Енді мемлекеттен қандай көмек алуға болатындығын Отбасының цифрлық картасынан біле аламыз. Карта отбасы мүшелерінің әлеуметтік статусына қарап, мемлекет тарапынан қандай көмек алуға болатындығын СМС хабарлама арқылы жеткізеді. Сондай-ақ, қағаз құжаттардағы деректер біртіндеп жүйеден шығарылатындығы туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Әлеуметтік кодекс жобасы ЕуроОдақтың Әлеуметтік кодексін назарға ала отырып жасалды. Яғни, мемлекетімізде шетелдік тәжірибені қолданады. Министрдің айтуынша, кодексті әзірлеу барысында қазақ халқының ерекшеліктері ескерілді. Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады.
Т.Дүйсенова 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек орташа табыстан төмен табысы бар азаматтар нақты тұтынушылық шығындарын жабатындай сомада алатын болады деді. Бұл отбасының қаржылай қиындықтарын жеңуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Қазір елімізде аталмыш көмек күнкөріс деңгейіне қарап беріледі. Биылғы жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 40567 теңгені құрады. Тағы бір өзгеріс – отбасындағы мүгедектігі бар адамға отбасы мүшесінің біреуі қамқорлығына алуы. Сол арқылы оған еңбекақы төленеді, тіпті ол әлеуметтік төлемдерді алып, зейнетақы жарналарын да ала алады. Бұл әрекетпен Қазақстандағы жұмыссыздар деңгейін азайтуға болады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әрбір отбасының жағдайын жақсартуға, тұрмыс сапасының артуына күш салуда. Ол бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасасу арқылы аталмыш жобаның нәтижесіне қол жеткізбек. Кодекстің келесі жаңалығы, әлеуметтік жарналарды уақытылы төлеп отырған азаматтардың әлеуметтік төлемдері көбейеді. Егер жұмыссыз қалсаңыз, жарна төлеген уақытына сәйкес келесі жылдан бастап, алты айға дейін бұрынғы табыстың 45%-ын ала аласыз.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілерге қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл зейнетақының өсуіне алып келеді.
Сонымен қатар, министр Үкімет отырысында жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін де айтты.