Астанада өткен дәстүрлі Astana Media Week 2026 мерейтойлық медиа апталығы мәресіне жетті. Үш күнге созылған бұл шараның соңғы күні «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты шарасымен аяқталды.
Аталмыш іс-шара туралы газетіміздің өткен аптадағы нөмірінде қысқаша ақпарат беріп, оқырмандарымызды құлағдар еткен едік.
10 жылдық тарихы бар бұл халықаралық форум биыл «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Жаңа сенім архитектурасы» деген айдармен өтті. Форумда талқыға түскен негізгі тақырыптардың қатарында медиада ЖИ құралдарын кеңінен қолданудың артықшылықтары мен кемшіліктері мәселесі сөз болды. Яғни жасанды интеллект және журналистика трансформациясы талқыға түсті. Келесі бір маңызды әрі күллі әлемге ортақ тақырып фейк ақпаратпен күрес туралы өрбіді. Қазіргі таңда ЖИ-дың жылдам дамуы мен кеңінен қолданысқа енуі фейк ақпараттардың кеңінен айналысқа енуіне жол ашқаны белгілі. Сондықтан оқырманға нақты деректерді ұсыну, журналистік этиканы сақтау туралы тұшымды ойлар ортаға салынды. Бұдан бөлек, халықаралық нарыққа шығу және адаптация мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Яғни отандық контентті жай ғана шетел тіліне аударып қоймай, оны сыртқы аудиторияның сұранысына сай бейімдеу (адаптациялау) жолдары қарастырылды. Сол қатарда балалардың цифрлық қауіпсіздігі тақырыбы, жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігі, жас шектеулерін верификациялау және цифрлық платформалардың жауапкершілігі талқыланды.
Осылайша, үш күнге жоспарланған халықаралық форум мәресіне жетті. Биыл алғаш рет еліміздің ең беделді екі медиа жүлдесі – «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары бөлек өткізілмей, осы медиа апталық аясында бір ортақ атаумен табысталды. Бұл думанды шараға еліміздегі медиа саласының өкілдері, журналистер, редакторлар, тележүргізушілер мен шығармашылық ұжымдар қатысты. Салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев сөз сөйледі.
Еңбектері жанып, жүзден жүйрік деп бағаланған марапат иелеріне сыйлық табыстау салтанатына Құрылтай депутаттары Сергей Пономарев, Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжан, Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, Q.AI бас директоры Дмитрий Мун, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен медиа саласының өзге де өкілдері қатысып, үздіктерді марапаттап, жылы лебіздерін білдірді.
Белгілі болғанындай, биылғы байқауға 12 номинация бойынша 600-ден астам өтінім келіп түсіпті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл заманауи медиатехнологиялар мен журналистиканың жаңа форматтарын дамытуға айрықша назар аударылған көрінеді. Соның айғағындай болып, «Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба» номинациясы енгізілген екен.
2017 жылдан бері табысталып келе жатқан отандық телевизияны қолдауға және дамытуға бағытталған «Тұмар» сыйлығы мен баспасөз, радио және интернет журналистикасындағы жетістіктерді марапаттайтын «Үркер» сыйлығы қазірге дейін талай мықтыны жұртқа танытқаны белгілі. Биыл осы екі марапат халықаралық форумға біріктіріліп, аясы кеңейе түсті. Төменде 2026 жылғы «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпазы атанған «миллионерлерді» атай кетуді жөн көрдік.
«Тұмар – 2026» ұлттық телевизиялық сыйлығы:
• Үздік тележүргізуші – Вероника Вишневская, «Еуразия» бірінші арнасы;
• Үздік деректі жоба – 24KZ, «4739»;
• Үздік телевизиялық материал – Qazaqstan, «Қарқынды құрылыс»;
• Үздік әлеуметтік жоба – Jibek Joly, «Правда в деталях»;
• Үздік телехикая – Астана TV, «Ауыл бапкері»;
• Үздік ақпараттық-талдамалық бағдарлама – 7-арна, «Новости».
«Үркер – 2026» ұлттық сыйлығы
• Жылдың үздік журналисі – Жанар Сердалина;
• Үздік радиожоба – Қазақ радиосы, «Ойтұма» бағдарламасы;
• Журналистиканың болашағы: жасанды интеллект саласындағы үздік жоба – Altainews Media Centre, «AI-ЖАН»;
• Үздік медиажоба – Tengrinews, Tengri TV;
• Жылдың үздік материалы – Мирамгүл Рахатқызы, «Ақтөбе» газеті, «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты»;
• Үздік талдамалық материал – Лаура Тусупбекова, «Казахстанская правда» газеті, «Моя ДНК – наше богатство».
Qazaqstan Media Awards – 2026 арнайы жүлделері
• Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені – 30 жыл;
• Информбюро – 30 жыл.













