Павлодар облысында жергілікті құзырлы мекемелер келесі жазда тірілетін маса мен шыбын-шіркейлердің алдын алу жұмысының жоспарын қазірден бастап әзірлеуде. Атап айтқанда, алдғы жылы қансорғыш жәндіктерді улау бағытында бұрын-соңды қолға алынбаған ерекше тәсілдер қолданылмақ. Мысалы аудандардарға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып, су жайылатын алқаптардағы шыбын-шіркейдің көбею ықпалдылығы ғылыми жолмен тексеріледі. Бұдан бөлек, қалаларда әрбір көшеде және саябақта улау жұмысы жүргізілмек.
Бұрнағы күні облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде екі тақырып талқыланды. Олар – ағымдағы жылғы дезинсекциялық жұмыстардың нәтижесі мен келер жылғы жоспары және қала құрылысы саясатын іске асыру мәселесі. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның сөзінше, биыл шыбын-шіркеймен күрес жұмысы үш тәсілмен жүргізілген. Олар – өзен жағалауларын өңдеу, әуеден өңдеу және барьерлік жұмыстар.
– Биыл су қоймаларынан су жіберу 11 күн кеш басталып, бір апта бойы ауа райы 25 градусқа дейін жылы болуы шіркейлердің көбеюіне әсер етті. Ертіс өзенінің бойында 73 тоннадан астам «Бактицид» биологиялық препараты қолданылды. 2 мың литрден астам химиялық препарат шашылды. Қала аумағын қосқанда 40 мыңнан астам гектар аумақ өңделді. Жүргізілген өңдеу жұмыстарының тиімділігі 80 пайыздан аз болды. Сондықтан ғылыми топтың ұсынымдары бойынша күн сайын құрамында үш бірдей белсенді заттары бар «Phobi» химиялық препаратымен барьерлік өңдеулер жүргізілді. Бұл препарат оған дейін пайдаланылмаған еді. Авиаөңдеуді күшейту үшін қосымша екі дельтаұшақ пайдаланылды, – деді Әйгерім Жаңбыртайқызы.
Басқарма басшысының сөзінше, келесі жылға тиесілі шыбын-шіркейді улау жұмысына арналған дайындық шаралары қолға алынып қойған. Атап айтқанда, 18 қыркүйекте «Таза жағалау» айлығы басталған. Оның аясында дернәсілдердің көптеп шығуына себеп болатын жағалаудағы қоқыстар мен құлаған ағаштар жинастырылуда. Бүгінде 400 гектар аумақ тазартылып, 137 тонна қоқыс шығарылған. Келер жылы облыс орталығы бойынша жылда өңделетін аулалардан бөлек, саяжайлар мен қаланың барлық көшелеріне шіркейге қарсы дәрі-дәрмек себіледі. Яғни дезинсекциялық өңдеу жүргізілетін аумақ ұлғайып, тізімге 45 саябақ қосылған. Бұдан бөлек, ғылыми топпен ауқымды шаралар атқарылады.
– Қоймалардан Ертіс өзеніне су жіберуді ведомствоаралық комиссия қарайды. Олар табиғаттың техногендік факторларын ескеретіні анық. Бірақ біздің талаптарымызды да ескеруін, біздің аймаққа кері әсер етпеуін қадағалау қажет. Сондықтан арнайы комиссия құрып, жұмыс жасау керек. Бұдан бөлек, биыл маған Ақтоғай, Тереңкөл, Павлодар аудандарының тұрғындарынан көп шағым келіп түсті. Аталған аудандарға облыс орталығының тәжірибесін қолдана отырып, нәтиже шығатындай жұмыс жүргізу керек, – деді аймақ басшысы Әбілқайыр Бақтыбайұлы.
Сонымен қатар аппарат кеңесінде Павлодар облысындағы қала құрылысы саясатын жүзеге асыру мәселесі де талқыланды. Қала көшелерінің реттілігін сақтау үшін жаңа бой көтеретін үйлердің нақты жобалау жоспары түзілуі керек. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Әбдірахмановтың сөзінше, мұндай жүйенің сақталуы аудан, қалаларды айтпағанда, облыс орталығының өзінде өте төмен деңгейде. Сондықтан қазір қалалар мен аудандарда құрылыстарды құжаттандыру жұмысы жүргізілуде. Бүгінде оның 97 пайызы аяқталған. Ал Екібастұз қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу басталды. Ол 2022 жылы аяқталады. Келер жылы осындай түзету жұмыстары Ақсу қаласында басталмақ.
Павлодар қаласының әкімі Асаин Байхановтың сөзінше, облыс орталығында құрылыс салынған аумақ 12 мың гектардан асқан. Бірақ сол аумақтың 41 пайызында ғана нақты жобалар жоспары бар.
– Қазір «Спорт-сити» қалашығын және Мәшһүр Жүсіп көшесін реконструкциялау бойынша нақты жобалау жоспарын құрастыру үшін қаржы бөлінуде. Сонымен бірге бізде көппәтерлі үйлер салу үшін бірнеше массивтер бар. Олар: Теміржол вокзалы, «Затон» базары аумағы және Бекмаханов пен Павлов көшелерінің қиылыстары, – деді шаһар басшысы.
Жиын барысында Әбілқайыр Сқақов облысқа қарасты үш қаланың басшыларына бірқатар тапсырма берді.
– Павлодар қаласының әкіміне егжей-тегжейлі жоспарды әзірлеу үшін қажетті қаражатты анықтап, оны 2022 жылға арналған бюджет жобасында қарастыруды тапсырамын. Екібастұз қаласының әкімі облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп, Екібастұз қаласының бас жоспарын түзетуді аяқтап, оны ҚР Үкіметіне бекітуге жолдасын. Алдымен облыс деңгейіндегі жеке жиында бір қарастыратын боламыз. Ал Ақсу қаласының әкімі 2022 жылғы бюджеттен қаланың бас жоспарын түзетуге қаражат көздесін. Сонымен қатар қалалар мен аудандардың әкімдері инженерлік желілерді цифрлауға қажетті қаражатты қарастырып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде орындауды қамтамасыз етсін, – деді Әбілқайыр Бақтыбайұлы.
Сонымен қатар Павлодар қаласының әкімі Асаин Байхановқа қаладағы кейбір үйлерге жылу әлі жетпеуіне байланысты барлық қажетті ақпараттарды тұрғындарға түсінікті етіп жеткізіп отыруды тапсырды.