«Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген қазақ әр сөзге абай болуды меңзесе керек. Әсіресе, жастарға ақыл айтқанда ауыздан шыққан әр сөзді әбден екшеп алмаса, қиын. Жақында жасы үлкен тәжірибелі кісілер мен студенттер арасындағы кездесуге куә болдым. Сол жерде сөз сөйлеген қарияның айтқан нақыл сөзі қатты ойландырды.
Студенттерге нанның обалын айтып отырған әлгі атай «Жоғарыда тұрған нанды алу үшін Құранды басуға болады» деген сөз бар, осыдан- ақ нанның қандай қасиетті екенін біліңдер» деді басқа мысал құрып қалғандай.
Қым-қуыт өмірде түрлі сынақтарға кездескенде тура жол табуға нұсқайтын Жаратушы Алланың жіберген кітабы Құранды аяққа басуға болады деген қарияның сөзі, әсіресе оны жас студенттердің алдында ақыл беріп отырып айтқаны жанға батты. Шүкір, қазір жастардың көзі ашық. Дегенмен, «Таразы басында Құран мен нан тұрса, Алланың сөзінен де адамның азығы басым екен-ау…» деген ой тууы мүмкін ғой.
Негізі бұл ұғым қайдан шыққан? Осыны білу үшін көптің талқысына салып, Facebook желісі арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізіп көрдім. Көп кісі бұл сөздің аштық уақытынан қалған пікір екенін айтса, енді біреулер мұны нанды аяқасты етпеу үшін әсірелеген мысал деген пікір қалдырды. «Құран да, нан да қасиетті, екеуін бір-бірімен салыстыруға келмейді», «Бұл ұғым атеистік немесе кеңестік идеологиядан туған» деп пікір қалдырыпты бірқатар желі қолданушылары.
Ақын, журналист Ахмет Өмірзақ «Ондай әңгіме бар. Аштан бұратылып, санасы тұманданып тұрған адам үшін рухани байлықтың құны көк тиын! Қанша пафоспен сөйлегенімізбен кітаптың аты – кітап, нанның аты – нан» деп жазыпты. Қалдыбай Бақбергенұлы «Үш дүркін ашаршылықты бастан өткізген халықпыз, нанға деген құрмет қой! «Ораза, намаз тоқтықта» дегенді қазақ босқа айтпады. Әрине, бұдан Құранға деген көзқарас өзгермеу керек» дейді. Бірақ, сыйлы қария әлгіндей сөзді айтып тұрғанда оң- солын енді танып жүрген жас тұлға не ойлауы мүмкін?
Таңжарық Тұрғанқұл «Әуелі тағам, одан кейін кәләм» деген. Құран наннан үлкен, нан Құраннан үлкен. Аш адамда иман болмайды. Құранның қасиеті әріпі мен кітабында емес, мағынасында…» деп пікір қалдырыпты. Күлпара Жұмағали «Бұл кеңес кезінде Құран Кәрімді төмендету мақсатында шыққан сөз. Ешқандай дәлелсіз, бос сөз» дейді. Дәлелденбеген тұжырымға сүйенген бос сөз көпшілік жиналған ортада айтылмаса екен дейміз біз де.
Абай Құнанбайұлы 29-шы қара сөзінде «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар. Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететін іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі. «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой. «Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды? «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, Құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек» дейді.
Біздің де көксегеніміз – әркімнің аузынан шыққан сөзінен мін іздеу емес, білместікпен айтылған сөзден сақ болуға шақыру. Күллі мұсылманның қасиетті кітабы мен ас атасын салыстырған әлгі сөз енді мүлдем қолданылмаса екен дейміз.