АТА ЗАҢ – ҚОРҒАЛУ МЕН БОСТАНДЫҚ КЕПІЛІ

АТА ЗАҢ – ҚОРҒАЛУ МЕН БОСТАНДЫҚ КЕПІЛІ

Еліміздің Ата Заңында бірінші орында адам тұр. Бұл адам құқығының қорғалуына және шағымдануына мүмкіндік бермек. Әр қазақстандық өз құқығын білуге міндетті. Сондай-ақ заң арқылы әділетсіз шешімді өзгертуге хақы бар.  Адамның сот арқылы қорғалу құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуына мемлекетте кепілдік береді. Республиканың негізгі Заңының 1-бабында «Қазақстан Республикасында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат құндылық болып табылады» деп көрсетілген. Ал Конституцияға 2022 жылғы 8 маусымдағы конституциялық Заңмен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекетімізде адам мен азаматтың мәртебесі туралы жоғарыда жарияланған негізгі нормаларды іске асыруға жаңа негіздер туғызады. Жаңартылған Конституциядағы адам құқықтары бойынша кейбір нормаларды талдауға кіріспес бұрын конституциялық және гуманитарлық құқықтағы доктринада кеңінен зерттелген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысқаша түсініктеме беру қажет.

Адамның құқығы бұзылғанын немесе бұзылмағанын заң жүзінде анықтап, үкім шығаратын құзіретті орган болғандықтан, соттың рөлі аса зор. Осыған орай, сала жұмысында жүйелі реформалар жасалуда. Мұндағы басты мақсат сот процестерін оңтайландырып, артық бюрократиялық рәсімдерден арылту және озық ақпараттық технологияларды енгізу арқылы азаматтар құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің әділ қорғалуына қолайлы жағдай жасау, бұл тұрғыдағы қызмет сапасын жақсарту болатын.

Қазіргі уақытта межеленген мақсат-міндеттер орындалуда деуге толық негіз бар. Мысалы, азаматтар құқықтарын сотқа келмей-ақ қашықтықтан, яғни онлайн сот отырыстары арқылы қорғауда.

Азаматтық іс жүргізуге енгізіліп жатқан жаңалықтар – азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін тиімді қорғаудың кепілі. Сондықтан заңды құрметтеп, оның талаптарын мүлтіксіз орындау әрбір адамға міндет.

Яғни мемлекеттің ең қымбат құндылығы – адам. Демек мемлекет және мемлекеттік органдар қарапайым адамның құқықтары үшін жұмыс істеуі керек.

Осы қағидаттар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділ қоғам мен тиімді мемлекет» тұжырымдамаларында іске асырылуда. Олар демократия, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы туралы, идеологиялық және саяси саналуандық, барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі туралы, әділ сот арқылы қорғалу құқығы, кез келген негіздер бойынша кемсітушілікке тыйым салу туралы, азаматтың мемлекетті басқарудағы құқығы, сайлау және сайлану құқығы туралы, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы конституциялық принциптер мен нормаларды айқын көрсетеді.

Еліміздегі адам құқықтары жөніндегі Комиссия – ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Бұл адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттан тыс органдарына жатады. Ережеге сәйкес, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретіндегі оның конституциялық өкілеттіктерін іске асыруға жәрдемдесетін кеңесші және консультативтік орган болып табылады. Бұл органның негізгі мақсаты – мемлекеттегі адам құқықтарының қаншалықты сақталып жатқанына баға беру және Президентті өз тұжырымдарынан хабардар ету. Бұл органның негізгі міндеті – ҚР Президентінің өкілеттіктерін адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде іске асыруға жәрдемдесу. Өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде Комиссияның

• мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті кез келген материалдарды, құжаттарды сұратуға;

• адам құқықтарын жаппай не өрескел бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік мекемелердің жұмысына тексеру жүргізуге;

• Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кез келген лауазымды адамдардан түсініктемелер алуға құқығы бар. Комиссия өз қызметінің нәтижелері бойынша адам құқықтарының сақталуы туралы жыл сайынғы баяндамаларды жасайды және оларды ҚР Президентіне жібереді. Сонымен қатар талқыланған мәселелер бойынша қорытындылар мен ұсынымдар қабылданады, олар осы мәселені шешу құзыретіне кіретін тиісті заңнамалық, атқарушы, сот және өзге де органдарға жіберіледі. Қажет болған жағдайда бұл туралы ақпарат ҚР Президентінің назарына жеткізіледі. Комиссия жұмысында елдегі адам құқықтарының бұзылуы, сондай-ақ осы құқықтарға нұқсан келтіру фактілері туралы мәселелер маңызды орын алады.

ЗАҢ ЖОБАЛАРын

ҚАБЫЛДАУДА 

МЕМЛЕКЕТТІК

 ОРГАНДАРДЫҢ ШЕШІМІ МАҢЫЗДЫ

 

Көпшілікті заң жобасының қалай дайындалатыны, оны мемлекеттік органдардың қабылдауы  қызықтыратыны даусыз. Бұл негізі үлкен процесс. Заң жобасы  – елдегі заң шығарушы органның қарауы үшін немесе бүкілхалықтық референдумға әзірленген заңның қабылдауға ұсынылатын мәтіні. Заң жобасын әзірлеу ісі белгілі бір қоғамдық қарым-қатынастар аясын реттеу немесе мұндай реттеуді өзгерту қажеттігін, қолданыстағы заңдар мен оларды қолданудың тәжірибесін талдауды, жобаны әзірлеу туралы шешім қабылдауды, оның мәтінін жазуды, бастапқы жобаны талқылап өңдеуді, мүдделі органдар мен ұйымдардың бәрімен келісіп алуды т.б. қамтиды. Заң жобасы әзірленіп біткен соң, ол заң шығару бастамасы тәртібімен заң шығарушы органның қарауына немесе бүкілхалықтық референдумға салуға беріледі. Мысалы биыл  Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң жобасын жұмысқа алды. (Анықтай кетейік, ҚР Парламенті заң шығарушы орган саналады). Заң жобасы 3 кодекс пен 12 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.

Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды жарияланғанын жеткізді. 

– Аталған заң жобалары Үкіметтің заң жобалау жоспарына сәйкес әзірленді. «Масс-медиа туралы» заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Ілеспе заң жобасында 3 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті осы жобаларды жұмысқа алуға дайын, – деді Аймағамбетов.

Осылайша, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы мен «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын жұмысқа алды.

Түсінікті болу үшін тағы қайталап айтқалы отырмыз, қалай болғанда да кез келген заң жобасы Мәжіліске келіп түсуі керек. Мәжілісте жұмыс тобы құрылып, талқылануы керек. Тиісті ескертулер мен ұсыныстар сол жерде сұрыпталып, салыстырмалы кесте арқылы алып тастайтын баптар болса алып тастап, қосатыны болса қосылады. Мәжіліс қабылдап болған соң ғана заң бойынша Сенатқа келіп түседі.

Ал мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің іске асырылуын ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында министр Азамат Есқараев әділет органдарының жұмысын жетілдіру туралы баяндамасында ерекше айтты. Әділет министрінің айтуынша, бүгінде заң жобаларын әзірлеуге қойылатын талаптар күшейтілді, мемлекеттік органдармен бірлесіп 260 заңға ревизия жүргізілді, мемлекеттік қызметтер цифрландырылып келеді екен.

«Өздеріңіз білетіндей, әділет органдары мемлекет қызметінің құқықтық тұрғыда қамтамасыз етілуін жүзеге асырады, мемлекеттік органдардың жұмысында заңдылық сақталуын қолдайды. Сонымен бірге азаматтар мен бизнестің құқықтарын, заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Аталғандар, оның ішінде Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен заң жобаларын әзірлейтін мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмысын үйлестіруі арқылы іске асырылады», – деді Азамат Есқараев.

Министр мәлімдегендей, жобалық ережелердің сапасы мен бірлігін қамтамасыз етуде Әділет министрлігі жүргізетін заң сараптамасына шешуші рөл берілген. Заң сараптамасына барлығы 26 (2022 ж. – 46) мемлекеттік органдар әзірлеген заң жобалары келіп түсті, олардың жартысы пысықтауға қайтарылған екен. Бұл жерде Мемлекет басшысының норма шығару процесінің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша Әділет министрлігі жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын және заң жобаларды қайта пысықтауға қайтару осы жұмыстың нәтижесі болып табылатынын атап өткен жөн.

«Біз Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын трансформацияладық. Соның нәтижесінде бүгінде әзірлеушілерден талап күшейтілді, ғылыми қоғамдастық өкілдері мен сала сарапшыларын тарта отырып, заң жобаларының тұжырымдамаларын терең пысықтау жүзеге асырылуда, реформаларды тікелей комиссия алаңында талқылау үшін оларды БАҚ-қа тарату мүмкіндігімен отырыстардың жария режимі жаңартылды. Енді актілердің жобалары әлеуметтік-экономикалық әсер, ықтимал тәуекелдер, сондай-ақ теріс қоғамдық резонанстың туындау мүмкіндігі тұрғысынан талқылануда. Жыл басынан бері Комиссия заң жобалары тұжырымдамасының 4 жобасын, Үкімет қаулыларының 3 жобасын, реттеуші саясаттың 8 консультациялық құжатын, Парламент депутаттары бастамашылық еткен заң жобаларына Үкіметтің 26 қорытындысын қарады», – деді Азамат Есқараев.

Ведомство басшысы атап көрсеткендей, заңнамалық актілерді шамадан тыс заңнамалық регламенттеу тұрғысынан тексеру бойынша министрлік жүргізіп жатқан жұмысты сүйемелдеу ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл жұмыс Президент бастамашылық еткен мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту процесінің шеңберінде жүзеге асырылады.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
14.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕТІСАЙДА ШЕКАРАШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 05.05.2024 20
ТАРАЗДА ФУТЗАЛДАН ЖАРЫС БАСТАЛДЫ
Сарысу ауданы әкімдігі - 05.05.2024 12
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 12
ТҮРКІСТАН: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 04.05.2024 132

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1263
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7311
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11177
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7369
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7518