Жақында елордамызда «Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ, бас қаламыздағы МИБ орталығы, «AMANAT» партиясы қалалық филиалы, сондай-ақ елорданың белсенді азаматтық қоғамы Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үй-коммуналдық қатынастар саласындағы сауаттылықты арттыру үшін Ашық есік күндерін өткізді. Дәлірек айтар болсақ, 19-20 тамыз күндері Тұрғын үй орталығының аумағында тұрғын үй қатынастары және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелеріне қатысты ақпарат білгісі келетін елорда тұрғындарына жауапты мамандар кеңес берді.
Бұл Ашық есік күнінің мақсаты ТКШ реформасын іске асыру және мүлік иелері бірлестіктері институтын қалыптастыру болмақ. Мұнда қарастырылған негізгі мәселелердің қатарында тұрғын үй ғимараттарын салу және пайдалану, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жүргізу және МИБ-ті (мүлік иелері бірлестігі) құру секілді тұрғындарды мазалап жүрген сұрақтар бар еді. Екі күнге жоспарланған Ашық есік күні 19 тамыз күні Республика даңғылы, 32 мекенжайындағы Тұрғын үй шаруашылығы мекемесінің ғимаратында өтті.
Ашық есік күні барысында «Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ және «AMANAT» партиясының қалалық филиалынан және сала мамандары келіп қатысып, тұрғындар алдында сөз сөйледі.
– Бүгін біз «AMANAT» партиясы және ТКШ жағындағы арнайы мекемелермен қосылып «Ашық есік» күнін өткізіп жатырмыз. Қазір қалаларда Пәтер иелері кооперативінен (ПИК) Мүлік иелері бірлестігіне (МИБ) көшу төңірегінде көптеген сұрақтар туындап отыр. Екінші мәселе біздің сайлауалды бағдарламамызда 2025 жылға дейін орындалуы керек деп жоспарлаған жол картасы бар. Оның ішінде тұрғын үйлерге қатысты кейбір мәселелерді ретке келтіру туралы арнайы қарастырылған. Мысалы, қала бойынша 150-ден астам үйлердің лифттерін алмастыру, аулаларды реттеу, балалар ойын алаңдарын салу секілді тұрғындарға қажетті маңызды мәселелер бар. Осы қордаланған мәселелерді біз 2025 жылға дейін ТКШ мен бірлесе отырып атқарамыз деген ойдамыз. Партияның қоғамдық қабылдау бөліміне де осы төңіректегі сұрақтар көп түсіп жатады. Негізі тұрғындардың қалтасына салмақ болатын ескі лифттерді жаңарту секілді мәселелерді алдымен шешіп алған дұрыс, – дейді «AMANAT» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы Саяси-Қоғам бөлімінің меңгерушісі Ахмет Мағзұмұлы Сейітов мырза.
Ашық есік күні аясында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп жатқан мамандардың бірі, Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Рақыш Әнуар Құрышұлын сөзге тарттық.
– Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бүгінгі негізгі мақсатымыз сол заңдағы өзгертулер мен толықтыруларды, сондай-ақ осы төңіректегі кейбір мәселелерді халыққа түсіндіріп жеткізу болып отыр. Яғни МИБ құру, оның құжаттамасын әзірлеу және оған тіркелудің маңыздылығы неде, бұл реформа не себепті керек деген секілді көптеген сұрақтарға жауап беретін боламыз. Осыған дейін де бұл жөнінде халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін түрлі форумдар, брифингтер өткіздік.
– Қазіргі кезде ПИК тен МИБ-ке көшу жүріп жатыр. Тұрғындардың белсенділігі қалай?
– Қаламыз күн сайын өсіп келе жатқандықтан түрлі сұрақтар туындап отыр. Бізде жаңа тұрғын үйлер көп, сондай-ақ Ақмола қаласы кезінен қалған ескі үйлер де аз емес. Сондықтан да барлық мәселе бірдей шешіле бермейді. Бір жердегі ескі үйлерде пәтер саны болса, жаңадан салынған тұрғын үй кешендерінде жүздеген пәтерлер бар. Осындағы ескі үйлердің проблемасын шешу қиындау. Өйткені ол жерлерде көбінесе зейнеткерлер, кейде әл-ауқаты орташа адамдар тұрады. Біз осы реформаны жүзеге асырушы мекеме ретінде үнемі халықпен тікелей байланысқа шығып, үйлерді аралап көріп жүргендіктен, ол жерлердегі проблемаларды жақсы білеміз.
Келесі бір мәселе бұған дейін жұмыс істеп келген ПИК (КСК) және ЖШС-лардың қарамағында 10 үйден 50 үйге дейін болды. Соншама көп үйлерден жиналған қаражаттар бір шотқа салынып отырады. Егер бір көпқабатты үйде ПИК жөндеу жүргізу керек болса, екінші жақтан жиналып келген қаражаттарды пайдалануы мүмкін. Осыдан барып келесі үйге қажетті жөндеу жұмыстары кешеуілдейтін жағдайлар да болып тұрады. Өйткені барлығы бір шотқа жиналып жатқан ақша ғой. Кімнің қаражаты қайда кетіп жатқаны анық көрініп тұрмайды дегендей. Сондықтан халықтың шағымы көбейіп кетті. ПИК-тердің қызметін мүлде жоққа шығаруға да болмайды. Жақсы жұмыс істеп жатқан кооперативтер де бар. Ондай ПИК-терден халық мүлде кеткісі келмейді. Заң бойынша ПИК-тен МИБ-ке ауысу туралы өзгерістер 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы керек еді. Алайда халықтың басым көпшілігі ауысып үлгермегендіктен, 2023 жылы 1 шілдеге дейін тағы да бір жылға ұзартылды. Біз қазір заңдағы өзгертулер мен толықтыруларда қарастырылмай қалған кейбір мәселелерді де жоғарыға жеткізіп жатырмыз. Өйткені халықпен тікелей араласып, тұрғын үйлердегі күрделі мәселелерді көргенде ескеруге тиісті көптеген тұстарды аңғардық», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы ММ, Сарыарқа ауданы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Әнуар Құрышұлы.
2020 жылдан бастап елордада МИБ орталығы жұмыс істейді және қала тұрғындарына МИБ-ті құру және тіркеу үшін құжаттарды дайындауға, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйді басқару және күтіп ұстау бойынша қызметтерді жүзеге асыруға көмектеседі. «Нұр-Сұлтан қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ мамандары тұрғындарымен кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарына (МИБ – мүлік иелерінің бірлестігі, ЖС – көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі) көшуге қатысты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіру бойынша кездесулер өткізіп жатыр.