Ашкөздік халқымызға қайдан келген?

Ашкөздік халқымызға қайдан келген?

Қоғамда өте адал, өз еңбегімен күнелтіп, соған тәубе етіп жүрген адамдар көп. Бірақ мойындау керек, халқымызда ашкөздік бар. Оны бұл жағдайға жеткізген кім?

Бір жолы Қаңтар оқиғасынан кейін Астанада коммендаттық сағат орнады. Интернет өшті. Сауда үйлерінде «Смол», «Магнум» интернет болмағасын, қолма-қол ақша қабылдады. Сонда банкоматтар да істемейді. Бір-бірін жұлмалаған, түтіп жеген адамдар. Соғыс болып жатқандай, «азық-түлік ала алмай қаламыз» деген адамдар байғұс кассирлерге айқайлап, «неге сендер карточкамен төлетпейсіңдер? QR қайда?» деп қыздың шашына ұмтылды. «Интернет жоқ» дегенді біліп тұрып, түсінбейді.

Мен негізі «торт жасаймын» деп, қант алуға барған адам едім. Қанттың келісі 600 теңгеге шарықтаған. Және қапшықпен әкеп құйып жатыр. Қалай төгеді, солай зым-зия. Қапшықтар да таусылды. Соңында қалған қалдық қантты бір әйел қолымен сыпырып, сиырып, пакетке салды.

Адамдар қап-қап ұн алды. Бір әйел кассирге «неге 50 келілік ұн жоқ сендерде, неге тек жиырма бес келілік қана?» деп төніп айқайлап, ұрсып тұр. Содан тобырлық санаға жүйкем тозып қарап тұрған мен «көздеріңе бірдеңе көрінер, тиеп алған тамақтарың да ертең таусылар. Содан кейін не істейсіңдер? Бір күндіктеріңді ойлаған адамсыңдар» деп ойыма келгенді айтып, үйге келдім. Сөреде дым жоқ, халық бәрін сыпырып әкетті. Сонда олардың мақсаты – тамақты үйіп алып, соны жеп, борсық құсап, інге кіріп жату. Содан Қостанайға анама қоңырау шалып, «тамақ алып алыңдар» десем, күледі, «ешкім олай дүкенді тонап жатқан жоқ, тамақ толып тұр» деп.

Жұрт кішкентай қызына оқ тиіп, жараланып жатыр. Біреу моргте баласын іздеп жүр. Ал қалған халық өзгенің зарлап жатқанына жұмысы жоқ, қара басының қамы үшін ашкөздікпен дүкенді сыпырып, сиырып кетті. Дүкеннің өтпей тұрған, қоймада жиналып тұрған тамақтың бәрі өтті. Үйге дым алмай, жаным жылап келді. Адамдардың өз қазағының қайғысына сүлесоқ болуы жанымды жылатты.

Сол кезде шошыған едім. «Қазақтың қайғысы қарын тойдырған жерде қалады» деп дұрыс айтқан. Қарны тойса, өзіне ештеңе болмаса, жүре береді. Тіл не, анау діннің қаупі бұларға өтпейді. Тек тамақ болып, қарны тойса болды.

Біріншіден, сол кезде интернет жоқ, банкомат жоқ, ақпарат жоқ. Мұндайда адамдардың миы «ертең тамақ болмай қалады» деген режимге өтеді. Сол кезде логика емес, инстинкт жұмыс істейді.

Екіншіден, мемлекетке сенімнің әлсіздігі.

Егер халық «бәрі бақылауда, ертең дүкендер ашық болады» деп сенсе, олар 50 келі ұн алмайды. Ал сенім жоқ жерде адамдар өзін ғана құтқаруға тырысады.

Үшіншіден, тобыр психологиясы былай жұмыс істейді.

Бір адам қаппен ұн алса, екіншісі де алады. Өйткені адамның миында бір сигнал қосылады: «Егер бәрі алып жатса, демек мен де алуым керек». Қарны тоқ болса, бәрі жақсы. Тіл де күте тұрады. Дін де күте тұрады. Мемлекет те күте тұрады. Бастысы, тоңазытқыш толы болса болды. «Қалғанын ертең көрерміз».

Ал бүгін тілмен орақ орып, экранның ар жағында отырып, батыр болу оңай. Себебі бүгін референдумға қарсымыз деген әйелдерді полиция ұстап әкетіп жатқан видео тарады. Ал кеше осы маған келіп «шындық» деп шырқырағандар неге үнсіз?

Қоғамда екі түрлі адамдар бар. Қорқып, қарнын ғана ойлайтындар мен қоғамда не болып жатыр деп ойлайтындар. Олардың ішінде шыншылдары әрқашан аз болады. Бірақ қоғамды өзгертетін де солар.

Сосын мынандай адамдар бар. Ешкімге «әй, кәпір» болмай, сүйкімді болып жүретін. Мысалы, елдер Конституцияны, тілді талқылап жатса, табиғатты жырлап, өз әлемі өзінде болып жүретін ақылды-арам адамдарға тіпті таңғаламын.

Ақын қызды бәріміз жабылып сынадық. Қатты айттық, мақтадық. Дұрыс емесін бетіне бастық. Біреу маған «тоқтамай, сынай берші, олар да мақтай берсін» деп жазды. Адам еліне шын жаны ашыса, тігісін жатқызып, елін жарға жықпай айту керек. Үй артында кісі бар дегендей. Ұлтты олай жерге түсіріп, жамандағанды ұнатпаймын.

Дағдарыс, қорқыныш, ақпараттың жоқтығы кезінде адамдардың бір бөлігі әлгіндей азық-түлікті үйіп алуға тырысады. Бұл тек Қазақстанда емес, әлемнің көп елінде болған құбылыс. Пандемия кезінде Еуропада да адамдар дүкен сөрелерін босатып, дәрет қағазын қап-қап алып кеткені бәріне белгілі. Сондықтан бір оқиғаны көріп алып:

«бұл – тұтас ұлттың менталитеті» деу – ғылыми да, әділетті де емес. Егер қасыңызда тұрған француз азаматы «ұрлық – қазақ ұлтының менталитеті» десе, оған былай жауап берер едім: Ұрлық ешбір ұлттың менталитеті емес. Ұрлық – адамның жеке таңдауы мен тәрбиесінің мәселесі. Егер біреудің қателігін бүкіл халыққа телитін болсақ, онда кез келген ұлтты қаралауға болады. Әлемде ұрлық та, жемқорлық та, ашкөздік те барлық қоғамда бар. Бірақ соған қарап, бірде-бір халықты толықтай солай сипаттамайды.

Қазақ қоғамында да кемшілік бар. Оны айтуға болады. Бірақ сынның мақсаты – ұлтты төмендету емес, түзету. Сондықтан бір адамның эмоциямен айтқан сөзін «қазақтың менталитеті» деп жариялау – асығыс қорытынды.

Халықты қаралау оңай. Ал халықты түсіну – әлдеқайда қиын. Ал қарның ойлағандар, ашкөз адамдар, атаққұмарлар – қай қоғамда да өте көп екені өтірік емес. Қарапайым адам болсын, мейлі билікте болсын.

Қоғам талқысына түскен адам, керісінше, шыңдала түседі. Мұндай жағдай сан мәрте бастан өтті. Небір жаман сөздерді естіп, өліп-тіріліп жүрміз ғой. Себебі қорқақ адамдар ғана қоғам сынынан бұғып, өзін мінсіз ету үшін тығылып, өз әлемі өзінде болып, абыройына нұқсан келтіргісі келмей жүреді. Олардан қоғамға пайда да, зиян да жоқ.

Бірақ әр адам бәрібір бір күні өз ар-ұятының алдында есеп береді. Сондықтан қазаққа өсу керек. Оянуы керек. Бір-біріне бауырмал болып, шеңбері атқанша өле жемей, бөле жеу керек. Ұлтыңа деген сатқындықты, көреалмаушылықты қою керек. Эгомен күресу керек.

Ашкөздік пен қорқыныш елдің жүрегін тамаққа ғана салып, қалғанын экраннан бақылайтын тобырға айналдырып жібереді. Ашкөздік пен қорқынышқа берілмей, нағыз адамдық биіктерге жету керек. Сергек болғанға не жетсін! Қарның тойса да, рухың өспесе, сен тек тобырсың.

Ақнұр ХАМИТБЕКҚЫЗЫ

 

10.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24278
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23941
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41402
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37316
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41643