Ақтөбе облысының Алға, Шалқар аудандарында Қазақстан РеспубликасыТәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ауылшаруашылығы еңбеккерлері күні аталып өтті. Алғадағы шара «Ұлттық дәстүр – ұрпаққа мұра» деп аталды. Бұл ауқымды шараға аудандағы барлық шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер қатысып, шараның жоғары деңгейде өтуіне тікелей атсалысты. Мереке қарсаңында ұлттық спорттың түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, көкпар тартылды.
Шарада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, Ақтөбе облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова ауыл шаруашылығы мамандарына Алғыс хат, сый-сияпат ұсынды.
Мереке аясында ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіре білу мақсатында «Ұлттың мирасы» атты этнофестиваль байқауы өтті. Фестивальға Алға қаласы мен аудандағы 12 ауылдық округтерден барлығы 43 адам қатысып, бақтарын сынады. Олардың ішінен 12 жеңімпаз анықталды.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күні аясында аудандағы Бесқоспа ауылында ат бәйгесі ұйымдастырылды. Бәйгеге тігілген арнайы жүлдені жеңіп алу үшін Астана, Орал, Қызылорда және Ақтөбе облысына қарасты аудандардан келген шабандоздар тұлпарын топқа салды. Барлығы 45 сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – тай жарысы, құнан жарысы, аламан бәйге болып үш топқа бөлінді.
Ең қызығы – аламан бәйге. 25 шақырымдық аламан бәйгеге 4 жүлде тағайындалды. Бұл жарыста 17 жүйрік бақ сынап, бас жүлде Алға ауданына қарасты Тоқмансай ауылынан келген Артур Шынтаевтың «Бізқасқа» атты сәйгүлігіне бұйырды (жүлде қоры – 1 млн теңге). Ал жаппай көкпарға Ақтөбе қаласы мен облысқа қарасты аудандардан келген 20 шабандоз қатысып, бақтарын сынады. 20-30 кг салмақтағы серкені қазандыққа лақтырып, ұпай жинайтын жарыста өзгелерден оза шапқандар да еңбегіне лайық марапатқа ие болды. Қазақша күрес (түйе палуан) додасына қатысқан 18 палуанның ішінде Қызылорда облысынан келген келген палуандар жүлделі І, ІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар қол күрес, қой көтеру, арқан тартыс, ләңгі тебу, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, жеңімпаздардың барлығы да ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Дәстүрлі әндер шырқалған концерттік бағдарлама марапаттаулармен жалғасты.
Дәл осындай ел мен жердің мерекесі Шалқар ауданында да өтті. Мереке аудан орталығындағы қолайлы бағадағы өнімдер ұсынылған жәрмеңкенің ашылуымен басталды. Ауданға қарасты 12 ауылдық округ пен Шалқар қаласынан төрт-түліктің ет-сүтімен қатар, кондитерлік, бау-бақша, т.б. өнімдері сатылымға қойылды. Ал қазан-қазан палау мен ыстық бауырсақ мерекеге жиналған халыққа тегін таратылды. «Қымызмұрындық» байқауына аудандағы барлық округтен әкелінген қымыз бен ұлттық тағам түрлері қойылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығын ашқан Шалқар аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Айбек Сембай осы салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылықтарында мүйізді ірі қара – 48248 бас, қой-ешкі – 125022 бас, жылқы – 34000 бас, түйе – 13036 басқа жетті. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда мал басы саны едәуір артқаны байқалады. Жыл басынан бері 7047,2 тонна ет (тірілей салмақта), 12321,3 тонна сүт, 440,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы аудан бойынша 12 трактор, 36 мал азығын дайындайтын ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасымен 27 ауылшаруашылық құрылымдары 542 бас ірі қара сатып алынды. Осы бағдарлама бойынша бүгінгі күнге аудан бойынша 6 ауылшаруашылық тауар өндірушілер 1200 бас қой сатып алынды, – деді ол.
Алыс жайылымдарды суландыру бағытында Шалқар ауданында 58 ұңғымалы құдық қазылған. Малдың жемшөбін дайындау да жүйелі жүргізіліп отыр: аудан бойынша жалпы 234500 тонна шөп дайындалып, қыстақтар мен жұртшылық ауласына тасылып алынған. Мереке аясында үздік еңбеккерлер марапатталып, спорттық, концерттік шаралар ұйымдастырылды.