Үндістан – Пәкістан: 4 күндік соғыс

Үндістан – Пәкістан: 4 күндік соғыс

Әлемнің назары Ресей мен Украина арасындағы соғыстың беталысы мен Трамптың қабағына қарап тұрған қысылтаяң сәтте, Үндістан мен Пәкістан арасында қақтығыс бұрқ ете түсті. 2025 жылы 6 мамырда Үндістан билігі «Синдор операциясын» бастап, Пәкістан аумағына қарай зымыранмен шабуыл жасады. 

 

Соғыста не болды?

 

Біз қару мен қаламның шайқасы қатар жүріп жатқан кезде танымал әрі беделді басылымдардың ақпаратының сенімді болатынын ескере отырып, әлемдік танымал басылымдарда жарияланған деректерді саралай келе, бірнеше күнге жалғасқан қақтығыста қандай оқиғалар орын алғанын анықтауға тырыстық. Алғашқы шабуылды Үндістан бастады. Олар нысананың Кашмирдегі Джайше Мұхаммедтің лаңкестік инфрақұрылымы болғанын мәлімдеген. Алғашқы шабуылда кем дегенде 31 пәкістандық бейбіт тұрғын өліп, шамамен 40-тай адам жараланған. Үндістан сондай-ақ Кашмир мен Пенджаб провинциясында 24 нысанға соққы берді.

7 мамырда Пәкістан Үндістанмен екі ортадағы бақылау сызығының үнді жағындағы форпосттарын қиратып, Үндістанның бақылауындағы Кашмирге зымыранмен шабуыл жасады. Пәкістан әуе күштері бес үнділік соғыс ұшағын және бір ұшқышсыз ұшақты атып түсіргенін айтты.  Кейбір үнді сарбаздары тұтқынға алынды. Үндістан Пампорда басып кірген пәкістандық ұшқышсыз ұшақты атып түсіргенін және Пәкістан атқылауынан 15 үндістандық азаматтың қаза тапқанын айтты.

8 мамырда Пәкістан Үндістаннан келген 25 ұшқышсыз ұшақты атып түсіргенін және үнділік дрондардың шабуылдарынан кем дегенде бір пәкістандық бейбіт тұрғынды өлтіріп, бесеуін жаралағанын мәлімдеді.

9 мамырда Пәкістан билігі Үндістан тарапы Кашмирді атқылап, бес бейбіт тұрғынды өлтірді деп айыптады. Дәл сол уақытта Пәкістан алты үнділік ұшқышсыз ұшақты атып түсірді.

10 мамырда Пәкістан Равалпиндидегі Нұр-Хан әскери-әуе базасына үнді зымырандары шабуыл жасағанын хабарлады. Пәкістан тарапы сонымен қатар 8-10 аралығында Үндістаннан келген 77 ұшқышсыз ұшақты атып түсіргендерін растады.

10 мамыр күні Пәкістан ресми түрде Үндістанға жауап ретінде «Қола қабырға» атты әскери операцияны бастады. Сол күні пәкістандық әскерилер Үндістанның электр желісінің 70%-ын істен шығарғанын мәлімдеді, ал Үндістан тарапы Пәкістан ұшырған зымырандарды Үндістан әскерилерінің құлатып түсіргендігін айтқан. Сонымен бірге Пәкістан Әуе күштері Үндістанның Адампур аймағындағы S-400 әуе қорғаныс жүйесін жою мақсатында, гиперсоникалық зымырандарды пайдалану үшін JF-17 Thunder жойғыш ұшақтарын жібергенін хабарлады. Бірақ үнді тарапы маңызды нысанаға шабуыл жасалғандығын жоққа шығарды. Дегенмен Үндістанның бақылауындағы Кашмирде Үкіметтің жоғары лауазымды шенеунігінің қаза тапқанын мойындады.

Қақтығыстың ұлғайып кетуіне алаңдаған әлем елдері екі тарапты да сабырға шақыра бастады. 2025 жылдың 10 мамырында Үндістанның сыртқы істер министрі Викрам Мисри мен Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар екі жақтың да атысты тоқтатуға келіскендігін хабарлап, жергілікті уақыт бойынша 17:00-де соғыс аяқталады деп мәлімдеді.

4 күнге жалғасқан бұл соғыста нақты шығындарды анықтауға біраз уақыт керек сияқты. Себебі екі жақ та ақпараттық шабуылды қарша боратып жатыр. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Пәкістан Қытайдан сатып алынған J-10C жойғыш ұшақтарын (әрқайсысының бағасы шамамен 35 миллион доллар) және PL-15 әуе зымырандарын қолданып (әрқайсысының құны шамамен 1,5 миллион доллар), бес үнділік ұшақты, оның ішінде Францияда жасалған 3 дана көпмақсатты 4++ буынындағы Rafale жойғыш ұшағын (әрқайсысының құны шамамен 230 миллион доллар), бір Су-30 және бір МиГ-29 ұшағын атып түсірді деп жазды. АҚШ-тың екі шенеунігі Reuters агенттігіне Қытайда жасалған J-10 жойғыш ұшағы Қытайдың бақылау және барлау (ISR) жүйесіне жасаған қолдауымен кем дегенде екі үнділік соғыс ұшағын атып түсіргенін растады. Үндістан ешқандай шығынды мойындамады.

Тағы бір дереккөздер «Пәкістан жағы 6 ұшақ, 100-ге жуық дрон, бір орындағы аса ірі Әуе қорғаныс жүйесін (Ресейден алған S-400 кешені), 4 әуе базасын талқандады» деп хабарлап жатыр. Осында айтылған деректерге салыстыру жасайтын болсақ, Пәкістан тарапынан қаза тапқандар саны көп болғанын, ал Үндістан жағынан әскери техникалар мен маңызды нысандардың жойылғандығын байқауға болады. Осыған қарап, көптеген сарапшылар «Пәкістан жеңіп шықты» дегенді айтып жатыр.

 

Соғысты кім тоқтатты?

 

Пәкістанның сыртқы істер министрі Исхак Дар өз сөзінде 36 елдің атысты тоқтатуға көмектескенін айтты. Үндістандық шенеунік «Франс Пресс» агенттігіне берген сұхбатында атысты тоқтату туралы екіжақты келіссөздер жүргізілгенін, яғни «Үндістан мен Пәкістан арасындағы атыс пен әскери операцияларды тоқтату үшін екі ел арасында тікелей келіссөздер жүргізілгенін» айтқан. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екі ел «бейтарап жерде» «көптеген мәселелерді» талқылайтынын мәлімдеді және ол вице-президент Дж.Д.Вэнс екі жақтың жоғары лауазымды тұлғаларымен кең көлемде байланысқа шығып жатқандығын айтқан. 2025 жылы 10 мамырда Үндістан мен Пәкістан сыртқы істер министрлерінің ресми мәлімдемесі алдында АҚШ президенті Трамп Truth Social әлеуметтік медиа платформасында атысты тоқтату туралы пікірін білдірді. Пәкістан премьер-министрі Шариф «Трамптың Сауд Арабиясы, Түркия, Катар, Біріккен Корольдік, Біріккен Ұлттар Ұйымы және Қытай өкілдерімен бірге атысты тоқтатуға делдалдық жасауда «сыни және ең маңызды рөл» атқарғанын» айтты.

Алайда, Үндістан БАҚ-тарында атысты тоқтату мәселесіне шетелдік ықпалды күштерден гөрі премьер-министр Нарендра Модидың көбірек күш салғандығын айтып жатқандар бар. Сондай-ақ Израиль мен Үндістан арасындағы тығыз байланысты ескере отырып, еврейлердің де бұл соғысқа перде артында тұрып араласып жатқандығын дәлелдеп жатқан сарапшылардың да пікірлерін кездестірдік. Оларды біріктіретін тақырып, «ортақ жау – мұсылмандар» болғандықтан дейді бұл пікірді қостаушылар.

Келісімге қол қойылғаннан кейін Пәкістан өзінің әуе кеңістігін коммерциялық рейстерге қайта ашты. Екі ел арасындағы әскери сенім телефоны байланыс жүйесі іске қосылды. Келісім жасалғаннан бері де ара-тұра «мылтық дауысы» шығып жатқандай. Дегенмен көлемді шабуылдар бола қоймағаны анық.

 

Тамыры тереңдеп кеткен қайшылықтар

 

Екі елдің арасындағы түрлі түсті қайшылықтардың бітеу жараға айналып кеткеніне ұзақ жылдар болды. Ұлыбританияның отарлығынан шыққан бұл өлке екіге бөлінгеннен кейін, өте-мөте Кашмир аймағының иелік ету мәселесінде күні бүгінге дейін түбегейлі шешімге келген жоқ. Салдарынан 1947-1948 жылдары алғаш рет қақтығыс туылды. Бұдан кейін 1965 жылы және 1971 жылы тағы да соғыс болғаны белгілі. Ал таяу жылдары 1999 жылы да екі ел арасында тағы шиеленіс туындаған еді. Мұнда қақтығыстың себептері төмендегідей бірнеше мәселе төңірегінде өрбіп келеді.

Кашмир дауы: Кашмир аймағы – Үндістан мен Пәкістан арасындағы ең даулы аймақ. 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан бөлінгеннен кейін Кашмирдің егемендігі мәселесі шешілмеді, бұл аймақтағы екі ел арасында тұрақты қақтығыстарға әкелді. Екі тарап та көптеген соғыстарға себепші болып отырған Кашмирді өздері меншіктенгісі келеді.

Келесі себеп діни және этникалық қақтығыстардан туындап отыр. Үндістан негізінен индуизмды ұстанатын ел. 1,4 миллиардтан астам халықтың шамамен 800 миллионнан астамы инді дінін ұстанады екен. Ал Пәкістанның халқының түгелге жуығы мұсылмандар. Сондықтан да Кашмирде және Оңтүстік Азияда діни қайшылықтар жыл өткен сайын күрделеніп барады. Мьянмадағы Рохиния мұсылмандарының көріп жатқан қорлығы соның бір мысалы деуге болады. 

Үшінші себеп –  Саяси және аумақтық амбициялар. Мұнда екі ел де өздерінің ықпал ету аясын кеңейтіп, Кашмирге бақылауды күшейткісі келеді. Бұл аумақтық амбициялар ұлттық егемендік сәйкестіктерімен астасып жатыр, бұл дауларды бітімге келтіруді қиындатады. Мұндайда екеуінің де ядролық қаруы бар елдер екендігін ескергенде, бір-біріне дес бергісі келмесі анық. 

Төртінші себеп – тарихи мәселелер. Бөлінуден қалған шекара мәселелері, шекараның анық емес демаркациясы және соған байланысты халықаралық және аймақтық саяси факторлар Кашмирдегі екі тарап арасындағы қақтығыстың шиеленісуіне әкелген. Бұл мәселені қаузағанда ағылшындардың тыныш кетпей, екі елдің арасына «мәңгілік дау» тастап кеткен қулықтары еске түседі... Бұдан бөлек сыртқы факторларды да естен шығармаған жөн. Мәселен осы жолғы қақтығыс туылар кезде халықаралық беделді басылымдардың өздері Үндістанның достары кімдер екенін, Пәкістанның қолдаушылары кімдер екендігін жіліктеп түсіндіріп жатты... Сондықтан кейбір сыртқы елдер мен халықаралық ұйымдардың араласуы немесе қолдау көрсетуі де қақтығыстың өршуіне және жалғасуына белгілі бір дәрежеде әсер етіп отырғаны сөзсіз. Мұнда аймақтың геосаяси ахуалы мен АҚШ – Қытай текетіресін алдымен ескерген жөн.

 

PS: Үндістан – Пәкістан арасындағы соғыстардың түпкі себебі негізінен діни және этникалық қайшылықтар, сондай-ақ саясат және тарих сияқты көптеген факторлары миша былығып кеткендігінде жатыр. Ол айналып келіп Кашмир аймағына толық иелік ету сынды күрделі мәселені туындатқаны белгілі. Ал бұл даудың соңы немен тынарын ешкім де дөп басып айта алмасы анық.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

15.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 8214
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 8343
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 23349
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 21966
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 25461