Ассамблея қалтарыста қалған ұйым сынды...

Ассамблея қалтарыста  қалған ұйым сынды...

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы пікір білдірген қоғам қайраткері Әміржан Қосан: «Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезекті жиыны өтті. Бұл ұйымға деген сыни көзқарасы бар қоғамда: «Оның тізгінін жуықта өз қолына алған президент Қ.Тоқаев Ассамблея жұмысына қандай жаңалық енгізеді?» – деген сұрақ та жоқ емес. Меніңше Назарбаев негізін қалаған саясаттың бірізділігін сақтаймын деп уәде берген Тоқаев қайткенмен де әр салаға өзіндік жаңалық енгізуге тырысары хақ. Онсыз ілгерілеу жоқ. Кешегі Ассамблея жиынында сондай ниеттің алғашқы нышандары да пайда болған сияқты. Мәселен этносаралық қақтығыстар туралы тақырыпта жаңаша ұстанымдар айтыла бастады. Тоқаев: «Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, этностардың бір жерде шоғырланып өмір сүруі олардың әлеуметтік-мәдени оқшаулануына (изоляция) алып келеді. Мұның өзі этносаралық шиеленіске, тіпті қақтығыстардың өршуіне әкеп соғатын этникалық анклавтардың, мәдени тілдік кедергілердің тууына себеп болады», – деп мәлімдеді. Президенттің сөзінше, еліміздің елді мекендері мен қалаларында пайда болған жабық түрдегі этникалық аудандар мен кварталдардың түзілуінің теріс тенденциясын жою үшін жүйелік іс-шаралар қажет. Оның ойынша, кейбір аумақтарда этностық топтар өкілдері қазақстандық болмыстан қашықтауы секілді ішкі миграциялық феномен байқалады. Бұл – бұрын-соңды билік аузынан шығып көрмеген жаңаша пайым. Бұрын біз Ассамблеяны: «Ел ішінде боп жақтан этносаралық қақтығыстардың түп себебі мен салдары туралы ашық айтпайды, достық туралы жалпылама сөздерді айтып құтылады не өткір тақырыптар мен шиеленісті оқиғалар туралы жұмған аузын ашуға жарамайды», – деп сын тезіне алатын едік. Президенттің мына мәлімдемесінен кейін, ондай сын біршама толастайтын да болар. Әйтеуір бәрін уақыт көрсетеді. Жасыратын несі бар, кей жағдайда президент аузынан шыққан жақсы сөздер жарты жолда қалып, жүзеге аса қоймай, арты сиырқұйымшақтанып жатады. Оның үстіне президент мұндай мәселелер туралы үнсіз қалуға болмайды деп айтып қалды. «Ұлттық мәселе жайында өткір сөйлесем, ол ортақ достығымызға, ел ішіндегі этносаралық тұрақтылыққа нұқсанын келтіруі мүмкін», – деді. Ашық әңгімеден басын ала қашатын шенділер мен саясатерлерге берілген мықты «сигнал» осы болса керек!

Ассамблеяда және одан тыс жерде осы ойды ашық, ешкімнің намысына тимей, ешкімді тұқыртпай не кемсітпей, айтатын кез келді деп ойлаймын! Жиында соңғы кезде ресейлік күштер ушықтырып бара жатқан тіл мәселесі де қозғалды. Қ.Тоқаев: «Ол үшін мемлекеттік тілді де, ұлттық тілді де, орыс тілін де білу керек. Біздің балаларымыз әртүрлі тілдерді қаншалықты көп білсе, соғұрлым олар үшін жақсы болады. Оларды тек бір тілмен шектеудің қажеті жоқ. Осылайша әрекет ете отырып, біз олардың болашақ дамуы мен интеграциясын іс жүзінде шектейміз, ақыр соңында оларды жарқын болашаққа деген перспективадан айырамыз», – деді. Сөз жоқ, өркениет әлеміне интеграциялану да, ол үшін шет тілдерін, соның ішінде, Толстой мен Достоевскийдің тілін де білу керек. Бірақ біздің жағдайда екі нәрсе маңызды. Біріншіден,  басқа тілді үйрету қазақ тілінің есебінен болмауы тиіс және  алғашқы сыныптан басқа тілдерді сәбидің қалыптасып үлгермеген ой-санасына тықпалау қаншалықты орынды? Екіншіден, Президент секілді тұлғаның әр сөзі тасқа жазылып қалмақ. Сондықтан да тілдер туралы айтқанда орыс тілін ерекшелемей, әлемдік басқа тілдермен қатар атаса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе көршінің тіліне өзгеше мән беріп, шамадан тыс атай беру, сол жақтағы ура-патриоттар мен өз ішіміздегі ескі кеңес жүйесін аңсаушылардың қолтығына су бүркіген секілді қабылданбақ. Осындайда өз басшылары, Тоқаевтың трендін қолдап, осы күнге дейін үнсіз, геосаяси әліптің артын бағып отырған біраз белгілі «ассамблеялықтар» «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген принципті ұстанып, жақсы пікір айтса болар еді ғой. Ондай ниет әзірше жоқ. Президент жиында басқа да өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Оның заманауи тенденциялардан біршама хабардар екені де көрініп қалды. Мәселен әлеуметтік желілерге қатысты ойлары қызық-ақ. Бірақ өз басым митингілер туралы пікірімен келісе алмаймын. Президент тағы: «Біз бейбіт жиын туралы жақсы заң шығардық, кім не айтса да, бұл демократия жолында өте маңызды қадам. Ешкім бейбіт жиынға кедергі болмайды. Бәрі жазылған, ресми рұқсат алудың да керегі жоқ. Тек ескерту арқылы жиын өткізу қажет. Кей тұрғынымыз заң бұзуға болады деп ойлайды. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілетінін ескертемін», – деді. Ал егер де митинг туралы ескерткен азаматтарға ылғи да рұқсат берілмесе, не істемек керек? Әрине, заң қалыбы мен талаптарынан ауытқып, радикалды қадамдарға баратындар да баршылық. Бірақ оппозицияның бәрі ондай емес қой! Шындығын мойындайық: митингті ескерту беру арқылы өткізу принципі әзірше жұмыс істеп тұрған жоқ! Президент соны білуі керек! Этносаралық қақтығыстар туралы айтқанда, президент: «...Мұндай қақтығыстар арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Біз дәл осындай арандатушылармен күресеміз және оған аяушылық болмайды», – деді. Дұрыс-ақ! Бірақ көпшіліктің көкейінде: «Сол арандатушылар деп жүргендер қазақ ұлтының, қазақ тілінің мүддесін қорғаушылар ғана болып шықпасын», – деген күдік те жоқ емес...» – деп пікір білдіріпті. Несі бар, мұны ойланатын, көпті ойландыратын пікір деу орынды сияқты.

Ермек Сахариев
28.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 235
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 373
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 370
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 602
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 544

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9247
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8643
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11870
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9641
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10852