті, сенімділік пен мәдениеттілікті шаршы топтың алдында паш етті. Тамсана таңдай қаққан Еуропа көрермендері әжелерге зор ризашылықтарын білдірді.
Өткен қыркүйектің 25-і күні Қазақстаннан ұшқан сән көрсету тобы алдымен Грузияға, онан Меньхунге жол алды. Онан Франкфургке аялдап, келесі Миланға табан тіреді. Осылайша төрт мемлекеттің көгінен өткен әжелер көздеген межелі жерге жетті. 28 қыркүйек подиумға шығып, сән салтанатына қатынасты. Жалпы 25 қыркүйектен 7 қазанға дейін 12 күн ішінде әлемнің 50 мемлекетінен келген топтар сән апталығына қатынасты. Сапар мақсаты – белгілі дизайнер Раушан Әнуарбекованың таңдаулы топтамаларын әлемге насихаттау мен көрсету бағытында жұмыс жасалып, әлемнің топ моделдерінің байқауында сән үлгісін көрсету. Жеткен нәтиже: Қазақтың ұлттық киімін ұлықтап, дүние халықтары алдында көрсету. Ұлттық мәдениетіміздің бір көрінісін көпке жеткізу. Бұрыннан бері болып келе жатқан Еуропадағы бұл байқауға Қазақстанның мемлекет ретінде қатысуының өзі үлкен жетістік болып саналады. Топқа арнайы сертификат берілді.

«Бұл сапарда «Алаша» топтамасында ала барып Италияның Милан және Францияның Париж қалаларында сән шеруімен көшелерде серуендедік. Осылайша көпшіліктің назарын аударып, сансыз жылы мақтау сөздер естіп, олардың зор құрметіне ие болдық. Осындай жоғары деңгейде өзіміздің ұлттық киімдерімізді және халықтық мәдениетімізді лайықты түрде таныстырғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің ұлттық киімдерімізге еуропалықтар тәнті болды. Біздің негізгі ой мақсатымыз – сәннің шекарасы шексіз екенін дәлелдеу» – дейді жобаның авторы, танымал сәнгер, Еуроазиялық дизайнерлер одағының мүшесі және Қазақтың Ұлттық дизайнерлер академиясының академигі Раушан Абдуллақызы Әнуарбекова.
Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері жобасы Еуропадағы сән әлемі апталығына төртінші мәрте қатысып отыр. Биылғы көрсетілім Халықаралық қарттар күніне және Қазақстанда аталып өтетін Қарттар күніне орайластырылған мереке болып саналады. Елімізден барған әжелерді Қазақстанның Париждегі елшілігі қабылдап, жылы жүздесу өткізген.
Бұл топта біздің «Мөлдір бұлақ» журналының досы, көп жылдардан бері қолдап, журналдың кең таралуына қызмет етіп келген, Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты Д.Бабаев атындағы №115 мектептің кітапханашысы болып қызмет еткен Тоқсамбаева Дәмет Шәлібекқызы да топ мүшесі болып, қазақ әйелдерінің асыл қасиеттерін көрсетуде өз үлесін қосып, тағы бір қырынан көрініп келді.
Бек СҮЙІНДІК,
«Мөлдір бұлақ» журналы















