АЛТЫН ҰЯҒА ЕЛУ ЖЫЛДАН СОҢ: БІР КУРСТЫҢ ТАҒДЫРЫ – БІР ДӘУІРДІҢ ТАРИХЫ

АЛТЫН ҰЯҒА ЕЛУ ЖЫЛДАН СОҢ:  БІР КУРСТЫҢ ТАҒДЫРЫ – БІР ДӘУІРДІҢ ТАРИХЫ

Қазақ ауыл шаруашылығы институтының 1976 жылғы экономика факультеті түлектері араға жарты ғасыр салып, бүгінгі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде бас қосты. Адам өмірінде уақытпен өлшенгенімен, жүрекпен өлшенбейтін кезеңдер болады. Соның бірі – студенттік шақ. Жарты ғасыр өтсе де, бірге өткізген жастық жылдардың қызығы, алғашқы дәріс, алғашқы емтихан, жатақханадағы әңгіме, ауылшаруашылығы жұмыстарына бірге аттанған күндер ұмытылмайды.

1971 жылы сол кездегі Қазақ ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түскен бір топ жас та өздерінің өмір бойына жалғасар достығы дәл осы оқу ордасында басталатынын ол кезде білген жоқ еді. Содан бері 55 жыл өтті. Ал 1976 жылы жоғары білім туралы диплом алып, үлкен өмірге қадам басқандарына биыл тура 50 жыл толып отыр. Осы тарихи межеге орай 1971-1976 жылдары бірге білім алған түлектер Алматыдағы өздерінің алтын ұясы – бүгінгі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде қайта бас қосты. Бұл қатардағы мерейтойлық кездесу ғана емес еді. Жарты ғасыр бұрын осы оқу ордасынан алған білімін ел игілігіне жұмсаған бір буынның өткен жолына есеп берген, өмірден түйгенін бүгінгі жастарға аманаттаған тағылымды жүздесу болды.

Бірге оқыған ғалымдар мен мемлекет қызметкерлері

 

1976 жылы диплом алған түлектердің кейінгі еңбек жолына көз салсақ, бір факультеттің бір жылғы түлектері арасынан ғылымда, мемлекеттік басқаруда, қаржы жүйесінде, жергілікті атқарушы органдарда, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікте танылған азаматтардың көптеп шығуы назар аудартады. Солардың бірі – Жұмағали Жалпақов. Ол небәрі 37 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде бөлім меңгерушісі деңгейіне дейін көтерілген. Өкінішке қарай, болашағынан үлкен үміт күттірген азамат 1996 жылы өмірден өтті.  

Курстастар мақтанышпен атайтын тұлғалардың бірі – Сәкен Еспаев. Экономика ғылымдарының докторы, академик ретінде ол отандық экономикалық ғылымның дамуына елеулі үлес қосты. Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтын басқарды. 1996–2012 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының құрылымдық бөлімдерінде басшылық қызмет атқарды. Оның ғылыми мұрасында 60-тан астам еңбек, соның ішінде 29 монография бар. 

Ғылым мен жоғары білім саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен тағы бір түлек – Сәрия Баймұханова. Экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры С.Б. Баймұханованың 140-тан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегі жарық көрген. Олардың қатарында төрт оқулық, төрт монография және он бір оқу құралы бар. Ғалым өзінің ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық тәжірибесін бірнеше буын студенттер мен жас зерттеушілерді даярлауға арнады. Мемлекеттік қаржылық бақылау саласында еңбек еткен Алтынбек Ормышев Алматы облыстық Бақылау-тексеру басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Кейін тарихи зерттеулерге ден қойып, Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған көлемді «Ұлы дала ақиқаты» тарихи еңбегінің екінші авторы болды. Ол туған өңірінің қоғамдық өміріне белсенді араласып, Бақанас өңірінің құрметті азаматы атанды.

 

Ел басқарған, ауылды 

көркейткен азаматтар

 

Түлектер арасынан аудан басқарған азамат та шықты. Болатбек Қапсалямов Талдықорған облысының Үйгентас ауданын басқарды. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрып, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – «Қалқаман» шаруа қожалығын дамытуға атсалысты. Ол Алакөл ауданының құрметті азаматы.

Ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуда Аманжол Әкетаевтың да еңбегі ерекше. Ол Жамбыл облысы Меркі ауданындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Жылыбұлақ-Меркі» ЖШС-нің иегері. Аманжол Әкетаев пен жұбайы Сандуғаш Әкетаева үшін бұл кездесудің тағы бір ерекше мағынасы бар. Екеуі де бір курста бірге білім алған. Студенттік шақта басталған таныстық кейін отбасылық өмірге ұласып, бүгінде олар курстастарына ғана емес, кейінгі буынға да сыйлы отбасы.

Түлектер арасында мемлекеттік басқару мен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген азаматтар да аз емес. Досбол Үкібасов Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде нұсқаушы, кейін облыстық жылжымайтын мүлік және жекешелендіру саласындағы департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін жылжымайтын мүлікті бағалау саласында кәсіпкерлікпен айналысты. Ол – Ордабасы ауданының құрметті азаматы.

Серік Жұманов Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарса, Самархан Байжанов Семей өңіріндегі Таскескен және Аягөз аудандарында ұзақ жылдар бойы жергілікті атқарушы билікте еңбек етіп, әр кезеңде алты аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Самархан Байжановқа Аягөз ауданының құрметті азаматы атағы берілген.

Экономика факультетін тәмамдаған түлектердің кәсіби жолында қаржы, бақылау және салық саласының алатын орны ерекше. Бақытбек Диханбаев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитетінде бас сарапшы қызметін атқарды. Курстастарының арасында абыройлы болған азамат 2025 жылы өмірден өтті. Кемал Смағұлов Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің орталық аппаратында бас аудитор-тексеруші болып еңбек етті.

Әлімбек Жандарбеков Жезқазған облысы Ұлытау ауданының салық комитетін, Рымғали Жүмәділов Семей облысы Бесқарағай ауданының салық комитетін, Омаржан Мушрапилов Алматы облысы Ұйғыр ауданының салық комитетін басқарды. Олардың әрқайсысының еңбек жолы еліміздегі қаржы тәртібін нығайту, бюджет кірістерін қамтамасыз ету, мемлекеттік бақылау мен салық жүйесін қалыптастыру кезеңдерімен сабақтасып жатыр. Бір курстың түлектері арасынан ғалымның да, мемлекеттік қызметкердің де, аудан әкімінің де, қаржыгердің де, салық саласының басшысының да, кәсіпкердің де шығуы – ең алдымен сол кездегі экономикалық білім мектебінің әлеуетін көрсететін тағылымды құбылыс.

 

Өмірден өткен 

достар – жүректе

 

Елу жылдық кездесу тек қуаныштан тұрған жоқ. Жарты ғасырлық жолда қатар сиреді. Бір аудиторияда дәріс тыңдап, бір дастарханнан дәм татып, студенттік қызықты бірге өткізген талай азамат бүгінде арамызда жоқ. Жұмағали Жалпақов, Бақытбек Диханбаев және өмірден озған өзге де курстастардың есімдері кездесуде ерекше сағынышпен еске алынды.

Жастық шағын бірге өткізген адамның өмірден өтуі – бір дәуірдің бір бөлшегінің алыстауы секілді. Бірақ адам артында жақсы аты, елге жасаған қызметі, отбасы мен ұрпағы, достарының жүрегіндегі естелігі қалғанда ұмытылмайды. Сондықтан бұл кездесуде өмірден өткен курстастарға тағзым ету – мерейтойдың ең толғанысты сәттерінің бірі болды.

Түлектерді бүгінгі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы жылы қабылдады. Кездесуге университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гульмира Егизбаевна Алпысбаева, Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурқызы Ажинурина тарапынан қолдау көрсетіліп, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен даму бағыттары таныстырылды. Түлектер үшін университеттің қазіргі келбетін көру ерекше әсерлі болды. Олар өздері білім алған кезең мен бүгінгі білім беру ортасының мүмкіндіктерін салыстырып, жарты ғасыр ішінде жоғары білім беру жүйесінің қаншалықты өзгергенін көрді. Алайда ғимарат өзгергенімен, студенттік рухтың өзгермейтіні анық. Кеше ғана осы оқу орнының аудиторияларында отырған жастар бүгінде ақсақалдық жасқа жетіп, енді өздері кейінгі буынға бата беретін деңгейге келді.

Түлектердің тартуы

 

Кездесудің маңызды тұстарының бірі – түлектердің өздері білім алған университетке және бүгінгі студенттерге нақты қолдау көрсетуі болды. Бұл жерде бір жайтты ерекше атап өткен жөн: түлектер университетке «қонақ» болып келген жоқ. Олар – осы оқу ордасының өз түлектері, алтын ұясына жарты ғасырдан кейін қайта оралған азаматтар.

Курстастар Аманжол Әкетаев пен Сандуғаш Әкетаева әлеуметтік қолдауға мұқтаж 15 студентке әрқайсысына қаржылай көмек көрсетті. Жастарға конверттер табысталып, аға буын өкілдері оларға ақ батасын берді. Бұл көмектің көлемінен бұрын тәрбиелік мәні маңызды еді. Өйткені жарты ғасыр бұрын өздері де қарапайым студент болған түлектер бүгінгі жастардың жағдайын түсініп, қолдарынан келгенше демеу көрсетуді азаматтық парыз санады. Сол 15 студентпен университет асханасында бір дастарқан басында отырып әңгімелесу кездесудің ең жылы сәттерінің біріне айналды. Түлектер өздерінің студенттік жылдарынан сыр шертіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Жастар сұрақтарын қойды, ал аға буын оларға білімге адал болуды, еңбектен қорықпауды, адамдық пен достықты сақтауды өсиет етті.

Аманжол және Сандуғаш Әкетаевтар бұдан бөлек университет инфрақұрылымын дамытуға да үлес қосты. №3 «Шаңырақ» студенттер жатақханасына жаңа LED-экран тарту етті. Бұл – туған оқу орнына деген ризашылықтың нақты көрінісі.

Кездесуде материалдық қолдаумен қатар рухани және ғылыми сабақтастыққа да мән берілді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Сәрия Баймұханова өзінің авторлығымен жарық көрген бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп бойынша оқулықтарын университетке сыйға тартты. Бұл кітаптардың мәні ерекше. Өйткені жарты ғасыр бұрын осы оқу орнынан экономист мамандығын алып шыққан түлек кейін өзі профессор, ғалым, оқулық авторы атанып, енді жинаған білімін келесі буынға кітап арқылы қайтарып отыр. Мұндай сабақтастықтың тәрбиелік мәнін ешбір ресми сөз алмастыра алмайды. Кешегі студенттің бүгінгі студентке өз ғылыми еңбегін ұсынуы – білім эстафетасының бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасуының нақты көрінісі.

 

Алғанымен емес, 

бергенімен 

бағаланатын буын

 

Осы кездесудің мазмұнын бір ғана сөзбен жеткізу қажет болса, оны сабақтастық дер едік. 1971 жылы Алматыға арман арқалап келген жас жігіттер мен қыздар бес жыл бойы бірге білім алды. 1976 жылы жан-жаққа тарады. Бірі ғылымға кетті. Бірі мемлекеттік қызметке орналасты. Бірі қаржы мен салық жүйесінде еңбек етті. Бірі ел басқарды. Бірі кәсіпкер атанды. Бірі ауылшаруашылығын өркендетті.

Әрқайсысының тағдыры әртүрлі болды. Бірақ олардың басын жарты ғасырдан кейін қайта қосқан құндылық өзгерген жоқ. Ол – студенттік достық, ұстазға құрмет, туған оқу орнына деген ықылас және елге қызмет ету мұраты.

Самархан Байжановтың курстастарына арнаған өлеңіндегі: «Аты шыққан жандар да көп/ Алғанымен емес, бергенімен» деген жолдар осы буынның өмірлік ұстанымын дәл бейнелейтіндей. Елу жыл – адам өмірінің үлкен белесі. Ал елу жылдан кейін студенттік достықты сақтап, бірге оқыған жолдастарды іздеп, өмірден өткендердің рухына тағзым етіп, туған оқу ордасына қайта келіп, бүгінгі студенттерге қолдау көрсету – уақыттан да ұзақ жасайтын адамдық құндылықтардың бар екенін көрсетеді.

Кездесу аяқталды. Бірақ ол естелік болып қана қалған жоқ. Кешегі студенттер бүгінгі студенттерге батасын берді. Ал жарты ғасырлық достық тағы бір белеске аяқ басты. 1971 жылы басталған сол жол әлі жалғасып келеді.

Кездесуде Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлмира Алпысбаева, Бизнес және құқық жоғары мектебінің деканы Динара Ажинурина мерейтой иелерін құттықтап, аға буын түлектерінің өнегелі жолының маңызын атап өтті.

Экономика ғылымдарының докторы, профессоры Укиляй Керимова ұрпақтар сабақтастығының маңызын жеткізді. 1976 жылғы түлек Самархан Байжанов курстастарының жетістіктеріне тоқталды. Досбол Үкібасов, Кемал Смағұлов және Бақыт Оразбеков студенттік жылдар естеліктерімен бөлісіп, университетке ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында түлектер мен студенттер еркін пікір алмасып, аға буын өз тәжірибесімен бөлісті.

Шаргүл Қасымханқызы

23.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27923
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27413
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44775
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40462
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45096