БАР ШЫНДЫҚТЫҢ БАЯНЫ

БАР ШЫНДЫҚТЫҢ БАЯНЫ

Шыңғыс хан – қазақ мемлекеттігінің дәуір туғызған саяси ұстанымын аманаттаған тарихи атау. Бұл аманат этникалық үстемдікке емес, әулеттік артықшылыққа емес, мемлекеттік жүйенің өз дәуірінің ақиқатын қабылдай білу қабілетіне негізделді.

Осы тұрғыдан келгенде, «Шыңғыс хан» – бір ғана тарихи тұлғаның есімі емес.

Бұл – Ұлы Дала кеңістігінде қалыптасқан саяси-институционалдық қадамның, озық мемлекеттік танымның атауы.

Міне, қазақ халқы – ұлт ретінде дәл осы «Шыңғыс хан» атты далалық саяси-институционалдық қадамның, озық танымның (дәуірлік кезеңіндегі) тарихи иесі. Шыңғыс хан тұлғасы бұл контексте жеке тарихи адамнан гөрі, қазақ мемлекеттігінің қалыптасуында дәуір туғызған саяси ұстаным мен басқару мәдениетінің  символдық атауы, дәл осылай қарастырудың ұрпақ үшін мәні зор. Мұнда Шыңғыс хан – этникалық немесе әулеттік категория емес, қазақ мемлекеттігінің тарихи кеңістігінде  саяси жүйе, басқару тәртібі және жауапкершілік мәдениетін бір арнаға тоғыстырған дәуірлік ұстанымның атауы екендігін қайталап ескерткім келеді.  

Бұл иелік биологиялық немесе қандық мұрагерлік арқылы емес, тарихи тәжірибені қабылдау, сақтау және жалғастыру арқылы жүзеге асты.

Қазақ халқы бұл жүйені сырттан таңылған құрылым ретінде емес, өзінің өмір салтына, дүниетанымына, қоғамдық қатынасына үйлескен саяси мәдениет ретінде таныды. Сондықтан мұнда әңгіме «Шыңғыс хан» әулетін дәріптеу туралы емес. Керісінше, сөз – мемлекеттік ұстаным мен әулеттік жүйенің ара-жігін ажырату туралы. Бұл – биліктегі тұқым қуалаушылық үрдісі емес. Бұл – мемлекеттік жүйенің дәуір ақиқатын қабылдай білуінен туған саяси-халықтық мәдениет.

Шыңғыс ханның аманаттағаны – тақ емес, тәртіп; қылыш емес, жауапкершілік;  «тектік телім» емес, заң үстемдігі. Ол аманаттаған жүйе халықтан жоғары тұрған жоқ. Керісінше, халықтың тарихи болмысына сүйенді. Сол себепті бұл ұстаным Ұлы Далада қабылданды, тамыр жайды, және ғасырлар бойы үзілмей жетті.

Тарихты жеміс ағашына теңесек, онда оның кім отырғызғанынан гөрі, қай топырақта тамыр жайып, гүлдеп, жеміс бергені маңызды. 

Жошы ұлысы, Алтын Орда, одан кейінгі Қазақ хандығы – сол біздің топырақтың саяси құнары мен ұлттық мәдениетіне тамыр жайған ағаштан өсіп шыққан әр кезеңнің өз жемісі.

Бірі піспей үзілді, бірі дауылда сындырылды, бірі уақытқа шыдады. Бірақ тамыр үзілген жоқ. Өйткені аманат халық жадында сақталды.

 Нақты жол – мемлекеттік жүйе тұрғысынан дәлелді тұжырым жасау.

Шын мәнінде, осы саяси-институционалдық жүйенің қазақ топырағында тамыр жайып, гүлдеп, жеміс беруінің өзі – оның тарихи заңдылығының айқын дәлелі. (Бұл: бүгінгі таңда  біздің қолымыздағы бұлтартпас тарихи танымдық  ақиқат пен шындық. Демек бар мүмкіндікті ғылыми тұрғыдан  игере беруіміз керек). Шыңғыс ханның әулеттік- саяси болмысы мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы. Бұл сабақтастық кейін мемлекеттік жүйе ретінде орнықты. Осы кіріспе сөз – дастанға поэзия үшін жол ашу емес, поэзияға еркіндік қақпасын ашу үшін қажет. Ал поэзия – бұл ойды дәлелдеудің емес, аманатты сезіндірудің тілі.

 

ШЫҢҒЫС ХАН: МОНОЛОГ

 (РУХТЫҢ ҮНІ)

Мені ізде – жанған орман, тал мен бүрден сұраңыз,

Әр жусанға қоңырау боп мына мендік тұр аңыз.

 

Ат тұяғы, бөрі шатқал, көк сеңгірміз  – күміс жал.

Соның бәрі  – мына бізбіз, қар көшпесін, тыныштал.

 

Берен қылыш жүзіненбіз, жел жемсеген сүйегін.

Ағытып көр – қолың жетсе дүниенің тиегін.

 

Алтай – асқар, Арқа – сағым, Жайық – өмір, Түбек – сыр...

Үркер ауса төбеңізден  – мен де көшем, ізет қыл.

 

Жеті қат жер, жеті қат көк – мендік есім жатталған.

Торғай біткен шырылдайды: «Шыңғыс хан!» – деп, ақ таңнан.

 

Мен – аңызбын: ақ пен қара, өң мен түспін, көп мұнар.

Заман озды, заң да тозды,  жер – жез моншақ, көк – тұмар...

 

Дала – жорық, жел – екпінім, қиял – менің Күнім-ді.

Тау тыңдады, шөл сусындап, көл сімірді үнімді.

 

Жасын – сертім, көшпендімін, бұлт секілді –  көктемін.

Шыңыраумын, шың мен таумын, құздан құлжа өпкенім.

 

Менің үшін  – тосқауыл жоқ, қамал да жоқ – дауылмын.

Бұрқасынмын, жасыл желек, не құм шағыл, ауылмын.

 

Алтын мен Тақ  – қорыққаннан  маған келіп тығылды.

 Ту құлады, хандар қашты, сансыз сарай – жығылды...

 

Осы дала – осы халық, үнсіз сөйлеп теңесті.

Көшпенді ел – күй домбыра, қобыз болып кеңесті.

 

Жауға – әділ, достың жаны – ащы шындық, алғаусыз.

Қыран қыран болмас еді – қандаусыз һәм самғаусыз.

 

Сексеуілмін – тамырында сан ғасырдың зары бар.

Көк жебені көлбей тартқан – намыстымын, ары бар.

 

Мен – орманмын, өз тамырын тасқа салып жайқалған.

Қара түнмін – жанарынан жұлдыз тамып, ай талған.

 

Ат тұяғы – дүбірмін мен, семсер ұстап селдеткен.

 Сарбаз сайлап, қол бастадым , өлсем – өлдім «Ел» деп мен.

 

Дала – дастан, жо-жоқ халқым, дала деген даналық,

Ол адалдық және ерлік: жан берісер, жан алып.

 

 Киіз үйлер – жүрек сынды, тұнып тұрған өрнек кіл,

Әдеп, ұят – қонақсың ба? Сенің орның – төр, деп тұр.

 

Адам сыйлау – бар жақсылық, бар серігі – кісілік.

Аппақ пейіл: Ай мен туыс, Күннен келін түсіріп.

 

Осы халық – биіктік пен тереңдіктің кіндігі.

 Кемел, кербез кеңістік бұл – жаулай алмақ кім мұны?!

 

 Қағанатшыл, қалып алған, Тәңір – тарих киесі.

Ел басқару, Орда құру – тәлім-тәртіп иесі.

 

Осы дала, осы халық – мұрагері жүйенің.

Бақ – береке, бал тамыры – осы жерде киенің.

 

Қағанаттар, қанағат бар, ат дүбірі – армансыз.

 Батыс, Шығыс, төрт құбыла – күн астына барғансыз.

 

Түбі – Түркі, ізі – Қазақ, бұл даласыз алдым мұң.

Тәңірден сый, маған біткен аманатты қалдырдым.

 

Қызғалдақтар билеп берсін, сөйлеп көрсін көл біткен.

Мен, мінеки, қарап тұрмын – барлық көлбеу, ендіктен.

 

Аманатым  – даңқым емес, мен – дәуірдің атымын!

Тақтың емес, мемлекеттік ұстанымның хатымын.

 

Мен – дауыспын, жел мен желкен, терең теңіз  – ақпармын!

Халық үшін – әрі алыс, әрі жақын шақтанмын.

 

Жауаптымын – ел болмысын қорғап өткен үлгімін.

Келер ұрпақ, қайсар  халық, сен қадірін біл мұның!

 

Түркі – Тұран, арғы Қазақ, бергі Қазақ– бір Қазақ,

Саған біткен тамыр – тарих, өзегіңде тұр ғажап!

 

 Ұлы қазақ – Ұлы Дала – сенсің мені танитын.

Бірге жырлап келеміз біз бұл даланың тарихын.

 

Жүрегімнің түкпірінде қос перне бар –  басусыз,

Тілегімнің асқарында қос асу бар – асусыз. 

 

Оның бірі  – Мендік сырдың ашылмаған тұр мұңы,

Оның бірі – Түркі – Түран, Ер Қазақтың құрлығы!

...Келер ұрпақ, біл мұны!

 

САБЫР АДАЙ,

Ақтау қаласы

 

 

06.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455