Спорт күні қарсаңында балалар мен жасөспірімдерге арналған 160 орындық жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпараттан білдік.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев және олимпиада ойынының қатысушылары Абиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюлова қатысып, құттықтау лебіздерін білдірді.
– Бүгін Бірлік ауылында үлкен қуаныш! Бұл – бұқаралық спортты дамытудың кезекті баспалдағы. Бұл жерде түрлі спорт түрлерінен үйірмелер болады. Бұл кешенде жаттыққан спортшылар қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық жарыстардың жеңімпазы болсын деген тілек білдіремін, – деді Ж.Бисембиев.
Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 1289, 68 шаршы метр. Мұнда ойын залы, үш жаттығу залы, медициналық бөлме және жуыну бөлмелері бар. Кешен іші заманауи спорттық құрал-жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ футбол, волейбол, бокс, дзюдо, джиу-джитсу және кикбоксинг сынды спорт түрлерімен 400 балаға дейін жаттыға алады.
Жаңа нысан облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» Коммуналдық мемлекеттік мекемесінің иелігіне беріледі.
Айта кетелік, облыста балалар мен жасөспірімдерге арналған 31 спорт мектебі бар. Оның 9-ы қалада, 22-сі ауылда. Мұндағы балалар мен жасөспірімдер саны – 19 751. Бұдан бөлек, қаржыландыру арқылы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 17 спорт түрінен тегін секцияларға 20 мыңға жуық бала қатысады. Сәйкесінше, облыс бойынша мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің саны – 148 710.