Алматыда кезекті шағын өнеркәсіп паркі салынады. Жоба «Алматы бизнес – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның басты қаржыландыру мақсаты – туризм, өндіріс, өңдеу, инновация және экспорттық жобаларды қолдау, креативті индустрия, әлеуметтік саладағы жобалар, яғни мектеп салу, балабақша, спорт нысандарын салуға жеңілдетілген несиелер беру. Жауаптылардың айтуынша, жаңа нысан өз жұмысын Алматы индустриялық аймағында 2025 жылы қаңтарда бастайды.
Бұл – Алматы индустриялық аймағында бой көтеріп жатқан жаңа шағын өнеркәсіп паркінің құрылысы. Нысан ашылғаннан кейін мұнда 400-ге жуық жұмыс орны беріледі деген жоспар бар. Өндіріс паркі жалпы ауданы шамамен 2,5 мың шаршы метр болатын аумақта орналаспақ.
– Өндіріс паркінің екінші бөлігі салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары былтыр тамызда басталған. Қыркүйекке дейін аяқтап, 2025 жылы жұмысын бастайды деген жоспар бар, – деді инвестор Якубжан Искандиров.
Сондай-ақ бұл алаңдар бизнеске жеңілдетілген шарттармен жалға беріледі. Яғни әр шаршы метр үшін кәсіпкерлер 1350 теңгеден төлейді.
– Бағыттардың бірі – шағын өнеркәсіп парктерін қаржыландыру. Айта кетсек, шағын өндірістік парктің негізгі идеясы – шағын және орта кәсіпкерлерге өндірісті бастауға дайын инфрақұрылымды жеңілдетілген жалға беру, – деді «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.
Ал тау-кен жабдықтарын жөндеумен айналысатын кәсіпорын 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Азаматтар «кәсібіміз шағын өнеркәсіп паркінде өркендейді» деп 3 жыл бұрын осында орналасыпты. Кәсіпкер «бизнес иелері үшін жасалған жағдай, дайын инженерлік инфрақұрылым көңілімізден шықты» дейді.
– 2019 жылдан бері кәсібіміз үшін қолайлы орын іздедік. Араға 2 жыл салып, индустриалдық аймаққа келдік. Біздің салаға көгілдір отын қажет, сондықтан осы жер ыңғайлы болды. Кәсіпкерлер үшін жақсы жағдай жасалған. Қажеттінің бәрі бар, – деді кәсіпкер Мерхат Байғожинов.
Алматы қаласы аумағында 30-дан астам шағын өнеркәсіп паркі жұмыс істейді, оның 11-ін «Almaty Finance» қаржыландырған. Кәсіпкерліктің арқасында бүгінде Алматы ел экономикасының шамамен бестен бір бөлігін, бюджеттің төрттің бір кірісін қамтып отыр. Ал өңірлік экономиканың қазір 47,5 пайызын қалыптастыруға шағын және орта бизнестің өзі қауқарлы. Шаһарда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар да аз емес. Мысалы, «Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы бизнес саласына қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетуге бағытталған. Оның аясында жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын 500 млн теңгеге дейінгі сомада жеңілдетілген несие беріледі. Соңғы бес жылдың ішінде бағдарлама шеңберінде сомасы 27,5 млрд теңгені құрайтын 508 жоба қаржыландырылып, 3 мың 600 жұмыс орны құрылған