Бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін үкіметтен көрсетілетін қолдау көп. Ел игілігіне арналған мемлекеттік бағдарламалардың жемісін ауылдағы ағайын көріп отыр. Ауыл тұрғындарының көбісі мал ұстауға бейім.
Жаңаарық ауылдық округінде де мемлекеттік грант алып, мал шаруашылығымен айналысатындар қатары көбейіп келеді.
Атап айтқанда, осы округке қарасты Ұ. Сыздықбайұлы ауылының тұрғыны, көп балалы ана Жанар Қалмұратова мемлекеттік бағдарламаға қатысып, биыл қайтарымсыз 1380000 тенге грант қаражатына ие болды. Қаржыға 4 бұзаулы сиыр алып, сүт өнімдерін өндіріп, кәсібін дөңгелетсе, осы ауылдың тұрғыны, көп балалы отбасы Тұяқбаев Жамбыл Жұмабайұлы қайтарымсыз грант қаражатына 3 жылқы сатып алып, шаруашылығын дамытуда.
Ақтоғай ауылының тұрғыны, отбасында мүгедек бала тәрбиелеуші Наржанова Назерке Мекенқызы да мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грантқа ие болған. 3 бас жылқы сатып алған ол, жылқы басын көбейтуде.
«Жылқы бағудың да өзіндік жұмысы жетерлік. Жылқыға қажетті барлық күтім күнделікті жасалып отырады. Отбасымызбен осы кәсіпті таңдадық. Енді жылқы шаруашылығын дамытуға барымызды саламыз», - дейді жас кәсіпкер Назерке.
Сондай-ақ, Тоғызкент ауылының тұрғыны, 3 топтағы мүгедек Қозыбаев Әмірғали Қонысбекұлы және осы ауылдың тұрғыны, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған Уткелбаева Ләззат Мыңжасарқызы да қайтарымсыз 1380000 тенге қаржыға ие болып, қой малын өсіруде.
Әрқайсысы 24 бас қойдан сатып алған.
«Аталмыш грантты жеңіп алу үшін арнайы оқудан өтіп, тиісті құжаттар талапқа сай өткіздік. Қайтарымсыз грантқа ие болып, қой сатып алдық. Қазақта “Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деген сөз бар. Қой шаруашылығымен айналысу қазақтың қанында бар кәсіп. Осы істі бастауымызға мемлекеттік қайтарымсыз гранттың пайдасы көп болып отыр. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, ет өндіру, сол арқылы табыс табу жоспарда бар. Қой басын бір көбейтіп алсақ, пайдасы да мол болады деп сенеміз", - дейді тоғызкенттіктер.