Халыққа арнаған биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқа салалармен қатар аграрлық секторды дамытуға да айрықша назар аударды. Шынында да елде жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыстар, әсіресе жаңа жобалар көп. Мұндағы басты және маңызды міндет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені де анық.
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, биыл жергілікті тауар өндірушілермен өңірлік тұрақтандыру қорын 258 тонна етпен қамту жөнінде келісімшарт жасалған. Осылайша тұрғындардың сиыр етінің бір келісін 2800 теңгеден сатып алуына мүмкіндік туып отыр. Оның базардағы орташа бағасы 3300 теңгеден кем емес. Биыл қаңтар-қазан айларында өнімнің жиынтық көлемі – 97,2 млрд теңге. Оның 40,5 млрд теңгесі – егіншілік, 54,7 млрд теңгесі – мал шаруашылығының еншісінде. Есепті мерзімде мүйізді ірі қара – 6,1, жылқы – 10,8, түйе – 5,9, қой-ешкі – 0,4, құс – 24,6 пайызға өскен. Облыс бойынша он айда 35,4 мың тонна ет, 25,7 мың тонна сүт, 38,4 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Тұрғындардың күнделікті тұтынуындағы азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, базар бәсінен төмендету шаралары «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүйелі жүзеге асып отыр.
Асылтұқымды түлік көп
Облыстағы ата кәсіппен айналысатын 2254 құрылымның 2232-сі – шаруа қожалығы, 16-сы – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қалған алтауы – өндірістік кооператив. Соңғы кезде өңірде асылтұқымды түлік өсіретін шаруашылықтың саны айтарлықтай арта түсіпті. Былтыр ол 113 болса, биыл 128-ге жеткен. Бұларда барлығы 50 мыңнан астам түлік бағылуда.
Осы санаттағы шаруашылықтардың көпшілігі ет бағытындағы сиыр малын өсірсе, 29-ы негізінен еділбай қойы, 8-і – Қамбар ата, үшеуі – Ойсылқара тұқымын асылдандырып отыр.
Егіншіліктің де еншісі еселі
Егіншілердің жетістіктеріне тоқталсақ, бүгінде облыста 240 шаруа қожалығы мен жеке шаруашылық иесі осы салада жұмыс жасап жүр. Шығынның көптігіне қарамастан, ебін тапқанға шығымы да мол сала еңбеккерлері есепті мерзімде толайым табыстарға қол жеткізген. Жалпы ауданы 9300 гектардан астам алқапқа салынған егіннің 5005 гектары – малазықтық дақылдар, 2398 гектарға жуығы – көкөніс, 1238,6 гектары – бақша және 664,7 гектары – картоп.
Тынымсыз еңбектің нәтижесінде бұл дақылдардың бәрінен де межеленген бітік өнім алынды. Бұған су үнемдегіш, тиімділігі жоғары тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларының қолданылуы да септігін тигізгенін атап өткен жөн. Мұның өзі бір жағынан судың орынсыз ысырабын азайтуға кепілдік беруде.
Елде болса, ерінге тиеді
Тұтынушыларды қолжетімді бағадағы егін өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Атырау» ӘКК өңірдегі 4 ірі шаруашылықпен келісім-шартқа отырған. Олар – «Қызанақ» ЖШС, «АгроФеликс», «Отбасы» және «Абдолла» ШҚ-тары. Осылайша, жергілікті тауар өндірушілердің ұсынған егінжай ырыздығы бұл күнде осы кәсіпкерлік субъектілерінің теңгеріміндегі сауда нүктелері мен қаладағы 20-дан астам супермаркет дүкендерінде сатылуда.
Айта кетер жайт, бүгінде облыс орталығындағы супермаркеттерде ребрендинг жүргізілуде. Бұл жұмыстар біткен соң өңірлік тұрақтандыру қорына қойылатын тауарлар толық көлемде ұсынылмақшы. Ең маңыздысы, тауарлардың сапалы күйінде сақталуына баса назар аударылады.
Жылдан-жылға тұрақтандыру қорының ахуалы да оңалып келеді. Мәселен, былтыр оның көлемі үш айлық мерзімді қамтыса, биыл ол 30-дан 50 пайызға ұлғайған. Бұған, біріншіден, өнімін ұсынушы субъектілер санының өсуі әсер етсе, екіншіден, көкөніс сақталатын қоймалар сыйымдылығының, яғни қуатының артуы оң ықпалын тигізген.
Қоймалар мен жылыжайлар көбейеді
Осындай ақпараттарымен бөліскен сала басшысы Амангелді Сағидоллаұлының сөзінше, облыста ауылшаруашылығын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік Жол картасы жасақталған. Осы мерзімде 460-қа тарта жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, жалпы құны 48,3 млрд теңгелік 12 инвестициялық жоба жүзеге асуы тиіс. Бұдан биылдың өзінде 27,6 млрд теңгенің 6 жобасын мәресіне жеткізіп, іске қосу көзделген.
Күні бүгінге «Қуаныш» ШҚ-ның құны 300 млн теңге тұратын, 300 бас сиырға арналған бордақылау алаңы, «Доссор Процессинг Компани» ЖШС-нің 602 млн теңгеге бағаланған құрама жем өндіру зауыты, «Aidana Agro» шаруа қожалығының ауданы 5,6 гектар, құны 9,6 млрд теңгелік жылыжай кешені жұмыс жасап тұр.
Былтыр көктемдегі су тасқынының салдарынан бүлінген нысандарды қайтадан қалпына келтіру жұмысы толықтай аяқтала келген. Сыйымдылығы 15,5 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасының құрылысын қолға алған «Жолмұханов Б» жеке кәсіпкерлігі қажетті құрал-жабдықты сатып алуға келісім-шарт жасап қойған, оның құны – 4 млрд теңге. Дәл осындай жұмыс құны 3,5 млрд теңгені құрайтын, қуаты 6 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы құрылысының жобасын «Жұмағалиева Н» шаруа қожалығы аяқтауға таяп қалды. Ал жобалық құны 9,9 млрд теңге, жылына 5 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы «Atyrau Chicken» ЖШС құс фабрикасының құрылыс жұмыстары да 85 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, құны 21,1 млрд теңге тұратын 6 инвестициялық жобаны қаржыландыруға осы соманың үштен бір бөлігінен астамы республикалық бюджеттен бөлінген.
Айрықша атап өту керек, облыста тұңғыш рет Солтүстік Қазақстан облысынан алынған үлгі бойынша егістікті жаңбырлатып суару қондырғысын құрастырып шығарудың пилоттық жобасын іске асыруға 2,5 пайыздық жылдық қайтарыммен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Жобаға сәйкес, жергілікті жерде жасалған мұндай құрылғыны облыстағы 16 шаруашылықта қолдану жоспарланыпты. Әуелі жаңа өндіріске арналған орынды Атырау қаласының аумағынан жалға беру жоспарланса, келесі кезеңде ол Индер ауданының аумағынан қарастырылмақ.
Аманат орындалуымен құнды
«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде биыл облыс ауылдарының әлеуметтік-экономикалық ахуалына талдау (скрининг) жасалыпты. Әр ауданда ауылшаруашылығы кооперативтерін құрып, шағын несие алудың жолдары жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілген. Талдау қорытындысы ауылшаруашылығын дамытуда әлі де болса шешімін күткен проблемалардың аз еместігін көрсетіп отыр. Соның бірі – егіншілікпен шұғылданатын шаруашылықтардың тұқыммен қамтылуы.
Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевтың пікірінше, мәселені оңтайлы шешу үшін жергілікті жерде тұқым шаруашылығын құру қажет. Қатаң климаттық жағдайда диқандарды тұқыммен жеткілікті қамту үшін мәселе шұғыл шешілуі тиіс. Бұл бағытта бастамалар да жоқ емес. Қолдау болса, болашақта біраз мәселенің шешімі табылмақшы. Қалай десек те, аманат орындалуымен өміршең екенін мезгілдің өзі меңзеп отыр.
Сөз түйіні: өңірде өндірілген өнім мен шығарылған тауар өз қажетімізді өтеуі шарт. Сонда ғана оның шығыны мейлінше аз, өзіндік құны әлдеқайда төмен, қолжетімді болары даусыз.















