Сәуір айының 2 жұлдызында қаламыздағы Ұлттық кітапханада «Мағрипа Жылқыбаева – Алтын адамның аманаты» атты дөңгелек үстел форматындағы конференция ұйымдастырылды. Ғылыми мекемелердің профессор-оқытушылар құрамы қатысқан мазмұнды басқосуда ғалымның «Алтын адамның аманаты», «Алтын адамның мұрасы» және «Құпия күштер құдіреті» деген еңбектері жайында баяндамалар жасалды.
Мағрипа Жылқыбаева – кванттық физика негізінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мұрасын зерттей отырып, прото дәуірдегі алғашқы адамзат тіліне әлемде алғаш рет ғылыми түрде дешифровка жасаған табиғаттанушы ғалым. Ол – Алтын адамдардың Жер шарындағы ауқымды ерекшеліктерін сараптау арқылы Сақ дәуірінің қорғандары мен Көк Түрік кезеңіндегі пирамидалардың сырын ашқан тұңғыш қазақ ғалымы. Бұған дейін де Есік қорғанындағы «Алтын адамның» жазбаларына назар аударған зерттеушілер болған. Алайда, күмістен жасалған зереншеге қашалып жазылған 26 таңбаның жаһандық маңызын ғылыми тұрғыда негіздеген жалғыз ғалым – Мағрипа Жылқыбаева. «Алтын адамның» таңбаларын отыз жыл бойы зерттеп, олардың құпиясын физика-математикалық тәсілдер арқылы ашқан әлемдегі ең алғашқы физик-ғалым.
Жиын қонағы профессор Гүлзия Пірәлиева (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты), А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері жас студенттерге сөз арнады. Профессор Мағрипа Жылқыбаеваның тек физика әлеміне ғана қызығушылығы шектелмей, бұл кісінің энциклопедист, тарихи тұлға ретінде өзін көрсеткенін айтты.
«Ғылымды, мәдениетті, зиялы адам болу үшін жан-жақты болу керек. Сондықтан ұлттың тарихы, ұлттың мәдениеті мен әдебиетін әр қырынан танитын болсаңыздар, Мағрипа апа сынды үлкен жетістікке жетіп, керемет тұлға бола аласыздар», – деп жастарға кеңес берді.
«Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы кезінде Мағрипа Шөжеғұлқызымен жүздескен сәтінде тарихи-мағлұматтық мазмұндағы әңгімелерді қайта жаңғыртып, сол сәттер жайлы өз естеліктерін ортаға салды. Соның бірі ретінде болған кішігірім оқиғаны сипаттап өтсек. Ертай Айғалиұлы мен Мағрипа апай екеуі бірге Кеген ауданына саяхаттап, «Алтын адамға» қатысты деректерді зерттеуге кірісті. Осында алтын қала, пирамида, таулы аймақта көне жазулар бар екенін Мағрипа апай алдын ала айтқан екен. Сонымен қатар, екінші «Алтын адам» бар екенін дәлелдейді. Ертай ағай «осында келіп көргенсіз бе?» деп еді: Мағрипа Жылқыбаева бұл аймақта мүлдем болмағанын баяндады. Алайда, алдын ала барлығын біліп отырғаны Ертай ағайды таңғалдырды. Осыған орай, бас редактор өз сөзінде көпшілік жиі қозғай бермейтін, алайда тереңінде мол қазына жатқан тақырыптардың маңызын атап өтіп, егер сол бағыттарды терең зерттеп, зерделей алсақ, болашақта үлкен серпіліске, өркендеуге жол ашылатынын жеткізді.
Мағрипа Жылқыбаева – әлемде алғаш рет көне дәуірлерден жеткен құпия жазбаларды, таңбаларды кеңістікте оқу тәсілін ойлап тапқан зерттеуші ғалым. Жартас беттеріндегі суреттер мен тарихи мұралардағы кодталған жазуларды кванттық оптика әдістері арқылы тану тәсілі – Мағрипа Жылқыбаева енгізген жаңалық. 1989 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ғалым «Алтын адамның» күмістен құйылған зереншесінде бейнеленген 26 таңбаны оптика ғылымы арқылы зерттеумен айналысты. Сондай- ақ, ол еліміздің аумағындағы және шетелдердегі мыңнан аса жартас жазбалары мен көне каллиграфиялық бейнелердің құпиясын ашқан бірегей зерттеуші.
Жиын рухани байлыққа, білім мен ілімнің терең тамырына толы мазмұнды әрі әсерлі өтті. Сан қилы ой айтылып, саналы сөздер өрілді. Өмір көрген ағайлар мен ақылшы апайлар студенттерге ақ батасын беріп, жүрекжарды лебіздерін арнады. Олар болашаққа сеніммен қарауға, ұлттың рухани байлығын ұлықтауға үндеп, әр студентке сәттілік пен табыс тіледі.
Камила ТАСТАНБЕК,
Алматы қаласы