Артта қалған 30 жылғы ой-қырат

Артта қалған 30 жылғы   ой-қырат

Адамдық борышың,  - халқыңа еңбек қыл,

Ақ жолдан айнымай ар сақта, оны біл.

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң -

Шын бақыт,осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 

Иә, данышпан халықтың ұлы ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының ғибратқа толы сөздерімен ой қозғауымның себебі де жоқ емес. Жалпы адамзат баласына Алла Тағала әрқандай істі, талантты, дарынды, қасиетті аманаттап беретін көрінеді. Дүние есігін ашып, ержете келе тірлікке араласа бастайсың. Демек, ендігі міндетің – өзіңе ғана емес, өзгеге де пайдаңды тигізу. Айналаңа, жүрген ортаңа, қызмет ететін ұжымыңа болсын қызмет қылсаң, пайдаң тисе ғана - көңілің марқайып, көкірегің қуанышқа кенеліп, толық кемел адам болмасаң да, кемелдікке ұмтылған ізгі адам қатарында болғаның. Бұл – зор мәртебе. Ізгі адам демекші... Бәрін әріден бастайын.

Қырық жыл ғұмырымды білім беру саласына арнаған, ұлт баласына білім мен тәрбиені ұштастыра жүріп қызмет етіп зейнеткерлікке жеткен ұстазбын, шүкір деймін. Күзің келген шағыңда күздің сырын ұғарсыңның мәнісін түсіндік. Өткеніңе үңілесің, жиған-тергеніңді түйіндегендей мақала жазып, қалам тербедім. Бірде көлемді бір мақаламды көтеріп, редакцияға келдім. Төрде отырған жылыжүзді ел ағасының аға редактор екендігінен хабардар болғасын, рұқсат сұрап, имене басып қабылдауында болдым. Бұйымтайым – мақаланы жариялау. Міне, осы сәттен бастап «Qazaqstan dauiri» газетімен тығыз байланыстамын. Жасыратыны жоқ, Кеңес Одағы тұсындағы дүңгіршектер азайды, ондағы толып тұратын газет-жорналдар жоқтың қасы. Егемендігімізді алып, еңсемізді көтерсек те, оқу-білім, ғылымды насихаттайтын, ағартушылық пен мәдениеттің жаршысы делінетін бұқаралық ақпарат құралдарының еңсесі түсіп кеткені қынжылтады. Сонымен, «Qazaqstan dauiri»  газетінің тұрақты оқырманы ғана емес, тұрақты тілшісі, жанашыры болуға жарап қалғаныма қуандым. Сөз басында айтқан жылыжүзді ел ағасының аты-жөні – Ертай Айғалиұлы жөнінде екі ауыз сөз қозғайын. 

Өз ұжымында орны бөлек, құрметке де ие бас редактормен тілдесіп, араласа бастаған күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты іс-шаралар өткізу тұспа-тұс келді. Бірде өзім ұстаздық қызмет атқарып жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде факультет студенттері арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дөңгелек үстел өткізу жоспарланды. Шақырылған күні Ертай Айғалиұлы бастаған газет тілшілері: Жанбақыт Борантаев, Болат Шарахымбай, Саят Қамшыгер сынды «сен қоя тұр, мен атайын» дейтін тіл майталмандары өз ойларын ортаға салды. Кеш қызықты өтті. Жай ғана, «болашақ – жастардың қолында» деген ұранмен емес, білімді, тәрбиелі болу өз алдына, олардың бойына да, ойына да имандылықтың нәрін сеуіп, көкірек көзін ашып, серпілтіп, жаңғырудың негізі – сананы жаңарту, өткенді қайтару, өшкеніңді тірілту екенін құлақтарына құйып, саналарына сіңіріп кетті ағалары. Бізді сол қуантты. Бір кеш пен кездесу барысында ғана емес, одан бері де көзі қырағы оқырмандардың көңілінен шығатын дүниелер жарияланып келеді. Оның тұрақты оқырманы ретінде айтарым бар. 

Газеттің бас директоры Сәуле Мешітбайқызының басқаруымен ел ертеңі делінетін жастарға ұлт болашағы үшін пайдасы ұшан-теңіз материалдар жарияланатын. «Qazaqstan dauiri» газеті бірнеше айдарды қамтиды. Атап айтсам: «Қамшыбасар», «Қайнайды қаным», «Шенпион», «Ауыл – ел бесігі», «Тарих қатпары», «Көбей қазақ», «Саясат», «Жанайқай», «Отбасы», «Ақпарат-сараптама», «Астана ажары», «Аймақтар айнасы», «Халық және Президент», «Түркі дүниесі», «Түрік дарабозы», «Сыр сұхбат», «Тұлға», «Қоғам», «Әлеумет», «Менің Қазақстаным», «Тіл майданы», «Имандылық нұры», «Мүгедек маңдайшалар мен жарымжанжарнамалар», «Біздің сұхбат», «Әдебиет майданы», «Желтоқсан көтерілісі», «Ер есімі ел есінде». 

Бірі басшы, бірі қосшы болып сонау бір жылдары «Ауыл» экспедициясы құрылған соң, ауа райының ыстығы мен аязына қарамастан, облыс, аудан, ауыл-аймақ, шет жақтағы, жырақтағы мекендерді түгел аралап, халықтың мұң-мұқтажын өз көздерімен көріп, көп материалдар жинақтап, оны үзбей газетке жариялап отырды. 

Жомарттың қолын жоқтық байлайдының кері келіп, көне астананың төрінде биік-биік ғимараттардың бір бұрышынан тұрақты орын да болмай, үнемі көшумен келе жатқандары жасырын емес.Тіпті, бір жылдары өз баспаналарының бір бөлмесін редакцияға беріп, қысылса да, газеттің тоқтамай тарауына күш-жігерін салған бас редактор - Ертай Айғалиұлы екенін біреу білсе, біреу біле бермейді, оны көзіміз көрді. Айтпаса сөздің атасы өледі деген бар, керексіз, көк тиын да пайдасы жоқ құмар ойындарына арналған зәулім сарай сала бергенше, халықтың көзі һәм құлағы – газет шығаруға арналған тұрақты мекенжай салып беретін уақыт жетті-ау! Қалталы қазақтарға құлаққағыс болсын! Артық білім – кітапта, оқығанның күні жарық, оқымасаң күнің ғаріп екенін құлаққа құйсақ, қазақтың көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңи түсетіні анық. Ашиды жаным, қайнайды қаным болған заманға тап болдық. Терін сатпай, көзін сатқан алыпсатарлар мен мансаптың құлдары дес берер емес, бұл - шындық. Жомарттың қолын жоқтық байлайдының зарын түсінген шығарсыз, оқырманым. Мұның бәрін тізбектеп жатуымның астарын түсінген шығарсыз деймін. Себебі, мардымсыз айлық үшін емес, осы газет шығарушылар ұжымы халықтың қамы үшін адал қызмет атқарып келе жатқан теңізге тамған тамшыдай болса да үлестерінің өлшеусіз екенін баса айтқым келеді. 

Ұлт тағдыры, тіл тағдыры үшін күрес – күрестердің ұлысы екенін терең түсінсек. Газет ұжымының болашақта оқырмандары бұдан да көбейе түссін! Қалың орман қазақ жұрты іздеп жүріп оқитын сүйікті газетіне айналуына қамқоршымын, тілекшімін. 30 жылдық мерейтой құтты болсын!

Сөз басын, «халқыңа қызмет ету – адамдық борышың» деп бастағанымдай, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы мен майталман тілшілер Ермек Сахариев, Нағашыбай Қабылбек, Ерқазы Сейтқали, Тілекгүл Есдәулет, Шаргүл Қасымханқызының ыждаһаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқан еңбектері мен қосқан үлестерінің қайтарымы Хақтан болсын! Мансап үшін тыраштанбай, жұртқа пайдасын тигізіп жүрген осы жандардың ісі үлкен мәнге ие, яғни ізгі адамдар қатарында. Хакім Абай тілімен айтқанда, адамдықтың қарызын өтеген жандардың қатарында болғай дегім келеді. «Адамзатқа кімнің пайдасы көбірек тисе, сол адам – Алланың сүйікті құлы» делінген хадистерде, лайым солай болғай!

 

 

Рыскен ӘБІШЕВА, ардагер ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
26.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

Аудан әкімі ардагер спортшыларды марапаттады
Талас аудан әкімдігі - 06.07.2022 33
АУЫЛАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жамбыл ауданы - 06.07.2022 27
164 түлек ауылға жолдама алды
Сейсен ҚОЖЕКЕ. Меркі ауданы. - 06.07.2022 21
Ардагер аяқдопшылар алтыннан алқа тақты
Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы. - 06.07.2022 21
Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы
Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер - 30.06.2022 182
Абылай хан туралы ащы щыңдық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. - 30.06.2022 189
Абылай хан туралы ащы шындық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т. ғ. к. - 23.06.2022 1190

Топ жаңалықтар

1
Дәстүрлі спартакиада
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 71
2
Басты мақсат – жас спортшылар қатарын көбейту
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 66
3
«Алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 97
4
Оң баға берілді
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 68
5
Еңбектенемін деген жасқа мүмкіндік мол
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 68