Бағила Балтабаева: ЕЛІМ, ҰЛТЫМ ҮШІН АЗҒЫНДАРМЕН КҮРЕСУГЕ ӘРКЕЗ ДАЙЫНМЫН!

Бағила Балтабаева: ЕЛІМ, ҰЛТЫМ ҮШІН АЗҒЫНДАРМЕН КҮРЕСУГЕ ӘРКЕЗ ДАЙЫНМЫН!

Балтабаева Бағила Сері-Шубайқызы Республикалық қоғамдық бірлестігінің бірлескен құрылтайшысы, мүшесі, өкілі, Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің комиссия мүшесі. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» заңына қарсы шығып, әрбір отбасын ойрандайтын, қазақ отбасының салт-дәстүріне жат әрекетке тойтарыс беріп, жанкештілікпен күрес жүргізген қоғам белсендісі.

– Бағила, алғашқы өмір жолыңыздағы баспалдақтарыңызды айтып берсеңіз? Қоғам өміріне белсене араласуыңыз қашан басталды?

– Мен Жамбыл облысы Меркі ауданы Аспара ауылында әжемнің қолында өстім. Қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін бойыма сіңірдім. Әжем әсіресе ер адамдарды қатты сыйлайтын. Дастарқан басында 10 жасар ұл бала отырса да, оның жолы үлкен деп бата бергізетін. Көшеде алыстан ер адам келе жатса, тоқтап жол беріп сәлем салатын. Кір жуғанда атамның, ұлдарының киімдерін бірінші жуып, жағасы бар жейделерін аяқтың астына басқызбайтын. Жастайымнан еңбекке араласып, таңғы 5-те шөп шабамыз, шөмеле үйеміз, мал бағатынбыз. Өте малсақ болдым. Қой, сиырдың қай кезде төлдеп, бұзаулайтынын біліп отыратынмын. Атам өте сауатты, көзі ашық кісі болыпты. Ерте кетті. Әжем 3 сыныпты ғана оқыған, ашаршылықты, соғыстың зардабын көрген адам. 7 бала тәрбиелеп, өмірбақи мал шаруашылығымен айналысқан. Бертінде 2016 жылы 89 жасында қайтыс болды. Әжемнің маған берген тәлім-тәрбиесі өмірімнің қағидасына айналды. Ораза ұстап, сүрелер жаттап, намаз оқуды үйрендім. Мен қайда жүрсем де жолға шығар болсам, бір істі бастасам да бір Аллаға сыйынып, осы дұға-сүрелерді айтып жүрем. Мектепте жақсы оқыдым, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Әрқашан бәрін басқарып, көшбасшы болып жүргенді жақсы көретінмін.

1993 жылы Алматыға кеп, алғаш 15 жасымда саудаға араластым. Шағын қорабымды иығыма асып алып, балмұздақ саттым. Цирк пен стадионның алдында жүретінмін. Тәп-тәуір қаражат таптым. Ол заманда 90-жылдары рэкеттер болатын, заттарымды тартып әкететін. Содан медколледжді оқыдым. Фельдшерлік мамандығын алып, әскери госпитальда мейірбике болып жұмыс істедім

Әлсіздерге көп болыстым

Қоғамдағы көп әділетсіздіктерді көріп, заңгер мамандығын алсам деп ойлайтынмын. Оның үстіне сауатым да бар, оны, мұны заңдарды дәптеріме түртіп жүретінмін. 2007 жылы бір жеңгем жатыр сыртындағы жүктілік (внематочная беременность) деген диагнозбен ауруханаға түсіп, ота жасатты. Бірақ жағдайы нашарлап, комаға түсіп кетті. Сөйтсек дәрігерлер ота алдында ішекті тазартып, клизма жасамаған екен. Содан ішек жарылып, сепсис бола жаздаған. Қызуы 39-ға жетсе де «енді сізге орын жоқ» деп ауруханадан шығарып жіберген. Бұны естіп мен, әрине, ашуландым. Түнгі 3-4-ке дейін отырып, аурудың тарихын баяндап, 2 бет шағым жазып шықтым. Денсаулық сақтау министрлігіне, прокуратураға, заң орындарына арыздандым. Содан бас дәрігер өзі қолға алып, жеңгемді қайта емдеп, аяқтан тік тұрғызды. Жалпы мен бір кездескен келеңсіз оқиғаны көрсем, шыдап тұра алмаймын. Кез келген адамға қол ұшымды беруге даяр тұрамын. Мынадай жағдай болды. Жолдың шетінде бір жас орыс жігіттің қазақ қариясына зіркілдеп ұрсып тұрғанын көрдім. Шетелдік су жаңа машинасының жанын сырып кеткен екен. Мен шыдап тұра алмай сөздеріне араластым. «Өзім де кезінде көлік апатына түстім. 9 ай ауруханада жаттым, бір омыртқам, бас бармағым жоқ. Сонда да ешкімге шағымданба - д ы м . Өйткені бұл жазатайым оқиға. Ешкім де әдейі соғайын деп соқпайды. Ең бастысы аманмын! Сен бір сызық үшін үлкен кісіні жылатып, ұрсып жатырсың. Ұялмай мына қымбат машинаң үшін ақша алайын деп жатырсың. Ертең өзіңнің де үлкен апатқа ұшырамасыңа кім кепіл?» дедім. Содан ол жігіт түсінгендей болып, іс сотқа жетпей, қария аман-есен құтылып кетті. Маған қайта-қайта алғысын жаудырумен болды. Жалпы мен қай жерде жүрейін, дәмхана, мейрамхана болсын, ас мәзірі дұрыс емес болса да айтам. Әр азамат көзін жұмып отырмай, көрген келеңсіз жайттарын айтып отыруы керек. Сонда әділеттілік салтанат құрады.

Отбасын ойрандайтын заңға қалай тосқауыл қойылды?

  Иә, 2020 жылы ойда жоқта қоғамдық өмірге белсене кірісіп кеттім. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл заңы» туралы естіп, намысым қозып, шыдап тұра алмадым. Кеудесінде жүрегі бар, сана-сезімі, ар-ожданы бар кез келген қазақ осылай істейді деп ойлаймын. Жалпы заң жобасы шикі жасалған. Мысалы 3-бап, 11-тармағы, 36-бап, 6-тармағы, 41-баптың тармақтары күмән туғызады. Айтар болсақ, 5-бап 11-тармақ ұлттық салт-дәстүрімізге тыйым салынатын заң. Біздің ең жанды жеріміз де сол салт-дәстүріміз ғой. Ойлап отырсам, ғасырлар бойына қалыптасқан салт-дәстүрімізді бұл «жымысқы» заң жоймақшы. Қатты шошыдым. Мәселен, онда «балиғат жасқа толмағандарды сүндетке отырғызуға болмайды» деп жазылған. 15-баптың тармақтарында біржыныстылар туралы айтылады. Мысалы мен олар туралы тіл тигізуге, әлеуметтік желілерде айтып, жазуыма болмайды екен. Онда істі боласың! 41-бапта отбасылық жағдай туралы айтылады. Әрбір отбасында үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Қазақта «балаңды жеті жасқа дейін сұлтандай күт, жеті жастан соң құлыңдай жұмса» деген сөз бар. Сонда ата-ана баласын бір іске жұмсап немесе қалауын орындамай, сұраған бір затын әпермесе, ол бала эмоцияға беріліп, «әкем маған ойыншық әпермеді, мені ұрсып-ұрды» десе бітті, аты-жөні бірден базаға енгізіледі. 1 сағаттан соң учаскелік инспектор кеп, арыз жазып кетуі мүмкін. 2 млн 800 мың айыппұл салынады екен. Яғни істің ақ-қарасын тексерместен, сенің тағдырыңды полиция шешеді деген сөз бұл. Сонда біз өмір бойы баламызға ешнәрсе дей алмай, алдында мәймөңкелеп жүруіміз керек екен. Қазақта «тәйт!» деген сөздер, «болмайды!» деген тиымдар бар. Сонда бетінен қақпай, еркін өскен шолжаң бала ертең қандай адам болып шықпақ? Әр әке-шеше өз баласына ешқандай жамандық ойламайды. Бірақ олар осы заңдар арқылы қылмыскер болайын деп тұр ғой? Бұл біздің қазақы менталитетке сай емес заң! Мәселен балабақшадан бастап мектепке дейін психологтар және «Өзін-өзі тану» сабағында ұстаздар «менің жеке шеңберім» деген ойды қалыптастырады. «Сенің құқығың бар, сен жеке тұлғасың» деп баланы өзімшілдікке тәрбиелейді. Мектепте мұғалімдер оқушының сөмкесіне мынадай тілдей қағазды салып жіберетінін де естідік: «Егер сені ата-анаң немесе басқа біреулер ренжітсе, мына нөмірге хабарлас!» Елімізде 112, 102, 103, 110 деген шұғыл қоңыраулар бар. Ал 111 деген қоңырауды естігеніңіз бар ма? Оны көп ата-аналар біле бермейді. Бұл нөмір бала зорлық-зомбылық көрсе көмек сұрап хабарласуға болатын нөмір екен. Сонда ата-ана баласы бұзық болса немесе интернет қарап сабақ оқымаса ұрсып, жазаласа, құдай сақтасын, осыған хабарласып жіберсе, бітті дей бер! Аяқ астынан әке-шешесі қылмыскер болып шыға келеді. Бұл деген өз балаңды өзіңе жау етіп қою деген сөз. Канадада мынадай оқиға болды. 11 жасар қыз өз әкесін соттатты. Ол өзін ұл сияқты ұстап, ұлша сезінеді екен. Әке сі байқаусызда «қызым» деп қалғаны үшін қызы оны сотқа береді. «Маған тіл тигізді» деп. Міне, шетелдің тәлім-тәрбиесінің сиқы осы! Біз батыстың осындай қаңсығын алып, еліктеп жатырмыз. Мен ойлаймын, әр азамат, ата-ана бұл жағдайды көре тұра бала-шағасын осындай заңнан қорғай алмаса, келер ұрпақтың алдында қылмыскер болатынымыз анық. Сөйтіп белді бекем будым да, бүкіл қазақ аналарының аманаты деп біліп, біз сеніп отырған үкіметке қарсы шығуға бел будым. Мұндай заңды қара халықтың бірі естісе, бірі білмейді. Алдымен өзімнің туған-туыс, дос-жарандарымнан бастадым. Алғашқыда мына сұмдықты естіп олар сенбеді. Заңның астарын қарапайым халық түсінбеді. Кейін қолдаушылар көп болды. 6-7 ай уақытым кетті. Балаларымды туған-туыстарыма аманат етіп тапсырып, кете бардым. Қазақстанның түпкір-түпкірін араладым. Ұшақ, пойыз, автобус, такси... кез келген көлікпен шауып кете беретінмін. Бір күнде екі қалаға баратын кездер де болды. Ұйқы, демалыс дегенді ұмыттым. 2-3 сағат қана ұйықтап жүрдім. Өз аудиториясы бар, халық алдында жүрген тұлғалардың тізімін жасадым. Әнші, күйші, әртіс, журналист, спортшы, әкім, депутаттарды түгендедім. Заңгерлерге барып едік, олар: «Біз бұл заңға тосқауыл бола алмаймыз. Өте қауіпті, біздің де бала-шаға, жұмысымыз бар», – деді. Ондайлармен сөзге келіп қалдым. Той-томалақта жүргенде де әртістерге барып, қолымдағы заңның көшірмесін көрсеттім. Ақыры Алланың қалауымен 2020 жылдың 5 қазанында дөңгелек үстел болды. Сол конференцияда мен ең бірінші боп қазақша сөйледім. Бұған дейін орыстілді ақпарат болған, халық қазақ тілінде естімеген. 34 минуттық эфирім кеңінен тарап кетті. Видеомның қаралымы да көп болды. 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін ай сайын конференция болып отырды. Конференция барысындағы бар мақсатым қазақтілді аудиторияға зорлық-зомбылық туралы заңның сұмдық қаупін айтып жеткізу еді. 2020 жылдың қарашасында Президент көмекшісі Тамара Дүйсеновамен онлайн кездесу болып, ол кісі де заңның қитұрқы астарын түсінді. Желтоқсанның 15-нен қаңтардың 15-не дейін мораторий жариялады. Осы заңды қолдап келе жатқан 5-6 феминист әйелдің жоспары бойынша ол заң 2020 жылдың желтоқсанында қабылданып, 2021 жылы қаңтар айынан бастап іске кірісуі керек еді. Бірақ біз оны тоқтатып тастадық. 6 қаңтарда конференция өткіздік, 12 қаңтарда Динара Сатжан дөңгелек үстел ұйымдастырып конференция өткізеді. Оған фонда «Не молчи» адамдары, жоғарғы соттан, Парламент депутаттары, прокуратура қызметкерлері қатысты. Динараның аудиториясы мықты, инстаграмында 1 млн оқырмандары бар еді. Тележүргізуші болса да осы заңды құптайтындардың бірі. Ютубқа тікелей эфирге конференцияны қосты. Олардың жоспары бойынша жеңіп шығуы керек болатын. Бірақ біз оның аудиториясын өзімізге қаратып алдық. Қаңтар айында әнші Серік Ибрагимовті Астанада конференция өткізген қонақүйдің бассейнінде көрдім. Үстінде халат, аяғында тәпішкесімен шығып келе жатыр екен. Осы кейпіне қарамай шырылдап қолымдағы заңымды көрсетіп көмек сұрадым. Серіктің 2 млн 300 мың оқырманы бар екен. Содан ол ұмытыңқырап барып, мен қайта есіне салып, тікелей эфирге осы мәселені салды. Сторисіне: «Құрметті қазақ елі! Міне, Бағила апайымыз айтып жатыр, осындай елімізге қауіпті заң шығайын деп жатыр екен. Дереу парақшасына кіріп, ақпарат алыңыздар!» деп дабыл қақты. Менің конференцияда айтылған сөздерімді, сұхбаттарымды да салып отырды. Парақшамда оқырмандар көбейе берді. 13-і конференция өткізген соң түнгі 12-де әртіс Мадияр Серікбаев жазбаны парақшасына пост қылып салды. 700-800 мың оқырманы бар оның айтқаны мына жағдайға тұздық болды. Бәріміз келісіп, қазір әрекет етпесек заң күш алып, өзгерте алмай қаламыз деп тікелей эфирге шықтық. 17, 18 күндері резонанс болып, 2 күнде қазақтілді аудитория ата-апаларымыз бастаған қарияларымыз тік тұрды. Оған дейін де барлық одақтарды, оның ішінде желтоқсаншылар, Ауған соғысының ардагерлері, Жазушылар одағын аралап шыққан едім. 21 қаңтар күні спикерлердің бәрі толықтай қазақша сөйлейтіндей (оған дейін жалғыз қазақтілді спикер өзім едім) қазақтілді дөңгелек үстел ұйымдастырдым. Жазушылар одағынан біраз адамдар, журналист Сәуле Әбілдаханқызы келді. Бердімұрат деген кісі кеп, зор үлесін қосып, жақсы қорғап кетті. Әр спикердің айтқан баяндамаларын жеке-жеке бөліп алып, әлеуметтік желіде тарқатып жібердік. 21 қаңтар күні Президентіміз Қ.Тоқаев заңды қайта қарау туралы твиттеріне пост салды. 4 ақпан күні мені тікелей жабық отырысқа шақырды. Мәжіліс 4 сағатқа созылды. Президент пен Премьер-Министрден басқасы түгел қатысты. Мен білім, мәдениет, салт-дәстүр, жалпы ұрпаққа қатысты мәселелердің бәрін айтып шықтым. Мектепте балаларға сабаққа қатыссыз анкеталар таратылатыны туралы айтқан ата-аналардың шағымын жеткіздім. Одан соң ЛГБТ-ны айттым. «Қазақстанда ашықтан-ашық насихатталып жатыр, оған қояр тосқауыл жоқ» деп. «Хабар» арнасының бағдарламасына шақырылған кеудесін дәрімен өсіріп алып, жынысын өзгерткен Айя есімді трансвистит жігіттің мәселесін қозғадым. Бақандай 45 минут уақыт кетіріп, одан сұхбат алған екен. Бағдарламаға талдау жасау үшін 5-6 рет көріп шықтым. Ол 3 мәселені көздеп отыр:

1) отбасындағы зорлық-зомбылықты насихаттау;

2) Қазақстанда жыныс ауыстыруға мүмкіншілік бар екенін жеткізу;

3) толеранттылықты (яғни осыған көнуді) жариялау.

«Рейтинг деп осындай күл-қоқысты да көре береміз бе?» деп бұл шығарылымды да алдыртып тастадым. Теледидардағы мультфильмдер туралы сөз қозғадым. Күндіз-түні тынбай көрсететін «Наруто», «Спанч боб», «Маша и медведь» сияқты фильмдердің балалардың санасын улап жатқанын, идеологиясы басқаша екенін жеткіздім. Қазақстан балаларының рухын өсіретін, қазақи тәрбие беретін мультфильмдер аз. Неге соларға қаржы салмасқа? Айналдырып көрсете беретін тек «Мұзбалақ», «Қаһарман», «Керей мен Жәнібек» фильмдері ғана. Анимациялық мультфильмге көп көңіл бөлу керек, шындығында олар балаларымызға тәрбие беретін бірден-бір құрал екенін айтып, осы мәселені көтердім.

 

Үй ішімізді бопсалап, қорқыта бастады

2020 жылдың қазан айында конференцияда заңдағы 5-бап 11-тармақты соңына дейін айтып шыққан едім. Оны көрген бауырларым, туған-туыстарым маған жаны ашып, қарсы шықты. «Қоя салшы, бізге сенің амандығың керек. Ертең өзіңе бір нәрсе болса, мына 2 балаң жетім қалады ғой!» – деді уайымдап. Еуропадағы елдер сияқты шарасыз халде қалмау үшін қарсы әрекет жасамасам, ертең кеш болатынын ұқтым. Балаларымнан уақытша алыстасам да, осы мәселені шешпей қоймаймын, күресемін деп бел байладым. Сондықтан үйіме апталап келмейтін кездер жиі болды. Бәрін бір Аллаға табыстадым. Қаншама кездесулер, жиындар, форумдар, конференция, дөңгелек үстелдер өткіздік. Істеріміз нәтижесіз қалған жоқ, шүкір, жемісін беріп жатыр. Халықтың ықыласы мен алғысына бөленудемін. Қай видео, әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, көпшіліктің батасы мен жақсы пікірлеріне толып тұрады. Осының бәрі маған үлкен күш-жігер, рух береді. Менің осы заңға қарсылығымнан соң 2 айдай телефоныма шетелдік нөмірмен күндіз-түні тынымсыз қоңыраулар түсіп жатты. «Біз сенің қайда тұратыныңды білеміз және сен бір аптадан соң өлесің!» дейді орысшалап. Басында мен «қай елден хабарласып тұр, бұлар кімдер?» деп түсінбей жүрдім. Кейін «Қазақстанды біржыныстыларға қарсы адамдардан тазартамыз және Қазақстан біздікі!» деген сөздерінен соң ЛГБТ мүшелерінің ісі екенін білдім. Сосын қорықпай салқынқандылықпен жауап беретін болдым. «Бәрі бір Алланың қолында. Егер сіз кәмелеттік жасқа толмаған болсаңыз, осы сөздеріңіз үшін ата-анаңыз жауап береді немесе үлкен болсаңыз, қылмыстық кодекспен өзіңіз жазаланасыз. Дәл қазір аудиоңыз тыңдалуда, IP адреспен анықталып жатыр» дейтін болдым. Содан кейін мені бопсалаулар тиылғандай болды. 

– Ендігі әңгімемізде ЛГБТ, трансгендер, трансвистит дегендерге ауыссақ. Сіз оларға қарсы ашық майдан аштыңыз. Бұлар кімдер, мақсаттары не?

– Осы ЛГБТ мәселесімен 2015 жылдан бастап айналысып келемін. Әпкемнің 6-7 сыныптарда оқитын балалары бар. Олар кемпірқосақтың суретін көріп, «мынау ЛГБТ-ның жалауы сияқты екен» деп қалды. Содан бастап жан-жақты зерттеп, қарай бастадым. Қауымдастық екен, құпия сөз, расшифровкасы «лесбиянка, гей» екен. Сөйтіп олармен күресті бастап кеттім. «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңның» ішіндегі 15-баптың тармақтарының бәрі түгел соларға арналған. Еуропада қазір біржыныстылардың құқығы қорғалған. Егер олар туралы бір сөз айтсаңыз, жазаланасыз. Ол жақта бұл қалыпты жағдай. Басында осыдан 40-50 жыл бұрын алғаш 2-3 адамнан басталған. Үндемеген соң бірте-бірте көбейіп, осындай жағдайға жетті. Біздің елде де салыстырмалы түрде біржыныстылар көп. Олардың қатары көбеймесе азаятын түрі жоқ. Бұл өте қауіпті! Шетелде неге бала аз? Өйткені отбасылардың көбі біржынысты болып кеткен. Ондайлар бала туа алмайды. 

Сондықтан да «Отбасындағы зорлық-зомбылық заңы» арқылы дәстүрлі отбасынан тартып алынған балаларды аукционға түскенде барып сатып алады. Негізінен тартып алған баланың тағдыры жасырын болады. Яғни туған ата-анасына ешқандай ақпарат бермейді. Біз қарсы шыққан заңның ішінде осы дүние болды. Мен біржыныстылармен ашық түрде күрестім, күресіп те келемін. Бағдарламаларда да тікелей айтып додаға түстім. Олардың маған шағым түсірмеген жерлері жоқ. Америкаға дейін, ЛГБТ қоғамдастығы бар жерлердің бәріне атымды атап таратқан еді. Бұлардан «Анти Багила» деген телеграмм канал ашқан. Ішінде 2500-дей адам отырады. ЛГБТ-ға қарсы жазған посттарымды өшіру үшін жанталаса әрекеттенеді. Менің қаншама дүниелерімді өшіріп тастады. Бұлар тіпті қайда жүріп, не кигеніме дейін талдап, біліп отырады. Олардың бар жұмысы менің парақшама шыққан өздері жайлы посттардың комментарийіне боқауыз сөздер жазып, шағымдану ғана.

Қазір елімізде Ника, Амилай, Айя деген қызтекелер, трансгендер ашықтан-ашық әлеуметтік желілерде көрініп, көшеде тайраңдап жүр. Осылардың жастарға берер қандай тәлім-тәрбиесі бар бұзғаннан басқа? «Біз осындаймыз, ал не істеп аласыңдар?» дейтінін қайтерсің қасақана. Оларға еліктеп жатқан қыз-жігіттер де көбейіп барады. Бұлардың 1995-96 жылдары Құрманғазы-Пушкин көшесінің қиылысында ашылған клубтары да бар екен. Баяғыда екі алыпты сүйістіріп қойған сурет шығып еді ғой естеріңізде болса? Соның мәнісі де осында екен. 2017 жылдан бері ЛГБТ-лардың алаңды меншіктеп алып, жыл сайын 8 наурызда өткізетін шерулері бар. Былтыр лесбиянкалардың шеруіне қолдарына плакат ұстаған 8-9 жасар қыз балалар шықты. Онда «Менің жатырым – менің ережем!» деген сөздер жазылған. Бұл деген сұмдық емес пе? Азғындардың лас әрекеті енді біздің жас ұрпақтарымызға әсер етіп жатыр деген сөз. Бірақ олардың бұл істеріне қоғам тарапынан ешқандай қарсылық жоқ, еттері өліп кеткен сияқты. 2022 жылы 12 наурызда бейбіт митинг болды. Онда дені дұрыс адамның қанын қарайтып, қапаландыратын дүниелер көп болды. Бұл заңды шеру болғандықтан, әкімшіліктен арнайы рұқсат алған соң кемінде 2-3 мың адам жиналатын шығар деп ойлағам. Балаларының болашағын ойлайтын ата-аналар, жалпы кез келген намысы бар қазақ келер деп үміттендім. Бірақ бар-жоғы 150-200 адам жиналды.

Форумда «Бишарашки» фильмі жүріп жатыр дегенді естіп, екі баламды ертіп бардым. Оның үстіне 6+ деп балаларға арналған графада тұр екен. Кірдік, көрдік, бетті басып қаштық. Неге дейсіз ғой? Фильмнің берер тәлім-тәрбиесі жоқ. Көреалмаушылықты, іштарлықты насихаттап жатыр. Содан соң боқауыз сөздер көп. 14-15 минут қана көруге дәтіміз жетті. Бұл мүлдем балаларға арналған фильм емес! Содан кинотеатрдың басшысына жолығып, 6+ деген графаны алып тастауды талап еттім. Сол күні мен балаларыма бөлетін демалысымның жартысын, алтын уақытымды сарп етіп, 3 сағат осы мәселемен жүрдім.

 

Қаскүнемдер шабуылы

Жақында «Жаһандық құзіреттілік» (Глобальная компетенция) деген факультатив сабағының 5-11 сыныптарға еніп кеткенін білдік. Ата-аналар «осындай бір түсініксіз сабақ болып жатыр, тексеріп көріңіздерші» деген соң көрдік. Ішінде гендерлік саясат пен баланың санасына отбасы институтының құлдырауына алып келетін дүниелер тола жазылған екен. Мәселен, «Егер сен сезіммен, махаббатпен үйленетін болсаң, онда бір бейшара болып қаласың. Оның орнына 20 жас үлкен папикқа тұрмысқа шықсаң, бай өмір сүресің. Махаббат деген бос сөз» дегенге келтірген сөздер бар. А-гендер деген түсінікті 5-сынып оқушысына анық етіп жазған. «Гендер – жыныс, бірақ ол биологиялық жыныс емес. Ал әлеуметтік жынысқа осы біржыныстылардың бәрі жатады. Әр мемлекетте сандары әртүрлі. А-гендер деген егер сен ұл бала болып туылсаң да сен өзіңді ұл болып сезінбейсің. Бірақ қыз да емессің деген сөз. Яғни сен өзіңді не еркекке не әйелге жатқызбайсың, ортадағы жанды А-гендер деп айтамыз» деп түсіндіріп жазған. Масқара! Бұдан артық не айтуға болады? Содан 17 қыркүйек күні Шымкенттегі билер құрылтайында осы мәселені айтып көтердім. Видеом кеңінен таралып, қоғамдық резонанс болды. Сол уақытта осы кітаптың толық құрылымын жасаған Ы.Алтынсарин академиясы аз уақытта бір түнде 16 бетін қысқартып тастапты. «Гендер» туралы жазылған жерін қысқартып, түк болмағандай қайта жүктеп қойыпты. Бұдан ұлтқа қарсы жымысқы әрекеттер жасап отырған қаскүнемдердің отырғанын байқауға болады. Бізде алғашқы нұсқасы сақталған, сондықтан Ы.Алтынсарин академиясын алдағы уақытта сотқа бермекпіз. Дәл қазіргі уақытта прокуратураға шағым беріп қойдық. Прокуратура оны экспертизадан өткізіп, ары қарай шағымды қозғайтын болса, іс жүреді. Қол қойдырып, хат жинап министрге тапсыратын болдық. Құрылтайдан келгеннен кейін аз уақытта министрдің өзімен кездестім. Оқу-ағарту министрі бола отырып қалайша мұндай факультатив сабақтың шығып жатқанын білмейді? Бәрі күмәнді. «Жаһандық құзыреттілік» сабағы бойынша іс әлі біткен жоқ деп ойлаймын.

Есіңізде ме, ата-аналардың бәрі 1990-2000 жылдары қолдарына ала дорба арқалап базар жағалап кетті. Небір ғалым, мұғалім, дәрігердің балаларына қарауға уақыты болмады. Оларды көше, орта тәрбиеледі. Былтыр Балуан шолақ атындағы стадионда сахнаға шығып алып бақырып, шақырып, аузына келгенін айтып білгенін істеген Нурик Смит, Шиза сияқты әншісымақтардың қылықтары көпшіліктің қанын қарайтып, ашу-ызасын келтіргені бар. Ол жөнінде де әлеуметтік желілерде өз ойымды білдіріп, пікір жаздым. «Ninety one»-ның Ұлытау облысындағы концертіне тосқауыл қойдым. Әкімге шығып, Президентке үндеу тастадым. Сол уақытта менің жекеме жазып, қарсы болған адамдар көп болды. Дені 25- 30 аралығындағы 2-3 баласы бар жас отбасылар. Сонда айтатыны: «Неге концертті тоқтатасыздар? Біз «Ninety one»-ды сүйіп тыңдаймыз». Міне, бұлар 90-жылдардағы туған ұрпақтар, солардың жемісі! Сол ата-аналардың өзін қайта тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Сонда біз шаштарын түрлі-түсті етіп бояп, құлақтарына сырға тағып, қазақтың әндерін бұрмалап, ызыңдап, созып ұсқынсыз кейіпке түсіргені үшін оларды тыңдап, дәріптеуіміз керек пе? Мәселен Димашты алайық, шашын бояп, сырға тағып, әлем-жәлем киінбей-ақ әдемі әндерін айтып, бүкіл әлемге әйгілі болды. Неге сөйтпеске? Бізде Salem Social Media деген үлкен жоба бар. Зерттеп қарасақ, жас ұрпаққа берер пайдасы шамалы. Құйылып жатқан қаражаты қыруар. Жобалары, кинолары бар. Бізде аты мықты болғанмен, заты бұлыңғыр нәрселер көп. Олар «Оян, қазақ!» «Алаш, алға!» деген сияқты қазақтың мықты-мықты сөздерін ұран етіп пайдаланады. Қазір шынжырдан босаған иттей жұлқына шығып, сахнамызды қорлап, кім болса сол әншімін деп тайраңдап жүр. Жарайды, біз зайырлы мемлекетпіз, бірақ сонда да келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек қой!

 

Ел болам десең, экраныңды түзе!

Форумда «Бишарашки» фильмі жүріп жатыр дегенді естіп, екі баламды ертіп бардым. Оның үстіне 6+ деп балаларға арналған графада тұр екен. Кірдік, көрдік, бетті басып қаштық. Неге дейсіз ғой? Фильмнің берер тәлім-тәрбиесі жоқ. Көреалмаушылықты, іштарлықты насихаттап жатыр. Содан соң боқауыз сөздер көп. 14-15 минут қана көруге дәтіміз жетті. Бұл мүлдем балаларға арналған фильм емес! Содан кинотеатрдың басшысына жолығып, 6+ деген графаны алып тастауды талап еттім. Сол күні мен балаларыма бөлетін демалысымның жартысын, алтын уақытымды сарп етіп, 3 сағат осы мәселемен жүрдім. Олар да шаршап, тапжылмай мені күтіп отырды. Әрине, маған да кейбір ата-аналар сияқты «әй, қойшы!» деп қолымды бір сілтеп кетуге болар еді, бірақ мен өйте алмадым. Бұл бір ғана мен көрген киноның жағдайы. Егер бүкіл кинотеатрларды аралап рейд жасасақ, осындай былыққа батқан жүздеген кино шығар еді, бәлкім. «Ел болам десең, экраныңды түзе!» дегендей, әрбір ата-ана бақылаушы болу керек. Балам қайда жүр, не көріп, нені қарап отыр дегендей. Жалпы тек кинотеатр ғана емес, емхана, дүкен, автобус, парк, т.б. жерде көрген келеңсіздіктерді айтып, түзеп, дұрыс жолға қойып отыру керек деп ойлаймын. Осы жаңа жылға қарсы жарнамасы жер жарған «Алихан шоу» деген мерекелік программаның орысша қойылымын елдің бәрі көретін күндізгі уақытқа қойып қойған. Ал қазақшасын таңертең немесе кешкі ыңғайсыз уақытқа қойыпты. Оны не ескертіп айтпаған. Алыс аудандардан, ауылдардан кілең қаракөздеріміз қазақшасын көруге келген екен, сонда олар амалсыз орысшасын көріп, қынжылып, ренжіп кетті. Міне, осы жағдайды көре тұра бірде-бір ата-ана айтпай, үндемей көзін жұмып кете барды. Айтыңызшы енді, дұрыс па, бұрыс па? 

Әр ата-ана ерінбей уақыт тауып, балаларын тәрбиелеу керек. Таңғы ас пен түскі астың арасында, кешкілік болсын көңіл бөліп, сөйлесу қажет. Бірде бастауыш мектепте оқитын қызым шашын қызғылт түске бояғысы келетінін айтып келді. Маған «сен де басқа аналар сияқты кірпік жапсырсаңшы» деді. Бұл айтқанының дұрыс еместігін түсіндіру үшін 1 апта уақытым кетті. «Шаш үлгісі, киім кию, кірпік, тырнақ жапсыру» деген папка ашып, ноутбугыма қойып қойдым. Оларға еліктеудің қажеті жоқтығын, осының бәрі шетелдің былық-шылығы екенін көрсетіп, түсіндірдім. Одан да біздің қазағымыздың ержүрек Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты батыр аналарымыздан үлгі алып, батылдығына, ержүректілігіне елікте дедім. Қызым ойланып қалды. Енді қазір сол кісілер туралы кітап сұрап, оқығысы келетінін айтып жүр. Мысалы қазір жас отбасылар балаларының туған күн кештерінде, тіпті мерекелік басқосуларда анимациялық ойындарды шақыра салады. Ал оның программасының астарында не жатқанын пайымдамайды. Тортты отын алаулатып ортаға әкеледі, «тілек тіле!» деп балаға үрлетеді. Қазақта «өз жаққан шырағыңды өшірме!» деген тиым сөз бар. Оның үстіне біз тілекті Алладан сұрауымыз керек, бұл жерде серік қосу да кетіп жатады. Құдай сақтасын! Хаги-ваги, әулие Валентина, Хэллоуин, «түрлі-түсті вечеринка» деген сияқты Еуропаның қаңсығы бізге таңсық болды. Қоғамның осылай кері кетіп бара жатқаны ата-аналар үшін үлкен дабыл қағатындай жағдай. Жастар одан да спортпен, біліммен, өнермен жарысып, солардың озық нәрсесіне еліктесе жөн болар еді.

– Халықтың мұң-мұқтажын бөлісіп, ана мен баланың проблемасын шешіп, аянбай көмектесіп жүрген жандардың бірісіз. Егер ел қалаулысы, депутат болсаңыз, не істер едіңіз? Қазақ елінің болашағын қалай елестетесіз?

– Мен Қазақстанды мәдениеті, тілі, діні, экономикасы жағынан алсақ, үлкен қазанға еті, қуырдағы сорпасын араластырып құя салған микс, яғни быламыққа ұқсатам. Әу баста жалп етіп терезіміз ашылғанда есіктен де, тесіктен де азғын жаман дүниелер кіріп кетті. Қазір оны тоқтатуға үкіметтің де, халықтың да шамасы келмей қалды. Дегенмен де бәрін жоғары жақтың мойнына артып қоюға болмайды. Олардың ішінде де елді ойлайтын адамдар жоқ емес. Қолдау білдіруіміз қажет. Ескі жүйе кетті, енді жаңа жүйе құру үшін ұлт жанашырларын қою керек. Қазіргі таңда ұлт жанашырларын ажырату да қиын боп бара жатыр. Әу баста лап етіп шыққанда елп етіп сеніп қаламыз. Маскалары қалың, білдіртпейді. Мәдениет министрі ауысып жатыр екен, қолдаймын. Енді жаңа келген адам халыққа шын жаны ашитын жан болса екен деймін. Егер өзгеріс болмаса, онда мына сіз бен біздің айтып жатқанымыз құр айғай, жаңғырық болып қалады. Елді көп аралаймын. Сонда бәрі айтады, әсіресе оңтүстік облыстар: «Бағила, сен халықтың мүддесі үшін күресіп жүрсің ғой, депутат болсаңшы. Біз қолдаймыз!» – деп. Қарап тұрсам, лесбианкалар, феминисткалар да жоғары жаққа шығуға әрекеттеніп жатыр екен. Олар елге іріткі салып, қоғамды бүлдіруге ниеттеніп жатқан кезде мен де бір мінберде иық тіресіп тұрып, елім, ұлтым үшін күресуге әркез дайынмын! Біржыныстыларға қарсы күрес біздің болашақ ұрпақтарымызды сақтап қалу үшін күрес емес пе? Басқа әлеуметтік, тұрмыстық нәрселерден бұрын бізге келіп жеткен осы пәлекетке ел болып қарсы тұруымыз керек. Бұл біле білгенге кез келген саналы адамның азаматтық борышы деп ойлаймын.

– Сіз бен біздің арамызда еш бүкпесіз ашық әңгіме өрбіді деп ойлаймын. Барлық аналар атынан жүргізіп жатқан жанкешті еңбектеріңіз жана берсін! Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
12.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 245
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 241
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 743
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 866
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 779

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542