Қырғыз жазушысы Әбдікәрім Мұратов бұған дейін қазақ тілінде шыққан «Шегемдік қыз» әңгімелер жинағы арқылы оқырманға танымал. Ол кітаптың аударылуына себепші болып, редакторы ретінде қызмет етіп, кітаптың «Шабыт» баспасынан жарық көруіне атсалысқан едім. Енді бұл жолы Әбдікәрім Мұратовтың «Кептерхана» атты әңгімелер жинағы қазақ оқырмандарына жол тартты. Бұл әңгімелер жинағының аудармашысы – жазушы, көптеген республикалық байқаулардың жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар одағы Проза кеңесінің төрағасы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Әбділдабек Салықбай.
Қазіргі әдебиетте, оның ішінде прозада адам жанының қалтарысына сүнгіп, қазып, тіршіліктің қоңыр үнін жоғалтпай жеткізу – сирек қасиет. Осы тұрғыдан келгенде, қырғыздың көрнекті қаламгері Әбдікәрім Мұратов әңгімелері қазақ оқырманына да етене жақын. Оның «Кептерхана» жинағындағы бірқатар туындылар – бүгінгі заманның тамырын басып, өткеннің елесін оятып, болашақтың көлеңкесін аңғартатын дүниелер.
Бұл жақындық – жай ғана тақырып ұқсастығы емес, бұл – тамыр бірлігі. Қазақ пен қырғыз әдебиетінің ежелден жалғасқан рухани байланысы бар. Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан қырғыздың Манас жырын зерттеп, әлемге танытса, Шыңғыс Айтматов қырғыз бен қазақ өмірін қатар суреттеп, оның шығармалары қазақ оқырманына төл дүниесіндей сіңді. Бұл – екі халықтың әдеби кеңістігі бір-біріне айна болғанының айғағы. Әбдікәрім Мұратов прозасы да осы алтын арнаның жалғасы.
«Қайта оралшы, қарлығаштарым!» – жоғалған ұяның зары
Бұл әңгіменің өзегі – сартап сағыныш. Бірақ ол жай ғана сағыныш емес, тамырынан ажыраған адамның ішкі күйзелісі.
Қарлығаш – қазақта да, қырғызда да қасиетті ұғым. Ұя салған жерін тастамайтын құс. Ал адам ше? Адам өз ұясын тастап кете береді.
Автор осы символ арқылы тұтас бір дәуірдің трагедиясын ашады. Ауылдан қалаға ағылған жұрт, бос қалған қара шаңырақтар, иесіз қалған ұялар… Қарлығаштар үйренген ұясына қайтпай қалды. Өйткені адам өзі қайтпады.
Бұл сарын Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» тәрізді шығармаларындағы рухани жатсынумен үндес. Ал қазақ әдебиетінде мұндай мұң Оралхан Бөкей прозасынан анық сезіледі. Демек, бұл – жеке автордың емес, тұтас түркі дүниесінің ортақ зары.
Мұнда пафос жоқ. Тек іштен тынған мұң бар. Басқа сөзбен айтқанда, «жүректің ішінде үнсіз жылап тұрған бір дауыс».
«Кептерхана» – өмірдің өзі бір ұшып-қону
Жинақтың өзегін ұстап тұрған туынды – «Кептерхана».
Кептер – бейбітшіліктің ғана емес, адам жанының символы. Кептер ұшады, қайта қонады. Кейде адасады, кейде жоғалады. Адам да солай.
Бұл философия қырғыз прозасында Шыңғыс Айтматовтың кейіпкерлерінен көрінсе, қазақ әдебиетінде Қалихан Ысқақ пен Төлен Әбдік шығармаларындағы адам тағдырының иірімдерімен үндеседі. Әңгімедегі негізгі ой – қарапайым, бірақ мәңгілік: «Бұл дүние бейне бір кептерхана: біреу келсе, біреу кетіп жатады...»
Автордың шеберлігі – осы қарапайым ойды терең философиялық түйсікке айналдыра алуында. Әңгіме оқиғадан гөрі күйге құрылған. Әр кейіпкер – бір кептер. Әр тағдыр – бір ұшып-қону.
«Қаңтардағы дода» – рух пен бәсекенің тартысы
Бұл туындыда ұлттық ойын – көкпар (көкбөрі) арқылы адам табиғаты ашылады. Көкпар – қазақ пен қырғызға ортақ өркениеттік код. Ол тек ойын емес, мінездің мектебі. Дода – рухтың сыналар жері.
Автор көкпар сахнасын суреттей отырып, оқырманды тек сыртқы әрекетке емес, ішкі психологияға жетелейді. Бұл тәсіл Сайын Мұратбековтің қарапайым ауыл өмірін терең психологиялық деңгейде беруімен де, қырғыз әдебиетіндегі эпикалық тыныспен де үндеседі.
Бұл әңгімеде көкпар – символ. Ол – өмірдің өзі: тартыс, талас, жеңіс пен жеңіліс.
«Үйдің үлкені» – үнсіз жауапкершілік
Бұл әңгіменің күші – қарапайымдылығында.
Қазақ пен қырғыз қоғамында «үйдің үлкені» деген ұғым – моральдық категория. Бұл тек жас емес, бұл – жүк. Осы тақырып Дулат Исабектің «Әпке» драмасында да, қырғыз жазушысы Топшыгүл Шайдуллаеваның «Намазшам гүл» әңгімесінде де кең көрініс тапқан. Үшеуінде де «Үйдің үлкені», әпкелері бауырларына қараймын деп тұрмысқа шықпай қалады. Өз бақытын іні-сіңлілерінің бақыты үшін құрбандыққа шалады.
Автор осы образ арқылы қырғыз болмысының бір қырын ашады. Үйдің үлкені көп сөйлемейді. Бірақ бәрін көтереді, нардың жүгін арқалайды.
Бұл – үнсіз ерлік. Бұл – ұмытылып бара жатқан қасиет.
«Профессор… Қиқар студент… Жасанды интеллект» – жаңа дәуірдің айнасы
Бұл – жинақтағы ең заманауи әңгімелердің бірі. Мұнда автор дәстүрлі тақырыптан шығып, бүгінгі технологиялық кеңістікке өтеді. Бірақ мәселе техникада емес – адамда.
Профессор мен студент арасындағы тартыс – ұрпақтар қақтығысы. Ал жасанды интеллект – сол қақтығыстың жаңа көрінісі. И.Тургеновтің «Әкелер мен балалар» романындағы сияқты алдыңғы буын кейінгі буынға күдікпен, қорқынышпен қараған. Өйткені жастар өмірге мүлдем басқаша қарайды. Жасанды зерде мәселесі әлем әдебиетінде де көтеріле бастады. Қазақ әдебиетінде Төлен Әбдіктің философиялық прозасындағы адам мен сана мәселелерімен іштей үндессе, қырғыз прозасында да жаңа заман тақырыптары осылайша бой көтеріп келеді.
Ең өзекті сұрақ өзгермейді: техника дамыды, бірақ адам өзгерді ме?
Машина адамның орнын баса алады. Бірақ оның жүрегін алмастыра алмайды.
Қоңыр үннің қуаты
Әбдікәрім Мұратовтың әңгімелерінде жалған пафос жоқ. Бірақ әсер бар. Бұл – қазақ пен қырғыз әдебиетіне ортақ «қоңыр үннің» жалғасы.
Мұхтар Әуезовтен бастау алған, Шыңғыс Айтматов арқылы әлемге жеткен, бүгінгі қаламгерлер жалғап келе жатқан сол қоңыр сарын – адам жанының шындығын айту дәстүрі. Мұратов прозасы да осы арнаны жалғайды. Ол оқырманға дайын жауап бермейді. Сұрақ қалдырады.
Сол сұрақтың ең ауыры – мынау: біз қайда бара жатырмыз?
Ал ең мұңдысы – ата-бабаларымыз алтын қазық қылып қағып кеткен айнымас ұстындарымызға, түп тамырымызға қайтып орала аламыз ба? Әлде жаһанданудың жетегінде желқайықтай жүйткіп, бағыт-бағдарымыздан адасып қаламыз ба?
Ал аталған әңгімелерді қазақша сөйлеткен жазушы Әбділдабек Салықбай еңбегін бөле-жара атау – орынды ғана емес, заңды. Өйткені бұл – жай аударма емес, рухани дәнекерлік, әдеби көпір салу ісі.
Әуелі ол әріптесі Әбдікәрім Мұратовтың жазу мәнерін бұзбай, ішкі ырғағын жоғалтпай, қоңыр сазын сол күйінде жеткізе білген. Түпнұсқаның тынысын сақтай отырып, қазақ оқырманына жатық, табиғи тілмен сөйлету – үлкен шеберліктің белгісі. Бұл жерде аудармашы автордың көлеңкесінде қалып қоймайды, оның сөзін «қайта тірілтіп», қазақтың бай тілімен оқырманына жатық жеткізеді.
Ол мәтінді қазақшаға жай ғана «аударып» қойған жоқ – оны мәдени тұрғыдан бейімдеді, ұлт жадын ескеріп, таным көкжиегін кеңейтті. Қарапайым оқырманға тосындау естілуі мүмкін қырғыз тұрмысындағы «сұпы», «шерине», «әбдесте» секілді ұғымдарға түсінік беріп, олардың тек сөз емес, тұтас өмір салтының бөлшегі екенін аңғартты. Бұл – аудармашының тек тіл білгірі емес, этнографиялық танымы терең зерделі қаламгер екенін көрсетеді.
Сонымен қатар ол тарихи-тілдік әділеттілікке де ден қояды. Орыс отаршылдығының ықпалымен бұрмаланып кеткен жер-су атауларын қалпына келтіру арқылы түркілік түпнұсқаны қайта тірілтеді: «Әндіжан» емес – Әнжиан, «Енисей» емес – Енесай, «Ферғана» емес – Парғана. Бұл – білгішсіну емес – атаудың ар жағындағы тарихты, жадты, болмысты қайтару, түпнұсқа атауды қалпына келтіру.
Осы тұрғыдан алғанда, Әбділдабек Салықбайдың аудармасы – тіл ауыстыру ғана емес, мағына көшіру, рух жеткізу, тіпті бір жағынан тарихи санаға қызмет ету. Мұндай еңбектер арқылы қазақ пен қырғыз әдебиетінің арасындағы рухани байланыс жаңғырып, бұрынғыдан да тереңдей түсері хақ.
Қырғыз жазушысы Әбдікәрім Мұратовтың «Кептерхана» әңгімелер жинағы қазақ оқырмандарының көңілінен шығады деп ойлаймын. Бұл кітаптағы әңгімелерді оқыған жан керемет әлемге еніп, соңына дейін жеткісі келіп, оқыған үстіне оқи түсетіні анық.
Саят ҚАМШЫГЕР,
ақын, аудармашы,
Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
ҚР Ақпарат саласының үздігі















