Ақтөбе облысында қой жүнін өңдейтін зауыт салынбақ. Бұл мәселе облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен қой жүнін өндіру мен өңдеуге қатысты қызметтік жиын кезінде белгілі болды.
Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында ауылшаруашылығы саласында «шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажеттігі, бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілету» мәселесі айтылған болатын. Бұл жұмыстың бір саласы – жүн-жұрқа мен теріні қайта өңдеу саласы.
Бұл сала тұтас елімізде кенжелеп қалып отыр. Кезінде жоғары бағаланған жүн-жұрқаға деген сұраныс төмен. Таудай болып тайланған қой жүні шопандардың қораларында нығыздалып жатыр. Амалы қалмаған кей малшылар Кеңес одағы кезінде «алтын талшық» делінген байлықты өртеп жіберуге мәжбүр. Ілкіде қой жүні шетелге шығарылатын. Әлемді әлекке салған пандемия оған да салқынын тигізіпті:
– Пандемияға байланысты Ресейге шығарылып жатқан жүндеріміз де өтпей қалды. Қытай тарапынан да бүгінде қой жүніне деген сұраныс төмен. Атырауда жүн өңдейтін бір цех ашылып, қуанып қалып едік. Бірақ биыл бар болғаны 40-60 тоннадай ғана жүнімізді саттық. Әрі қарай сұраныс болмай қалды. Бақсақ, өңделген өнімге сұраныс аз екен, яғни жүнді алып, өңдегеннен кейін ары қарай оны сата алмай отыр. Соңғы уақыттарда биязы жүн де өтпей жатыр, – дейді Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.
Ақтөбе облысында бүгінде қой саны бір миллионнан асады. Жылына өңірде 3 мың тоннадай жүн өндіріледі екен. Ол жүннің бәрі қайда кетіп жатыр? Жауап жоғарыдағыдай. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті кәсіпкерлер қой жүнін өңдейтін зауыт ашуға бел байлап отыр.
– «Kazfeltec» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдері келіп, бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Өздерінің жері, ғимараттары бар екен. Барлық коммуналдық желілері тартылған. Осы компания өкілдері қаржылық мәселелерін шешкеннен кейін биылдан бастап қой жүнін қабылдауды бастайтынын айтты. Ал зауыт толық іске қосылған кезде жылытқыш, тегістеуіш гипсокартон секілді құрылыс материалдарының 20-дан астам түрін шығарғысы келеді. Жүнге қоса пайдаланылған шиналар, ескі-құсқы мақта-маталар, киімдер де қабылдауы мүмкін. Кәсіпкер осындай ойларымен бөлісіп, жоспарын айтты. Сапалы италиялық технология бойынша жұмыс жасайды екен. Облыс бойынша жылына 3 мың тоннадай жүн өндіреміз. Соны қайда жіберерімізді білмей отырмыз. Ендігі үмітіміз – жаңадан ашылатын осы зауытта, – дейді Панабек Бимұратов.
Басқарма өкілінің айтуынша, бүгінде шопандардың бірі қой жүнін тайлап, қорасына жинаса, енді бірі өртеп жіберуге мәжбүр.
– Қолынан іс келетін, пысық малшылар қой жүнін ешқашан тастамайды, жинай береді. Себебі қой жүні бұзылмайды, шірімейді. Қой жүнінде ешқашан бұзылмайтын шайыр деген болады. Кезінде жүнді өңдейтін фабрикаларда шайырды жүннен, теріден бөліп алатын тәжірибе болды, шайыр өте жоғары бағаланатын, одан әйелдердің ерін далабы секілді заттар жасаушы еді. Қазір сол өнім сұранысқа ие болмай отыр. Бүгінде киіз пайдаланатындар да аз. Көрпеге де жүннің орнына синтепон салу сәнге айналды. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қоғамда табиғи өнімдерге деген сұраныстың жоғарылап келе жатқаны байқалады. Малшылар арасында қой малын көбейтуге деген ықылас-ниеттің де артып отырғаны қуантады, – дейді П.Бимұратов.
Айта кетейік, облыс әкімінің төрағалық етуімен өткен жиында аймақ басшысы тиісті тұлғаларға қой жүнін өңдеу арқылы құрылыс бұйымдары мен басқа да инертті материалдар шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыруға байланысты нақты тапсырмалар берді.