Пәкістаннан пана таппаған қазақтар

Пәкістаннан пана таппаған қазақтар

Қазақстандық Facebook қолданушылар арасында көпке танымал Хамид Қазақ, талайдан бері Пәкістанның Карачи қаласын паналап жүрген ауғанстандық 300 қазақтың тағдыры туралы жазып келе жатыр. Хабар тарала салысымен ҚР СІМ мен аталған елдердегі елшілік қызметкерлері олармен байланысқа шыққан. Өкінішке қарай, босқын қазақтардың «Қазақстанға көшіп барсақ...» деген талабы күні бүгінге дейін орындалар емес. Жақында Хамид бауырымыз Карачидегі қазақтарды Пәкістан полицейлерінің Ауғанстанға депортациялай бастағандығын айтып, қазақ халқына үзілген үмітін жеткізді. «Жылаған қазақ көрген қандай жаман?!» деп ақын Сабыр Адай айтпақшы, алыста тентіреп жүрген қандастарымыздың ауыр халі біздің де жүрегімізді ауыртады. 

 

Ауғанстан қазақтары

 

Ауған жерінде тұратын қазақтар тақырыбы 2021 жылы тамызда Талибан Кабулды басып алып, бұрынғы Үкіметті аударып тастағаннан кейінгі аласапыран күндерде көбірек айтыла бастады. Бұған дейін Ауғанстандағы қазақтар туралы көп қозғала бермейтін. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері елге оралған қандастардың арасында Ауғанстаннан келген ағайындар да болған. Дегенмен бір бөлім зерттеушілер ауған жерінде қалған қазақтар көп болса 40-50 отбасы төңірегінде ғана болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Бұл болжамдармен келіспейтін даниялық қазақ Қажыәкбар Аюби, Ауған қазақтарының ауқымды тақырып екендігін айтып, ол жақта әлі де бірнеше жүз мың қандасымыз бар болуы мүмкін деген еді. Шетелдегі қазақтар тақырыбына үңіліп жүрген кейбір журналистердің деректері бойынша ол жақта тілін ұмытыңқырап қалғаны болмаса, өз руы мен шежіресін сақтап отырған 100-300 мың шамасында қазақ бар дейді...

Біздің болжамымыз бойынша, Ауғанстан жеріне қоныс аударудың тарихы әріде жатыр. Ол «Ақтабан шұбырынды» заманынан басталған болуы мүмкін. Бұған дәлелді шежірелік деректерден кездестіруге болады. Бір қызығы, қазіргі күнде басым бөлігі Қытай, Моңғолия жерінде тұратын Орта жүздің құрамындағы Абақ, Керейлердің ішіндегі кейбір рулардан бөлінген біраз аталар кезінде Сыр бойынан Ауған жеріне көшіп кеткендігі туралы деректер күні бүгінге дейін ұмытылмай сақталған. Бұған қарай отырып, қазақтардың Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихының кемінде 2 ғасырға созылатындығын байқаймыз. Яғни Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақ даласынан көшіп кеткен қазақтар және Кеңес үкіметінің қудалауынан қашып кеткен кеткен қазақтар деп қарастыру керек сияқты. Ал, кейбіреулер айтып жүрген «Ауғанстандағы ағайындар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін неліктен тайлы-таяғымен елге келіп алмаған?» деген сұраққа бір мақаланың көлемінде толығымен зерттеп, тұжырым жасап шығу қиын шаруа. 

 

Талибандардан қашу

 

2021 жылы тамызда Талибан Кабулды басып алып, бұрынғы Үкіметті аударып тастаған тұста, елден миллиондаған адамдар талибандардың қысымға алатындығын ойлап, шетелдерге кетуді жөн көрді. Ондағы басты себеп қауіпсіздіктері еді. Шетелдік басылымдардың дерегіне сенсек, елден кеткендердің арасында бұрынғы үкімет қызметкерлері, әскерилер, тәртіп сақшылары көп болыпты. Олардың талибандар өздерінен кек алады деп қорыққаны анық еді. Бұлардың аяғы жеткендері АҚШ, Еуропа елдеріне аттанса, көпшілігі көрші Пәкістан мен Иранға бет түзеді. 

Елден кетудің екінші себебі шариғат үкімдерін басшылыққа алатын, қатал діни қағидамен өмір сүруді ұстанатын талибандардың білім алуға, өзге зайырлы мемлекеттердегі секілді еркін өмір сүруге кедергі келтіретіндігіне алаңдаушылықтан туындағаны мәлім. Онан да маңыздысы елде туылатын жұмыссыздық пен кедейліктен, экономикалық қиыншылықтан құтылу, саяси еркіндік пен алаңсыз білім алуды көксегендіктен еді. Өйткені 1996-2001 жылдар аралығында Талибан алғаш рет билік басына шыққан тұста, елде қатал тәртіп орнатып, адамдар ауыр күйзелістерді бастан өткерген болатын. Сол ауыр күндердің қайта орнайтындығын ойлаған халық өз болашақтарын «Жаңа Ауғанстанмен» байланыстыра алмайтындығын сезген еді.

 

Пәкістанға өту оңай болған

 

Деректерге үңілер болсақ, Талибан билікке келгеннен кейін мөлшермен 6 млн адам елден босып кеткен екен. Бұлардың ішінде шамамен 2 миллионға жуығы Пәкістанды паналаған. Осы тұста «қалайша миллиондаған азаматтар мемлекет шекараларынан оп-оңай өтіп кетті» деген сұрақ туатыны анық. Пәкістан мен Ауғанстан арасын 2640 шақырымдық шекара сызығы бөліп жатыр. Онда Гиндукуш таулары, шөлейтті әрі табиғаты қолайсыз аудандар орналасқан. 1893 жылы Үндістан мен Ауғанстан арасында шекара белгіленіп, екі жақтың үкіметтері мақұлдайды. Алайда бұл келісімдерді қазіргі Талибан үкіметі мойындамайтын көрінеді.

Екі елдің арасында Торхам өткелі, Чаман өткелі, Гулам Хан өткелі, Дора өткелі сынды кеден бекеттері болғанымен, таулы аймақтардағы әлі күнге дейін сым тормен қоршалып, бекітілмеген жүздеген «ұры соқпақтар» ашық жатыр. Пәкістан үкіметі географиялық орналасуы күрделі, таулы аймақтарды қойып, ресми кеден бекеттеріне де қатаң бақылау орната алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек шекара сызығының екі жағында отырған пуштуындар мен өзге де туысқан тайпалардың қарым-қатынасы әлі күнге дейін үзілмеген.

Пәкістан үкіметі экономикалық дағдарыстар себебінен, 2021 жылы тамызда ел аумағына кірген ауғанстандық босқындарға лайықты гуманитарлық көмектер көрсетуге мүмкіндіктері толық жетпеген. Бұдан бөлек қыруар әлеуметтік мәселелер мен ішкі тәртіптің бұзылуына байланысты Пәкістанда заңсыз жүрген 1,7 миллионнан астам шетелдік азаматтарды елден шығаруға шешім қабылдайды. Ең алғаш рет шетелдік босқындарға қарата 2021 жылы 1 қарашаға дейін ел аумағынан кетуді талап еткен. Олай істемеген жағдайда күштік құрылымдарды тарта отырып, депортациялауға бұйрық шығарады. Бұған қарата БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Пәкістан билігін «гуманитарлық апатты» болдырмау үшін депортацияларды тоқтатуға шақырған еді. Сол тұста жаңадан орнығып жатқан Талибан үкіметі оралған ауғандарға негізгі қызметтерді, соның ішінде уақытша баспана мен медициналық көмекті қамтамасыз ететін комитет құрғанын хабарлады.

Пәкістан ондаған жылдар бойы жүздеген мың ауған босқынын қабылдаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, шамамен 1,3 миллион ауғандық босқын ретінде тіркелген, тағы 880 000 адам заңды тұруға рұқсат алған. Пәкістанның ішкі істер министрі 2021 жылы қазанда депортациялау туралы қаулыны жариялағанда, Пәкістанда тағы 1,7 млн адам «заңсыз жүр» деп мәлімдеген. Алайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері әртүрлі: БҰҰ бағалауы бойынша Пәкістанда 2 миллионнан астам құжатсыз ауғандық тұрады, олардың кемінде 600 000-ы Талибан билікке оралғаннан кейін келген деп мәлімдеген еді. Міне, осындағы миллиондаған босқындардың арасында жүздеген қазақ қандастарымыздың елмен бірге Пәкістанға қашып барғандығы сол тұста әлеуметтік желі беттерінде көптеп айтыла бастағаны есімізде.

 

Депортация жалғасып жатыр

 

Жуырда Пәкістан билігі елдегі ауғандық босқындарды шығарып жіберуді күшейте түсті. Биліктің бұл шешімі екі ел арасындағы кіші-гірім қақтығыстардың туындауынан соң болған. 2021 жылдан бері Пәкістан-Ауғанстан шекарасы маңында «Техрик-е Талибан Пәкістан» және «Ислам мемлекеті» содырлары сияқты содырлардың қатысуымен болған зорлық-зомбылық өсе түскен. Ресми билік өкілдері Ауғанстан аумағынан Пәкістанға бағытталған шабуылдарға, босқын ауғандықтар да араласып жүр деп мәлімдеген еді. Міне, содан бері Пәкістан үкіметі босқын ауғандарды елден кетіру райынан қайтқан жоқ. 2025 жылы 31 шілдеде Пәкістан билігі ауғандық босқындарды қолданыстағы заңсыз шетелдіктерді репатриациялау схемасы бойынша елге қайтаратынын растады.

1940 жылдары Қытайдан ауған қазақтардың Гималай тауынан асып, Үндістан, Пәкістан аумағында бір мезгіл тұрақтап барып, Түркияға табан тірегені белгілі. Дегенмен сол көштен қалып қойған біраз отбасы күні бүгінге дейін Пәкістан азаматы ретінде сол елде тұрып жатыр. Ал, Талибан қысымынан қорқып Ауғанстаннан ауған қандастарымыздың қолында Пәкістанда тұрақты тұруға рұқсат берілген қағаздары да жоқ сияқты. Биліктің бір кездері берген тұрақты тұру куәліктерінің күшін жойғанын жоғарыда айтып өттік.

 

Хамиттің  жанайқайы

 

Пәкістанды паналап жүрген 300 қазақтың ішіндегі белсендісі Хамит Қазақ өздерінің жағдайы туралы жиі жазып тұрады. Елшілік қызметкерлерінің олармен кездескендігін де, қазақ екендігін сипаттайтын DNA тестін де (ДНК тесті) жасатып шыққандықтарын сол азаматтың жазбаларынан білдік. Алайда Қазақстан билігі тарапынан нақты шешім мен шынайы әрекет жасалмады. Жақында Хамит үміті үзілген сарында бірнеше жазба жариялады. Төменде алыста жүрген азаматтың жанайқайын сол күйі келтіре кетейік.

«Біз, Пәкістанның Карачи қаласының қазақтары, 20 күннен бері үйімізде қамалып отырмыз.  Өмір сүру өте қиын болды. Қазақстан үкіметінен ешқандай жауап алған жоқпыз. Балаларымыздың жағдайы өте ауыр болып кетті. Соңғы бірнеше күнде 30 адам елден шығарылды. Біз де өзімізді Пәкістан полициясына тапсыруды ұйғардық. Бізді депортацияласа жақсы болар еді. Сізге, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне және құрметті елшіге рақмет! Сіз бізге көп көмектестіңіз... Балаларымыз енді өздерін қазақпын деп есептемейді деп ойлаймын», – дейді ол. 

Ал 13 қыркүйек күнгі жазбасында: «Бүгін түнде Пәкістандағы қазақтардан бес қазақ отбасымызды полиция тұтқынға алды, Ауғанстанға депортация жасалады.  Рақмет, Қазақ елі, Қазақ Үкіметі, Қазақстанның Пәкістандағы елшілігі жасқы көмектесті, барлығы өтірік айтты бізге. Олар бізді ел алдында, бұқаралық ақпарат құралдарында мазақ етті. Алла Тағала ешбір құлын басқа құлға мұқтаж етпесін! Қате жазған болсам, кешіріңіздер!» – деді Хамит. 

PS: Хамиттің бұл жазбаларында үмітсіздік пен реніш, өкпе жатыр. Қолдан келер қайран болмағандықтан, іштей егіліп, Жаратушыдан ағайындардың амандығын тілеуден әріге бара алмадық. Сыртқы істер министрлігі мен құзырлы мекемелер бұл істен толық хабардан деп ойлаймыз. Әзірше дәтке қуат етеріміз әлеуметтік желіні пайдаланған отандастарымыздың осы ағайындарды толығымен елге көшіріп алуды қалап отырғандығы дер едік.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
25.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Бала өліміне бей-жай қарау – болашаққа опасыздық жасау
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 80
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 185
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 120

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18068
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17925
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33112
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31667
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35350