Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында оныншы рет өтіп жатқан «Astana Media Week» медиа апталығы өз жұмысын бастады. Дәстүрлі іс-шараға отандық және шетелдік БАҚ өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, IT-саланың мамандары мен халықаралық сарапшылар жиналды.
Биылғы жиынның басты тақырыбы – медиа саласындағы цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні (AI) пайдалану, отандық контентті ілгерілету және ақпараттың шынайылығы мен аудитория сенімін арттыру мәселелері.
Апталықтың ашылуындағы пленарлық отырысқа ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews, Meta, Smart Advanced Technologies, ЮНИСЕФ және Q.AI сияқты халықаралық ұйымдар мен технологиялық компаниялардың өкілдері қатысып, цифрлық дәуірдегі медианың болашағын талқылады.
Апталық аясында жасанды интеллектіні қолдану, фактчекинг, Орталық Азияны халықаралық ақпарат кеңістігінде таныту, ағылшын тіліндегі журналистиканы дамыту және өңірлік БАҚ-ты қолдану бойынша пікірталастар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
2017 жылдан бері беделді диалог алаңына айналған мерейтойлық медиа апталық 16 қазанда аяқталады. Жиын соңында Qazaqstan Media Awards салтанатты рәсімі өтіп, «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының лауреаттары марапатталмақ.
Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» ұйымдастырды.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ













