2023 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақының мөлшері тағы көтерілді. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер де өседі. Алайда инфляция ол шаралардың тиімділігін жоққа шығаруы әбден мүмкін. Былтыр қымбатшылық рекордтық көрсеткішке жетті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 22,3 пайызға қымбаттап кеткен. Ал 2023 жылы инфляция шарықтау шегіне жетеді деген болжам бар. Отандық экономистер биылғы жылы елдің жағдайы не болаты жайлы өз болжамдарын айтады.
GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық: «Өткен жылдың соңында инфляция 20 пайыздың үстінде тұрды. Бұл – бір жылдық инфляция. Ал биылғы жылы одан да жоғары болады деген сөз. Ол 2023 жылдың бірінші тоқсанында көрінеді. Әрине, жоғары инфляция азаматтарымыздың төлем қабілеттілігін төмендетеді. Халықтың табысы артып жатыр деп айтқанмен, керісінше, нақты табыстың төмендеуі байқалады. Адамдардың айлығы өсіп жатқан сияқты, бірақ ол инфляцияға жете алмай келеді. Осылайша, халықтың нақты табысы бағаның өсуіне ілесе алмай тұр. Соның салдарынан елдің өмір сүру сапасы төмендейді, кедей адамдардың қатары көбейеді.
Осындай жағдай болайын деп тұр. Келесі жылы инфляцияның шарықтау шегі болатынын сарапшылардың алдын ала не үшін айтып жатқаны да түсінікті. Ал себебін, көбінесе, әлемде болып жатқан жағдайда келтіріп жатқандар бар. Бұл әлемдегі инфляция, бізде де солай дейді. Ол фактор да бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, шынын айту керек, бұл ішкі мәселеге байланысты болып отыр. Өзіміздің ақша-несие саясатын ұйымдастыруда және контрциклдық бюджет саясатын құруда үлкен қателіктер бар», – дейді.
Экономист Сапарбай Жұбаев: «2023 жылы үлкен қиыншылық болмайды. Сол былтырғы жағдай қалай болса, сондай болып қалуы мүмкін. 2022 жылы біз Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың салдарын көрдік. Инфляция күрт көтерілді, қант мәселесі, бидайға қатысты шектеулер болды. Содан ұн өнімдері қымбаттады. Осының бәрі бізге әсер етті. Биылғы жылы да ештеңе өзгермеуі мүмкін. Осы орайда инфляцияға қатысты тағы маңызды бір мәселеге тоқталсам деймін. Былтыр ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Демек, кредиттердің ставкасы да өсті. Енді бизнесмендерге жоғары пайызбен алған кредитті қайтару керек. Олар тауардың бағасын түсірмейді, керісіше, көтере береді. Коммерциялық банктер кредитке беретін ақшаны ұлттық банктен алады ғой. Сосын депозиттердің мөлшермесін өтейді. Ал өндірістер мен кәсіпорындарға жоғары пайызбен қарызға береді. Сонда 2023 жылы баға кемінде 17 пайызға көбеюі керек, болмаса кәсіпкерлер кредитке алған ақшасын қайтара алмайды. Осы мәселе биылғы жылдың инфляция деңгейін белгілейді. Одан қашып құтыла алмаймыз», – деген пікірде.
Жақында Дүниежүзілік банк 2023 жылы жаһандық рецессия басталуы мүмкін деген болжам жасады. Себебі әлем бойынша орталық банктер инфляцияны тежейміз деп, проценттік мөлшерлемені бір уақытта көтеріп жатыр. Ал жаһандық рецессия кезінде дамушы елдердің жағдайы қиындайды, экономиканың дамуы қатты тежеледі. Әріптестерінің пікіріне үн қосқан экономист Қайырбек Арыстанбеков болса: «Былтырғы жағдай биыл да сақталады. Бірақ инфляция үкіметтің халықтың табысын көтеру саласындағы шаралардың тиімділігін жоққа шығаруы әбден мүмкін. Инфляцияны дұрыс бақылай алмағандықтан, мемлекеттік бюджет саясаты қамтитын бүкіл әлеуметтік жобаларға қауіп төніп тұр. Мысалы, жалақыны көтереді, жәрдемақыны өсіреді. Бірақ баға көтеріліп, қосып берген ақшасын инфляция «жеп қойып отырса», одан не пайда?» – дейді. Сарапшы сөзінің жаны бар, сондықтан: «Инфляция қосқан ақшаны қылғытып жұта берсе, одан қара халыққа келер қандай пайда бар?» – деген заңды сүрақ туындары хақ. Шынында да, қандай? Ендеше, қалың жұртшылықты мазалайтын да осы сауалдың жауабы демеске амал жоқ.