Асқар таулары аласармайды

Асқар таулары аласармайды

«Жазылар естеліктер мен туралы» Мұқағали Мақатаев.«Сіздермен қанаттас өмір сүргеніме  бақыттымын» Рахымжан Отарбаев. 

Қазақта Алаштың мақтанышына, елдің еркесі мен серкесіне айналған Асқар есімін иеленген тұлғалар көп те емес. Асқар Татанайұлы, Асқар Тоқпанов, Асқар Тоқмағамбетов, Асқар Егеубаев, Асқар Жұмаділдаев, Асқар Наймантаев, Асқар Алтай болып жалғасады. Иә, бұлар ел білетін Асқарлар. Ал, біздің Асқардың да қазақтың Асқарына айналып кеткеніне бек сенімдімін. Ол Алаштың тұлғалы Асқарының бірі  Асқар Жакулин еді. 

Жакулин есімінің маған жақын болатыны – біз Асқар Жакулиннің есімін өткен ғасырдың (ХХ ғасыр) тоқсаныншы жылдары біле бастадық. Қытайдың атақты университеті Шин Хуа университетін бітірген алғашқы қазақ Асекеңнің аты Қытайдағы қазақ жастары мен студенттерінің арасында аңыз болып айтылып жүрді. Сондай аңызбен Асекеңнің есімі Қытайдың батысындағы провинцияның (Шыңжаң) Қазақстанның Алматы облысының Нарынқолымен (қазіргі Райымбек ауданы) шектесетін шалғайдағы ауданның (Мұңғұлкүре) қазақ орта мектебінің соңғы жылдығында оқып жүрген біздің де құлағымызға жетті. Біз де Асекеңдей болсақ, Шин Хуа университетінде оқысақ деп армандадық. Бірақ, өмір дейтұғын асау өзеннің арыны тағдыр бізді өмірдің басқа арнасына салып жіберді. Ол енді басқа әңгіме.

 

Аңызға айналған Асекең

Әу бастан-ақ зиялылық, лидерлік (көшбасшылық), елгезектік қасиеттерімен көзге түскен, ұлттық руханиятқа жаны жақын, жігерлі де іскер жастың Бейжіңдегі жастар арасында абыройлы да сүйкімді болғанын замандастары айтады. Қытай қазақтары тарихындағы тұңғыш интернет жобасы – «Ауыл» деп аталатын интернет жобасының негізін қалады. Қазір өткенге көз салып қарасақ, сол 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың өліарасында Қазақстанда да қазақ тіліндегі интернет жобалары (интернет сайттары) болмағанын ескерсек, бұл интернет жобасы Қытайдағы қазақтардың ғана емес, жалпы қазақ тарихындағы тұңғыш интернет жобасы болғанына еш күмән жоқ. Бұл жобаны сол тұстағы бүкіл қытайлық халық құрылтайының мүшесі (уәкілі – депутат) әрі соның жанындағы ұлт істері жөніндегі комитеттің тұрақты жорасы, Шыңжаңның оқу-ағарту министрі, ғалым, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан аға Рамазанұлы Жанболатов айрықша қолдапты.

Бұл жобаны кейін сонда оқыған Әсет Әрінұлы, Айқын Әбиденұлы, Ерлан Мәжітайұлы секілді ұлтжанды жігіттер жалғастырыпты. Бұның сол тұста Қытай қазақтарының мәдени, рухани өміріндегі айрықша мәдени оқиға болғанын бөле-жара айтар едік. Біз Асқар аға Жакулиннің есімін ерте білгенімізбен (1990 жылдары), Асекеңмен танысуымыз көп кейін, мұнда ғана 2010 жылдардың ортасында Алматыда таныстық. 2013 жылы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің Филология факультеті қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының жанындағы аспирантураны бітіріп, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, әдеби қызметкер болып жүрген. Соның алдында республикалық балалар мен жасөспірімдер басылымдарының «Жас өркен» серіктестігінде үйлестіруші-менеджер болып жүргенде ойламаған жерден Алматыда көлік апатына ұшырадық та, он күнге тарта емханада жатып емделдік. Кейін емханадан шықсақ, Жүсіпбек Қорғасбекұлы: «Бізге қызметтік тексеріспен вице-министр Мұрат Әбенұлы келе жатыр, бұл не жағдай деген жағымсыз әңгіме болады, сен жұмыстан шығасың. Арызыңды жазып тастап кет», – деді. Бір-ақ күнде жұмыссыз қалдық. Онсыз да ауыр жағдайда жүрген маған бұл оңайға соқпады. Жүсіпбек ағама не айтарымды білмей дал болдым. 

Соның алдында жағдайымды естіп, жұмыссыз жүрген жерімнен қазақтың белгілі қаламгері, жазушы, сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай аға Шаштайұлы  жұмысқа шақырған болатын. Әрине, газеттің құрылтайшысы, Қазақстан Жазушылар Одағының жанындағы «Қаламгер» медиа орталығының директоры Жанарбек Әшімжанмен келісіп, сол жылдың қоңыр күзінде қазанның аяғына таман болса керек, Қытайдың ұлт істері жөніндегі агенттігіне (комитетіне) қарасты ұлттар баспасы қазақ редакциясының жетекшісі, кешегі менің әріптесім Бақытбек Тоқтасынұлы іссапармен ба, әлде бір басқа жұмыспен бе, Алматыға келе қалды да, редактордың тапсырмасымен Қытайдағы қазақ баспасөзі туралы ағамыздан сұхбат алуға ағамыз түскен қонақүйге бас сұқтық. 

Сұхбаттан соң арғы-бергі жақтың әңгімесін айтып біраз отырдық. Алдында Асқар ағам үйіне қонаққа шақырды. «Өзің сырттай жақсы көретін ағаң, атын ертеден білесің. Өзімен таныстырайын, бірге жүрсеңші» деген. Біз біраз тартынсақ та, ағамыздың қолқалауымен Асекеңнің үйіне бірге баруға келістік. Иә, бұл менің Асқар Жакулинді бірінші көруім. «Жақсыда жаттық жоқ» деген. Орта бойлы, ақсары, жылы жүзді жігіт өзі қарсы алды. Аз-кем таныстықтан соң, Асекең: «Келгенің дұрыс болған, неге ертерек таныстық білдіріп іздемедің. Сен туралы Сұлтан аға (Жанболатов) айтып еді. Енді міне, Бақаңның өзі дәнекер болып танысып жатырмыз» деп қонақжайлылық білдіріп, жылы сөзін айтты.

Бізде бұрынырақ танысудың реті болмағанын, өзін ертеден 1990 жылдардан сырттай білетінімізді, ата-анасы жайында, әсіресе, атасы Жакулин туралы Сұлтан ағадан естігенімізді әрі Сұлтан ағаның «Біз» деген роман-эссесінен оқығанымызды Үрімжіде қызметте жүргенімде бірде сәті түсіп Бәтима апамызға амандаса барып, апамызбен арғы-бергі тарихи жағдайлар туралы әңгімелескенімізді, өзінің балалық шағы (Асқардың) туралы естігенімді, бір сөзбен айтқанда, Жакулин әулетіне құрметпен қарайтынымызды айтып жатырмыз. 

«Ой, бәрекелді, бауырым! Жайна, мына қайның бізді жақсы біледі екен ғой. Рақмет, айналайын!  Неге ертерек іздемеген, мен білмеймін ғой. Білсем, өзім-ақ іздеп табар едім» деген сөздерімен ризашылығын білдіріп жатты Асекең. Сол жолы тағы басқа кісілер болды да, көбінде әңгіме басқа арнада болды. Жайна жеңгеміздің буы бұрқыраған сүтті шайын ішіп біразға дейін отырдық. Бір байқағаным – жеңгеміз басқа ұлттың өкілі болса да, әрбір іс-әрекетінен, сөзінен қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін қатты сыйлайтыны және оны үйренгені байқалып тұрады. «Келін – ененің топырағынан» дейді ғой қазақ. Бәтимадай абыз ананың алдын көріп, өнегесін алып, үлкен мектептен өткен Жайна жеңгемізге дән риза болдық. Орта бойлы, ашаңдау келген, аққұба,  әдемі келіншекті біз Қытайдың кино актрисаларына ұқсаттық. 

Осы кездесуден кейін бірнеше рет телефонда сөйлесіп, бір рет ғана кездесіп сұхбаттасқанымыз болмаса, Асекең көп сөйлескен кісім емес еді. Басқалар секілді жиі-жиі араластығымыз да, жақындығымыз да болмады. Бір сөйлескенімде әлемдік әдебиетті қытай, ағылшын, неміс тілдерінде оқитынын, қазақ әдебиетінің классиктері мен әлем әдебиетінің классиктерінің, «Нобель» сыйлығын алған қаламгерлердің кітаптарын жинайтынын, Толстойды, Тургеновті, Чеховты, Мопассанды, Хемингуэйді, Полкняжды, Орхон Памукті оқығанын, Әуезовті жата-жастана оқитынын, Абайдан Мұқағалиға дейінгі қазақ ақындарын көп білетінін айтып еді. Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов көкемізбен жақсы қарым-қатынаста екен. Соңғы сөйлескенімізде: «Секе, мен осы бірнеше күнде жұмыста боламын. Келіп қайтсаңшы, өзіңде қандай жаңа кітаптар бар?» – деді. Көп өтпей, араға бір-екі күн салып жұмыс орнында кездестік. Аман-сәлемнен соң, ағам жағдайымды сұрады. Өзінің балалық шағы, студенттік кезі, Алаш қайраткерлері мен атасы Жакулин болыс туралы тебірене отырып сөйледі. Алдыңғы жылы (2013 жылы) атасы туралы «Жакулин болыс» және «Жакулин болыстың заманы мен замандастары» деген екі кітап шығарыпты. Алдыңғы кітапты белгілі әдебиет сыншысы Әрмиябек Сағындықұлы құрастырса, екінші кітапты Алаш қайраткерлері негізінде жазған екен. 

Атасы Жакулиннің 150 жылдығына байланысты сол жылы елде (Тарбағатайда) үлкен ас беріпті. Атасының інісі Әбілмәжін Күшіков туралы да, әкесі Әнуар мен көкесі Мағауия (әкесінің ағасы), анасы Бәтима Жакулина, нағашы жұрты туралы да көсіле сөйледі. Өзі қытайша оқыған жігіттің шешендігі, көп оқығандығы, көрегендігі, ұлтшылдығы, алашшылдығына қоса мемлекетшілдігі, бір сөзбен айтқанда, зиялылығы мені таңғалдырды. Мен ағамды тыңдап отырдым. Сөйлеуші – Асекең, тыңдаушысы – мен. 

Сол жолы атақты түрік ойшылы, философ Фетхуллаһ Гүленнің Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны туралы жазылған жаңа кітабы мен ол кісінің мақала-очерктерінен тұратын жинағына қоса қазақ прозасының классигі, жазушы Рахымжан аға Отарбаевтың әңгімелер жинағын ала барып едім. «Секе, мұндай кітаптар қолға түсе бермейді ғой. Әр кітап – бір мұхит секілді ғой (жалпы осыған келетін сөз). Келесі кездескенде әңгімеміз кітап туралы болсын. Үзбей хабарласып тұр өзің. Сәті түссе, тағы талай рет сыр-сұхбатта болармыз», – деді Асекең. Бұл 2015 жылдың мамыр, әлде маусым айларының шуақты бір күні болатын. Осылай ағамен екінші рет кездестік. Бірақ, бұл кездесудің соңғы кездесу боларын ол кезде біз білдік пе?! Әрине, білмедік. Аракідік хабарласып жүрдік. Соңғы кезде ауырып жүргенін, сол аурудың әлегінен шетел асып емделгенін естідік. Мен де мазаламайыншы деп хабарласпадым. Содан көп өтпей, елуден енді асқан шағында ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында репрессияның салдарынан қуғынға ұшырап арманда кеткен Жакула атасының, Қытайдағы мәдениет төңкерісінің құрбанына айналған әкесі Әнуардың соңынан өзі де арманда кете барды. Дүние жалған деген осы да. 

 

Іле қазақ облысының құрылуына зор үлесін тигізген Жакулин

 

Асқар Жакулиннің атамекені – Семей облысының (қазіргі Абай облысы) Тарбағатай өңірі. Әкесі Әнуар Жакулин де, анасы Бәтима Жакулина да арғы-бергі қазаққа танымал тұлғалар. Әкесі 1920-1930 жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін кезінде атасы Жакуламен бірге Қытай асқан. Ол кезде ес білмеген екі-үш жастардағы бала болса керек. Балалық шағы мен жастық шағы Шәуешекте өтеді. Жакуланың Әнуар, Мағауия деген екі перзенті есейе келе  парасаттылығымен, зерделілігімен, зеректігімен көзге ерте түседі де, қоғамдық қызметке ерте араласады. Қытайдағы жоғары дәрежелі кадрлар институты мен жоғары партия мектебінен білім алған, өмірлік тәжірибесі мол Әнуар Жакулин де Қытай компартиясы аймақ уәлиі секілді үлкен лауазымды қызметке дейін көтеріледі. 1950 жылдардың басында Іле аймағының уәлиі (облыс әкімі дәрежелі) ретінде Құрманәлі Оспанұлы, Патықан Сүгірбай, Жағда Бабалықұлы секілді сол кездегі қазақ интеллигенциясының алғашқы өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен бірге Іле қазақ автономиялық облысының құрылуына атсалысады. Бірақ көп өтпей, 1957-1958 жылдардағы оңшылдық ісін дұрыстауда сенімсіз элементтер қатарына ілігіп бақылауда болады да, 1960 жылдардың ортасында басталған Қытайдағы аты шулы мәдениет төңкерісі кезінде шетке байланған халық жауы делініп, Қытай коммунистері оны он жылға соттап жібереді. Қызыл империяның түрмесінің кісі төзгісіз азабын тартқан Алаштың ардагер ұланы түрмеде қастандықпен қаза табады. Кейін 1976 жылдың соңында Қытай билігіне ұлы реформатор Диң Цаопин келгеннен кейін заман оңалып, саяси жақтан ақталып, сүйегі Үрімжідегі «Құрбандар» қабірстанына жерленеді. 

Ал, анасы Бәтима Жакулина да Алашордаға тілектес, ниеттес болған, репрессияға ұшырап, Қытай асқан әулеттің қызы болатын. Балалық шағы мен жасөспірім кезі Шәуешекте өтіпті. Сондағы қыздар гимназиясын бітіріп, кейін Үрімжідегі кадрлар институтын бітірген жас қыз Шыңжаң өлкелік атқару комитетіне қарасты әйелдер істері жөніндегі агенттігінің жанынан енді шығып жатқан «Шыңжаң әйелдері» журналын шығаруға атсалысады. Сол журналдың тұңғыш шығарушысы әрі редакторы болады. 1957-1958 жылдардағы стиль дұрыстау қозғалысынан кейін сенімсіздер қатарына ілігіп, кейін мәдениет төңкерісі тұсында күйеуін қызыл үкімет тұтқындаған соң, «халық жауының» әйелі ретінде қуғынға түседі. Үрімжідегі кадрларға арналған тұрғын үйден бір күнде қуылып, кезінде Шыңжаңға губернатор болған, Шыңжаңдағы 1930-1940 жылдардағы қызыл қырғынды жүргізген Гоминдаң билеушісі Шиң Шысайдың ат қорасы болған лашыққа көшіріледі. Мәдениет төңкерісі аяқталып, саяси жағдай орныққан тұста ғана ақталып, бұрынғы қызметіне қайта оралғаннан кейін «Шыңжаң әйелдері істері» жөніндегі агенттікті басқарады (Шыңжаң өлкелік әйелдер бірлестігінің төрайымы). Бүкіл қытайлық саяси кеңестің орынбасар төрайымына дейін биік мансапқа көтеріледі. Ол Қытайдағы қазақ ғана емес, мұсылман әйелдері ішінен осындай биік дәрежедегі қызметке көтерілген бүкіл қытайлық халық құрылтайына уәкіл болған тұңғыш әйел. 

 

Тегі мықтының білігі де, рухы да мықты

 

Атасы Жакула да, кіші атасы Әбілмәжін да, әкесі Әнуар да, көкелері Мерғазы да, Мағауия да қуғын-сүргінді бастан кешірді. Жакулин әулеті үш империяның, яғни атасы Жакула патшалық Ресейдің де, советтік империяның да, әкесі Әнуар да Қытай коммунистерінің (мәдениет төңкерісінің) құрбанына айналды. ХІХ ғасырдың соңында алғаш еуропалық білім алған қазақ оқығандарының бірі әрі қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірінен саналатын Жакула Күшіков (1863-1930 жылдар) ол кезде Омбы дала генерал-губерниясының орталығы болды. Ресей патшалығы қазақ балаларын өздеріне қызмет еттіру мақсатында оларды Омбыдағы атақты Кадет корпусында оқытты. Онда қазақ балалары көбінде заңгерлік пен әскери-фельдшерлік мамандықтарында оқитын еді. Жакула Күшіков 1895 жылы осы Кадет корпусынан дала дәрігері әскери-фельдшерлік мамандығын бітіріп шығады. Онда Жакула Күшіковпен бірге Бақы Шалымбетов, Баймұрат Досымбеков (Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамал Дулатованың әкесі) сияқты қазақтың алғашқы дәрігерлерімен бірге оқиды. 

Сол кезде Жетісу облысына қарайтын қазіргі Қырғызстандағы Қарақұлда дала дәрігері – әскери фельдшер болады. 1911 жылы туған жері Семейге оралған Күшіков он жылдай болыстық қызметте болады. Бұл қызмет ол кезде қазақ үшін үлкен мансап еді. Бірақ, еуропаша білім алған көзі ашық Күшіков Алашордаға ниеттес, тілектес болғаны үшін қудалауға түседі. 1928 жылы бай-кулак, алашордашыл деп Әулиеатаға жер аударылады. Ол жақтан қашып шығып Тарбағатайға қайта оралған соң, ауылымен шекара асып, босып Қытайға ауады. Інісі Мерғазы қызылдардың қолына түсіп, Семей түрмесінде қаза табады. Содан-ақ эмигрант Алашордашыл деп, тағы да соңына НКВД  жендеттері түседі де, 1933 жылы Шәуешектегі дүнген көтерілісі кезінде жаралыларды емдеп жүрген жерінен НКВД шпиондары атып, қапыда қаза табады. Жүрегі жұртым деп соққан Жакула Күшіков Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілісінің басында жүргендігін архив құжаттары да айғақтайды. 

Ал, Жакуланың інісі Әбілмәжін Күшіков те Еуропадан білім алған алғашқы қазақ оқығандарының бірі еді. Алғаш Верный (қазіргі Алматы) гимназиясында, кейіннен (1909 жылдан) Семей гимназиясында оқыды. Верный гимназиясында Ораз Жандосов, Садық Аманжоловтармен бірге оқыса, Семейде Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасовтармен бірге оқиды. Семей гимназиясын бітірген соң Польшаға барып, атақты Варшава университетінде оқыған алғашқы қазақтың бірі осы Әбілмәжін Күшіков болатын. Ол туралы атақты Ғұмар Қараш 1913 жылғы «Қазақ» газетінде: «Варшава университетінде төрт қазақ оқиды. Соның бірі – Әбілмәжін Күшіков, өз қаражатымен оқиды» деп жазды. Осыған қарағанда, ағасы Жакула інісі Әбілмәжінді өзі қаражат төлеп оқытқанға ұқсайды. 

Әбілмәжін Күшіков «Қазақ» газетімен және оның шығарушылары Байтұрсынұлымен, Міржақып Дулатовтармен жақсы қарым-қатынаста болғаны да белгілі. 1930 жылдардағы репрессияда «эмигрант Жакула Күшіковтің інісі Алашордашыл Райымжан Мәрсековтармен байланыста» деп айып тағылып, НКВД тұтқындайды да, атақты КАРЛАГ-қа айдалады. 1937 жылғы қызыл қырғында ату жазасына кесіледі. Репрессияның қанды қырғыны Жакула әулеттеріне орны толмас қайғы-қасірет алып келді. Атасы Жакула, оның інісі Әбілмәжін, Мерғазы 1920-1930 жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбаны болса, әкесі Әнуардың да ғұмыры Қытайдың түрмесінде үзілді. Мәдениет төңкерісі дейтін алапат төңкерістің құрбанына айналды. Оған Мағауия Жакулинді де қосыңыз. Мағауия көкесі де қуғын-сүргіннен аман қалмапты. 

Асқар Жакулин бір сұхбатында «Біздің әулеттің тағдыры екі империяның арасында жатып езгіге түскен қазақ халқының тағдырының шағын көрінісіне ұқсайды» депті. Міне, осындай әулеттен шыққан Асқар Әнуарұлы Жакулин кім еді? Ол 1965 жылдың қара күзінде – 7 қарашада Қытай Халық Республикасының Шыңжаң провинциясының орталығы Үрімжі қаласында дүниеге келді. Оның балалық шағы Қытайдағы 10 жылға созылған аты шулы мәдениет төңкерісіне дөп келді де, әкесі «қызыл коммунистерге қарсы шетпен астасқан оңшыл» деген жаламен халық жауы ретінде танылып, Қытай түрмесіне қамалады да, сондағы жан төзгісіз азаптан қаза табады. Халық жауының әйелі, сенімсіз элемент ретінде оның анасы да қудалауға түседі. Шиеттей жеті баланы асырау асқар таудай арқасүйер азаматынан айырылған, ол аз болғандай, өзі де қудалауға түскен Асекеңнің анасына оңай болмағаны анық. Не де болса, шиеттей бала-шағаны жетімсіретпей, жаутаңдатпай өсіруге бел буған ана сүт кенжесі Асқарды еш нәрседен кенде етпеді. Ең бастысы жақсы тәрбиеледі. Әкесінің орнын өгейсітпеді. Бірақ, асқар таудай әкенің бейнесі бала Асқардың жүрегінде терең орын алғанымен де, бәрібір жүрегіндегі оның бейнесі елес болып қана қалып еді. Асқардың жастық шағы осылай өтіп жатты. Қытай мектебіне барды. Бірақ қазақы мінез бен болмыстан айырылмады. Текті әулеттің қаны (генетикасы) ұлттық тәрбиеден алыстатпаған ана тәрбиесі оны ұлттық болмыстан айырған жоқ еді. 1984 жылы 10 жылдықты қытай тілінде бітірген бозбала мемлекеттік тестілеуде (ҰБТ) өлке бойынша бірінші орынды иеленіп, Қытайдағы санаулы ғана ең атақты университеттердің бірі Шин Хуа университетінің IT мамандығына оқуға түседі. Ол Шин Хуа университетіне түскен тұңғыш қазақ баласы ғана емес, Шыңжаңдық аз санды ұлттан шыққан оқушы еді. 

Студент кезінде алғырлығы, шешендігі, көшбасшылық, елгезектік қасиеттерімен көзге түскен қазақ баласы университеттегі түрлі қоғамдық шараларға, жастар ұйымының жұмысына да белсене араласады. Университет және Бейжің қаласы бойынша ұйымдастырылған студенттердің көркемсөз сайыстарына қатысып, суырылып алға шыққан қазақ жігітінің қытай тілінде жатық, шешен сөйлеуі бағалау комиссиясында отырған кәсіби мамандарды да таңғалдырды. 1988 жылы оқуын бітірген соң, әуелі қиыр шығыс Қытайдағы үлкен ІТ серіктігінде ғылыми практикадан өтеді де, келесі жылы өзі оқыған Шин Хуа университетінен еңбек жолын бастайды. Онда екі жылға жуық еңбек еткен мұраты биік, арманшыл Асқар білімі мен тәжірибесін шыңдау мақсатында шетел асып, Германияда бір жағынан оқып, бір жағынан жұмыс істей жүріп шыңдалады. Білімін жетілдіріп, тәжірибесін молайтады. Бейжіңнен Берлинге дейінгі білім сапарында ол кәсіби білімді былай қойғанда, ана тілінен, қытай тілінен басқа ағылшын, неміс, жапон, түрік тілдерін еркін меңгереді. Одан төрт жылдан соң Бейжіңге қайта оралған жас Жакулин үлкен қызметке тұрудың мүмкіндігін қайырып қойып, кәсіпкерлікке бет бұрады. Бейжің секілді бәсекеге толы әлемдік мегаполисте кәсіпкерлікпен айналысу оңай болмайтынын білді, бірақ тәуекел етті. Бұл жас қазақ баласы үшін үлкен таңдау еді. Осы жылдары өзінің курстасы Жияң Вей (Жайна Жакулина) ханымға үйленді. Осы жылдары ол үлкен сынақты бастан өткерді. Үйренген білімі, тәжірибесі, жігері көмектесті оған. Бейжіңде үлкен-үлкен құрылыс жобаларын іске асырды, табысқа да жетті. 

1990 жылдардың соңы, 2000 жылдардың өліарасында кешегі Алаш қайраткерінің перзенті жас Жакулиннің алдында үлкен таңдау тұрды. Ол өзінің аталарының кіндігінің қаны тамған, кіндігі байланған атамекенге, азат Отан – Тәуелсіз Қазақстанға ат басын бұру еді. Ол Бейжіңдегі үлкен бизнесін, шалқыған тұрмысты – бәрі-бәрін тастап, елге оралды. Ол перзенттерім қазақ болып қалсыншы деген жүрегінің түбіндегі бөгеу бермес үлкен арманы еді. 2002 жылы еліміздің мәдениет және экономика орталығы, тәуелсіздіктің алтын бесігі Оңтүстік Астана – Алматыдан ауыл шаруашылығы машиналары өндірісімен және оны сатумен айналысатын As-ai LTD ЖШС-ын құрды. Аз ғана жылдың ішінде Қазақстандағы қуатты қаржылық ұйымға айналдырып, отандық экономиканың өсуіне үлкен үлес қосты. Өзінің адал еңбек, маңдай терімен отандық ірі қаржылық ұйымның иесіне айналған Жакулин кешегі Алашордашыларға қаржылық қолдау көрсеткен Садық Омаров, Қасен Ақаев, Баспай Шолақұлы, Маман аталары сияқты Алаштың Атымтай жомартына да айналды. Бүгінгі тілмен айтқанда, үлкен меценат болды. Әрине, оның арғы жағында атасынан дарыған алашшылдық рух, отаншылдық сезім жатыр еді. Шеттен келген қандастарға қол ұшын беріп, олардың атамекенге орын теуіп қалуына көмегін аямады. Отандық түрлі әлеуметтік рухани-мәдени жобаларға үздіксіз қолдау көрсетіп отырды. 

 

Жарының ісін 

жалғастырған Жайна

 

Асқар аға бастаған осындай игілікті қайырымдылық шараларын ағамыз өмірден өткен соң да, оның жары Жайна Жакулина ханым жалғастырды. 2016 жылы 14 наурызда мемлекеттік мекемелерді осы замандық медициналық жабдықтармен өтеусіз негізде қамтамасыз етуді мақсат еткен Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қорын құрды. Бұл отандық денсаулық сақтау саласына жасалған сау денелі Қазақстан азаматтарын қалыптастыруға үлкен қолдау болғанын ерекше атап айтар едік. Сөзімізге бір ғана дәлел, ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қор 2016 жылдан 2023 жылдың соңына дейін жаңғырту жобасына (бұл медициналық жабдықтарды жаңғыртуды көздеген) – 161 миллион, үздік дәрігер жобасына – 4 миллион, басқа әлеуметтік жобаларға және олимпиада жобасына – 128 миллион (мұның ішінде әлеуметтік жобаларға 99 миллион, олимпиада жобасына 29 миллион) қаржы бөлген. Демек, бұл әлеуметтік саланы қолдауға қосқан үлкен үлес деген сөз. Сөздің реті келгенде Айдана Асқарқызы Жакулина басқаратын As-ai LTD ЖШС Қытайдың SANY, SHANTU, HOWO, WEICHAI, SHACMAN, HELI секілді және Жапонияның AIRMAN секілді ірі компанияларымен біріге отырып Қазақстандағы үлкен жобаларды іске асырғанын айта кетелік. Бұл деген сөз – отандық экономиканың жандануына және ел бюджетіне миллиондап қаржы әкеліп жатыр деген сөз. 

Тағы да бір қосарымыз, 2012 жылдан Жакулин атындағы химия, биология пәндері бойынша республикалық олимпиада өткізіліп келе жатқанын айта кеткен жөн. Жакулин мұраты биік, өмірді шексіз сүйген, үлкен махаббатпен өмір сүрген азамат еді. Үлкен армандарға қол созды. Сол өзі аңсаған арман-мұратының біразына жетті де. Бірақ, өмір шіркін оны туа сала әлдилеген жоқ. Тағдыр оны сан сынақтарға салды. Әкесі оңшыл, сенімсіз элемент, халық жауы болып Қытай түрмесінде өмірі қиылады да, әке махаббатын сезіне алмады. Әке бейнесі сағым болып алыстай берді. Иә, ана махаббаты оны өмірді сүюге жетеледі. Бейнесі сағымға айналған аталарының кіндік қаны тамған топырақ атамекенге деген шексіз сағыныш, отан-анаға деген перзенттік махаббатпен, сүйген жарға деген іңкәр сезіммен, перзентке деген әкелік мейіріммен, бауырға деген сүйіспеншілікпен өмір сүрді. Ол біздің кейіпкердің бойындағы алаулаған оттай ыстық, судай таза махаббат еді. 

Асқар Жакулиннің демократиялық бағыттағы отаншыл қайраткер, дара тұлға болғанын біреу білсе, біреу білмегені, әрине Жакулиннің кінәсі емес. Қазақтың классик қаламгері, жазушы, драматург Рахымжан аға Отарбаевтың «Сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын» деген сөзі бар еді. Біз де Асқар Жакулин секілді Алаштың Асқарына айналған азаматпен бірге жүрмесек те, қазақтың асқар тұлғалы Асқарымен замандас болғанымызға, оны өзіміз де өнеге санағанымызға бақытты сезінеміз. 

Асқар таулар алыстаған сайын биіктей береді. Уақыт өткен сайын, жылдар жылжыған сайын алашшыл, мемлекетшіл, отаншыл тұлғаның рухы да, тұлғасы да сол асқар таулар секілді биіктей береді. Біздің бұл жазбамыз, Асеке, өзіңіздің рухыңыздың алдындағы інілік ізет пен қабіріңізге салған бір уыс топырағымыз болсын. 

Бейіште нұрыңыз шалқысын!

 

Сержан ТОҚТАСЫНҰЛЫ, 

Алматы

 

30.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА БИЫЛ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 16.05.2024 50
ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 150 МЫҢ ДАНА АРНАЙЫ КИІМ ТІГЕТІН ФАБРИКА САЛЫНЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 16.05.2024 24
ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ КӨКПАРШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 16.05.2024 13
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕРГЕ» ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНАН БІЛІКТІ КАДРЛАР ШАҚЫРЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 16.05.2024 16
СОЗАҚТА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ 210 ЖОБАҒА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛГЕН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 16.05.2024 23

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1516
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7552
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11429
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7591
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7751