Бір қобызшы досым Түркияға барып келген. Сол айтады: «Қаланы армансыз араладық. Сапарды ұйымдастырушылар атақты бір университетке алып барды. Тарихы үлкен оқу орны екен. Іші ғажап. Кітапханасы ат шаптырым. Таңдайымызды қағып аралап жүрміз. Адам көп. Ығы-жығы.
Түстік уақыты келгенде студенттер асханасына апарды. Көппен бірге кезекке тұрып ас алдық. Бір кезде кезектің орта тұсында тұрған дембелше келген кісі бізге жақындап келіп, түрікше «Қош келдіңіздер!» деп ілтипат көрсетіп, өзінің орнына қайта барып тұрды.
«Бұл кім болды екен?» деп сұрасақ, «Осы университеттің ректоры ғой, Сіздерді көріп, сәлем беріп кетті» деп қарап тұр. Таң қалдық», – дейді досым.
Міне, дамыған елдердің азаматтары! Ерекшеленбейді. Студенттермен асханада кезекте тұрады. Мейлі президент бол, халықтан үлкен емессің. Саған бөлек дастархан жаймайды ешкім. Көппен бірге ішесің. Біздің елде университет түгілі мектептің директоры студенттермен отырып тамақтана ма? Әй, қайдам?!
Осы әңгіме айтылғанда есіме Астананың бір мектебінде еден жуушы болып істейтін жеңгемнің «Түстікті директордың кабинетіне апарып береміз» дегені түсе кеткені.
«Жаңа Қазақстан» құрғымыз келеді. Ол үшін бәріміздің де ой-санамыз жаңаруы керек. Жоғарыдан бастап, төменге дейін. Қарапайымдылық қағидалары иманмен ұштасса, тіпті жақсы... Арамыздан біреу президент Тоқаевпен бет-бетпе сөйлессе, шаруасын айтса, «Ой!» деп таңданамыз тағы. «Жай адамға Тоқаевпен сөйлесу қайда, биліктен рұқсат алған-ау» деп тон пішеміз.
Америкада кез келген америкалық Ақүйдің алдына күркесін тігіп, қарсылық білдіре алады. Бізде Ақорданы полиция қоршап, күзетіп тұрады.