Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Референдумды астаналықтар жылы қабылдады. Айта кетейік, республикалық референдум күні 585 бала дүниеге келіпті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумға қатысып, елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 51 учаскеде өз таңдауын жасады. ҚР Президенті онда жаңа Ата Заңның ел болашағы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек те Конституциялық реформаға арналған референдумда дауыс берді. Қала басшысы да елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскелерінің бірінде таңдауын жасады. Қала әкімдігінің мәліметінше, таңғы сағат 07:00-де елордада референдум өткізуге арналған 501 учаске жұмысын бастаған. Оның ішінде 395 ашық учаске және 106 уақытша орналасу орындарындағы учаске бар.
Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтің мәліметінше, Астана қаласы бойынша түскі сағат 14:00-ге дейін азаматтардың келу белсенділігі 40,68%-ды құраған. Бұл көрсеткіш елорда тұрғындарының маңызды саяси науқанға деген жоғары қызығушылығын көрсетіп тұр.
Астанадағы референдум тек саяси сипатта ғана емес, халықтық мереке ретінде де аталып өтті. Қаланың № 60 референдум учаскесінде ерекше жағдай болды, Абылайхан Егеубаев есімді тұрғын өзінің сүйіктісіне көпшілік алдында үйлену туралы ұсыныс жасады. Мұндай оқиғалар маңызды саяси науқанның адамдар арасындағы сенім мен болашаққа деген үмітті нығайтатынын көрсетеді.
Сондай-ақ Астана қаласында робот пен барыс қала көшелерін аралап, референдумға қатысты. Осылайша Астана тұрғындары ерекше перформанстың куәсі болды: республикалық референдум күні қала көшелері бойымен ең технологиялық әрі сүйкімді қонақтар – робот пен Әділет есімді барыс жүріп өтті.
«Бұл жарқын кейіпкерлер тек жүргіншілерге ғана емес, барлық астаналыққа керемет көңіл күй сыйлады», – деп жазды Астана қаласының Коммуникациялар қызметі.
Референдум аясында түсіндірме жұмыстарымен 707 мыңнан астам адам қамтылғанын айта кету керек. «Референдум – демократияның негізгі процестерінің бірі. Халық үнін білдірудің озық үлгісі. Елордада саяси науқан сәтті өтті деуге болады», – дейді комиссия төрағалары мен байқаушылар. Айтуларынша, дауыс беру ашық әрі әділ жүргізілген.
Елордадағы барлық референдум учаскелерінде «AMANAT» партиясының бақылаушылары саяси науқанның әділ өтуін қадағалады. «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, тұрғындар керемет көңіл күймен келген. Сонымен қатар, сенімді түрде дауыс бергені – жұртшылықтың саяси процестерге сеніп, белсене араласуының белгісі.
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек: «16 ақпан мен 13 наурыз аралығында бізде 1136 іс-шара өткізіліп, оның ішінде, әрине, кездесулер, қандай да бір эксперттік алаңдар, сондай-ақ, түрлі буындар мен түрлі аудиториялармен біздің түрлі кездесулеріміз өтіп, осы кездесулер аясында 707 мыңнан астам адам қамтылды. Бүгінгі референдумға жастардың белсене араласқанын да көруге болады.
Аумақтық референдум комиссиясы төрағасы Бейсембай Жұмабековтың айтуынша, халықаралық байқаушылар өз ризашылықтарын білдірген.
Астана қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Бейсенбай Жұмабеков: «Бүгінгі күні өзіміздің республика бойынша 11 ұйымның азаматтары қатысты. Астана қаласының өзінде аккредитация алған 23 қоғамдық ұйымдар да белсенді қатысып жатыр. «AMANAT» партиясы ұйымдастырған түсіндірме жұмыстары тұрғындар еңбек ететін барлық саланы қамтығанын айта кеткен жөн».
Сонымен қатар, референдум күндері елорда тұрғындары үшін «Nauryz Sale» ауқымды азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Жәрмеңкелер қаланың жеті бірдей ірі сауда орталықтары мен базарларында, атап айтқанда, «Keryen Joly», «Koktal», «Еуразия», «Астаналық базар», «Damu Mall», «Шапағат» және «Сауран» аумағында орналасты.














