Азатты жазықсыз ұстап отыр

Азатты  жазықсыз ұстап отыр

«Qazaqstan dauiri» газетінің тұрақты оқырманы ретінде өткен нөмірдегі Сәуле Мешітбайқызының «Әділетсіздіктің құрбаны болған Азаттың жанайқайын кім естиді?» атты көлемді мақаласы мен кейінгі нөмірлерде басылған пікірлерді оқығаннан кейін, әділетті қоғам құруға белсене атсалысып отырған қабырғалы газеттің ұжымына ризашылығымды білдіре отырып, осы іске қарата бір кісілік пікірімді қоса кетуді жөн көрдім.

Кәсіпкер Азат Кәрімұлының «Әділетті Қазақстанда әділетсіздікке жол жоқ» атты ашық хатын оқығанда барып, өзім жақсы танитын, сыйлайтын Азат ағамның қамалғанын білдім. Негізі, сол зауытты салып біткеннен кейін көп өтпей серіктестер арасында дау шығып, сотқа жүгінгендерін, әрі бұл даудың созылып кеткенін жақсы білетін едік. Дегенмен Азат Кәрімұлының адалдығына, адамгершілігіне сенгендіктен де әділеттің жеңетінінен титтей де күмәнданбаған болатынбыз. Өкінішке қарай, істің соңы насырға шауып, арда азаматымыз, қаншама қазақтың баласына жұмыс беріп, өз кәсібін дөңгелентіп жүрген, мемлекетке адал салық төлеуші болып келе жатқан патриот азаматымыз қапасқа қамалып отыр.

 

Мәсімовтың мақамы

 

Бұл жерде құзырлы органдардың Азат Кәрімұлын уақытша қамау туралы шешімдеріне қарата пікір айта алмаймын. Қарапайым адам ретінде сендердікі қате деуге қақымыз да жоқ шығар. Себебі бұл мекемелердің жұмысына араласып, ішкі жағдайымен жете танысып жүрген маман емеспіз дегендей... Алайда сырт көз сыншы ретінде Азат Кәрімұлының ісімен айналысып жатқан жауапты органдардың қызметіне қарата көңілге күдік ұялағаны жасырын емес... Әлдебір «құдыретті қол» біз бетіне қарауға батпай отырған сол мекемелердің жұмысына бөгет қойып, арнасымен ағуға тиісті суды кері бұрып отырған жоқ па деген күмән көкейімізден кетпей тұр...

Азат пен қытайлық кәсіпкер Лю Жунның ортасының бұзылуына тікелей Қажымқан Мәсімовтың қатысы болғандығы басы ашық жағдай болатын. Қара жер хабар бермесін, былайғы жұрттың көңілінде Қажымқан Қасымұлы «Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасының» төрағасы, «Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры» ретінде емес, қолынан келгенде қонышынан басқан орайшыл адам ретінде есте қалған адам. Мысал ретінде өзім жақсы білетін бір-екі жағдайды осында қыстыра кетейін. Оның сонау бір жылдары Қытайдан келген Оразанбай марқұмның кірпіш зауытын қалай тартып алғаны туралы даулы әңгімені жұрт әлі ұмытқан жоқ. Ал 2010-2011 жылдары Қажымқан Мәсімовтың Қытайдан келіп, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алудың жолдарын қарастырып жүрген бизнесмен қытайларға облыс карталарын жайып қойып таңдау жасауға бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Баласы Премьер-министр болып тұрғанда оның алдынан кім шыға алсын? 

Қытайдан бірнеше кәсіпкер алдымен Қырғызстанға келеді. Ол жақты аралап көріп, министрліктің адамдарымен де кездесіп, ынтымақтастық жағын жалғасты талқылайтын болып уәделеседі де, Қазақстанға өтеді. Жер іздеп жүрген қалталы қытайлардың хабарын Қажымқан ақсақал «желден» естиді. Алматыда кездесу болады. Сонда Қажекең қытайлардың алдында облыстардың карталарын жайып қойып түсіндіріпті. «Мына облыста пайдалануға болатын мұнша гектар жер бар» деп асықпай таныстырып отырған Премьер-министрдің әкесін көрген қытайлардың көктен тілегені жерден табылыпты. Сөйтіп Қырғызстандағы бірнеше он мың гектар жерді менсініңкіремей қалған қытайлар, артынан іздеп келген қырғыздарға «керегі жоқ» деп қолды бір-ақ сілтепті. Осылайша Қажымқан Мәсімовпен танысып, ұлан-байтақ даладан жер аламыз деп сеніммен қайтқан қытайлардың ойлағандары іске аспай қалды. Шетелдіктерге жер беруге қарсылық танытқан халық наразылығы сатқындардың арам ойларына тосқауыл болды.

Дегенмен Қажымқан Мәсімов қытайларды айналдырудан жалыққан емес. Соның бір мысалы осы газоблок зауытына араласуы еді. Ол ең алдымен айла-шарғысымен бопсалауын қатар қолданып, газоблок зауытының жерін өз аттарына жаздырып алды (бұл туралы бірнеше жылдан бері естіп, біліп отырмын). Онан кейін түскен пайдаға ортақтасып жүргенде жалған дүниеден татар дәмі таусылып еді. Топырағы жасырылмай жатып, компаниясындағылар мен туыс-туғандары арасында сот болды да, Кәрім Мәсімовке арқа сүйеген әулеттің адамдары ұпайларын ұтқызбай шыққанын білетінбіз.

 

Істің сипаты қисынға келмейтіндей...

 

Арада жаһанды жайлаған коронавирустың жылдарға созылған ауыртпалығы, Қаңтар оқиғасы қатарлы ойламаған жағдайлар бұл даудың нүктесін қоюды кейінге шегеріп жіберді. Мен әр жолы Азат ағаммен кездескенде сот процестері туралы сұрайтын едім. 2023 жылы шілде кезінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының соты газоблок зауыты орналасқан жерді әуелгі иесі Азатқа қайтару туралы шешім шығарғандығын естідім. Азекеңмен әңгімелескенімде оның тартып алайын деген ниетінің жоқтығын, ары қарай бірлесе жұмыс жүргізе беретіндігін аңғарып едім. Өкінішке қарай,  ҚР Жоғары сотына арызданған қытайлық кәсіпкердің шағымы Жоғары соттан қолдау тауып, аудандық соттың шешімін бұзу туралы қаулы шығыпты. «Ел құлағы елу» деген бар ғой, осы әңгімеден хабары бар біраз адамдар газоблок зауытын жүргізіп отырған Лю Жунның ықпалды адамдарды тауып, жеңіп кеткендігін айтып жүрді... Осыдан кейінгі әңгіменің арты Азат Кәрімұлының қамалуына жалғасты.

Жалпы қазірге дейін бірнеше мәрте онлайн режимде өткен тергеу соттарында судья Азатты уақытша қамай тұру туралы шешімін өзгеріссіз қалдырып отыр. Әрі істі «қылмыстық іс» ретінде қарастырып жатыр. Осы жерде менің ойыма бұл іс неліктен экономикалық дау-шар немесе Азаматтық іс ретінде қаралмайды деген ой келеді. Қарсы жақтың арызын негізге алған сот қызметкерлері «ҚК-тің 189, 190- баптарына сүйеніп, «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» бойынша айып тағыпты. Таңғаларлық жағдай! Бөтеннің мүлкін тартып алған болса, анау зауытта қазір Азат бастық болып отырар еді ғой? Сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салған болса, бұл орында газоблок зауыт салынбай, қаңырап тұруы керек болатын. Есесіне Азаттың бұл жерге сығалап қарай алмай жүргенін судьялар неге ескермей отыр? Ал Қытайдан аударылған ақша мен зауытты салуға кеткен шығын, зауыттың жалпы құны туралы көрсетілген цифрларды салыстырар болсаңыз да қытайдың арызында қисынға келмейтін тұстары бар екендігін аңғарар едіңіз.

 

Біздің күдігіміз

 

Дәлелдер негізге алынбай, тұлғалардың талап-арыздары ескерілмей, тиянақты жауаптар берілмей отырған жерде органдардың қызметіне қарата күдік пен күмәннің ортаға шығары сөзсіз. Бұлай болғанда жоғары жақта отырған ықпалды бір адам қытайлық кәсіпкерге қорған болып отыр деген сөз. Немесе Лю Жун құзырлы мекемелердің адамдарын сатып алып отыр. Қытай кәсіпкері неліктен бұлай жанталасып жатыр? Оның басы ашық нәрсе. Зауыт іске қосылып, өндіріс басталғалы бері түскен пайдадан Қытайда қалған серіктестеріне үлес бермеген Лю Жун, барлық пәле-қазаны Азаттың басына аударып жіберіп құтылуды ойлап отыр. Екіншіден, зауыт орналасқан жер телімі Азаттың иелігіне қайтадан өтетін болса, оның «зауытыңды көшіріп алып кет» деуіне әбден болар еді. Бұлай болуын қытай ешқашан қаламайтыны белгілі. Сондықтан оған қалайда Азатты түрмеге отырғызып жібергені тиімді деген сөз. Осы ойын жүзеге асыру үшін барын салып, алды Ақордадан, арты аудандық соттардан адамдар тауып, ауыздарын майлап, дегенін жасатып отырған сыңайлы.

Міне, біздің ойымыз осылай. Әйтпесе Азат отбасын, қарт анасын тастап бір жаққа қашып кететін адам емес еді. Оны бостандыққа шығарып, сот процестерін ашық өткізе беруге ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпыз. Бұл бар болғаны екі кәсіпкер ортасындағы ақшаның дауы еді. Оның өзінде даудың басы неден шыққандығы белгілі болып отыр ғой. Кісі өлтіріп, мемлекет құпиясын сатқандардың сотымен деңгейлес жүргізіліп жатқан бұл процестердің ақыры немен аяқталары белгісіз. Азаттың ашық хатында да, онан кейінгі жазылған газет бетінде жарияланған материалдарда да біраз күдікті мәселелер айтылды. «Еститін Үкімет» болса, бірнеше айлар бойы талай ақпарат айтылып, БАҚ беттерінде құзырлы мекемелердің басшыларына қарата біраз материалдар жазылып жатыр. Алайда жоғарғы жақ жұмған ауыздарын ашар емес. Сонда әділдікті кімнен күтеміз?

Айтпақшы, бірер күн бұрын тағы да онлайн форматта тергеу соты өтіпті. Адвокаттың келтірген дәлелдері мен өтініштері судьяға әсер етпеген. Азат Кәрімұлы тағы да бір ай уақытша ұстау изоляторларында күдікті ретінде қамала тұратын болыпты.

PS: Біз тағы да барлық үмітімізді құзырлы мекемелердің қызметкерлеріне артып отырмыз. Себебі бүкіл дәлелдер мен айғақтар ескеріліп, Азаттың да пікірлері толық негізге алынуы тиіс. Зауытқа құрылыстық сараптама жасалынып, жер телімінің ең алғаш кімге тиесілі болғандығын, онан кейін қалайша басқа компанияның атына өтіп кеткендігі толық тексерілсе дейміз. Бұл жерде қытайлық кәсіпкер Лю Жунның Қажымқан Мәсімовпен болған «ынтымақтастығы» да жіті назарға алынуы тиіс. Бұдан бөлек Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де іске араласатын болса, осы даудың артында тұрып алып, Қазақстан Республикасының заңдарын белден басып отырған әлдекімдерді анықтап алары сөзсіз еді... Себебі біздің ел әлем бойынша жемқорлық индексінің бел ортасында келе жатқан мемлекет. Ал ішкі жағымызда жемқорлықтың қандай деңгейде екендігін өзіміз жақсы білеміз... 

 

 

Бауыржан ШАҚАРБЕКҰЛЫ, 

«Ұлт Бірлігі» қоғамдық 

қорының президенті

 

04.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 121
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 317
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 310
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 933

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9006
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8401
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11627
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9384
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10611