Алматының санитарлық жағдайын және эстетикасын жақсарту мақсатында 2025 жылы 581 жаңа контейнерлік алаң салу және 1 683 тереңдетіле көмілген контейнер орнату жоспарланып отыр.
2025–2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы Мәслихат сессиясында қаралады. Бұл туралы қалалық Мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Заманауи контейнерлер кеңістікті тиімді пайдаланып, алаңдарды ықшамдаа, жағымсыз иістің алдын алып, құстар мен бұралқы жануарлардан қорғайды. Қазір қалада 786 тереңдетіле көмілген контейнер орнатылған, бұл тұрғындар үшін тазалық пен жайлылықты қамтамасыз етуге жасалған маңызды қадам.
Сонымен қатар, 2024 жылы Алматыда 1 м³ көлеміндегі 1800 пластик евроконтейнер сатып алынды. Бұл контейнерлер тұрмыстық қалдықтарды жинауды жеңілдетіп, қоқыс шығару үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, 2012 жылы Алматыда 197 тереңдетіле көмілген контейнерлік алаң және 1 001 контейнер салынған болатын. Алайда 10 жылдық пайдалану кезеңінде бұл контейнерлер агрессивті орта әсерінен қатты тозған. Осыған байланысты қалада сапасы жоғары жаңа контейнерлер сатып алынуда.
Жаңа контейнерлер жоғары сапалы экологиялық таза полиэтиленнен жасалған. Әлемдік стандарттарға сай, амадан тыс тозуға төзімді, технологиясы материалдың біркелкі қалыңдығын және беріктігін қамтамасыз етеді.